2. СЫНДАР ДƏУІР
Сындар дəуір деп қазақ əдебиетінің сынды болған, яғни сын арқылы шығып, əдеміленген
мағыналы сөз, бір мағынасы сыны бар деген болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы,
сипатты деген болады.
Бұл сөздің екі мағынасының екеуі де қазақ əдебиетінің соңғы кездегі жаңа дəуірін дұрыс
сипаттайды. Сын тезі құрылмай, əдебиет сөзі сындар болып (мінсіз болып) шыға алмайды.
Қазақтың ауыз əдебиетін алсақ та, діндар дəуірдегі əдебиетін алсақ та, қандай жақсы
болғанмен мінсіз сұлу болмайды: бір жерінде сұлулығы қандай зор болса, екінші жерде міні
сондай үлкен болады. Ақындығы қандай күшті болғанмен айтылған екі дəуірдің
ақындарының сөздерінде əдемілігінің жанында ат сүрінгендей міні тұрады. Олай
болатынының түп себебі қазақтың ол кездегі ақындары асыл сөз немен асыл болатынын,
ақындық сезімімен сезсе де, анық біліп жетпеген. Сондықтан сөзін мінсіз етіп шығара
алмаған. Тыңдаушысының да асыл сөз турасындағы білімі ақындардікіндей болып, олар да
ақын сөзін тексеріп сынға сала алмаған. Асыл тас, асыл темір, асыл бұйым несімен асыл
болатынын білмеген адам тастың, темірдің, бұйымның жақсысын тауып алуды білмейді.
Сындар дəуірге дейін қазақ ақындары да, ақын сөзін тыңдайтын əлеуметі де, сөз несімен
асыл болатынын білмегендіктен сөз бағасын көтере алмай, нарқын кеміткен.
Адамға өз бойындағы үйреншікті міні — мін болып көрінбей, өз үйіндегі кемшіліктер —
кемшілік болып көрінбейді. Жұртқа да солай. Салтындағы, қалпындағы, ғұрыптағы жаман
əдет — жамандық болып көрінбейді. Бойдағы мін бойында міні жоқ біреуді көргенде
байқалады; үйдегі кемшілік кемшілігі жоқ үйді көргеннен кейін көзге түседі; жұрттағы
жаман əдет басқа жұрттың жақсы əдетін көргеннен кейін білінеді.
Сондай-ақ қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман
əдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар əдебиетін көргеннен кейін байқалып, көзге
түскен. Сонан кейін ғана Европа əдебиетінен тұқым алып, қазақ əдебиетінің сүйегін
асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған. Қазақ əдебиетінің асылдануына,
əсіресе əсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен олар асыл
сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. Сондықтан
қазақ əдебиетінің сындар дəуірі Абай сөздерінен басталады.
Жоғарыда айтылған «Сын арқылы шығып, əдеміленген» деген сөзді, шығарған сөз
біреудің сынына салынып, сонан кейін шыққан сөздер деп ұқпасқа керек. «Сын арқылы
шығып» дегеніміз — шығарушы өзі жазушы, өзі сыншы болған уақытта шыққан деген
мағынадағы сөз. Европа əдебиетімен танысқаннан кейін қазақ ақындары сөздің асыл
болатын сырын біле бастайды. Сөздің ондай сырын білу — сын білу болады. Ат сайыс аттың
жүйрік болатын сырларын білгеннен кейін, сындарын біліп, сынайтын болады. Сондай-ақ
сөздің асыл болатын сырын білген адам сөзді сынай біледі. Сынай білетін адам жаза да
білетін ақын болса, оның ақындық жағынан шығатын сөзі сеністік (сыншылық) жағының
сынына түсіп, сын арқылы шығып отырады.
Жүйрік аттың белгілі сипаттары сияқты асыл сөзде де белгілі сипаттар болады. Сөз сол
сипаттарын дұрыс көрсетумен асыл болып шығады. Мұнан асыл сөзді адамның бəрі де сөз
шығаратын ақын болады деп ойламасқа керек.
Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды. Бірақ ақын адам сөздің асыл
болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады. Асыл сөздің сипаттарын білу
тыңдаушыға да қажет. Абайдан кейінгі сөзге талғау кіреді: айтушы да, тыңдаушы да сөзді
талғайтын болды. Олай болғаны — Абай асыл сөздің нұсқаларын айқындап көрсеткенінің
үстіне аз да болса асыл сөз сипаттарын айтып та жұртты хабардар қылды. Абайдың «Өлең
сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде жақсы өлеңнің сипаттары да, қазақ ақындары
мен тыңдаушылардың жоғарыда айтылған асыл сөзді танымайтын надандықтары да
айтылып, аз да болса мағлұмат берілген. (Абайдың сол өлеңін оқу). Сөйтіп, асыл сөздің
сипаттарын білу жалғыз ақындарға емес, əр адамға керек. Жақсы сөздің сипаттарын білген
адам сынай білмекші, сынай білуден сөз талғауы күшеймекші. Солай болған соң асыл сөздің
басты-басты сипаттарын білу сөйлеу жүйесінің ең керек бөлімінің бірі болады.
Қазақтың жазу əдебиеті басқалардікі сияқты айтылуынша бөлінеді деген едік. Бірақ ол
салалардың қандай тарау, тармақ я бұтақтарға бөлінетінін айтқанымыз жоқ еді.
Енді сол айтылған үш салаға қоятын тарау, тармақ, бұтақтар сияқты сөздердің түрлерін
көрсетіп, əрқайсысын керек орнында белгілі сипаттарымен əліптен өтейік.
Ескерту: Қазақтың сындар əдебиеті Европа үлгісімен келе жатыр. Жəне сол бетімен
баратындығы да байқалады. Европа əдебиетіндегі сөз түрлері бізде əлі түгенделіп жеткен
жоқ. Бірақ қазір болмағанмен ілгеріде болуға ықтимал. Сондықтан сындар дəуірдегі сөз
түрлерін жүйелеп тəртіптегенде, Европа əдебиетінің бізге келіп жетпеген түрлерін де өзіне
тиісті орындарында атап өтеміз. Солай еткенде дарынды сөз табына жататын сөздің түрлері
мынау болмақ.
1. Əуезе яки əңгіме түрлі сөздер
Бұл топқа кіретін сөздер толып жатыр. Оның бəрін түгендеудің қажеті жоқ. Басты-басты
түрлерін алғанда, олары мынау болады:
1. Ертегі жыр. 2. Тарихи жыр. 3. Əуезе жыр. 4. Ұлы əңгіме. (роман) 5. Ұзақ сөз. 6. Аңыз
өлең жəне əңгіме. 7. Көңілді сөз. 8. Мысал. 9. Ұсақ əңгімелер.
2. Толғау табына қарайтын сөздер
Толғау түрлері де толып жатыр; оның ішіндегі негізгі түрлері мыналар:
1. Сап толғауы. 2. Марқайыс. 3. Налыс (мұңайыс). 4. Намыстаныс. 5. Сұқтаныс. 6.
Ойламалдау.
Ойламалдау түрі көп: Ойламалдаудан бөлініп:
1. Сөгіс толғауы яки даттау. 2. Күліс толғауы яки күлкілеу. 3. Масқаралау шығады.
Күлкілеудің өзі үш түрге бөлінеді: а) Мазақ. б) Мысқыл. в) Қулық.
Қулық та екі түрлі: бірі сықақ, екіншісі əзіл.
3. Айтыс-тартыс табына қарайтын сөздер
Айтыс-тартыс табына кіретін сөздер түрі де толып жатыр. Оның ішіндегі негізгі басты
түрлері мыналар:
1. Айтыс сөз. 2. Тартыс сөз.
