Əдебиет танытқыш (1926) АҢдату


 САРЫНДАМА (САРЫН СӨЗ) САЛАСЫ



Pdf көрінісі
бет9/13
Дата06.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#8111
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

2. САРЫНДАМА (САРЫН СӨЗ) САЛАСЫ
Сарындама үш тарау: 1. Салт сөзі. 2. Ғұрып сөзі. 3. Қалып сөзі.
1. САЛТ СӨЗІ

Салт  сарынымен  яғни  салт  жөнімен  айтылатын  сөздер  салт  сөзінің  табына  жатады:
мəселен, мысалдар, ділмəр сөз (афоризм), тақпақтар, мақалдар, мəтелдер.
1. Мысалдар. Адамның ғамалын, мінезін, құлқын, жанды-жансыз нəрселер арқылы салт-
санасына сəйкес көрсетіп өнегелеу — мысалдау болады.
Ескерту: Мысалдар көбінесе хайуандар турасында шыққан ертегілерден алынады. Ондай
ертегілерде  хайуандарға  адамша  тіл  бітіріп,  адамша  мінездеп,  іс  еткізіп,  түрлі  мақұлыққа
түрлі өнеге боларлық сипат таңған. Ақымақтыққа өнеге болатын есек, хайлакерлікке түлкі,
қорқаулыққа  қасқыр,  момындыққа  қой,  мазақтыққа  тырна,  жарғақтыққа  сауысқан,  тағысын
тағы  солай.  Мысалдар  «Арсыз  ит»,  «Өтірікші  тышқан»,  «Хайуандар  таласы»  «Бақылдақ
теке», «Құлағынан айрылған ешкі» тағысын тағы сондай сөздер.
2. Ділмəр сөз. Бұрынғы даналардан, билерден, шешендерден қалған сөздер — ділмəр сөз
(Европаша — афоризм) деп аталады.
Мысалдар:
1.Өлеңтіні жағалай
Тал шығады деп едім.
Тал шыбықтай бұралып,
Сал шығады деп едім.
Соққан бейіт секілді,
Үй шығады деп едім,
Қырыққан серке бұттанып,
Би шығады деп едім.
(Мөңке)
2.  Өр  Дулат  —  ұлы  жүздегі  бір  ханға  барып  отырып,  қоңырат  Мырзан  би  ханға  сөз
бермей  жалғыз  сөйлей  беріпті.  Мырзан  баласыз  кісі  екен,  соны  айтып  тоқтатпақ  ниетпен
дулаттың бір шешені айтыпты:
«Жалтақтап  сөйлейсің,  жалғыз-ақ  адамша,  көтеріліп  сөйлейсің,  көмегі  жоқ  адамша.
Құйрығы  жоқ  шолақ  Мырзан,  құлағы  жоқ  шұнақ  Мырзан,  жалғыз  өзің  сөйлейсің  бе,  деп.
Сонда Мырзан айтыпты:
Сен жалғыз деп сөксең, құдайға тілің тиеді, жарлы деп сөксең, пайғамбарға тілің тиеді.
Құйрығым  шолақ  болса,  тұлпар  шығармын,  құлағым  шұнақ  болса,  сұңқар  шығармын,
құйрығы ұзынды біз итке меңзейміз, құлағы ұзынды есекке меңзейміз, ешкі егіз табады, ит

сегіз  табады,  шошқа  тоғыз  табады.  Сенің  бабаң  егіз  еді,  атаң  сегіз  еді,  өзің  тоғыз  едің,
тоғызыңды  алса,  құдайдың  шамасы  жоқ  па?  Маған  бала  берейін  десе,  баласы  жоқ  па?  —
депті.
Халық  мынаған  тас  атыңдар  депті.  Дулаттың  биі  «айтқанын  қылып,  бітімін  беріңдер»
деп топтан шыға жөнеліпті.
(Ыбырайұлы Тұрман жинағынан)
3. Қаз дауысты Қазыбек би жолаушылап жүріп, бір үйге түстеніпті. Үй иесі. үйінде жоқ
екен.  Қатынының  күткеніне  ырза  болып,  ерін  көріп  кетпек  ниетпен  қонып  қалыпты.  Ері
жұпынылау адам екен. Қазыбек жолдастарына қарап айтыпты:
Жігіттер, бұл сөзімнің мəнісі бар,
Мəнсіздің мəнді менен не ісі бар.
Құданың құдіретін қарап тұрсаң,
Жапалақ үйрек ілген бір ісі бар,—
деп. Қазыбектің сөзіне қатын түсіне қалып, былай депті:
Құдеке, сөзіңіздің мəнісі бар,
Мəндінің мəнсіз бенен көп ісі бар.
Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,
Тағы да қоңыр қаздан дəмесі бар.
Қазыбек қатынға ырза болып, мына сөзді айтып жүріп кетіпті:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы.
Қатын жаман болса,
Бұ жалғанның тозағы.
Туған балаң жақсы болса,
Екі көздің шырағы.

