Ects- 5 курс -1 Құрастырған: п.ғ. к., Нургалиева Д. А. Мамандықтар



бет13/29
Дата06.11.2022
өлшемі199,88 Kb.
#47789
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29
Байланысты:
ЖМП дәрістер конспект Н.Д.А. 2022-23

Болон үдерісі (Болондық қайта құрылулар) – жоғары білім министрлерінің Декларациясына сәйкес, еуропалық жоғары білім жүйесін жақындату процесін белгілеу үшін жиі пайдаланылып жүрген термин. (Париж, 1998; Болонья, 1999; Прага, 2001; Берлин 2003). Болон үдерісі – жалпы қызмет қағидасына негізделген жоғары білімнің біріңғай еуропалық жүйесінің құрылу үдерісі.
Қазақстан 2010 ж. 11 наурызынан бастап бірінші орталық-азиялық мемлекет болып (Болондық үдерістегі) Еуропалық білім беру кеңістігінің толық мүшесі болды.
Болондық декларацияның 46 елінің өкілдері Қазақстанның қосылуы туралы шешімді қолдады. Біздің мемлекетіміз Еуропалық жоғары оқу орындарының аймағына енген 47-ші ел болды.
Болондық үдеріс – жалпы қызмет қағидаларына негізделген жоғары білімнің біріңғай еуропалық жүйесінің құрылу үдерісі.
Болондық үдерістің принциптері:Еуропалық білімнің бәсекелестікке қабілеттілігін және тартымдылығын жоғарылату; Ұлттық білім жүйелерін жақындастыру; Көп деңгейлі жоғары білімді енгізу; Академиялық кредиттер жүйесін қабылдау; Білім сапасын бақылау.
Болон реформалары «нәтижелерге бағытталу» және «студенттік орталықтандырылған оқыту» терминдерімен сипатталады. Бұл жерде сөз оқыту нәтижелерін кең мағынада түсінуде болып отыр. Осы терминдер ECTS, модуляризациямен және институционалдық еркіндікпен байланыста болуды болжай отырып, педагогикалық практиканың алға жылжуының негізгі элементтері болуы керек. Сонымен қатар Болондық құрылымда біліктіліктің «Дублиндік дескрипторлар» деп аталатын білім беру бағдарламаларын меңгеру нәтижелеріне негізделеді, құзіреттілік түрінде тұжырымдалады және біліктіліктің Еуропалық шеңберінде келістіріледі. Ол маманның 5 біліктілігін айқындайды. Олар: қабілеттіліктерін және білімін тәжірибеде қолдана білуі; өзінің көзқарасын, идеясын, қорытынды жасай білу қабілеттерінің болуы; оқу үдерісіндегі іскерлігі; ақпаратты, пікірлерді, шешімдерді мамандарға, маман еместерге жеткізе білуі; білімі және түсінігі арқылы қалай өмір сүруі.
Болон үдерісінің үш деңгейінің арасында баланс болу керек: өкіметке, жоғары оқу орындарына және студенттерге қатысты еуропалық деңгейде белгіленген мақсаттар; процесті жүзеге асырудағы ЖОО - лардың алатын негізгі рөлі; ұлттық стратегиялардың рөлі және алдыңғы екі деңгейдің бірігуіндегі және әрбір елдегі үдерістерге көмек көрсетудегі заңдылықтар. Болон үдерісі – еуропа аймағындағы жоғары білім беруді және ғылыми зерттеулерді қорғау және жақсарту құралы, ашықтық пен мобильділікті көтеру құралы болып табылады. Болон үдерісі жоғары оқу орнының қоғамдағы орнын мойындайды және сапаға ерекше мән береді, сапаны қолдау мен оны жоғарылату, жүйе мен оның кадрларына берілетін мемлекеттік инвестицияны көтеруді талап ететіндігін айтады.

Мектептер мен университеттер барлық әлемде бірдей білімдік-тәрбиелік жүйе ретінде көп ғасырлық тарихи дамуды өткерді. Олар ғылымдағы, мәдениеттегі, әлеуметаралық өзгерістер нәтижесіндегі көзқарастарға сәйкес күрделі қайта құруларға ұшырап отырды.


