Әбу Наср әл-Фараби (870–950) – энциклопедист ғалым, әдебиет зерттеушісі, ақын. Әбу Наср Әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы.
Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мəдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты əлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бəрімізге танымал ұлы жерлесіміз, Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фараби.
Ол Отырар қаласында 870 ж. дүниеге келген. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласын арабтар Фараб, Барба-Фараб деп атаған. Осында əл-Фараби жастық шағын өткізген. Нақты айтқанда, əл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған. Весиж – Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сəйкес келетінін анықтады. Қалашық ішкі қамалдан, қабырғамен қоршалған шахристаннан жəне рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ–ХV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті.
Фарабидің толық аты-жөні – Əбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ əл-Фараби ат Түрки. Ат Түрки – шыққан тегі түркі дегенді, əл-Фараби – Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, əкесінің де аты – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атаған. Əл-Фараби түркі тайпасының дəулетті отбасында дүниеге келген, əкесі əскербасы болған. Бір нұсқада руы қаңлы-қыпшақ делінген. Əкесінің əскербасы болғанын «тархан» деген атаудан да байқауға болады. Біздің жерімізде мекендеген ежелгі түркі тайпалары «тархан» деп əскери лауазымды кісілерді айтатын болған. Яғни Фараби əскери ортадан шықты деп жорамалдауға əбден болады. Оған қоса тарихи еңбектерде «əл-Фараби мықты, күшті жəне ержүрек болған. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дəл тиетін», – деп жазылған. Осыған қарағанда əкесі əскербасы болғандықтан, жас Мұхаммедтің те жауынгерлік, соғыс өнерінен хабары болған сияқты. Екіншіден, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған, тарихқа ертеден мəлім қаңлы тайпасында тархан (кейде дархан деп те атайды) атты ру болған, қазір де бар. Сондықтан Фараби қаңлы-қыпшақ руынан шықты деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір деректерде «Фарабидің əкесі Весиж қаласының əміршісі болған» деп те айтылады.
Сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің қалдырған еңбектеріне қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мəдениет орталығы болған. Отырардағы кітапхана, ел аузындағы аңызға қарағанда, кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан соң екінші орында болған. Əл-Фарабидің ғылымға деген ынтасы осы Отырар кітапханасында пайда болған сияқты. Осы аймақты мекендеген тайпалардың сонау арғы заманнан қалыптасқан өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған.
Бала Мұхаммед қала медреселерінің бірінде сауатын ашып, хат танып, Отырар кітапханасының мол қорынан сусындап өскен. Тіл үйренуге жастай көңіл қойған тəрізді. Өйткені араб тарихшысы ибн Халликан «əл-Фараби 70-ке жуық тіл білген» деп жазып қалдырған. Ғалымдардың бір тобы:
«Бұл шындыққа жанаспайды» десе, біраз ғалымдар ибн Халликанның жазғандарын мақұлдап, қайталап та жүр. Яғни бала Мұхаммед өз кезіндегі ұлы ғұламалардың еңбектерін оқу үшін жастайынан тіл үйренуге ден қойғандай.