Мінген атың жақсы болса,
Бұл дүниенің пырағы.
Алған жарың жақсы болса,
Мейманыңның тұрағы.
(Ыбырайұлы Шорман жинағаннан)
4.  Қыпшақ  Досбол  датқа  қартайып,  науқас  болып  жатқанда  Байысын,  Саудағұл  жəне
Нұрмаш деген атқа мініп ел билеп жүрген үш кісі көңілін сұрай барып, Досболға айтыпты:
«Е,  датқаеке,  бұрынғының  арты  едің,  бүгінгінің  қарты  едің,  əлде  қалай  боласыз,  артыңда
қалатын  жандарға  не  айтып  кетесіз,  ілгері  өткендерге  не  айтып  барасыз»  депті.  Сонда
Досбол: «Уа сендерге не айтайын, заман сендердікі, жұрт сендердікі, өз ақылдарың өздеріңе
жетеді.  Ілгері  өткендерге  айтып  баратын  сөзім  мынау:  бақ  деген  сендер,  тірі  күнде  сұңқар
еді;  елде  кімнің  басы  биік  болса,  соған  қонушы  еді.  Сол  бақ  қартая-қартая  қара  шыбын
болды. Қайда сасық болса соған қонды. Соқырдың көзіне қонды, пұшықтың мұрнына қонды,
таздың  басына  қонды  деп  барамын»  депті.  Байысын  соқыр  екен  де,  Нұрмаш  пұшық  екен.
Саудағұл таз екен. Үшеуі ұялып үйден шыға жөнеліпті.
Ділмар сөз иесінен айрылса, я тақпаққа, я мақалға, я мəтелге айналып кетеді.
3. Тақпақ. Салт-санасына сəйкес пікірлерді келтесінен келтіріп, өлең түрде ұйқастырып
айту  —  тақпақ  болады.  Тақпақ  қысқара-қысқара  маңызданып  барып  мақалға  айналып
кететін  де  жері  бар.  Мақалдарды  құрастырып  қосып  айтқанда,  мақалдар  тақпаққа  айналып
кететін де жері бар.
Мысалдар:
1.Ата-ананың қадірін
Балалы болсаң білерсің,
Ағайынның қадірін
Жалалы болсаң білерсің.
Ақ дененің қадірін
Сырқаулы болсаң білерсің,
Дəулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсің.
Ажарыңның қадірін

Сəн кеткенде білерсің.
Тіршіліктің қадірін
Жан кеткенде білерсің.
Аңдып жүрген дұшпанды
Тап жеткенде білерсің.
2.Көп отырсаң көл азады,
Көп сабылса жер азады.
Көп жасаса ер азады,
Ер азған соң ел азады.
Аяқтыға жол бермейтін,
Ауыздыға сөз бермейтін,
Мыңнан озған шешеннен
Күнде қойыңды баққан
Құлағы кесік құл озады.
3.Ақырзаман адамы аласа туады,
Аласа туса да тамаша туады.
Қулық-сұмдық ойлай туады,
Жамандыққа бойлай туады.
Итере салсаң жығыла кетеді,
Тұра сала жармаса кетеді.
Ішсе бозаға тоймайды,
Боқтап түгіңді қоймайды.
4.Дауыл болмай жауын болмас,
Жауын болмай қауын болмас.

