АУЫЗ ƏДЕБИЕТ
Қазақ ауыз əдебиеті жұмсалатын орнына қарай əуелі екі салаға бөлінеді: 1. Сауықтама, 2.
Сарындама.
Сауықтама саласына барша сауық үшін айтылатын сөздер кіреді.
Сарындама саласына жұрттағы келе жатқан салт-сарынымен айтылатын сөздер кіреді.
Ол салалардың əрқайсысы тарауға, тараулары тармаққа, бұтаққа бөлінеді.
Сауықтама екі тарау болады: 1. Ермектеме. 2. Зауықтама.
1.Сауықтама (Сауық сөз) саласы.
1. Ермектеме деп ермек үшін сөйленетін сөздер айтылады. Мəселен ертегі, ертексімек,
аңыз əңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш сияқты сөздер.
1. Ертегі. Ертегі қиялмен қисынын келтіріп, қызықты ету мақсатпен шығарған əңгімелер.
Ертегінің ішіндегі уақиғалар, уақиғаға қатысқан нəрселердің көбі дүниеде жоқ, қиялдағы
уақиғалар мен нəрселер болады. Сондықтан əдебиет тарихшылары ертегілерді адамның
жоққа нанған шағындағы сөзі деп есептейді. Дəу пері, жалмауыз кемпір, жез тырнақ сияқты
нəрселерге бұрынғының адамдары құдайды, періштелердей, пайғамбарлардай, əулиелердей
иланған заманда шыққан сөздер дейді. Ертегілер солай болуға тиіс, жөні де бар. Ертеде
шыққан əңгіме екендігін ертегі деген аты да көрсетіп тұр.
Ертегілер өтірік болғанмен мағынасыз болмайды. Көбінесе ішкергі астарлы
мағынасымен өнегелі келеді. Жақсылық, жамандық, достық, қастық, арамдық, адалдық,
батырлық, қорқақтық, ептілік, шорқақтық, қулық, аңқаулық тағысын тағы сондай жақтан
өнеге болу, тəлім-тəрбие беру мақсатымен шығарған əңгімелер екендігі сезіледі. Бірақ ертегі
дүниедегі қалыптың жағдайына қарамай, бəрінен қиял бетімен өтеді. Сондықтан ертегіде
жаны жоқтар жанды болады, тілі жоқтар тілді болады. Бір нəрсе екінші нəрсенің түріне
түсіп кетеді.
Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда керектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек
орындары: 1. Халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ. Олай болса, ертегі тіл
жағынан керек нəрсе. 2. Бала əдебиеті жоқ жерде ертегі баланың рухын, қиялын тəрбиелеуге
зор керегі бар нəрсе. Баланы қиялдандыруға, сөйлеуге үйретеді. 3. Бұрынғылардың сана
саңлау, қалпы-салты жағынан дерек берумен керегі бар нəрсе.
Ертегі халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы. Ол қорда қазірде шашылып,
төгіліп, жылдан-жылға азайып, жоғалып барады. Ғылымды жұрттар бұрынғы адамның
тұрмысын, қалпын жорамалдап, аз да болса білу үшін жердің астынан қазып, тұтынған
нəрселерінің жұрнағын табуға қанша еңбек қылады. Біздей тарихы жоқ халыққа ертегіге
қарап, ертеде болған аталарымыздың өткен тіршіліктерін жорамалдауға болады. Сондықтан
елде тұрған адамдар ертегілерді жинап, жоғалмасына қам қылу борышым деп білу керек.
Қазақта ертегі көп, мұнда бірнешеуін атап өтеміз: 1. «Қара батыр», 2. «Тазша бала», 3.
«Алтын айдар», «Хан», 4.«Шынтай», 5. «Еркем Айдар», 6. «Əжігелді», 7. «Арам бейіл, ақ
бейіл», 8. «Хан қызы», 9. «Тазша», 10. «Түлкі алдауы», 11. «Дуадар қыз», 12. «Үш ұл», 13.