Мектеп пен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ, басқа да білім беру институттарының дамуы ұлы өркениет дәуірінен бастау алады. Ерте дәуір өркениеті бір-бірінен дара болғанына қарамастан, адамды белгілі бір біліммен қаруландыруда ортақ қағидаларды ұстанған.
Жазудың пайда болуы мектептердің қалыптасу факторларының генезисі бола алады. Жазба түрде ақпаратты жеткізу арнайы оқытудың болуын қажет етті. Екінші фактор - адам еңбегінің ақыл-ой және дене еңбегі болып даралануы, осыдан әр түрлі мамандықтар қалыптасты, олардың алғашқылары қатарында оқытушылық пен тәрбиешілік болды.
Отбасын, шіркеуді және мемлекетті ерте өркениет дәуіріндегі білім беру ошақтары дей аламыз. Сондықтан мектептің – отбасылық, шіркеулік, жеке және мемлекеттік түрлері болды.
Университет – жиынтық, жинақ – жаратылыстану, қоғамдық, техникалық, әлеуметтік ғылымдар саласынан кең көлемде жоғары білімді мамандар даярлайтын, көп салалы жоғары оқу орны. Университетте студенттер жан-жақты терең теориялық даярлықтан өтеді. Университетке тән ерекшелік – оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының сабақтас жүргізілуі. Алғашқы университет ХІІ ғасырда Батыс Еуропада пайда болды. Ресейдегі тұңғыш университет Мәскеу университеті (1755 жылы құрылған), байырғы универсиетттерге Львов (1661 жылы алғашқы академия ретінде), Тарту (1802), Вильнюс (1803), Қазақ (1804), Харьков (1805), Санкт-Петербург
(1819), Киев (1834) университеттері жатады. Орта Азияда 1920 жылы Түркістан мемлекеттік университеті, 1928 жылы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті), 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті), 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті ашылды.
Қазақстанда жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы. Қазақстанның Ресейге қосылуы жалпы қазақ халқының білім жүйесінің дамып, мектептер ашылуынан бастап әрі қарай ілгерілеуіне ықпал етті. Бұл - Қазақстанға Ресейдің экономикасы мен алдыңғы қатарлы мәдениетінің ықпал етуіне қолайлы жағдайлар туғызды, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына әсер етті.
1744 жылы Орынборда татар мектебі ашылып, мұнда әскери шендегілердің балалары оқыды. Бұл мектепті бітіргендер өкімет кеңселерінде, сауда-саттық орындарында жұмыс істеп, тілмаштық қызмет атқарды. 1786 жылы Омскіде ашылған «Азия мектебі» де осындай мақсатты көздеді. Олардың ішінде қазақ балалары да болды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей ордасында мектептегі білім беру кең тарала бастады. Бұнда үлкен рөлді Жәңғір хан атқарды. Ханның білім беру саясатының орталығында мешіт жанындағы бастауыш мектептерін ұйымдастыру болды. 1841 жылдың желтоқсанында Жәңгір ханның үкімімен орталық мектеп ашылды. Мектепте арабша, татарша және орыс тілі, жаратылыстану негізі, тарих және медицина оқытылды. Мектепті жақсы бітіргендер кадет корпусында білім алды.
Кадет корпустарының оқу курсы сегіз жылдық, әр класс екі жылдық мерзімді қамтыды. Кадет корпустарын бітірушілер Қазақстандағы әр түрлі басқару орындарына қызметке жіберілді. Олардың біразы орыс тілін меңгерген және орыс мәдениетінен хабардар, әжептәуір білімді жастар болды, кейбіреулері орыс баспа сөзімен байланыс жасап, қазақтарды орыс оқу орындарымен таныстырды, сол арқылы қазақ жастарын оқу орындарына ынталандыруды ойлады.
1960-жылдардағы Халық ағарту жөніндегі алдыңғы қатарлы теориялар біртіндеп мектеп тәжірибесіне ене бастады. Бұл кезде ағарту ісінде қоғамдық орындардың алдыңғы қатарлы бастамалары өріс алды. Қалалар мен ауылдарда бастауыш мектептердің бірнеше түрлері ашылды: жеке адамдар ашқан гимназиялар, жексенбілік мектептер.