Ит баласы сауын болмас.
Екі дау адағы ауыл болмас,
Ауыл болса да тəуір болмас.
Өзіңнен тумай ұл болмас,
Сатып алмай құл болмас.
5.Киікті құралай бүлдірер,
Елді дүрегей бүлдірер.
Текті жігіт тек жүрер,
Текелі киік жай жүрер.
4. Мақал. Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сəйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан
көрі мақал маңызды, шыны келеді. Мысалдар:
1. Мал — жаным садағасы, жан — арым садағасы.
2. Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.
3. Əкім адал болмаса, жұрт бұзылар, сауда адал болмаса, нарық бұзылар.
4. Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп.
5. Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ.
6. Жоқтық ұят емес, байлық мұрат емес.
7. Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге мал тұрар.
8. Күлме досыңа, келер басыңа.
9. Төртеу түгел болса төбедегіні алады, алтау ала болса ауыздағы кетеді.
10. Айбар керек — ал керек, əлсіз айбар не керек.
11. Денсаулық — зор байлық.
12. Ауыру қалса да əдет қалмайды.
13. Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дер, өшер елдің жігіті бірін-бірі қатын дер.
14. Ұрлықтың түбі — қорлық.

15. Қойшы көп болса, қой арам өлер.
16. Шірікке шыбын айналар.
17. Көрмес түйені көрмес.
18. Битке пышақ суырма.
19. Бас білген өгізге өк деген өлім.
20. Ат жалдаған өтер, ит жалдаған кетер.
21. Жаз арбаңды сайла, қыс шанаңды сайла.
22. Ел қыдырған сыншы, тоғай аралаған үйші.
23.  Көше  білмес  жамандар,  көшсе  көлік  өлтірер,  сөйлей  білмес  жамандар,  сөзді  өзіне
келтірер.
24. Көре-көре көсем болар, сөйлей-сөйлей шешен болар.
25. Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық.
26. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне.
27. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың.
28. Көрген жерде бой сыйлы, көрмеген жерде тон сыйлы.
29. Жер таусыз болмайды, ел даусыз болмайды.
5.  Мəтел.  Мəтел  дегеніміз  кезіне  келгенде  кесегімен  айтылатын  белгілі-белгілі  сөздер.
Мəтел  мақалға  жақын  болады.  Бірақ  мақал  тəжірибеден  шыққан  ақиқат  түрінде  айтылады.
Мəтел ақиқат жағын қарамай, əдетті сөз есебінде айтылады.
Мысалдар:
1. Өзі тойса да, көзі тоймайды.
2. Көппен көрген — ұлы той.
3. Адасқан қаздай, рудан аздай.
4. Тамақ тоқ, көйлек көк, уайым жоқ.
5. Өткен өрел, қалған салауат.
6. Бұйдалаған тайлақтай, жетелеген мойнақтай, яки мұрнын тескен тайлақтай.

7. Түлен түртпесе, түнде қайда барасың?
8. Бетегеден биік, жусаннан аласа.
9. Жығылған үстіне жұдырық.
10. Бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойдыра алмады.
11. Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!
12. Келін айғыр, кемпір саяқ шықты.
13. Баланың сөзі батпандай, келіннің сөзі кетпендей.
14. Бəйбіше құдай бұйрығы, тоқал иттің құйрығы.
15. Қызым үйде, қылығы түзде.
16. Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір.
17. Ай мен күндей, əлемге бірдей,
18. Бай кісі бақырып бола ма?
19. Көзінің жасы көл болды.
20. Барымен базар, жоқты қайдан қазар?
21. Көшсе көш қасындамыз, отырса от басындамыз.
22. Досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме!
23. Дерт батпандап кіреді, мысқалдап шығады.
24. Арғымақты жамандап, қане тұлпар тапқаның?
Ағайынды жамандап, кəне туған тапқаның?
(Салт сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың 91, 119 нөмірлерінен қара).
2. ҒҰРЫП СӨЗІ
Ғұрып сөзі деп ғұрып сарынымен яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздер
айтылады. Мəселен, той бастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жарапазан.
1. Той бастар. Тойдың кешкі ойынын біреу өлеңмен бастайды. Сонда айтылған өлең той
бастар деп аталады. Мысал:

