Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 87
таңдатады; хан қазынасында тау-тау боп үйіліп жатқан бұлғын, суыр,
құндыз, барыс, ақ тиын, қызыл түлкі терісінен ішік таңдатады; ханым бірақ
соның қай-қайсысына да құлық таныта қоймайды.
Күтуші кемпір мұны асыл жиһаздар көрсетіп қызықтыра алмасын білген
соң, ханым өз бөлмесінде жападан-жалғыз отырғанда қасына кіріп келіп,
қайдағы-жайдағыларды əңгіме қылатынды шығарды. Сарай маңының
өсегі Кіші ханымның құлағына кіріп те шықпайтын тəрізді; кемпірдің
сөзімен шаруасы болмай, меңірейген күйі отыра береді.
Əккі кемпір сүлесоқ ханымның көңілін сергітетін əңгімені ақыры тапты.
Бір күні ол бəйбіше сарайына қатысқан қызметші əйел айтып келген
Əмірші жаулап алған елдерде бəйбішеге қандай құрмет көрсетіліп жат-
қанын айта бастап еді, манадан бері томсырайып мең-зең отырған Кіші
ханымның қабағы қимылдайдын деді. Кең сарайдың ту-ту алыс
бұрышына қадала қалған қос жанарын бұған тəңкере қарады. Кемпір
қыбыңды енді таптым ба дегендей, бəйбіше сарайында ұзақ жылдар
бойы қызмет істегенде көрген-түйгендерін баяндай бас-тады. Лауазымды
ханымның өзіне тіл тигізуге айбынып, оның күтушілері мен нөкерін
жерден алып, жерге салып жамандай жөнелді.
Олардың Əмірші Кіші ханымнын сарайына біржола көшіп алғаннан бері
бұған атарға оғы жоқ көрінеді. Жан-жақтан ағылып келіп жататын, сый-
сияпат езіне бұрынғыдай дербес бұйырмайтын болғанына, бəйбіше-нің
іші удай ашитын тəрізді; кейінгі кезде Əмірші басқа жұрттан келген
тартудың асылы мен аруақтысын Кіші ханымға тартқылайды деген пыш-
пыш əңгіме бəйбішенің өз аузынан да, келіндерінің аузынан да талай
жерде шығып қалып жүр деседі.
Кемпір ауық-ауық ханымға бір қарап алады да, оның қас-қабағынан
ашудың нышанын көрмеген соң, қайтадан сусылдай жөнелді. Орақ
мұрнының астындағы шыр айнала мизамның сілеміндей жіңішке-жіңішке
əжімдер шиырлап тастаған қаймыжық аузы өрмек тоқып тұрған
өрмекшідей жыбыр-жыбыр; қашан ханымды торына түсіріп тынбай
тоқтайтұғын түрі жоқ.
Бəйбіше сарайындағы бұл жөніндегі сыпсың əңгіменің бəрін жіпке тізіп
айта бастады. Кіші ханымның жастығы болмаса, сұлулығы болмаса,
ханымға лайық еш қасиеті жоқ; ұлы тұқымның тіке өзінен тарамаған, бір
бүйірлеу көп төрелердің біреуінің қызы; төркін жағы да жансыз-жақсыз;
Əмірші шешесінің өлердегі аманатын бұза алмай ала салды, тақтан
түспегенмен, тұғырдан түскелі отырған кəріге тиген бейбақтың енді етегі
қанап, бала сүйе қоймағы да екіталай, жаман айтпай жақсы жоқ, Əмірші
əлдеқалай болып кетсе, қу тізесін құшақтап жалғыз қалады...
Орақ мұрынның астына өрмек құрып орнығып алған ала құрт əуелі
өрмегінің бір ұшын Кіші ханымға тартты да, артынша-ақ соны бойлап
шым еткізіп шағып ап, оның табан астында боп-боз боп кеткен өңі мен
жел үрген шоқтай лап ете қалған уытты жанарын көріп, аяғын тартып ала
қойды.