Тартыстың өзі басты-басты тарау болып бөлінеді:
1. Мерт яки əлектекті тартыс (трагедия). 2. Сергелдең яки азапты тартыс (драма). 3. Арам
тер яки əурешілік (комедия).
Тартыс күйге əн-күй қосылса, тартыс зауықты деп аталады. Тартыс сөз қу тілді болса,
қулықты деп аталады. Қисыны қызық болса, күлдіргі тартыс болады; сиқыр мазмұнды
тартыс-сиқырлы деп аталады.
Қазақ əдебиетінде бұл түрлердің кейі бар, кейі жоқ, кейі жеттікпеген алалау, балалау
түрде, бар түрлері төменде қазақ əдебиетінің жаңа дəуірінен басталып, тиісті сипаттарымен
көрсетілмекші.
1. ƏУЕЗЕ TYPЛEPI
1. Ертегі жыр
Ертегі жыр деп өлеңмен айтылған ертегі айтылады. Сындар дəуірдің ертегісі
бұрынғысының ертегінен сындарлығымен айрылады. Ақындар ескі ертегіні ажарлап, ертегі
жыр етіп шығарады яки өз тақырыбымен өз қиялынан шығарады. Жаңа дəуірдің ертегі
жырлары Мағжан жазған «Сыздық батыр» турасындағы ертек, Пушкиннен аударылған
«Балықшы мен Балық», «Алтын əтеш» сияқты ертегілер болады.
2.Ұлы əңгіме яки роман
Ұлы əңгіме яки роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап əңгімелеп, түгел түрде
суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз.
Ұлы əңгіме шығарушылар (романшылар) роман жазғанда тақырыпты не өз заманындағы
тұрмыс сарынынан алады, не еткен замандағы тұрмыс сарынынан алып жазады, немесе
алдағы заманның сарынын болжап жазады. Роман алған замандағы тұрмыс сарынын
көсеткенде, сондағы адамдардың — үлкені, кішісі бар, жақсы-жаманы бар, байы, кедейі,
төресі, қарасы бар, жасы, кəрісі бар — не істейді, не іздейді, не тілейді, неге сүйініп, неге
күйінеді, неден именеді, неден күйзеледі, нені жақтырады, неден жиренеді, неге құмар, неге
сұлық.. Қысқасы, я бүтін бір жұрттың яки жұрттың бүтін бір табының сыр-сипатын сөзбен
суреттеп, алдыңнан өткізеді.
Ертек жыр, тарихи жыр сияқты шығармалар зор-оқиғалардан қара көрінім асқан
адамдардың ғана істерін сөз қылады. Жалпы қалыпты жай адамдардың істеріне, өздеріне
онша назар салмайды. Ұлы əңгіменің мақсаты көптің өмір сарынын суреттеп көрсету
болғандықтан бұл туралы шығармаларды адамның да, уақиғаның да ұлысына, ұсағына бірдей
назар салынады. Өмір сарынын көрсететін хаттан асқан, сирек солатын үлкен оқиғалар, ұлы
адамдардың істері емес, құмырсқадай қыбырлап түрлі жол, түрлі жөнмен тіршілік етіп,
тырбанып жатқан көптің амалы. Адам өміріндегі істің ұсағы көп, ірісі аз болады. Ұсақ
уақиғаның адамға күнінде оны душар болғанда, ірі уақиғаның өмір бойы оны душар
келмеске ықтимал. Адам басынан кешетін көбіне ұсақ уақиға, ұсақ іс, жеңіл сүйініш, жеңіл
күйініш. Ұлы əңгіме өңшең үлкен уақиғалармен болмай, ұсақ істерден де өнеге көрсетуге
тырысады. Оның олай етуінде екі түрлі мəніс бар.
1. Ұсақ уақиға мың қырланып, мың түрленіп, қайта айналып тұрады. Қайта-қайта
болатын уақиға қалыпқа айналады.