Кете  Шернияз  ақынның  Баймағамбет  правительдің  қызы  Ақыл  Қанікейдің  тойын
бастағаны:
Ассалаумағалайкүм алдияр хан!
Қорқады өлім десе шыбындай жан.
Сиынып бір құдайға сөз сөйлейін.
Тіліме жəрдем болғай бір алладан.
Əуелі пəруəрдігер сені айтамын,
Жаратқан иемді айтпай нені айтамын.
Той қылса қара қазақ əркім де айтар,
Бұл тойда топтан озған мен айтамын.
Сөйлемес бөтен қазақ мен тұрғанда,
Аузымда тəңірі берген жел тұрғанда.
Мен кімге сөз сөйле деп жалынамын.
Өлеңім айтатұғын кең тұрғанда.
Бұл тойда не берсе де мен аламын,
Дəнеңе жоқ шұқанаққа көл тұрғанда.
Құдайым, қуат бергей таңдайыма,
Əр түрлі өлең келді жағдайыма.
Тойында Байекеңнің сөз сөйлейін,
Бітпесе есек қылы маңдайыма.
Байеке баласында жаман бар ма?
Баласын жаман деген заман бар ма?
Той өтіп, қыз ұзатпақ қақ бұйрығы,
Болған соң қақ бұйрығы амал ба ма?
Атаңыз қиналады кетеді деп,

Қайсы қыз шырағыма жетеді деп.
Көшкенде көштің көркі көгершінім.
Қадірі кетсе мұның өтеді деп.
Атаңыз қиналады сіз кеткенге,
Көзінің қарашығы қыз кеткенге,
Табылмас Байекеме сіздей бала,
Алты жүз арғымақпен іздеткенде.
Атаңның қиналғанын көріп келдім,
Май салған қорғасындай еріп келдім.
Ау ата — Ау анадан қалған жол деп,
Насихат білгенімше беріп келдім.
Той етіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Адам мен Ау ананың тап бұйрығы.
Біздерге жеңешең де еріп келген.
Біреудің əспеттеген ақ құйрығы.
Той өтсе əдепсіз қыз көп жылайды,
Айтсын деп бауырмал қыз деп жылайды.
Той өтіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Болған соң ақ бұйрығы тек жылайды.
Алғаның хан Жəңгірдей бақты болсын,
Алтыннан күміс пенен тақты болсын.
Ақ үйің ойда тұрған қырға қонсын,
Ақ тісің аузыңды ашсаң нұрға толсын.
Үйіңе үлде менен бүлде толсын,

Болмаса күндіз пұрсат, түнде толсын.
Жасаған айтқан сөзім түс келтіріп,
Үйіңе Қызыр, Ілияс келіп қонсын.
Басымды қоса берме төменменен,
Семірмес қаз ормаса жегенменен.
Алдында азғана сөз əңгіме айттым,
Асылдың азы жақсы дегенменен.
* * *
2.  Жар-жар.  Жар-жар  қыз  ұзатар  үйде  ұзататын  қызды  жұбату  үшін  айтылатын  өлең.
Жар-жарды  екі  жақ  болып  бастап,  соңынан  бір  жақты  етіп  жібереді.  Олай  болу  себебі
жұбатушының  сөзіне  əуелі  жауап  қайырылып  отырады.  Сонан  соң  жұбату  сөз  қыздың
жақындарын  жұбатуға  ауып  кетеді.  Екі  жақ  болған  жерінде  жұбатушы  жақ  жігіттер  болып,
қарсы жағы қыздар болып айтады.
Мысалдар:
Жұбатушы жағы:
1.Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар!
Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар!
Əкем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар!
Əкең үшін қайын атаң онда болар, жар-жар.
Қарсы жағы:
Есік алды құба тал, майда болсын, жар-жар!
Ақ бетімді көретін айнам болсын, жар-жар.
Қанша жақсы болғанмен қайын атамыз, жар-жар.
Айналайын əкемдей қайдан болсын, жар-жар!
Жұбатушы жағы:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар.

Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар.
Шешем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар
Шеше орнына қайын енең онда болар, жар-жар.
Қарсы жағы:
Есік алды құба тал, майда болсын, жар-жар,
Ақ бетімді көретін айнам болсын, жар-жар!
Қанша жақсы болғанмен қайын енеміз, жар-жар!
Айналайын əжемдей қайдан болсын, жар-жар!
Мұнан əрі қарай аға, жеңге, сіңлі турасында да осы ретте айтылады.
Ескерту: Бастапқы ылғи айтылатын екі жол «Бір толарсақ, бір тобық санда болар, қырық
кісінің  ақылы  ханда  болар..»  дегеннің  орнына:  «Алып  келген  базардан  қара  насар,  қара
құйрық сəукелең шашың басар» деп те айтылады.
Жауаптағы айтылатын екі жол:
Есік алды құба тал, майда болсын,
Ақ бетімді көретін айнам болсын,—
дегеннің  орнына  «Жазғытұрғы  ақша  қар  жаумақ  қайда,  құлын-тайдай  айқасқан  оң  жақ
қайда?» деп те айтылады.
2. Қыздың жақындары туралы айтылатын жар-жар былай келеді:
Шымылдығың серпе сал, көрсін əкең, жар-жар.
Көздің жасын көл қылып төксін əкең, жар-жар.
Жылда-жылда ноғайдан пұл аламын, жар-жар
Бір міндеттен құтылдым десін əкең, жар-жар!
Шымылдығың серпе сал, көрсін шешең, жар-жар.
Көздің жасын көл қылып төксін шешең, жар-жар.
Жылда-жылда боқшама бояушы едім, жар-жар.
Бір міндеттен құтылдым десін шешең, жар-жар!

Осы ретпен ағасы, жеңгесі, сіңлісі, інісі туралы да айтылады.
3.  Неке  қияр.  Неке  қияр  сөз  деп  неке  қияр  кезде  екі  арада  жүретін  екі  куəнің  —  күйеу
мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін айтамыз. Бұл əнмен айтылмайды.
Бірақ өлеңде ұйқасқан, дəйім бір қалыпта айтылады.
Мысал:
Куə-куə — куəдүрміз,
Куəлікке жүредүрміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда қақ қасында,
Екі кісі қақ куəлік бередүрміз.
Пəленшеден жазған (əкесін айтады), пəленшеден туған (шешесін айтады), пəленше қызды
(қызды айтады), қалал жүптілікке қабыл көріп алдыңыз ба? — дейді.
Қызға айтқанда да бəрін осы қалыпша айтып, аяғында пəленшеге қалал жүпті болдыңыз
ба? — дейді.
4.  Беташар.  Қыз-келіншек  болып  түскенде  бетін  көрсетпейді.  Ауылға  келерде  алдына
шымылдық  ұстап,  перделеп  келтіреді.  Үйге  кірген  соң  да  алдына  шымылдық  құрып,  қыз-
келіншек,  бала-шағалар  ғана  болмаса,  басқаларға  көрсетпей  қояды.  Беташар  айтылғаннан
кейін  беті  ашылып,  шымылдық  алынып,  ғұрып  бойынша  көрінетін  адамдарына  келіншек
сонан соң көрінеді.
Беташарды əндетіп айтпайды. Жай шұбыртып, өлең түрінде ұйқастырып айтады. Беташар
əуел  басында  толып  жатқан  нұсқау,  жол,  ереже  (орысша  айтқанда  устав)  түрінде  айтылып,
келіншекке  естіртіліп,  орнына  келтіруге  керек  деген  мағынада  шығарған  сөз.  Бұл  күнде
«отқа  май  салу»  сияқты  ғана  əдет  мағынасына  айналып  кеткен  беташар  түрі  қандай
болатыны «Өлеңді сөйлемдер» деген бапта көрсетілген.
5.  Жоқтау.  Жоқтау  өлген  кісіні  жоқтап  сөйлеу.  Жоқтау  көбінесе  белгілі  адамдарға
айтылады.  Өлген  адамның  қатыны,  я  қызы,  я  келіні  зарлы  үнмен  өлген  адамның  тірідегі
істеген  істерін,  өлгенінше  бастарына  түскен  қайғы-қасірет,  күйіктерін  шағып,  жылағанда
айтатын жыр түріндегі сөз. Жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау
ақын лұғатты келеді.
Мысал:
Бөпе төренің қарындасы күйеуі өлгенде жоқтағаны.
Күдері белбеу белімде,

Азалы болдым елімде.
Бөпекем жарлық берген соң,
Жүре бердім жөніме.
Бас-бас өлім, бас елім,
Басынан келген осы өлім,
Жапырағын жайқалтып,
Жарлыны алған осы өлім.
Құдай досты Мұқамбет —
Оны да алған осы өлім.
Қылышынан қан тамған,
Əліні алған осы өлім.
Өлімнің несі уайым?
Бұл істі салған құдайым.
Қара бір шашым жаяйын!
Жаяйын да жияйын!
Қыналы бармақ, жез тырнақ
Күнде қанға бояйын.
Албыраған ақша бет,
Сүйегіне таяйын
Мөлтілдеген қара көз,
Жаспенен оны ояйын!
Алшаңдап жүрген жас төрем,
Орнына кімді қояйын!
Орқаш та орқаш — орқаш тау!

Бауырың толған көк бас тау!
Топ ішінде қиын да екен
Жалғыз енді сөз бастау.
Басыма салған қарам не?
Мен жыламай кім жылар?
Бетімдегі жарам не?
Бұғастың бойын өрт алды
Жүректің басын дерт алды.
Он жеті жасар Əбижан,
Қорасан деген дерт алды.
Асыл да гауһар болатым.
Ұшайын десем қанатым
Əкем қосқан қосақтан
Айырды шебер құдайым.
Алты атанға жүк арттым,
Ала арқанмен бек тарттым.
Алдынан жүрмес əке-екем,
Құшақтап тұрып сөз қаттым.
Арғымақ үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар,
Алғанын бейбақ сағынса,
Қаннан ендік (далап) жағынар.
* * *
6.  Жарапазан.  Жарапазан  рамазан  деген  сөзден  шыққан.  Ораза  уақытында  балалар,
бозбалалар  түнде  үйдің  тысында  тұрып,  жарапазан  өлеңін  айтады.  Ораза  ұстаған  адамдар

сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол
сияқты  нəрселер  береді.  Жарапазанды  кəсіп  етіп,  ораза  уақытында  ел  аралап,  күндіз  жүріп
айтатын  үлкен  адамдар  болады.  Жарапазан  айтатындар  екеу  болып  жүріп  айтады.  Бірі
жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады.
Мысалдар:
Айтушы:
Байлар, жатырмысың ұйқылы-ояу,
Тұсыңа Қыдыр келді атты, жаяу.

Мұқамбет үмбетіңе жарамазан.
Қостаушы:
Жарамазан, жарамазан!
Алла-құдай, би рамазан!
Айтушы:
Осы үйдің шаңырағы шап-шақ қана,
Жеңешем ішіндегі аппақ қана.
Береді бізге орамал сақтап қана,
Біз барамыз үйімізге мақтап қана
Мұқамбет үмбетіне жарамазан.
Қостаушы:
Жарамазан, жарамазан,
Алла-құдай, би рамазан!
Айтушы:
Қой ішінде екі қошқар теңеседі,
Бай, бəйбіше екеуі кеңеседі.
Бай айтар: «Саулық берсек кетер еді»,
Бəйбіше айтар: «Жаулық берсек кетер еді».
Мұқамбет үмбетіне жарамазан.
Қостаушы:
Жарамазан, жарамазан!
Алла-құдай, би рамазан!
Айтушы:
Жарамазан айтқанның сауабы бар,

Отыз күн оразаға жауабы бар.
Берсеңіз, бермесеңіз не қамым бар?
Боз шұбар астымдағы шу жануар.
Мұқамбет үмбетіне жарамазан.
Қостаушы:
Жарамазан, жарамазан,
Алла-құдай, би рамазан!
7. Бата. Бата — біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады.
Батагөй  шалдар  —  басы  бар  табақты  татуға  алып  келгенде  де,  асты  жеп  болғанда  да  бата
қылады. Көбінесе бата тамақ жеп болған соң істеледі.
Мысалдар:
1.Құдай оңда,
Оңға баста!
Абиыр бер!
Аман сақта!
2.Құдайым жарылқасын, бай қылсын,
Төрт түлігін сай қылсын!
Кетпес дəулет берсін!
Кең пейіл берсін!
3.Құдайым оңдасын! 
Оңдағанның белгісі,
Мың саулығың қоздасын!
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасып!
Тіленшінің биесін берсін!

