«Бір шоқым жиде» ПОВЕСІ Ертеңіне Жаңыл сары ала таңнан тұрды. Қайын сіңлісімен құшақтасып қоштасты. Тілеудің қолын алды. Жастық ағаштың түбінде, түндіктен күн түсіп тұрған жерде, көрпемен орап қойған кішкене құндаққа жолаған жоқ. Сыртқа шыққан соң, бұларға қарап: «Ал, сау тұрыңдар!»— деді де, қараша інгенді жетелеп күн батысқа қарай тарта жөнелді. Жамыраған ботаның артынан жүгіргендей, емпеңдей басады. Жаңыл мен қараша інгеннің қарасы көзден бір-бір ұшқанша Тілеу мен Зейнеп тұрған-тұрған орындарында қалшиып қатты да қалды.
Үркер романы - қазақ елі басынан өткерген аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Ол әдебиеттегі тарихи шығармалардың қатарында белді жерден орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары, айрықша орамды шығарма. Роман мазмұны, ең басты, нағыз өзекті мәселесі – қазақ елінің өз жері, өз бостандығы, дербес ел болып қалыптасуы үшін талай жылдар бойы табан тіресіп жүргізген күресінің жайы, айбынды асулары. Шығармада талай тар жол, тайғақ кешулер арқылы өткен өткелдер жалпы алғанда дәлелді де, әділетті де айтылған. Шығарманың басты кейіпкерлері – Тәуке, Әбілқайыр, Бөкенбай, Тевкелев немесе бірдің емес бүкіл елдің атынан сөйлеген билер: Қазыбек, Төле, Әйтеке. Бұдан басқа персонаждар ойдан шығарылған адамдар емес, өмірде, тарихта болған, қоғам өмірінде өшпес із қалдырған тұлғалар, қайраткерлер. Бұл шығарманың басқа шығармалардан ерекше айырмашылығы мен артықшылығы – ол түгелдей өмірде болған оқиға желісінде жазылғандығы. Сондықтан да бұл шығарма шын мәнісінде тарих шежіресіне құрылған тарих жанрына жататын туынды. Мұның өшпес маңызы мен тарих төрінен алатын орны орасан зор. Қазақ хандықтарының Ресей империясына деген көзқарасы, бұған байланысты бұл мемлекетпен жақындасуға, мүмкін болса тіпті одақ жасауға бағытталған ниеттері мен әрекеттері әр жақты әңгімеленген. Бұл да, әлбетте, әбден орынды, екі ел арасындағы елшілік қатынастырды көрсету арқылы баяндалған. Бұл - тарихи шындыққа әбден жақын. Шығармада суреттелген шытырман жағдайларда, қазақ жері мен елінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, бостандығы мен дербестігінің сақталуы қауіпті жағдайда болып жатқанда, халық кемеңгерлігінің көрінісі керемет көрсетілген. Өмірлік мән бұл мәселелерде жан-жақты, орынды айтылған. Бұл арада ел ойы мен тілегі, замана талаптары тапқан Әбілқайыр ханның, оның толып жатқан жақтастарының әрекеттері жан-жақты талданып, барлық жақтарынан бірдей, қайшылықтарымен бірге баяндалған. Әбіш Кекілбаев алдымен кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылу жөніндегі антын әр жақты сипаттап, қазақ елінің Ресейдің қол астына қарау процесін сипаттайды. Бұл – нағыз өмір шындығы.
Үркер» — реализмі бай шығарма. Онда сол кездегі қазақ қоғамының емірі, оның көрші елдермен тартысты тіршілігінің алуан түрлі шындығы терең суреттелген. Жазушы тарихи оқиғалар ізін сақтай отырып, сол арқылы ел тағдыры, халық өмірінің кешегісі, бүгінгісі, ертеңі жөнінде ойланады. Әбілқайыр ұстаған жолдың көрегендігін дәлелдейді. Романда қазақтың ұлттық ерекшеліктері, халықтық салт-санасы, ұғым-түсініктеріне қатысты материалдар мол келтіріледі. Автор жақсыны мадақтай, ұнамсыз жайларға сын көзімен қарай жазады. Әсіресе Мәртебе, Құлтөбе, Ордабасы жиындарындағы үш атыраптан бас қосқан елдің думанды мерекесі — реалистік бояуы қанық суреттер. Осы жиындар мен ондағы ел тіршілігі, аға билердің өнегелі сөздері халық санасында қалыптасқан шешендік өнер поэтикасына негізделеді. Роман айтар ел тағдырына қатысты ақылды ойлар, халықтың мінез-құлқы сол елдің мекені болған даланың кеңдігін бейнелейді. Халықтық характерлерде де осындай сипат басым. Ерлік те, сөз ұстар тапқырлық та сол ортаның шындығынан туады.