Адам тұрмысының тағдырын күн сайын құбылып, қайта-қайта келіп тұрған ұсақ
уақиғалар шешеді. Бір рет өтірік айтсаң, ол зор бəле: өтірікші, сырғиға, сенімсіз болсаң, онан
тіршілігіңе келетін кесапат көп. Адам бірден өтірікші, бұзық, ұры-қары болмайды; бірден
түзік, əділ, адал ізгі де болмайды. Бір істегенін қайта істеп қалыптанумен бірте-бірте барып
болады.
2. Ұсақ уақиғаның бірден-ақ ұлы уақиғаға себеп болатын жерлері де бар. Үлкен үйге
кішкене кілт жол ашатын сияқты, үлкен іске көбіне кіші іс кілт болады, кіп-кішкене
ұшқыннан үп-үлкен өрт шығады. Аз нараздық көңілден үлкен ұрыс, төбелес, соғыс шығып
кетеді. Со сияқты адам қателескен бір ғана ісінен өмірлік тұрмысын ауырлатып алуы
ықтимал. Бір дұрыс істеген ісінен жөнін түзеп, тұрмысын жеңілдетіп алуы ықтимал. Ұсақ
уақиғадан ұлы уақиға тууы ықтимал болғандықтан ұсақ істің бəрін ұсақсыну керек емес. Ол
ұсақ іс бəлки зор шарапатқа, я зор кесапатқа кілт болатын ұсақ істің бірі шығар. Олай болса
ұлы уақиғамен қатар ұсақ уақиғаларды қатарға алу, түрін тану керек болады. Күн сайын
істеліп жататын ұсақ істің ұлы іске ұласарлығы да, ұласпастығы да бар. Тіршілік ісі біріне-
бірі оралып, шиеленісіп, байланысып жатады. Тіршілік ісінің парқын айыру, мəнісін білу
ұйысқан жіптің ұштарын табу сияқты, қайдан басталып, қайдан тоқтайтынын бірте-бірте
арасын ашып, шиесін шешіп барып таппасаң, бірден таба алмайсың. Ұсақ іс ұсақ іспен
шиеленісіп, байланысып тұрса, оны қатарға алмасаң да келер-кетері аз. Ұсақ іс ұлы іске
байланысып тұрғанда, қатарға алмасаң қамтама қаласың. Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікір
жоқ өмір хайуан өміріне ұқсас. Бірақ ұсақ істердің ішінде ұсақсынып байқамай өтсең опық
жегізіп, өкіндіретіндері де кеп болады. Тіршілік жолында жүзеге шығарайын деген ісіне
бөгет болатын көбінесе үлкен істер емес, ұсақ істер, ұсақ нəрселер. Олардың бөгетшілік
күші үлкендігінде емес, көптігінде. Олардың бөгетшілігін бұзуға көп күш, үлкен іс керек
емес. Ұсақ ғамал, жиі жеделдік керек. Тіршілік ғамалы, заманның заңын, тұрмыстың
сарынын тану ғылымы — адамның іздеген, көздеген мақсаттарын білу, мақсаттарына жетуге
жүретін жолдар мен танысу. Тұрмыс ғылымын жақсы білгеннің ісі — ұсақ істерге айналып,
ұлы істерді де ұмытып кетпеу, ұсақ істерді ұсақсынып, қатарға алмай, қазыққа сүрінгендей
болып қулап та жатпау.
Ұлы əңгіме — тұрмыс тілі. Өмір жүзіндегі ұлы, кіші , ғамалдар, ұлы, кіші уақиғалар
қалай бір-біріне оралып, шиеленісіп, байланысып, ұйысып, үші қайдан басталып, қайдан
барып тоқтайтынын мысалмен көрсеткен секілдендіріп алдыңа əкеліп, түрлі жолмен,
бағытпен байланыстырады, шиеленістіреді, шиеленістіре барып, немен тынатындығын көзге
көрсетеді.
Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге
кейіп беретін тұрмыс төңірегі. Адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген
ісінен білінеді. Адамның тысқа шыққан пікірінде, көңілінің күйінде, еткен ғамалында
мінезінің қай түрі көбірек көрінсе, сол адам сол мінезді болмақ. Мінез іштен туады. Бірақ
шынығып жетпей тұрғанда мінез түрін тəрбиемен өзгертуге болады. Адамға тəрбие беруші
əуелі ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, тұрмысындағы төңірек. Өмірінде қандай тұрмыс
көрсе, нендей адамдармен кездессе, жолдас болса, істес болса, солардан өнеге көріп, үлгі
алмақ. Өнер, ғылым жоқ жұртта адам тəрбиесін төңірегінен алады.
Өнер, ғылым бар жұртта адамдар тəрбиені ата-анадан да, төңірегінен де, мектептен де,
əдебиеттен де алады.
Сөйтіп адам мінезіне өң беретін: үй іші, мектеп, төңірек болып шығады. Бұлардың өзі де
адамдар түрлі болып туғандықтан, түрлі тəрбие алғандықтан түрлі болады. Сондықтан
олардан тəрбие алған адамдар да түрлі мінезді, түрлі қулықты болмақ; бірақ адам көп, мінез
түрі аз болғандықтан, көп адамдар мінездес яғни бір мінезді болады. Мінездері ұқсас
бірыңғай, бір кейіпті адамдарды кейіптес дейміз. Мінездің белгілі бір түріне кейіп беретін
адамдарды кейіпкер дейміз. Жомарттық, сараңдық, батырлық, қорқақтық, төзіктік,
бұзықтық — бұлар қай жұртта да болатын мінездердің жалпы кейіптері. Сондықтан мұндай
мінезді адамдар жалпы кейіпкерлер болады.
Қазақтың арамза атқа мінерлері, қазақтың есерсоқ салдары, түйені түгімен жұтып
қоятын болыстары — бұлар ұлтындағы, заманындағы кейіпкерлер болады. Ұлы əңгімешілер
тұрмыс сарынын суреттегенде сарынға кейіп беретін, өң беретін таптардың кейіпкерлерін
алып суреттейді. Жазушы кейіпкерлерін неғұрлым дұрыс алса, соғұрлым ұлы əңгіме тұрмыс
сарынын дұрыс суреттеп, қалыпқа сəйкес, шынға жақын болып шықпақ. Бірақ сарындаушы
өз заманындағы бар тұрмысты ғана суреттеп қоймайды. Өнеге үшін жоқ тұрмысты да алып
суреттейді. Тұрмыс жағдайын өз ойлаған түрінше өзгертсе, өмір сарыны өзге жөнмен де
кетуге мүмкіндігін көрсететін сарындаулар да болады. Ұлы əңгімеге жан беретін адамның
ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тəрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы,
кіші адамдардың ірілі-уақты істері болатындықтан. Ол істер біріне-бірі ұласып, біріне-бірі
оралып, байланысып, шиеленісіп жатқандықтан, осының бəрін суреттеп шығару оңай емес.
Мұны келістіріп, дұрыс пікірлеп, дұрыс суреттеп, уақиғаларды жақсы қиыстырып,
сыйыстырып шығару көп жазушылардың қолынан келе бермейді. Ұлы əңгіме жазушы көркем
сөздің əуез толғау, айтыс — барша түрін де жұмсайды. Ұлы əңгіме жазуға үлкен шеберлік
керек. Ұлы əңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі «Ұзақ əңгіме» деп аталады. Онан
шағындау түрі «Ұсақ əңгіме» деп аталады.
Ұлы əңгіме, ұзақ əңгіме, ұсақ əңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана.
