«Фарабидіңэнциклопедиясы». Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тəртібі ежелден бар.
Бабамыз Фараби бұл тұрғыда да қарап қалмай, өзінің ең атақты шығармаларының бірі «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен. Осы трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», т.б. аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде өте ертеде-ақ мəлім болып, одан көп ғұламалар тəлім алды.
Бұл кітап мындай бес тараудан тұрады: 1. Тіл білімі жəне оның тараулары; 2. Логика жəне оның тараулары; 3. Математика, яғни арифметика, геометрия, оптика, математикалық астрономия, музыка, статистика, айла-əрекет жөніндегі ғылым (механика); 4. Физика мен метафизика жəне олардың тараулары; 5. Азаматтық ғылым жəне оның тараулары, заң ғылымы жəне кəлəм (дін ғылымы).
Тіл білімі. Фараби тіл білімін 7 тарауға бөледі: дербес жəне қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы; мəнерлеп оқу ережелері; тілдің заңы мен ережелері жайлы ғылым; дұрыс оқу ережелері; өлең жазу; шайырлық туралы ғылым немесе поэтика. Кейінгінің өзі ырғақ, ұйқас жəне поэзия болып үшке бөлінеді.
Логика. Фарабидің анықтауы бойынша, логика – ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау əрекетін тəрбиелей алады; өзінің ойын анықтап айқын, жүйелі түрге келтіреді; ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.
Математика. Фарабидің энциклопедиясында математика ғылымдарына көп орын берілген. Ол математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлген. Арифметика, яғни, сан туралы ғылым. Оған практикалық жəне теориялық арифметика деп айрықша мəн берді. Фарабидің түсіндіруі бойынша, сан объективті ақиқат нəрселердің сезіп-түйсінуге болатын, яғни «көзбен көріп, қолмен ұстауға» болатын жақтарын елеусіз қалдырып, тек саналуға, есептеуге тиісті қырларын бейнелейді. Бұл өте дұрыс материалистік түсінік.
Геометрия. Бұл ғылымның мазмұны мен мəнін ғалым төмендегіше тұжырымдайды. Геометрия екі ғылымды біріктіреді: біріншісі – практикалық геометрия; екіншісі – теориялық геометрия. Практикалық геометрия сызықтар мен беттерді, ағаш ұстасы, темірші, тас қалаушы, жер өлшеушілердің ыңғайына лайық ағаш, темір, тас денелердің бетінде қарастырылады. Теориялық геометрия сызықтардың, жазық фигуралардың, геометриялық денелердің формасы мен мөлшерін, теңдігі мен теңсіздігін, олардың түрлері, реті жəне басқа осыларға байланысты барлық нəрселерді зерттейді.
Оптика. Фарабидің жіктеуі бойынша, математикаға оптиканы да жатқызған. Бұл туралы ол былай дейді: «Оптикада геометрия тəріздес форма, шама, рет, тəртіп, орын, теңдік, теңсіздік, т.б. нəрселерді қарастырады». Оптиканың мəні мен ақиқаты, анық пен оның алдамшы көрінісінің парқы ажыратылады, қатаң дəлелдеу жолымен мұның себебі айқындалады, көзбен көруде кездесуі мүмкін болатын қателердің барлығы ескеріледі, одан құтылуға көмектесетін, яғни қарастырылып отырған нəрсенің мөлшері, формасы, орны, құрылысы, т.б. туралы ақиқатқа жеткізілетін əдіс, айлалардың түрлері көрсетіледі.
Астрономия. «Астрономия деген бір атпен екі ғылымды түсінеміз, – дейді ғалым. Олардың біреуі – жұлдызнама. Бұл ғылым жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын, кейде қазіргі кезде болып жатқан жəне өткенде болған оқиғаларды болжауға арналған. Екіншісі – математикалық астрономия. Астрономияның осы бөлігі ғана математикалық ғылымдардың қатарына жатады, ал қабілет – өнердің бір түрі; ол арқылы не болатынын адам болжамдай алады; мəселен, түс жору, құстың ұшуы бойынша жорамалдау, бал ашу, т.б. қабілеттер».
Жаратылыстану мен метафизика. Фарабидің анықтауы бойынша, физика, яғни жаратылыстану,
– табиғат туралы, оның негізгі принциптері мен бөліктері жайлы, табиғи денелерге тəн акциденциялар туралы, табиғи деректер мен элементтердің өзара əсері жайлы ғылым. Ал метафизика болмыстың жалпы принциптері мен категорияларын зерттейді.
Қала, заң жөніндегі ғылымдар жəне дін ғылымы (кəлəм). Ғылымдардың бұл салалары этика, тəрбие, мемлекет басқару мəселелерімен айналысады.
«Фарабидің энциклопедиясы» ХІІ ғасырда арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге тəржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Əбу Əли ибн Сина (980–1037) жəне басқалар тікелей соның əсерімен өздерінің көпке мəлім энциклопедиялық еңбектерін жазған.
Ұлы ғұламаның бұл еңбегінің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ьнта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.
«Ғылымдар энциклопедиясында» ойшыл ғалым Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылдай уақыт ішінде өркендеген ғылымдарға талдау жасаған, пəнін тағайындаған, мазмұнын анықтаған, үйрену жəне үйрету жолдарын белгілеген. Бұл еңбек Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспес кітабына айналды. Жоғары мектептерге ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық болды.