Әдеби KZ да: "Қамар маған сүйдеді, бүйдеді..." деп, неше күндей әркімге бір әйгілетіп, даурығуға со
да жетуші еді.
Қамар осылай әркімнің көзіне күйік болған қалпымен күннен-күнге құлпырып, он бес
жасына жетті. Бұл кездері баяғы теңмін деп құмартып, құлқынын құртып жүретін
замандастарынан жоғары секілді телміріп жазған өлеңдер, хаттар судай ағылып келсе де,
кейбіреулерін жауапсыз жыртып, кейбіреулерін өзінің шешендігімен жебедей жерге
енгізіп, енді қайтып бас көтеруге жаратпай тастай беруші еді.
Сол кезде аса жақын болмаса да, Омарларға үш-төрт атадан барып қосылатын Сарбас
деген ауылда Жәуке деген кісінің оқу соңында жүрген жиырма бір жаста Ахмет есімді бір
жақсы зерек баласы бар еді. Жәуке өзі нашар кісі болса да, бар тапқан-таянғанын жалғыз
баласы Ахметтің оқуына салып, жасынан олай сүйреп, былай сүйреп жүріп, әйтеуір молда
атына іліктіріп еді. Бертін келген кездерде Жәукенің ол бейнеті босқа кетпей, Ахметтің
арқасында аузы асқа, ауы атқа тиіп, есіктегі басы төрге жетті. Аса байып кете қоймаса да,
өзіне-өзі тоқ, жақсы ғана дөңгелек ауқат та бітті.
Бұл Сарбас ауылы осы Омекеңдермен ыңғайлас, жазғы, қысқы қоныстары бір, аралас-
құралас еді. Ахметпен Омардың үлкен баласы - Қасен құрдас һәм жасынан бірге өсіп,
бірге оқып, біте қайнаған сырлас еді. Бірінсіз бірі тыншып тұрмас еді. Мұсылманша оқуды
екеуі сабақтас болып оқып рушді сыныфтарын* бітіріп, онан соң ауылнай школда оқып
тәмамдаған соң Қасенді әкесі гимназияға енгізіп, Ахмет қолының қысқалығынан онан
артық ұзай алмай қалғандығына бірсыпыра жыл болып еді. Ахмет онан соң да тағы
талпынып оқып, иғдади сыныфтарын** бітірді. Бертін уақыттарда үлгілі жерлерді аралап,
тәртіп, дүние танығысы келсе де, қартайған әкесін қимай, өзі жалғыз болған соң қайтерін
білмей қарайлап жүрген жайы бар еді.
* Рушді сыныф (арабша) - 5-7 кластар көлеміндегі оқу.
** Иғдади сыныф (арабша)- 10 класс көлеміндегі оқу.