Мазмұндау жүйесі бəр-бəрінде де бір айтылу аудандарында айырма бар: ұлы əңгіме сөзі
алыстан айдаған аттарша жайыла бастайды, ұзақ əңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла
бастайды, ұсақ əңгіме мүше алып; оралып келе қоятын аттарша бастайды. Ұлы əңгіме түрде
қазақ тілінде басылған шығарма əлі жоқ. Міржақыптың «Бақытсыз Жамалына» роман (ұлы
əңгіме) деп ат қойылса да, өресі мен өрісі шағын болғандықтан о да ұлы емес, ұзақ əңгімеге
жақын. Мұхтардың «Оқыған азамат», Смағұлдың «Қалайша кооперация ашылды» деген
əңгімелері ұсақ əңгімеден гөрі ұзақ əңгіме түріне жақын болады. Нағыз ұсақ əңгіме
болатындар: Смағұлдың «Автономиясы», Міржақыптың «Қызыл қашары», Бейімбеттің «Айт
күні» сияқты əңгімелер.
3. Əуезе жыры
Қазақтың ерте заманда ерлік қылған адамдарының ерлігін, батырлығын жыр қылып
шығарған сөздер ертек жыр деп аталатыны жоғарыда анайы əдебиет туралы сөз болғанда
айтылып еді. Нақ сондай болмағанмен соған ұқсас сөздер ділмар əдебиетте де болады. Ұлт
өмірінде болған, ұлт тарихына жазылған яки халық аузында əуезе болып айтылып жүрген
уақиғаны алып, яки уақиғада халықтың еткен қайратын, азаматының көрсеткен өнерін,
жігерін, ерлігін, намысқорлығын яки адамшылығын əдемі түрде əсерлі сөзбен жыр қылып
шығару бар. Сыпайы əдебиеттің сол сияқты шығармалары əуезе жыр деп аталады. Мұнда
қара күші мол батырлардың орнына басқа түрлі ерлер,басқа түрлі қайраткерлер оқиғаның
ортасында жүреді. Ертек жырда күші көп батырлардың ісі өнеге болса, əуезе жырда өнер,
білім, қайрат, жігер сияқты сипаттарымен көзге түскен адамдардың ғамалдары өнеге
болады. Мұнда да уақиғадағы істерге өзінше өң бере, көркейте айту бар, бірақ өте көпіртіп
дəріптеу жоқ. Əуезе жырдағы көркейту уақиғаның да, адамның да жақсы жағын алуға
болады. Онда да уақиғасы да, адамы да көркейтуді көтергенше ғана көркейтіледі. Əуезе жыр
ақын тарапынан ұлттың ұлы адамына сөзден жасалған жəдігер есебіндегі нəрсе.
Əуезе жыр мен тарихи жырдың арасындағы айырмасы сол, тарих жырындағы адамдар,
уақиғалар турасында сөйлеген сөздер тарихтағы мағлұматтардың арнасынан аса алмайды.
Олай етпесе, тарихшылар тарихты білмегендіктен иə қате түсінгендіктен тарих мағлұматын
бұзып отыр деп кінəлайды. Əуезе жырда шығарушының қиялы еркін болады. Тарих
мағлұматы сияқты арнасынан шығармай қайырып, иіріп отыратын мұнда бөгет жоқ. Бұған
қоятын шек жалғыз-ақ алған уақиғамен адамды көркейтуді көтеру-көтермеуі. Көркейтуді
көтермейтін уақиғамен адамды көркейтіп жіберсе, өтірік болып шығады.
Əуезе жыр əдемі сөздің түрі болғандықтан əдемілеу əдісінің бəрі де істеледі: көрікте,
меңзеу, əсерлеу түрлерінің бəрі де жұмсалады.
Əуезе жыр мысалдары: Мұхаметжанның «Топжарғаны», Шəкəрімнің «Жолсыз жазасы»,
«Қалқаман — Мамыры», Мағжанның «Баян батыры» сияқты сөздер.