Қазақ балаларына арналған Орынбор орыс мектебі 1850 жылы 22 тамызда ашылды. Мектепке 50 бала қабылданды. Мектептің оқу жұмысы белгілі тәртіпке келтіріле бастады: оқу жылының мерзімі белгіленді, жалпы оқу мерзімі (7 жыл), оқушыларды қабылдау кезеңі (әрбір екі жыл сайын), жазғы демалыс (15 маусымнан 15 тамызға дейін) анықталды, сабақ кестесі мен оқушыларға арналған үзіліс енгізілді, емтихандардың ережесі жасалды. Орынбордағы қазақ балаларына арналған тұңғыш мектеп (1850-1869) оқушылар санының тым шағындылығына қарамастан, қазақтар арасында орыс білімін таратудың алғашқы ошағы болды.
Ішкі қазақ (Бөкей) ордасында мектептің негізінен екі түрі (алты жылдық екі класты, төрт жылдық бір класты орыс-қазақ училищелері) болды. Торғай және Орал облыстарында алты жылдық екі класты уездік, төрт жылдық болыстық орыс-қазақ училищелері және Ы.Алтынсарин негіздеген
ауыл мектептері ұйымдастырылды.
Ақмола мен Семей облыстарында интернатты мектептер ашылып, кейінен ауыл шаруашылық мектептеріне айналды. 19-ғасырдың аяғында бұл облыстарда ауылдық мектептер ашылды.
ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстан аймағында медреселер мен мектеп-оқу орындары жұмыс істеді, олар ежелгі Шығыс және Азия мұсылман халықтарының жоғары дамыған мәдениетіне тартуда, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетінің дамуында жағымды рөл атқарды.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстан аймағында бірінші рет орта және кәсіби оқу мекемелері пайда болды. Орта мектеп бастауыш және келесі буындағы білім арасындағы аралық буын болып есептеліп, екі міндетті орындады. Біріншіден, гимназияны бітіргендер, алғашқы кәсіби білім алу, екіншіден, қабілетті оқушылардың жоғары оқу орынына түсуіне мүмкіндіктері болды.
Қазақстанда 1917 жылы 1 қаңтарда 17 орта мектеп, 4 реальды училище және 13 гимназия жұмыс істеді, онда 5880 оқушы оқыды, оның ішінде 215 ғана қазақ ұлтының өкілдері.
ХХ ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы білім саясатында өзгерістерді талап етті. Өндірістің дамуы кәсіби жұмысшы кадр мамандарды даярлау міндетін қойды. 1903-1904 жж. Ресейдің білім министрлігі бірқатар қаулыларды шығарып, соған сәйкес мемлекеттік қазыналық қаржыға мектеп жанынан қол еңбегі және қол өнер мектептерін ашуды шешті. Сонымен, қол өнер бөлімі Қазақстанда кәсіби білім беруді қалыптастырудың негізі болып табылады. Олардың даму мөлшері бойынша кәсіби бағыттылығы кеңи түсті. Қазақстандағы кәсіби мектептер 3 бағытты қарастырды: ауылшаруашылық, қолөнер, педагогикалық.
Қазақстанда мұғалім мамандықтарын дайындау мұғалім семинарияларымен педагогикалық сыныптарда жүзеге асырылды. Бірінші мұғалім семинариясы Қазақстанда 1903 жылы Семейде ашылды. Педагогикалық сыныптар Қазақстанның білім жүйесінің қалыптасуында жағымды рөл атқарды, олар арқылы оқу орындарының негізгі түрі - бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлау жүргізілді.
Революцияға дейінгі Қазақстан аймағында жоғары оқу орындары болмады. Сондықтан жоғары білім алуға ұмтылған кейбір қазақтар Ресейдің басқа қалаларының оқу орындарында оқыды: Томскде, Казанда, Петербургте, Орынборда және т.б. ХХ ғасырдың басы және ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының арасындағы оқу-ағарту және мәдениеттің дамуында негізгі рөлді Омск қаласының орталығы және Түркіменстан өлкесінің орталығы - Ташкент қаласы атқарды.
Білім беру жүйесінің қалыптасуында алдыңғы қатарлы баспасөз үлкен рөл атқарды. Орыс-қазақ мәдени-ағарту ынтымағының және Қазақстандағы ой-пікірдің дамуында «Айқап» журналының мәні зор. Бұл журнал 1911-1915 жылдары Троиц қаласында шығып тұрды.
М.Дулатов А.Байтұрсыновпен бірлесіп, «Қазақ» газетін шығаруға ат салысты. Халық ағарту мәселелері, кітап басып шығару мәселелері жалпы халықтың баспа органы – «Қазақ» газеті беттерінде кең таралды.
Қазақстандағы Қазан төңкерісіне дейінгі Жоғары оқу орындары ретінде Шымкент, Әулиеата, Түркістан, Ақмешіт медреселерін атауға болады.