«Балықшы жігіт», 14. «Қара көз сұлу».
2. Ертегісімек. Ертегісімек
3
деп ертегіге ұқсас, бірақ ертегіден көрі əдемірек, шынға
бейімірек, тұрмысқа жақынырақ, дүниеде болуға ықтималы молырақ түрде шығарған əңгіме
айтылады.
Мəселен, «Алдар көсе», «Жиренше шешен», «Қожанасыр»; «Атымтай жомарт» сияқты
адамдар турасындағы əңгімелер. Мұнда да өтірік көп. Бірақ өтірігі қисынды, шынға ұқсас.
3. Өтірік өлең. Өтірік өлеңнің не екенін аты да айтып тұр. Өтірік өлең қалай шыққанын
сөйлейтін ертегі бар; ол ертегінің қысқаша мазмұны — қырық ауыз қисынын келтіріп өтірік
өлең айтқан адамға бір хан қызын берем деген. Соған біреу қырық ауыз өлең айтып, қызын
алған дейді. Өтірік өлең түрлері мынандай келеді:
Бақа қызын беріпті көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Құмырсқаның бір туын ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырды төңірекке.
Ақ тышқанға күмістен таға қылдым,
Көр тышқанның терісінен жаға қылдым.
Көбелектің терісін жыртпай сойып,
Он бес қарыс жиындық саба қылдым.
Он бес жігіт жиылып көтере алмай,
Енді саба қылмасқа тоба қылдым.
4. Жұмбақ. Жұмбақ деген аты жұмудан шыққан: яғни қолдың ішіне бір нəрсені жасырып,
жұмып тұрып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақта нəрсені қолға жұмып тұрып
таптырмайды. Ойда бүгіп айтпай қойып, сол нəрсеге ұқсас нəрселерді сипаттап айтып,
ұқсастығы бойынша таптырады. Жұмбақ зейінді ұстартуға пайдасы бар нəрсе. Жұмбақтың
негізі тəріздеу, яғни нəрсенің сипатын тəріздеп айту. Мəселен, арбаны жұмбақ қылғанда,
адамға тəріздеп былай сипаттайды:
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының.
Қолдарын хайуанға арта тастап,
Салады əуезше баяғының.
Киіз үйді жұмбақ қылғанда, айдаһар тəріздендіріп былай сипаттайды:
Дүниеде бір айдаһар, білесіз бе?
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Ішінде сүйектері бақша-бақша,
Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.
Құлыпты жұмбақ қылғанда, ит тəріздендіріп былай дейді:
Таң қаларлық бір ит бар,
Үй бағады, үрмейді.
Аяғы жоқ жүрмейді,
Көмейін тықсаң сөйлейді,
Тілін адам білмейді,
Ұлықсатсыз сол иттен,
Адам үйге кірмейді.
Басқа нəрсе тəріздендірмей, тек өз сипаттарын ғана айтып жұмбақтау бар. Мəселен,
балықты жұмбақ қылғанда былай сипаттап көрсетеді:
Бір нəрсе қанаты жоқ, ұшпас биік,
Сонда да жүрмейді екен жерге тиіп.
Арасын жер мен көктің өрт алса да,
Кетпейді ешбір жері отқа күйіп.
Я болмаса бір ғана нəрсеге ұқсатпай, əр мүшесін əр нəрсеге ұқсатып, сипаттап
жұмбақтау да бар. Мəселен, шегірткені былай жұмбақ қылады: Ат басты, арқар мүйізді, бөрі
кеуделі, бөкен санды, құс қанатты, құмырсқа ізді, бота тіресекті.
5. Жаңылтпаш. Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта
шапшаң айтқанда, я тіл келмейтін, я тіл басқа сөз қылып бұрып кететін сөздердің басын
құрап, келістірген шығарма — жаңылтпаш деп аталады.