4. Аңыз өлең. Адамның бал ашқанға, ырымға, Қыдырға, аян бергенге, түс көргенге
илануынан шыққан ел ішіндегі аңыз қылып айтылатын түрлі əңгімелер болады. Сол
əңгімелерді ақындар ажарлы тілмен əдемілеп, өлең етіп шығарғаны аңыз болады. Аңыз
өлеңнің мысалы: Мағжанның «Қорқыты», «Орман патшасы», «Масадағы» «Данышпан
Аликтің өлімі», Абайдың «Ескендір» əңгімесі.
5. Көңілді сөз. Табиғатқа жақын қулық-сұмдық жайлар, əдіс жоқ, тамағы тоқ, уайым жоқ,
адал ниет, ақкөңіл адамдардың талассыз, тартыссыз, тыныштықпен шеккен өмірін сөзбен
суреттеп шығару көңілді сөз болады.
Ондай адамдардың ғамалдары от басы, үй шаруасынан аспайды. Басқалардың істеріндей
шиеленісіп, байланысып, баттасып жатқан істері болмайды. Ондай үйдің іші үлкенін
сыйлағыш, кішілерін балаша мəпелегіш, мейірімді, меймандос келеді. Қазақтың сондай
үйлерінің тұрмысын сөзбен суреттеп шығарса, көңілді сөз болып шығады.
Бұл түрлі сөз біздің əдебиетте əлі жоқ.
6. Мысал. Мұның не туралы сөз болатындығы анайы əдебиет туралы сөз болғанда
айтылған еді. Мұндағы айтылатын анайы əдебиеттегі мысалдармен, сыпайы əдебиеттегі
мысал екеуінің арасындағы айырмасы — анайы əдебиеттегі мысалдар былай шыққан:
алғашқы адамдар басқа мақұлықтардан ұзап жарымаған. Олар да түрлі табиғат тəсілімен
тіршілік ететіндігін көріп, олар да адамды ойлайды, сөйлеседі, кеңеседі, бірін-бірі алдайды,
арбайды деп білген. Сондықтан адамның ісін əңгіме қылған сияқты олардың да істерін
əңгіме қылған. Онан хайуандар турасындағы ертегілер шыққан. Онан бері келе хайуандар
тіршілік еткенмен нақ адамша ойласып, сөйлесіп, кеңес етпейтіндігіне көзі жеткеннен кейін
мақұлықтар турасындағы ертектер өтірікке саналып, бірте-бірте жоғалып, тек мысалдар ғана
қалған. «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты» деген, «Тышқан шаңырақтағы еттің
сасығын-ай» депті деген сияқты мысалдар хайуандар турасынан сөйлеген ертектерден
қалған мысалдар. Түйенің алданып қалуы туралы, тышқанның шаңырақтағы етке бойы
жетпеген соң сасық деп кемітуі туралы əңгімелер, ертектер болмаса, ондай мысалдар халық
тілінде болмас еді. Мұндай мысалдардың пайда болуына себеп болған ертегіде айтылған
хайуандардың ісіне адамдардың істерінің де ұқсауы. Қолы жетпеген нəрсесін жамандайтын
мінез адамда да бар. Сондай мінездерді адамдардың кемшілігін көрсеткісі келгенде қазақ
тышқанның «Шаңырақтағы еттің сасығын-ай» дегенін мысалға келтіреді.
Анайы əдебиетте болған хайуандар мінезімен адам мінезін көрсету мақсаты сыпайы
əдебиетте де бар. Мақсат жағынан бір-бірінен айрылмайды. Айрылатын жері айтылуында.
Анайы əдебиетте хайуанның мінезі құр мысал болады да, сонымен айтушы қанағаттанады да
қояды. Сыпайы əдебиеттің мысалы мінезінің ұқсауымен қатар айтылуының əдемілігін де
бірдей еске алады. Мінезінің ұқсауы қандай келісті болса, əңгімесінің де сондай келісті
болуын көздейді. Мұнда ұқсатуы да, əңгімесінің айтылуы да екі жағы бірдей қызғылықты
болып, тыңдаушыға екі жағы бірдей əсер етеді. Мысалдарға бұлайша түр шығарушылардың
ең шебері Франция жұртында Буттен (1759—1831), орыста Крылов (1763—1844) болған.