  • 1919-1920 жж, халық ағарту институттары ашылды: Орынборда, Семейде, Ордада.

  • 1920 ж. қарашада Түркістан мемлекеттік университеті (кейінгі Орта Азия университеті) құрылды. Сондай-ақ, осы жылдың күзінде Семейде халық ағарту институты құрылды.

  • 1921 ж. Орынборда Қазақ халық ағарту институты (кейін Қызылордаға көшірілді) және Верныйда (Алматы) Қазақ ағарту институты ашылды.

  • 1926ж. 2 шілдеде Ташкенттегі халық ағарту институты Қазақ педагогикалық институты болып қайта құрылды.

  • 1928 ж. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Алматыда ашылған Қазақ педагогикалық институты,

  • 1929 ж. Алматы малдәрігерлік институты,

  • 1930 ж. Қазақ ауыл шаруашылық институты,

  • 1931ж. Қазақ медициналық институты, Орал педагогикалық институты,

  • 1934 ж. Қазақ мемлекеттік университеті мен Кен-металлургия институты ашылды,

  • 1950-1960 жж. Ақтөбе, Атырау, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Ақмола (қазіргі Астана) қалаларында педагогикалық институттар, Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Ақмолада медициналық институттар, Алматыда халық шаруашылығы, Қарағандыда политехнология және кооперативтік, Павлодарда индустриалдық, Өскеменде жол құрылысы, Ақмолада инженер құрылыс, Таразда гидромелиоративтік-құрылыс және технологиялық институттары.

  • 1972 ж. Қарағанды мемлекеттік университеті, Арқалық, Талдықорған педагогикалық институттары ашылды.

  • 1986-1987 оқу жылында Қазақстанда 55 жоғары оқу орындарында 247 мыңнан астам студент оқыды. 2001ж. 5 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 8 жоғары оқу орындарына ерекше мәртебе берілді. Олар:

  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

  • Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

  • С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

  • К.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті

  • С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті

  • Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

  • Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы

  • Қазақ ұлттық өнер университеті

Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихы. Қазақ мемлекеттік университеті республикадағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. 1928 жылы шаңырақ көтерген бұл білім ордасында физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құралған жалғыз ғана факультет болды. Алғашқы кезде мұнда үш факультет: педагогикалық, ауылшаруашылық, медициналық факультеттерін құру жобаланды, олар 1932- 1933 оқу жылында жұмыс істеуге кірісуі тиіс болатын. Алайда халыққа білім беруді қарқынды түрде өркендету мақсатымен жаңадан ашылған жоғары оқу орнын дербес педагогикалық институт ретінде қалыптастырып, дамыту қажет болды. Сондықтан 1930 жылы университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты деп атала бастады да, 1935 жылы оған ұлы ақын Абайдың аты берілді. Бұл бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.
Алғаш құрылған кезіндегі ҚазПИ бұрынғы Верный әйелдер гимназиясының ғимаратында орналасты. Институт жанында оқуға түсушілерге арналған бес айлық дайындық курсы жұмыс істеді. Сондай-ақ педагогикалық техникум, училище мен жұмысшылар факультеті ашылды. Бұл оқу орындарына негізінен ата-аналарынан айырылған балалар үйінің тәрбиеленушілері, кедейлердің балалары және аздаған орта шаруалардың балалары қабылданды. Институтқа алғашқы қабылдау екі кезеңде – 1928 жылдың қыркүйек және қазан айларында жүргізілді. Республика Халыққа білім беру комиссариатының округтердің санына орай жоспарлы бөлу жұмыстарының негізінде 124 адам, соның ішінде 28 қыз бала оқуға қабылданды. Студенттер құрамы көптеген ұлттардың өкілдерінен тұрды. Олардың ішінде 76 қазақ, 42 орыс және басқада ұлттардың өкілдері болды. Студенттердің 75 пайызы стипендиямен қамтамасыз етілді. Баспана аса қажеттеріне жатақханадан орын бөлінді. Кейбір студенттердің дайындығы біршама төмен екендігі ескеріліп, орыс және қазақ тілдерінен, математика мен физикадан қосымша сабақтар өткізілді. Бірінші курста 9 оқытушы, оның ішінде 3 профессор, 5 доцент және 1 ассистент сабақ берді. Сол бір жылдары институт қабырғасында негізінен білімге аса құштар жандар – жасы отыз-қырықтарға келген адамдар оқыды, студенттер арасынан жиырмаға дейінгі жастар сирек кездесетін.
Институт сонымен қатар тұрғындар арасындағы ғылыми-ағартушылық жұмыстарын да жүргізді. Қазақ педагогикалық институтының жанынан екі жүзге жуық тыңдарман қатысатын жексенбілік мектеп құрылды. Мұнда оқытушылар еңбеккерлерге дәріс оқып, ғылыми баяндамалар жасады. Институт жанынына сауатсыздықты жоюға арналаған мектеп ашылып, тақырыптық кештер, пікірталастар, оқырмандар конференциялары, басқа да мәдени-ағартушылық шаралар тұрақты өткізіліп тұрды.
Сол кезде Қазақ педагогикалық институты үшін оқытушылар құрамын кәсіби біліктілігі жоғары ғылыми-педагогикалық кадрлармен толықтыру аса маңызды мәселе болып табылды. Бұл міндет екі жолмен шешілді: біраз мамандар орталық жоғары оқу орындарынан шақырылса, қалғандары жергілікті кадрлардың арасынан даярланды. Институттың қалыптасуына туысқан республикалардағы, әсіресе Мәскеу мен Ленинградтағы көптеген оқу орындары үлкен көмек көрсетті. Олар өздерінің бай кітапхана қорымен, кабинеттерге арналған жабдықтармен бөлісті. Сол жылдары Қазақ педагогикалық институтына жұмыс істеуге әдебиеттанушы Н.Н.Фатов, математик Б.Л.Кругляк, физик В.Ф.Литвинов, биолог С.В.Логинов, эмбриолог А.А.Захваткин тәрізді көптеген белгілі ғалымдар келді. Сол кездерде институтта Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Баймен Алманов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Ілия Қабылов, Темірбек Жүргенов сынды қазақ халқының көрнекті өкілдері оқытушылық қызмет атқарды. 30 – жылдары Қазақ педагогикалық институтында белгілі тіл мамандары Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Жолдыбаев, математик А.Ермеков және т.б. еңбек етті.
Қазақстанның алғашқы оқу орнын ұйымдастыруға оның тұңғыш ректоры, көрнекті мемлекет қайраткері, талантты ғалым және педагог, республикада жоғары мектеп пен ғылымның іргетасын қалаушы С.Ж. Асфендияров зор еңбек сіңірді. Ол 1928-1937 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық институтының, Алматы медицина институтының ректоры, Қазақ АССР денсаулық сақтау халық комиссары және халық ағарту комиссары, Қазақтың ұлттық мәдениеті ғылыми-зерттеу институты тарих секторының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Алғашқы жылдары Қазақ педагогикалық институты республикаға қажетті мамандар, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, білікті мұғалім кадрларының бір шоғырын даярлап шығарды.
Соғысқа дейінгі жылдар Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты үшін қалыптасу мен дамудың ең бір маңызды кезеңі болды. ҚазПИ-дің оқытушы-профессорлары мен студенттері жетілу, кемелдену сынағынан абыроймен өтті. Институт атағы бүкіл реуспубликамен одан тыс жерлерге де таралып, белгілі болды. Осы кезде ҚазПИ қабырғасынан түлеп ұшқан мұғалім мамандардың саны артып, кадрлар даярлау сапасы жақсарды, студент жастарды оқыту мен тәрбие беру дәстүрлері нығайып, бекіді. Институт республикадағы ғылыми ой орталықтарының біріне айналды. Мұнда Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиетінің даму мәселелері зерделеніп, жаратылыстану ғылымдары саласында іргелі зерттеулер жүргізілді.
Тәжірибе жинақтау, материалдық-техникалық базасының жақсаруы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қатарының көбеюіне байланысты ҚазПИ-дің оқу-ғылыми орталық ретіндегі рөлі үнемі артып отырды. ҚазПИ- дің республикада жоғары оқу орындарын, Ғылым академиясын және басқа да білім, ғылым, мәдени мекемелер қатарын молайтып, оларды өркендетіп дамытудағы үлесі мол.
Ұлы отан соғысы жылдары ұжым үшін ең бір ауыр, сындарлы кезең болды. Институтта оқыту мерзімі қысқартылып, үш жылдыққа көшірілді. Сабақтар 8-ден 23 сағатқа дейін жүргізілді. Көптеген оқу корпустары мен жатақханалар әскери қажеттіліктерге босатылып берілгендіктен, аудиториялар мен бөлмелер жетіспеді. Қыста отын болмай, сабақтар суық аудиторияларда өткізілді, көптеген студенттер әскери зауыттарда күндіз-түні жұмыс істеп, ұйқы-күлкіні ұмытты, ашқұрсақ жүрді. Соғыс уақытындағы осындай қиыншылықтарға қарамастан студенттер білім алуда белсене және табандылықпен еңбектенді. Жақсы оқу әркімнің патриоттық борышы болып саналды.
Соғыс қарсаңында оқытушылар В.Е.Турумов, А.А.Аветякин, С. Қожахметов және т.б. қызыл армия қатарына шақырылды. Педагогтер В.В. Синюкин, Д.М.Загодский, А.А.Савченко, А.И.Кузнецов, И.Г.Рыбин, Х.М. Әділгереев, С.А.Аманжолов, М.Д.Исаев, А.Тоқмағамбетов, В.М.Зимин, В.Ф.Боярчук, Т.П.Топчий, А.Закарин, Ш.Ахметов, И.М.Шаукенов, Д.И.Ларин, П.В.Симонов, К.Игенов, П.А.Исаков, Д.Четвериков, К.Мұсағалиев және т.б. отан қорғауға алғашқылардың бірі болып аттанды. Соғыс басталысымен-ақ елу жеті студент майданға аттанды.
Соғыстың алғашқы жылдарында оқытушылар саны күрт азайып кеткендіктен, КСРО – ның әртүрлі қаласынан Алматыға қоныс аударған көрнекті ғалымдар педагогикалық қызметке тартылды. Олардың қатарында академиктер И.И.Мещанинов, В.И.Чернышев, Ф.Г.Фисенко, КСРО ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.Н.Баранский, профессорлар А.А. Глаголев, П.М.Рубинштейн, И.А.Палунск, Н.Ф.Бельчиков, Н.Ф. Черномордник, Р.А.Фридман, Д.И.Макеев, Г.А.Какиев және т.б. бар болатын. Ұлы отан соғысы жылдарында жауынгерлік және еңбектегі ерлігі үшін ҚазПИ-дің көптеген оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері орден және медальдармен марапатталды. Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рақымжан Тоқатаев, Ахмедияр Хұсайынов, Сәду Шәкәрім Отанымыздың жоғары наградасы Кеңес Одағаның Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары мектептерде маман мұғалім кадрларына деген қажеттілік күрт өсті, сондықтан студенттер қабылдау, әсіресе сырттай оқуға қабылдау саны артты. Егер 1946 жылы күндізгі бөлімнің бірінші курсына 362 студент қабылданса, сол жылы инситутты сырттай 60 адам ғана бітірді. Ал 1956 жылы күндізгі бөлімге 567 студент оқуға түссе, сыртай оқуды 594 адам тәмамдады.
ҚазПИ өзінің 50 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алды. Бұл кезде иниституттың 39 кафедрасында 400 оқытушы, оның ішінде 16 ғылым докторы мен профессорлар, 200 ғылым кандидаты, доценттер жұмыс істеді. Бұлардың арасында КСРО Педагогика ғылым академиясының екі корреспондент-мүшесі, Қазақстан Ғылым академиясының үш корреспондент-мүшесі, еңбек сіңірген төрт ғылым қайраткері, Қазақстан жоғары мектебінің үш еңбек сіңірген қайраткері бар болатын.
Университет түлектері, республиканың ғылым мен мәдениетінің көрнекті өкілдері С.Аманжолов, Х.Бекхожин, Ғ.Қайырбеков, М.Қаратаев, А.Ысқақов, А.Қалыбаева (Хасенова), С.Қасқабасов, А.Нүсіпбекова, Г.Омарбекова, Г.Садуақасова, Ж.Саин, Ш.Сәтбаева, Р.Сыздықова, Ә.Тәжібаев, т.б. есімдерін мақтанышпен атауға болады.
ҚазПИ-дің қабырғасында білім алған түлектердің ішінде еліміздің ғылым, білім және мәдениет салаларын дамытуға зор үлес қосқан М.Әбдіхалықов, Т.Тәжібаев, А.Закарин, К.Айманов, А. Сембаев, Н.Жанділдин, Б.Бөлтірікова, Д.Бейсенов, Ә.Шәріпов, Е.Мәмбетқазиев, Ө.Жәнібеков, М.Ахметова, А.Тұмарбеков тәрізді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері де аз емес.
1964 жылы Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім беру министрлігі жүйесінде 26 жоғары оқу орны болды. Оның ішінде 1 университет, 7 техникалық, 18 педагогикалық және басқа мамандықтағы институттар жұмыс істеді. Сол жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика кафедрасының мүшелері кешенді тақырып жоспарының негізінде төмендегі жеке мәселелермен айналысты.
Профессор Р.Г.Лембергтің жетекшілігімен «Мектептегі оқыту әдістері», «Сабақтың психологиялық мәселелері», «Оқушылардың білімі мен ептілігін есепке алу» туралы тақырыптарда зерттеу жұмыстарын жүргізді.
1960-жылдары республика жоғары педагогикалық оқу орындарында Т.Тәжібаевтан кейін докторлық диссертацияларын қорғаған ғалым- ұстаздардың ішінде Ә.І.Сембаевты, Қ.Б.Бержановты, Н.Д.Хмельді, Г.А.Умановты, Б.Р.Айтмағамбетованы, И.М.Кузменконы, А.А.Бейсембаеваны, Н.Д.Иванованы, Э.И.Шыныбекованы, К.Бозжанованы және т.б. атауға болады.
1990-жылдардың басында елімізде болып өткен жаңа әлеуметтік- экономикалық және саяси процестерге байланысты Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарихында да жаңа кезең басталды. Қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеруі, нарықтық қатынастарға көшу жоғары білім беру және жаңа кадрлар даярлауды ұйымдастыру ісіне өзгеше талаптар жүктеді. Мамандар даярлаудың отандық жүйесінде білім берудің халықаралық стандарттарына жақындатылған жаңа үлгілері іздестіріліп, жүзеге асырыла бастады. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің ҚазПИ-ді Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті етіп қайта құру жөніндегі 1992 жылғы 24 қарашадағы шешімі осыған байланысты қабылданған болатын.
Соңғы жылдары университет өмірінде көп өзгерістер болды, факультеттер саны көбейді. Оқыту процесі де күрт өзгерістерге ұшырады. Үздіксіз білім беруге көшу және оны жетілдіру Алматы мемлекеттік университетінде мамандар даярлау үрдісін халықаралық стандарттарға жақындата түседі. Мұнда оқыту ісіндегі бәсекелестік, ғылым мен практиканың өзара үздіксіз байланысы, ең озық ақпараттық және есептеу техникасын пайдалану маңызды міндеттер болып саналады.
Бүгінде университетте оқу үдерісін жетілдіруде көптеген істер тындырылуда: іргелі ғылымдар бойынша білім беру және алған білімін шығармашылықпен пайдалана білуге дайындау тереңдетіліп, мамандар қажетті мекемелер мен университет арасындағы өзара байланыс кеңейтілуде. Оқытудың жаңа ақпараттық технологиясы енгізіліп, қашықтан оқыту дамытылып отыр.
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті, бүгінгі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оқыту үдерісі әрқашанда біртұтас байланыста жүргізіліп келеді. Ғылыми жұмыс болашақ мамандар мен оқытушылардың шығармашылық күш-қуатының қайнар көзі. Университетте көкейкесті ғылыми проблемалармен, педагогикалық жоғары оқу орындары және мектептерге арналған оқулықтар, оқу құралдарын дайындаумен жемісті түрде айналысатын үлкен ғылыми күш шоғырланған. Тек ғылым, өндіріс, эксперименттік білім беру салалары арасында тығыз байланыс қана оқу процесінің және болашақ мамандардың практикалық дайындығының жоғары сапалылығын қамтамасыз ете алады. Сондықтан университет ұжымы оқу процесін академиялық ғылымның соны жетістіктеріне орайластыра құруға тырысады.
Университеттің алдағы міндеттері отандық жоғары мектептің болымды нәтижелерін сақтай және көбейте отырып, білім берудің әлемдік стандарттарын біртіндеп тәжірибеге енгізіп, жетілдіруге саяды.
Университеттік білім беру ұзаққа созылған кезеңінде тарихи түрде парадигмалар типтері өзгеріп отырды. Олардың әрқайсысы өз кезегінде универсалды білімнің доминантасы болып көрінді. Университеттік білімнің даму үдерісінде мәдени-құндылық тұғыры өткен ұрпақтың мәдениеті мен құндылықтарының әмбебап элементтерін ұлы ойшылдардың еңбектері арқылы жүйелі де терең меңгеруге табан тіреді (ең алдымен латын, кейін грек тілдерінде). Бұл әлемді жан-жақты тануға бағдарланды. Осы парадигмамен білім алған бітіруші жоғары білімді адам ‒ философ, діндар атанды. Әлемге танымал мәдениет пен ғылымды, құндылықтарды меңгеруге бағытталған білім стратегиясы біздің кезеңімізге дейінгі уақытта