Үйсін, Қоңырат түйесін берсін!
Біткен аруақтарға тие берсін!
* * *
4.Асың, асың, асыңа!
Береке берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап.
Қыдыр келсін қасыңа.
Сенен байлық өтпесін,
Тəңірі берген несібең.
Тепкілесе кетпесін.
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін.
Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан
Қошақанның анасы
Саулық бассын үйіңді,
Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың анасы
Сиыр бассын үйіңді.
Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан.
Ботақанның анасы

Інген бассын үйіңді.
Шіңгір-шіңгір кісінеген,
Сүйістікпен иіскескен,
Құлыншақтың анасы
Бие бассын үйіңді!
* * *
(Ғұрып сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың 120, 126 нөмірлерінен қара).
3. ҚАЛЫП СӨЗІ
Қалып сөзі деп тұрмыс қалпында болатын істер сарыны мен айтылатын сөздерді айтады.
Мəселен,  бал  ашқанда,  ауыру  баққанда,  бақсылардың  жынын  шақырғанда,  тісті
емдегенде құрт шақыру, мал бəдік болғанда, адамға күлəпсан  шыққанда,  бəдік  иə  күлəпсан
көшіру.  Бала  тербеткенде  айтатын  бесік  жыры  —  осылардың  бəрі  қалып  сөздің  табына
жатады.
1.  Жын  шақыру.  Бақсылар  жын  шақырғанда  сарнап,  өлеңше  ұйқастырып,  түрлі  сөздер
айтады.  Алладан,  əулиеден,  аруақтардан  жəрдем  тілейді.  Жындарының  атын  атап,  соларға
сөз айтқан болады.
Қобызымен  серттескен  болады.  Солардың  бəрін  үйлестіріп,  ұйқастырып  əдемі  түрде
айтады.
Мысалдар:
Əуелі құдай есімі Алла!
Іс бастаймын бісмилла!
Тайғақ кешу — тар жолда,
Жарылқа, алла əр жолда!
Алтын сандық, қазірет,
Сиынғанда медет ет!
Абиыр бер əр жерде
Айналайын, құдірет!

Ісламға пана Мұқамбет
Сиындым, сізден бір медет.
Су басында Сүлеймен,
Сізден де медет тілеймін.
Күн көзінде əулие,
Жер жүзінде əулие,
Машырықтағы əулие.
Мағырыптағы əулие,
Тауда жүрген əулие,
Таста жүрген əулие,
Көлде жүрген əулие,
Шөлде жүрген əулие,
Бəріңнен медет тілеймін!
Жаңа келді шара бас,
Алпыс қойдың терісі,
Бөрік шықпаған шара бас.
Жетпіс қойдың терісі,
Жең шықпаған шара бас,
Тоқсан қойдың терісі
Тон шықпаған шара бас.
Жаңа келді дəу пері,
Жаңа келді күн пері,
Жаңа келді су пері,
Жаңа келді ай Қожа,

Жаңа келді күн Қожа,
Ойдан келді ол Қожа,
Қырдан келді ол Қожа.
Айналайын нұр Қожа,
Сол Қожаның ішінде
Əсіресе бір Қожа.
Жаңа келді қолаң шаш,
Екі иінінен мықтап бас!
Жаңа келді Теңгетай,
Жаңа келді Жирентай.
Перілердің бəрі де,
Үстіне бір мінген тай.
Осыншама шақыртып,
Келмеймін деп шаршатты-ай.
Ай, қобызым, қобызым!
Əбден де болжа, доңызым.
Үйеңкенің түбінен,
Үйіріп алған, қобызым!
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған, қобызым!
Қызыл қыршын тобылғы,
Жəшік қылған, қобызым!
Желмаяның терісінен
Қапшық қылған, қобызым!

Жүйрік аттың құйрығын
Ішек қылған, қобызым!
Ор текенің мүйізінен
Тиек қылған, қобызым!
Тасқа шыққан ырғайдан
Құлақ қылған, қобызым!
Сексендегі кемпірдей
Белі бүкір, қобызым!
Буаз қатын секілді
Арты шүмек, қобызым!
Əбден де болжа, доңызым!
2.  Құрт  шақыру.  Тісі  ауырған  адамның  тісін  құрт  жейді  деп,  сол  құртты  түсіру  үшін
емшілердің айтатын сөздері болады. Сол құрт шақыру сөздері деп аталады.
Мысалдар:
Тойғын-тойғын, түйе кел!
Төңірегін жия кел!
Ақ желегін сала кел!
Ағайыныңды ала кел!
Сар бас тұйғын, көйт-көйт!
Қара бас тұйғын, көйт-көйт!
Жайлаған жерді жау алды,
Қыстаған жерді өрт алды.
Жайлаған жерден қашып кел,
Жайнаған жауды басып кел!
Қыстаған жерден қашып кел!

Қаптаған жауды басып кел!
Жетер-жетер, көйт-көйт!
Басар-басар, көйт-көйт!
Арқадағы алты құрт,
Арқаласып келер құрт!
Желкедегі жеті құрт,
Желкелесіп келер құрт,
Ауыздағы алты құрт,
Азуласып келер құрт,
Басар-басар, кə! кə!
Басып келер, кə! кə!
Жетер-жетер, кə! кə!
Тұйғын-тұйғын, кə! кə!
Түйінсеп келер, кə! кə!
З.  Дерт  көшіру.  Малда  болатын  бəдік  деген  ауыруды,  адамда  болатын  күлəпсан  деген
ауыруды қазақта өлеңмен емдеу бар. Бəдік болған малды, күлəпсан болған адамды ортаға ала
қоршай  отырып,  қыз-бозбала  жиылып,  өлең  айтып,  көш!  Көш!  деп  анда-санда  айқайлап
қояды.  Өлеңдері  онша  көркем  болмайды.  Ұйқасқаны  болмаса,  жай  сөз  сияқты  көріксіздеу
келеді. Бəдік пен күлəпсан өлеңі бір мазмұнды болады.
Мысалдар:
Айтамын айт дегеннен, айда күлəп!
Жыландай сүйегі жоқ майда күлəп!
Күлəбі бұл баланың аяғында
Болмаса аяғында қайда күлəп?
Күлəпсан бұл баланың көзінде еді,
Көмекей көзінде емес, безінде еді.

Бір қиял айтпайын деп ойлап едім,
Бұл бала өлемін деп безілдеді.
Күлəпсан, көшер болсаң қалаға көш!
Қаланың іші толған шанаға көш!
Таппасаң онан жайлау мен айтайын,
Қалада көзі шегір балаға көш!
Күлəп құрғыр, деген соң күлəп құрғыр!
Шоңқайып жол үстінде ома тұрғыр!
Жеріңе ома тұрған жасыл түсіп,
Оқ өтіп, тас төбеңнен құдай ұрғыр!
Ұшына орамалым түйдім тары,
Кетпейді жаз да болса таудың қары.
Көш, көш деп біз кетелік, жүр кетелік!
Күлəптің көшіп кетсін қалмай бəрі!
(Жиенғали жиғаннан)
4.  Бесік  жыры  яки  бала  тербету.  Баланы  ұйықтату  үшін  айтатын  өлең.  Бала  тербету
түрліше айтылады. Бірақ бəріне бірдей жалпы келетін де жерлері бар.
Мысалдар:
Əлди-əлди, ақ бөпем!
Ақ бесікке жат, бөпем,
Құнан қойды сой, бөпем,
Құйрығына той, бөпем,
Бəрін жеп өзің тауыспай,
Маған-дағы қой, бөпем!
Əлди-əлди, аппағым!

Қозы жүні қалпағым.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген аппағым!
Əуіп-əлди, əуіп алдаш!
Етегінде қуырмаш.
Жейін десе тісі жоқ,
Кісі менен ісі жоқ.
Қарағым менің қайда екен?
Қыздар менен тауда екен.
Тауда нағып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан қайда екен?
Жаңа теріп жүр екен.
Айналайын айымыз!
Алты қарын майымыз!
Жеті қарын жентіміз!
Шаһар, Бұқар кентіміз!
* * *
(Қалып сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың 27, 130 нөмірлерінен қара).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет