Түйін. Қорыта келе айтарымыз, Ұлы бабамыз – Аристотельдің философиясын дамыта отырып, өз тарапынан көптеген маңызды ғылыми еңбектер жазды. Əл-Фараби ғылымының философиялық- логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика, т.б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мəні ерекше зор.
Дүние жүзі мəдениетінің дамуында із қалдырған қайраткерлер осы заманға дейін адамзат мəдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Əл-Фараби осындай дүниежүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мəдени байлығын, Иранның, Үндістаннің ежелгі дүние мəдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дəл сондықтан да ол таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді. Өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Əл-Фараби заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді. Өз дəуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірден-бір саласы жоқ деуге болады.
Əл-Фараби тек Шығыстың ғана емес, Батыстың да ғылым мен мəдениетінің дамуына зор үлесін қосқан энциклопедиялық білімі бар ғалым. Оны толық растайтын мына деректер:
941–942 жж. ғалым «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» атты еңбегін Бағдадта бастап, 942–943 жж. Шамда аяқтайды.
Фараби трактаттарының əрқайсысы өзіндік бір дүние, қағида теория мен əдіс. Солардың бірі 948 ж. Египетте жазылған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» болып табылады.
ХV–ХVІ ғғ. еңбектері Еуропада басылып шыға бастайды. Əл-Фараби еңбектері алғаш рет еврей тіліне аударылды.
1869 ж. Ресейде «Əл-Фараби, оның өмірі мен шығармалары» атты кітапты М. Штейншнейдер жарыққа шығарды.
1895 ж. Ф. Дитерици «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегін басып шығарды.
1927 ж. Хайдарабадта «Азаматтық саясат» атты еңбегі жарыққа шығады.
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ), осы оқу орнының 80 жылдық мерейтойына байланысты, Фараби мұрасын зерттеу қызу қарқын алды. 2013 ж. 23 желтоқсанында университетте «Al-Farabi universitety smart city» ғылыми-инновациялық жобасы жол тартты. Ол əл- Фараби бабамыздың ізгілік қаласы туралы іліміне негізделген. Жобаны жүзеге асыру мақсатындағы басты шаралардың бірі – əл-Фараби мұрасын қалың көпшілікке жеткізуге бағытталған оқу құралын қазақ жəне орыс тілінде дайындау.
2014 ж. ҚазҰУ-дегі Əлем халықтары əдебиеті институты жəне «Əл-Фараби» орталығы бірлесе отырып, Əбу Насыр əл-Фарабидің «Қайырымды қала» мен «Музыка туралы кітап» атты еңбектерінің екі томын, «Ақыл кітабын» («The Book of Mind» орыс жəне ағылшын тілдерінде) жəне «əл-Фараби туралы кітап» жинағын жарыққа шығарды.
2014 ж. мемлекет Басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында тарихшыларымыз Испания музейінен əл-Фарабидің бұзау терісіне жазылған
10 трактатын, Ғұндардың көсемі – Еділ қағанның бейнесін жəне сайын даламыздан шыққан ғалымдардың араб тіліндегі қолжазбаларын тапты. Еуропада сақталып келген бұл аса құнды жəдігерлердің көшірмелері мен СД-дискіге түсірілген нұсқасы елге жеткізілді.
Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры белгілі ғалым Əбсаттар қажы Дербісəлі сонау Еуропа төрінен ұлтымызға тəн тарихи құжаттардың табылғанына байланысты хабарды жеткізе отырып: «Əбу Насыр əл-Фарабидің 150 беттен тұратын он трактаты ішіндегі керекті сөздердің асты қызыл сиямен сызылыпты. Мұны бабамыздың өзі сызды ма, мүмкін, кейіннен біреу белгіледі ме, білмеймін, зерттеу керек», – деген ұсыныс жасады.
Елімізде фарабитану ғылымымен айналысып жүрген ғалымдардың айтуынша, ғалым өз ажалынан қайтыс болған. Жасы сексеннен аса бергенде хижраның 339 жылы (милад бойынша 950 ж.)
Үй тапсырмасы.
Әл-Фарабидің физика, медицина, биология салаларындағы туындылары, астрономия мен астрология жөніндегі еңбектері, əлеуметтік-этикалық тақырыптағы шығармалары, діни философиялық туындылары жайлы мәліметтер жинақтап, презентация дайындау.
Орта ғасыр ғалымдарының Әл-Фараби туралы ой-пікірлерін жинақтау.