Олардан бұрын ескі түрмен мысалдаушы шеберлер үнді жұртында да болған, гректе (Эзоп),
румда (Бедір) болған. Крылов мысалдарының түрлері қырық мысалдағылар, Абай
кітабындағылар
«Жиған-терген»
деген
Өтетілеуұлының
кітабындағылар.
Крылов
мысалдарының ішінде Эзоптан, Лaбонтеннен алғандары да бар. (Əуезе я əңгіме түріндегі
сөздердің нұсқаларын нұсқалықтың 166, 197 нөмірлерінен қара).
2. ТОЛҒАУ ТҮРЛЕРІ
Толғау нендей сөз екені «Дарынды сөз түрлері» деген бапта айтылған еді. Мысалдары
«Ауыз əдебиеттің», «Дарынды əдебиеттің» толғау бөлімдерінде көрсетілген де еді. Бұл
жерде азырақ толғау сөздер жақсы болып шығуына қандай шарттар қойылатынын айту
керек.
Нағыз толғау мен күй (яки əн) арасы жақын: екеуінің де зейінге айтары аз, көңілге
айтары көп. Толғау əдемілігі, əуелі айтуға алынған көңілдің күйіне қарай, екінші оны айтып
жеткізетін сөйлеу түріне қарай болады. Сөйтіп, толғау əдемі болып шығуы үшін екі түрлі
шартты орнына келтіру керек. Толғаудың мазмұн жағына қойылатын шартты ішкі деп,
сөйлеу түріне қойылатын шартты тысқы дейміз.
1. Ішкі шарты: а) Толғау жалпы сырлы болу керек. Ақын толғауы да өз көңілінің күйін
айтады, бірақ ол күй өзгеге түсінікті болуы тиіс. Күйі түсінікті болмаса, өзгелерге əсер ете
алмайды.
б) Толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы
шығармаға өтірік жараспақ түгіл бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын болған
күйден шығуы керек. Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі
қадірсіз болып кетуі шын көңілден, шын толғау болып шықпағандықтан.
в) Толғау таза болуы тиіс. Нас, былғаныш, нəжіс əдемі нəрседен шықса, көңілге қандай
əсер етеді. Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса о да сондай əсер етеді.
г) Толғау көңілдің тереңдігі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан
толғаудың əсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды.
2. Тысқы шарты. а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болу тиіс. Күй де, би
де бір-біріне үйлесіп келгенде сұлу болып шығады. Күймен бидің үйлесуі.
б) Толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл
күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да.
Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4—5 ауыз өлеңнен аспайды.
в) Толғау əуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін — күй
мен əн. Əннен соңғы көңілге көбірек əсер беретін əуезді сөз. Əуезді сөздің əдемісі өлең
толғау көңіл сөзі болғандықтан əсері күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс. Көбінесе
солай айтылады да.
Толғаудың құны қанша деген мəселеге келсек, толғау сөз өнерінің барып тұрған жері деп
саналады. Толғаудағы көңіл күйлерінің бəрі өмір жүзінде адам біткеннің бəрінің басында
бола бермейді. Көңілдің түрлі күйін əдемілеп айтып сөзбен келтіруге үлкен ақындық керек.
Толғау жақсы болса, оқығандар өз басында болмаған күйлерді толғау күшімен өзінде болған
күйдей басынан кешіріп өтпек. Бұл өзгелердің көңіл күйін де дұрыс танып, дұрыс білуге
үйретпек. Толғау көңілдің көркем сырларын өрнекті сөздермен білдіріп, адамның көрік
сезімін күшейтеді. Əдемі толғаудан алатын адамның көрік лəззаты басқа сөздердің бəрінен
де артық болады.
Достарыңызбен бөлісу: |