Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде әдіске: «1. Адам баласының қызметінің белгілі салаларында қолданылатын әр түрлі амал, тәсіл, айла. 2. Қоғам өмірі мен табиғат құбылыстарын зерттеудің, танып білудің методы, жолы» сынды анықтама берілсе, А. Байтұрсынов: «Әдіс деген қатып-семіп қалған догма емес. Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтылықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу. Әдіс қажеттіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болуы жұмсалатын орынның керек қылуына қарай. Мәселен, бір жұрттың сауаттану ісіне қолайлы әдіс басқа жұртқа да қолайлы болуға тиіс деп қарауға болмайды. Екі тілдің заңы, емле жүйесі бірдей болса, қолайлы болуы мүмкін. Ал әр тілдің заңы, емлесі немесе әріп жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған оқыту әдісі, екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды» ‒ деген.
Зерттеу әдісі дегеніміз күрделі таным тәртіптері, ал олар болса зерттеудің таным операцияларының іске асуының белгілі бір тәртібін белгілейтін әр түрлі әдіс-тәсілдерінің жиынтығынан тұрады. Әдісті құрайтын тәсілдер зерттеу тәртібінің феноменологиялық суреттемесін, оның құрамындағы элементтердің эмпирикалық бөлінуін, зерттеу объектісі мен оның психологиялық-педагогикалық сипаттарын жүйелі түрде түсіну мақсатында зерттеу элементтерінің құрылымдық-қызметтік анализін қамтамасыз ететін анализ бірліктеріне әдістемелік бөлінуін қамтамасыз етулері қажет. Зерттеу әдістері әр ғылымның дамуының басты құрамды бөлігі болып табылады. Педагогикалық ғылым мен тұтас педагогикалық білімнің дамуы педагогикалық зерттеу әдістерінің даму деңгейіне байланысты. Ғылыми нәтижелердің анықтығы алғашқы ақпараттарды алудың жолдары мен тәсілдеріне және зерттеу әдістерінің сенімділігіне байланысты. Кез-келген педагогикалық зерттеу белгілі ғылыми білімдерді дәлелдеу емес, ол ‒ жаңа білім көздерін табу үдерісі. Ол адамның зерттеу нысаны, заттары мен құбылыстарының мәнін ашуға бағытталған жан-жақты танымдық іс- әрекетінің бір түрі. Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістері – оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың объективті заңдылықтарын танып білудегі амалдар мен тәсілдер жиынтығы, педагогикалық жағдайларды, үдерістерді зерттеу жолдары мен тәсілдері. Ғылыми деректерде ғылыми педагогикалық зерттеу әдістері мына тұрғыда жүйеленген. Ғылыми әдістер эмпирикалық және теориялық әдістер болып бөлінеді. Эмпирикалық әдістерге төмендегілер жатқызылған:
бақылау – объективті шынайылықты арнайы түрде қабылдау;
суреттеу – нысандар туралы мәліметті табиғи және жасанды тілдің көмегімен бекіту;
өлшеу ‒ нысандарды ұқсас қасиеттері немесе белгілері бойынша салыстыру;
тәжірибе жасау – құбылыс қайталанған кезде қажетті жағдайлар қайталанғанына байланысты өзгерістерді арнаулы дайындалған орындар арқылы бақылау.
Зерттеулердің теориялық деңгейіндегі ғылыми әдістерге төмендегілер жатқызылады:
формаландыру ‒ зерттеліп отырған шынайы үдерістердің мағынасын ашатын абстрактылы-математикалық модельдер құру;
аксиомаландыру – дәлелдеуді керек етпейтін аксиомалар, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырымдардың негізінде теория құру;
гипотетикалық ‒ дедуктивтік әдіс – нәтижесінде эмпирикалық фактілер тұжырымдалатын бір-бірімен, дедуктивті байланыста болатын гипотезалардың жүйесін жасау.
Зерттеу әдістерінің классификациясы аса күрделі мәселе болғанның өзінде де, дәстүрлі түрде оларды үш топқа бөлу қабылданған: жалпы ғылыми, интерғылыми және жеке ғылымиәдістер. Жалпы ғылыми әдістер барлық ғылым салаларына тән және оларды біріктіретін зерттеу нысанында пайдаланылатын логикалық әдістерді, бақылау мен тәжірибе, анализ бен синтез, болжам, индукция мен дедукция, аналогия, жүйелеу мен топтастыру, генетикалық әдіс, т.б. біріктіреді.
Жалпы ғылыми әдістер ішінде төмендегілерді бөліп көрсетуге болады:
анализ – жан-жақты зерттеу мақсатында бүтін бір затты құрамдас бөліктерге (жақтарына, белгілеріне, қасиеттеріне және т.б.) бөлу;
синтез – заттың құрамдас бөліктерін бір тұтас затқа біріктіру;
абстракциялау – зерттеліп отырған құбылыстың қажетті емес және зерттеуге қажетті қасиеттерін бөліп алу;
жалпылау – нысандардың жалпы белгілері мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін ойлау әдісі;
индукция – жеке қорытулар негізінде жалпы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін зерттеу мен талқылау әдісі;
аналогия – нысандардың бірдей белгілерінің ұқсастығы негізінде олардың ұқсастығы туралы айтуға мүмкіндік беретін танымдық әдіс;
жүйелеу ‒ зерттелетін пәнді маңызды белгілері бойынша түрлі топтарға бөлу (әсіресе, биология, геология, география, кристаллография, т.б. ғылымдардың түрлі бөлімдері).