классикалық білім феномені болып саналады. «Академиялық тұғыр» ‒ университеттік білімнің теориялық білім мен фундаменталдық білімнің дамуына, түлектерді жаңа білімдерді іздеп, дүниені, адамның іс-әрекетін ғылыми, теориялық, ғылыми болжамдық тұрғыда түсінуге бағдарлау приоритетінің басымдығымен сипатталды. Бұл тұғыр шеңберіндегі басты құндылық табиғат пен жануарлар дүниесі, жер мен космос, адам мен қоғам, өмір мен өлім туралы ғымыми білім. ЖОО профессор оқытушылар құрамының іргелі және қолданбалы зерттеулерінің ғылыми білімдерді меңгеру типі мен зерттеу сапасының нәтижесі болып мынадай университеттік білім түрлері саналды: биологиялық, математикалық, филологиялық, физикалық, химиялық. Университеттің академиялық дәстүрі ретінде студенттердің ғылымның іргелі негіздерін жүйелі де терең меңгеруі мен ғылыми зерттеулерге қатысуы танылды. Кәсіптік тұғыр – университеттік білім мазмұнын байыту мен кеңейтуді ұстанды. Ғылым әлемді тану мен түсінудің ең тиімді тиесілі болуы (самоценное) тоғыстады. Ол дамуы қарқындаған техника мен өндірістің өндіргіш күштерінің қызметін атқарды. Нәтижесінде университет ғылыми білімдерді ғылыми білімдер спекторын кеңейту ғана емес, адамның әлеуметтік-мәдени, кәсіби іс-әрекетінің жоғары үлгілерін дайындау бағытталды. Осы уақыттан бастап университетте мемлекет пен қоғамның әлеуметтік тапсырысы бойынша жоғары медициналық, заңгерлік, экономистік, педагогикалық, инженерлік-техникалық және басқа да кәсіби білім беріле бастады.
Университеттік білімнің технократтық тұғыры – ХІХ-ХХ ғ. ғылым мен мәдени құндылықтарды кейін тастап, тар прогматикалық бір бағыттағы техника мен технологиялық ғылым және білімді мамандар дайындау алдыңғы қатарға шықты. Мұндай парадигмалы университеттік білімннің мақсаты мен мазмұны өндіріс, экономика, және бизнес, техниканың дамуы және өркениет құралы болуды көздеді. Осыған байланысты ХХ ғ. университеттің гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары айтарлықтай өзгерістерді бастан кешірді. Технократикалық және прагматикалық тұғырларға альтернатива ретінде университеттік білімнің гуманитарлық бағдары келді. Гумандық тұғырдың – негізгі мақсаты адамның жеке тұлғасы мен оның қабілеті және қызығушылығы. Университетте студенттер әлеуметтік мәнділігіне емес, қалауы бойынша универсалды білім алу арқылы тұлға ретінде өзіндік ашылу. Өзін-өзі іске асыру мақсатында мамандық алады. Білім парадигмаларының ықпалы мен әртүрлі факторларға қатысты университеттік білім моделі қалыптасты. Университеттік білімнің мақсатты бағытына және мазмұнына байланысты алдыңғы екі моделдің айырмашылығы бар. Дәстүрлі немесе классикалық модель жас ұрпаққа мәдениеттердің универсалды элементтерін, ғылымның жетістіктері туралы білімдерді, адам қызметінің жоғары жетістіктері ретінде академиялық білім беру жүйесін құрайды. Бұл модель қоғамның, мемлекеттің, ғылымның, техника мен мәдениеттің дамуы үшін шығармашылық негізін салуға міндетті. Көріп отырғанымыздай бұл болашақ қоғамның перспективті, жан-жақты білімді мәдениетті тұлғасын дайындауға бағытталған. Классикалық білім моделінің мазмұны мен мақсаты әлемдегі ғылым, мәдениет, техника мен адам өмірін өткен күн, қазігі кезең және болашақ жағдайында үйлесімді ұсынады. Рационалистік модель – осы күнгі қоғам мен өркениетке бейімделгіш, жоғары дәрежеде универсал дайындалған, болашақ кәсіби қызметіне терең дайындықпен келетін, алдағы уақыттағы технологияларды шығармашылықпен меңгере алатын университеттік білімге ұйымдасқан түрде бағытталған. Сондай-ақ, университеттік білімге әлеуметтік-мәдени феномен ретінде қарап, университеттің «әлеуметтік жүйеге кіру» және «басқару тәсілі» сияқты даму белгілеріне қатысты тағы да екі модельді анықтап алуға болады. Бұл екі модель мемлекеттік-ведомстволық мекеме және мемлекеттен тыс жоғары білім беретін автономдық университет. Бірінші жағдайда университеттік білім орталықтанған білім мақсаты мен мазмұнын мемлекеттік білім стандарттарымен, мамандықтар бойынша номенклатурасы, оқу жоспары, оқу бағдарламалары және білім нәтижесін анықтау арнайы басқару органдарымен іске асады. Автономдық университеттер орта ғасырлық университеттер тәрізді өз ресурстарымен қызмет етеді.
Жоғары оқу орны – ең алдымен, жоғары білікті қызметкерлерді даярлаумен байланысты, әр түрлі қызметтерді көрсете алатын білім беру мекемесі. Жоғары оқу орындарының негізгі түрлері: университеттер, академиялар, ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище). Бұл мекемелердің бәрі бірінші кезекте ғылыми зерттеулерді орындаумен қоса білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет