Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 132
қаңқуларынан айнымай тұрғанда, тағы бір лақап таппай тұрғанда, жігіттің
жазасын беру керек.
IV Зындандағы тағы бір орын босады. Асылық ойлап, аспандағыға қол созған
астам тілек шебердің нұр жайнаған қос жанары жендеттің қолындағы
шоқ шашырап тұрған істік темірден ағып түсті. Бейшара жігіт көзінен
айрылып, бебеу қағып жатқанда, тілі қырқылды. Қан-қан құр сүлдерді
қыл арқанмен буып-буып, түн қараңғысында екі жендет дарияның ар
жағындағы бір қыстаққа апарып тастады.
Талай жанның басын жұтқан Байтақ шаһардың көріп отырғаны бір бұл
емес. Елден асқан өнер көрсеткен талай шебер осындай халге ұшыраған-
ды. Бірен-саран жүрек жұтқандарының əлгіндей қатерлі жазадан қашып
құтылғандары да болды. Жендеттің көмейін алтынға көміп, бастарына
зауал төнген, Байтақ шаһардан ебін тауып, қашып кеткендер де бар.
Олардың бір қатары өз өнерімен біржолата қоштасып, басқа кəсіпке көшсе,
енді бір парасы ел асып, жер асып барып, басқа падишаларды паналайды.
Ал азын-аулақ жүрек жұтқандары тақта отырған падишаның өлгенін
күтіп, жаңа падишаның рақымына ұшырап, Байтақ шаһарға қайта
оралады.
Сондайдың біразынан хабардар Əмірші жас шеберді көз бен тілден
айрылған соң да өз көзімен бір көріп тексеріп шықты. Қапқа салынып
шандулы жатқан құр сүлденің, өзі жазаға кескен шебер екеніне көзі əбден
жеткен сон барып, айдаладағы қыстаққа апарып тастауға əмір етті.
Бірақ осынау жұлма-жұлмасы шыққан құр сүлдерді көргенде, бұрынғы
ата дұшпандарын жазалағандағыдай айызы қанып, рақаттанбады. Ішінде
шебер жатқан ала қапты көтеріп əкеліп көрсеткен екі жендет те бұған жай
əншейін тауық ұрлап, тайынша ұрлап қашып жүрген сұғанақ, біреулердей
көрінді. Олар осы бір ұрлық қапты сарайдан тезірек алып кетсе екен деп
асықты.
Ертеңіне оған абажадай хан сарай бұрынғысынан бетер құлазып кеткен
тəрізденді. Базар жаққа жіберген жансыздары да жарытулы ештеңе айтып
келмеді. Қалт-құлт безбеннің екі басына кезек алақтап тұратын саудагер
немелер көк тіреген көгілдір мұнараға қарап қоюға да мұршалары жоқтай.
Шаңқ-шаңқ саудаласып, сарт-сұрт қол алысып, артық тиын-тебен
жырғандарына мəз. Ол немелер тіпті дүниеде бұның, Ұлы Əміршінің
бар екендігін де ұмытып кеткендей. Шаһар іші тым-тырыс. Əлде бəрінің
де осылай бітерін əлдеқашан біліп қойған ба, бұл жіберген саудагер боп
жүрген, дəруіш боп жүрген жансыздар қала халқынан да, шартараптан
шұбырып жататын келімсек саудагерлерден де құлақ елеңдетердей
ештеңе ести алмай қайтады. Жансыздар енді Ұлы Əміршінің көзіне
көрінуге беттерінен басатын болды. Жансыздың бастығы базардағы
шуылдақтың мынау сілтідей тына қалғандарын ішінен жақсылыққа жори