Педагогиканың жалпы негіздерінде қарастырылатын мәселелер: педагогика пәні, зерттеу нысаны, категориялары, салалары, пәнаралық байланыс, тұтас педагогикалық үдеріс, педагогика ғылымының пайда болуы, педагогикалық мамандықтың ерекшелігі т.б. Тәрбие теориясының негізгі қарастыратын мәселелері: тәрбиенің мазмұны, үдерісі, формасы, құралдары, әдістері, түрлері, парадигмалары, заңдылықтары, ұстанымдары, тәрбие технологиялары және т.б. Тәрбие теориясының негізгі ұғымдары: тәрбие, қалыптастыру, әлеуметтену, тәрбие парадигмалары, тәрбие заңдылықтары, тәрбие ұстанымдары, тәрбие түрлері, тәрбие мазмұны және т.б. Дидактиканы оқыту және білім беру бөлімі деп те атайды. Дидактиканың қарастыратын негізгі мәселелері: оқытудың мазмұны, үдерісі, әдістері, түрлері, заңдылықтары, ұстанымдары, оқытудың жаңа технологиялары, және т.б. Дидактиканың негізгі ұғымдары: оқыту, білім беру, оқыту ұстанымдары, білім берудің мазмұны, сабақ. Мектептану – мектептегі басқару ісінің мазмұнын, әдісі мен тәсілін зерттейтін, мектеп жұмысын ұйымдастыру жүйесінің ерекшеліктерін анықтап, саралайтын педагогиканың бөлімі. Педагогикалық ғылымдар жүйесі. Педагогикалық ғылымдар жүйесі келесі салаларды қамтиды:
Ғылым – 1) білім негіздері, әсіресе ғылыми әдісті жүйелі түрде қолдану нәтижесінде алынған негіздер; 2) негізгі принциптер мен жалпы заңдылықтарды қорытып шығаруға жұмылдырылған зерттеулер не пәндер саласы; 3) табиғи құбылыстарды зерттеуге арналған әдістер мен амалдардың ғылыми принциптерге негізделген жүйесі. Ғылым – табиғат, қоғам және ой жүйесі туралы жаңа білімді меңгеруге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістерін және категориялық аппаратын, ғылыми ақпарат жүйесін түгел қамтитын зерттеу қызметінің саласы. Ол шынайы ақиқатқа жетуге, заңдылықтарды бейнелеуге және алдын ала болжауға арналған, жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы нысаны. Ғылым – қоғамдық сананың ерекше формасы (күрделі, жан-жақты). Ғылым ‒ тек білімнің, фактілердің және т.б. жиынтығы ғана емес ол сондай-ақ, қоғамның мәдени-әлеуметтік маңызды құбылыстарының бірі. Яғни ғылым дегеніміз бұл: мәдениеттің бірсаласы; дүниетанымдық әдістіңбірі; адамды және табиғатты қайта өңдеуші өндіргішкүш; арнаулы институт (институт түсінігіне тек жоғары оқу орны емес, сонымен қатар ғылыми қауымдастықтар, академиялар, лабораториялар, журналдар және т.б. кіргізіледі) Ф. Энгельс «Табиғат диалектикасы» атты еңбегінде бүкіл ғылым саласын үш топқа бөлген. Бірінші топқа ‒ математика, астрономия, механика, физика, химия пәндерін; екінші топқа ‒ тірі организмді зерттейтін ғылым салалары – ботаника, зоология, анатомия, физиология пәндерін; үшінші топқа – тарих, әдебиет, тіл, заң, философия пәндеріненгізген. Адам және қоғам туралы ғылымдар – (білім беру психологиясы, әлеуметтану, т.б.) адамның жүріс-тұрыс және даму заңдылықтары туралы, сонымен бірге адамдар арасындағы өзара және олардың қоғаммен қарым- қатынастары туралы осы заманғы ғылыми түсініктерді қамтамасыздандыруға мүмкіндік береді. Ғылым нысаны ‒ әлемнің құрылысы мен жердегі тіршіліктің пайда болуынан бастап қоғамдық өмір мен жеке ғылымның проблемаларына дейінгі адамзат тарапынан жасалғандардыңбарлығы. Ғылым мақсаты – жаңа білімді меңгеру мен оны әлемді тану тәжірибесінде қолдану. Ғылым екі маңызды элементтерден тұрады: өз ерекшеліктері мен мақсаттары бар ғылыми білім жүйесі мен ғылыми іс-әрекет. Ғылыми білім жүйесі элементтері: теория, заң, гипотеза (болжам), ұғым, ғылыми әдістер. Ғылым спецификасы ‒ әлемді түсіну мен оның заң, теория күйінде бейнелеуінде. Ғылыми теория – белгілі бір теорияның объектісіне байланысты ақиқаттың аймағындағы заңдылықты беретін ғылыми білімді ұйымдастыру формасы. Ғылыми теория – білім жүйесі бола отырып, айналадағы объективті шындықты танудың негізгі құралы болады. Ғылыми теория оқытушының іс-әрекетін танымдық деңгейде талдап, педагогикалық құбылыстардың өзара байланыстылығын сипаттайды. Осының негізінде кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттің теориялық негізі туралы ұғымды, теория мен практиканың өзара әрекеті негізінде оны одан әрі дамыту мүмкіндігін айқындап тереңдетеді. Педагогикалық теория – сан-алуан педагогикалық құбылыстарды зерттейтін, бейнелейтін және түсіндіретін білімдер жүйесі. Педагогикалық теория оқыту мен тәрбиелеудің нәтижесін тек практикаға ғана қатысты емес, оны зерттеу нәтижесінде пайда болатын теорияны алдын- ала болжауға мүмкіндік береді. Сонымен, педагогикалық теория оқытушының педагогикалық тәжірибесін жасаудың негізі ретінде қарастырылады (М.А. Лукацкий, Ш.Т.Таубаева). Педагогикалық теориялар: Тұлға теориясы. Іс-әрекет теориясы. Құндылықтар теориясы. Басқару теориясы. Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы. Ғылыми заң – адам санасында бұрыннан жинақталған тәжірибелердің объективті моделін беру, жинақтау. Гипотеза – (гипотеза – грек. hypothesis – негіздеме, алдын-ала ұйғарым); тәжірибеде әзірге белгісіз құбылыстар туралы немесе келешекте белгілі бір жағдайда пайда болуға мүмкіндігі бар оқиғалар мен құбылыстар туралы ғылыми болжам, білім.
Ұғым – зат пен құбылыс объектісінің аталуы немесе олар туралы ой. Ғылыми әдістер – ғылыми мәселелерді шешу мақсатына жету жолы, амал-тәсілдері. Ғылым нәтижесі – білім. Білім ‒ адамның белгілі бір жүйедегі ұғымдардың, деректер мен пайымдардың жиынтығы. Педагогикалық жүйе (грек. ‒ «бөліктерден құралған, қосылған») ‒ белгілі бір педагогикалық тұжырым және оны шынайы педагогикалық практикада жүзеге асыратын тәжірибені қамтитын кең педагогикалық ұғым; мектеп типтері, арнайы кәсіптік білім беру мекемесі (колледждер), ЖОО, мектептен тыс ұйымдарды, яғни оқытушымен білім алушы арасында белгілі мақсатта қарым-қатынас жүзеге асатын жерлер. Педагогикалық жүйе – бұл көптеген құрылымдық және қызметтік компоненттердің өзара үйлесімділігінен тұратын және оларды бір мақсатқа жұмылдырған, яғни жеткіншектер мен ересек адамдарды оқыту мен тәрбиелеуді көздейтін жүйе. Педагогикалық жүйенің қызметі мен қалыптасуының алғы шарттары: Педагогикалық жүйе қоғамның белгілі бір топтарын (балаларды, жеткішектерді, ересектерді) тәрбиелеу мен оқыту қажеттігі туындаған жағдайда ғана пайда болады.
Педагогикалық жүйе қоғамда айқындалған ақпараттық білім кеңістігін игере алатын топтар пайда болғанда ғана туындайды.
Педагогикалық жүйе белгілі бір білім алушылар мақсатына жететін педагогикалық әсердің құралдары, әдістері мен формалары табылған жағдайда ғана оларды игеру мүмкіндігінен туындайды.
Педагогикалық жүйені іске асыру үшін білім алушылардың белгілі бір тобы болуы тиіс.
Педагогикалық жүйеде білім алушыларға білім беретін, тиісті педагогикалық және психологиялық іліммен, олармен жұмыс істей алатын әдіс-тәсілдер негізін игерген, алдына мақсат қоя білетін педагогтар болуы қажет.
Педагогикалық жүйе, қоғамдағы белгілі бір топ өкілдерінің әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруы қажет және бұл оның түрлі нәтижесі болуы тиіс.
Педагогикалық жүйенің негізгі компоненттері: оқытушы, білім алушы, білім беру мазмұны, материалдық-техникалық база. Педагогикалық жүйедегі оқыту мен тәрбиелеу мақсаттарын жүзеге асыру үдерісі – педагогикалық үдеріс деп аталады. Педагогикалық үдеріс – арнайы ұйымдастырылған педагогтар мен білім алушылардың (педагогикалық әрекеттестік) бірлескен іс-әрекеті, ол мәдениеттілікті меңгеруден, еңбекке, қоғамдық өмірге оқытушының басшылығымен даярланудан тұрады. Педагогикалық үдерістің тұтастығы – «білім беруші - білім алушы» мақсатының бірлігінде. Педагогикалық үдеріс компоненттері: мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдістері, құралдары, формасы, нәтижелері. Педагогикалық үдеріс оқытудан, тәрбиеден, дамудан тұрады. Жоғарғы оқу орнында педагогикалық үдеріске аталғандармен қоса ғылыми іс-әрекет қосылады.