Жаңылтпаш көбінесе жаңылғанда ерсі мағыналы сөз болып шығып күлдірерлік сөздер
алынады. Мəселен:
Базардан алып келген боқжама,
Мен боқжамаламай, кім боқжамалайды?
Мен боқжамаламай, кім боқжамалайды?
Бастапқы жолын жай айтады, соңғы жолын шапшаң айтады. Жаңылғанда, мағынасы ерсі
сөз болып шығуын көздемей, тек жаңылу үшін айтылатын жаңылтпаштар бар. Мысалдар:
1. Бір түйем бар еді,
Бұйдалайын деп едім, бұйдалай алмадым.
(Соңғы жолды үш рет шапшаң айтады).
2. Құдиярмен құда едім,
Құдияр мені құдалай алмады.
Құдиярды мен де құдалай алмадым.
(Соңғы екі жолды үш рет шапшаң айтады).
3. Бай Тайқарбай, қойыңды Ақшағылға жай Тайқарбай.
(Үш рет шапшаң айтылады).
4. Бас қатырғыш. Бас қатырғыш жұмбақ сияқты бұда ойландыратын нəрсе. Бірақ
жұмбақтай шешуі болмаған соң, босқа əурелейді. Шешуі жоқтығын білмей, жұмбағын
табамын деп ойланып, адамның басы қатады. Сондықтан бас қатырғыш деп аталады.
(Ермектеме нұсқаларын нұсқалықтың 32, 57 нөмірлерінен қара).
2. Зауықтама (Зауық сөзі).
Зауықтама деп көңіл көтеру үшін сөйленетін сөздер айтылады. Мəселен, ертегі жыр
(батырлар), тарихи жыр, айтыс, өлең, үгіт өлең, толғау, түрлі терме өлеңдер.
1. Ертегі жыр. Ертегі жыр деп бұрынғы өткен батырлар турасында шығарған өлеңдерді,
əңгімелерді айтады. Батырлар əңгімесі өтірік-шыны аралас қойыртпақ əңгіме болады. Шын
жағы бұрын батырлар болуы. Батырлар заманында соғыс болуы, батырлар халық үшін қайрат
қылуы, жұртын қоруы. Өтірік жағы, олардың мінген атына, тұтынған затына өздеріне
бітпеген қасиеттерді таңу, болмаған күштерді, болмаған істерді телу. Өтірік те емес, шын да
емес, дүбəра ертегілеу əңгіме болып шығады. Ол əңгіме өлеңмен айтылған себепті ертегі
жыр деп аталады. Неғұрлым əріден шыққан əңгіме болса, соғұрлым қиял жағы шын жағын
жеңіп, əңгіме өтірікке жақындай береді.
Батырлар əңгімесінің құны қандай деген мəселеге келсек, мұнда айту тиіс: бұрынғы
жаугершілік заманда халық тəн есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған.
Сондықтан батырлар турасындағы əңгіме — халықтың жаны, рухы турасындағы əңгіме.
Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар
сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын
байқаймыз. Ошақ басы, үй ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары
есептеспей ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан қылмайтын
нəрсесі болмағанын көреміз. Əке-шеше, туысқан-туған, мал-мүлік, ең қымбатты жан —
солардың бəрін жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз. Тоғай толған
жылқысы, қора толған қойы, желі толған түйесі бар байлар, жасы 80-90-ға келгенше бала
көрмей, баласы жоқтығынан əркімнен қорлық көріп, таяқ жеп, сөгіс есітіп, зарығып,
тарығып, əулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, өлдім-талдым дегенде жалғыз ұл көрсе, ол
ұлы жұрт жұмысына керек болған жерде қартайған, əлсіз ата-анам қалып барады екен деп,
оған да қайрылуы жоқ, тоғай толған көп малым қалып барады, оны қайтемін деп уайымдап
қарайламайды.
Қобыланды жауға аттанып бара жатқанда қарындасы Қарлыға түстік жерге шейін
соңынан қалмай, ақырында қайрылмасына көзі жеткен соң қош айтысып қалайын деп
тұрып:
«Желі толған сар түйе,
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой,
Ай көке, кімге тапсырдың?
Тоғай толған көп жылқы.
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда əкең Тоқтарбай,
Алпыста шешең Аналық,
Ақ көке, кімге тапсырдың?
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігіңді бір кескен,
Көкежан деп жылаған,
Мен сорды кімге тапсырдың?
Бұ дүниеде мұңдасың,
Төсекте жатсаң сырласың.
Ақиреттік жолдасың,
Бұлаңдаған қыз Құртқа,
Оны да кімге тапсырдың?» —
дегенде, Қобыланды ата-ананы, туысқан-туғанды, жарды керек қылмайтын тас бауыр, тас
жүрек қасқыр сияқты тек қанішер, аң мінезді адам емес, шын адам екендігін жырдың мына
сөзі көрсетеді.
«Жүрегі сөзге өрекпіп,
Батыр да Қобылан тарықты.
Əскерден жалғыз қалыпты,
Қарлыға бүйтіп тұрған соң,
Ақ найзаға сүйеніп,
Ақырын өксіп қамықты».
Мұнан Қобыландының артында қалып бара жатқандары жанына бататын қымбат заттар
екендігі, Қобыланды да ата-ананың, жардың, туысқанның құнын білетіндігі көрінеді. Бірақ
олар қанша қымбат болғанмен онан да көрі батырға қымбат нəрсе — жұрт қамы, жұрт ісі.
Ол жұрт ісі əлгілердің бəрінен қымбат екендігін, оның бəрін жұрт үшін құрбан қылатынын,
хатта басын да соған құрбанға байлап, жауға аттанып бара жатқандығын білдіру үшін
қарындасына Қобыланды былай жауап қайырады:
«Желі толған сар түйе,
Сары суға тапсырдым.
Қора толған ақты қой,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай,
Жас бөріге тапсырдым.
Тоғай толған көп жылқы,
Жасанған жауға тапсырдым.
Төртеуіңді тəуекел,
Бір құдайға тапсырдым.
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Жауға кетіп барамын.
Əлдеқандай боламын,
Айналайын Қалдыжан,
Ағаңды кімге тапсырдың?» — дейді.
Əкесінің жасын өте үлкен кəрі қылып, өлдім-талдым дегенде зарықтырып, тарықтырып
оған жалғыз ұл беріп, ол ұлын жұрт қорғаушы батыр қылып, ер құрбандығының көптігін,
үлкендігін көрсету мақсатпен істеген ақын шеберлігі де бар шығар. Бірақ елде жоқ рух ақын
сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дəріптеп, күшейтіп, көптіріп, көркейтіп
айтуы. Бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт
рухының сəулесі түспей тұрмайды. Халықтың батырлары кетіп, басқаға бағынып, рухы
сөнген уақыттағы қазақ ақындарының сөзі əлгі айтылғанды сипаттайды. Байларды,
мырзаларды, төрелерді, бастықтарды, кейі жақсы көріну мақсатпен, кейі нəрсе алу
мақсатпен мақтап, ақындықты қайыршылыққа, жараукелікке айналдырған ақындарымыз аз
ба? Ақындардың олай істеуі елдің көбі қайыршылыққа, жараукелікке айналғандықтан. Елдің
дəріптеп ұлғайтатыны бастықтар, байлар, мырзалар болғандықтан.
Сөйтіп, рухты ертек жырлар, батыр əңгімелері халықтың рухы көтерілген шақта шыққан
сөз болады. Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол
жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз. Ертегілер бұрынғының
қалпынан, салтынан дерек бергендей, ертек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді. Бұл
бір. Екіншісі, батырлар əңгімесінің құны тілге пайда беру жағынан зор.
Батырлар əңгімесі өлеңмен айтылған. Өлеңмен айтылған əңгіменің сөзі көпке төзеді, тез
өзгере қоймайды. Солай болған соң, батырлар əңгімесінде аталарымыздың сөздері сақталып
келген. Біз сияқты тілі жетіліп болмаған халыққа аталарымыздың сөздерін сақтаған
əңгімелер құнды болмақ. Сондай құнды əңгімелердің бірі батырлар əңгімесі болады.
Соңғы уақытта қазақта сауық кеміген себепті жыршылар азайып, батырлар əңгімесі
жоғалып барады. Батырлар əңгімелері өлеңмен айтылатын əңгімелер. Өлеңмен айтылатын
əңгімелер, жыршылар жоғалса, батырлар əңгімелері өлең түрін жойып, ертегіге айналады.
Ертегіге айналса, батырлар əңгімесінің рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалады. Сондықтан
жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар əңгімелерін өлең түрінде жыршылардың аузынан
алып қалу керек. Бұл ел ішінде тұрған азаматтардың халық алдындағы борышы.
Ертегі жырлардың қазақ ішінде көбінесе айтылатындары 1. «Қара қыпшақ Қобыланды
батыр». 2. «Нəріқұлы Шора», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге»,
«Қамбар».
2. Тарихи жыр. Тарихи жыр деп тарихта бар мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен
шығарған сөздер айтылады. Қазақта өз тілінде жазылған тарих болмағанмен қазақта болған
оқиғалар, қазақтан шыққан адамдар турасында басқа жұрттардың тарихында жазылған
мағлұматтар бар. Халықтың өзінің есінен кетпеген, қазақ басынан кешірген оқиғалары
толып жатыр. Солар туралы өлең етіп шығарған сөздер болса, солар тарихи жыр болады.
Мəселен «Орақ — Мамай», «Абылай», «Кенесары, Наурызбай», «Ер Назар», «Бекет»
өлеңдері — тарихи жырлар болады
4
. 1879-1880 жылы болған «Қоян» қысының жұты
турасында шығарған өлең болушы еді. Сонда қыстың қалай болғанын, елдің қандай
жұтағанын, қандай аштық азап тартқанын айтушы еді. Сол өлең осы күнге дейін сақталған
болса, онда тарихи жыр болады. Жанкісі бидің зекетшілері турасында айтқан өлеңі қазақтың
Қоқанға қараған шақтағы тарихына қатысы бар сөз болғандықтан, бұ да тарихи жыр табына
жатады.
3. Айтыс өлең. Айтыс екі балуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі
батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі
қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар əдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі
сөзбен шаншып, жеңеді. Əрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы, осал оңтай жерін іздейді.
Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып,
яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп тоқтатады. Сондықтан ақындар бірінің жайын бірі
білмейтін болса, əркімнен əдейі сұрастырып, мағлұмат жинайды. Елентай мен Болық
айтысқанында Елентайға Болық қиын сұраулар беріп, мүдіртпек болған. Жарылғасын қожа
мен Айқын айтысқанындағы бір-бірінің басындағы, ғамалындағы міндерін айтып, мүдірту
талабында болған. Оған болмаған соң əйел басындағы жалпы кемшілікті айтып жеңген.
Кеншімбай мен Ақсұлу айтысында елдеріндегі кемшілік, осалдау жағын айтып, бас
адамдарының осал істерін айтып, мүдіртпек болған. Жанақ пен Баланың айтысында ел
жағынан да, ақындардың өз жағынан да тию талабы байқалады. Қазақ пен Ноғай айтысында
қазақ ноғай жұртының мінін айтып, мүдірту қамында болған.
Қазақта айтыс өлең көп. Бірақ бұлар да ел ішінде жоғалып, сиреп барады. Жазу жайылған
сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады. Мұның да бəрін жазып алып қалмасқа, бұ
да анайы əдебиеттің өшетін, жоғалатын түрі.
4. Үгіт өлең. Ақыл айтқан, жол көрсеткен, жөн сілтеген мағыналы өлеңдер — үгіт өлең
деп аталады. Үгіт өлең табына жатады мынау сияқты өлеңдер:
1.Ай, жігіттер, үлгі алма!
Азған елдің ішінен.
Алыс-алыс қашыңдар!
Зияндасты кісіден.
Жақсыны көзден салмаңдар!
Жақсыдан қапыл қалмаңдар!
Өзі болған ерлердің,
Аяғынан алмаңдар!
Əр елге, əр жұртқа
Алтын сақа табылмас.
2.Ай, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болмашы болма!
Қолыңнан келсе ақыл қайыр
Кісіден алушы болма!
3.Мақтанба бақсымын деп бағыңызға! —
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ-дəулеттің қалуы оңай.
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа!
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа!
Зылиқа Жүсіппенен сұлу өткен
Тұрмаған ажар ара ажалына.
Ағайын жат болады алыс болса,
Болады жат та жақын таныс болса.
Достарың дұшпан түгіл табалайды,
Аяғың бір нəрседен шалыс болса.
* * *
5. Үміт өлең. Біреуден үміттене, бір нəрсе дəмете айтқан ақындардың өлеңдері үміт өлең
табына жатады. Мəселен, мақтау өлең, құттықтау өлең. Ескі ақындар мақтауды,
құттықтауды, сұрауды кəсіп қылған. Байды, биді, ханды, төрені, мырзаны мақтап, тойын
бастап, баласын құттықтап, шапан кию, ат міну — əйтеуір нəрсе алу мақсатпен айтатын
ақындар көп болған. Біреулері мақтасам құр тастамас деп, тек мақтап қана қойған да,
біреулері көрсете сұраған. Сұрамай мақтаған өлеңнің мысалы Орынбайдың Ерденді
мақтаған өлеңі. Мұнда ешбір сұрау ишараты жоқ. Көрсете сұрау Қубала ақынның сөзінде
бар. Əзілмен де, жай да алу мақсатын көрсеткен сөз Шерниязда бар.
Мысалдар:
Орынбайдың Ерденді мақтағаны.
Ассалаумағалайкум батыр, Ерден,
Кетіп тұр бақ-дəулетің тағы керден,
Ішінде мың қарғаның бір бүркіттей,
Көзіме көрінесің келген жерден.
Сұңқардың, екі мұртың, жебесіндей,
Ақылың ұшан дария кемесіндей.
Сұрасаң биіктігің мен айтайын,
Күн шалған Алатаудың төбесіндей.
Қубаланың жалғыз биесі өлгенде, ноғай
5
мырзаларынан жəрдем сұраған сөзінен.
Бір Алла, мал мен басқа қаза бердің,
Күніме жаяулықпен жаза бердің.
Сіздерді көп беймаза еткенімнен
Ұялып ортаңызға азар келдім.
Арқама тарыққанда сүйеуім деп,
Ортаңа бұ қазамды шаға келдім.
Тыңдаңыз, кіші іні, үлкен аға!
Алламыз не берсе де жоқ-ты шара.
Жаңылтып есебінен жібереді,
Қалай да қиын екен жалғыз қара.
Сіздерге менің мұным қиын емес,
«Ау» десең, ноғай болып ортаға ала.
Жатсам да болар еді-ау сұрап қақтан,
Дұшпанның сөзі болад біздің арттан.
Ер өлмес жаяулықтан жан қиналар
Бір бие берілмесе қалың халықтан.
Жарарлық басшылыққа аға-іні бар,
Қайтемін жабы туса арғымақтан.
* * *
Шернияз ақынның Баймағамбет правительдің қыз ұзатқан тойын бастаған сөзінде
айтқаны бар.
«Сөйлемес бөтен қазақ мен тұрғанда,
Аузымда тəңірі берген жел тұрғанда.
Мен кімге сөз сөйле деп жалынамын,
Өлеңім айтатұғын кең тұрғанда.
Ноғай деген Бөкейлікте қазақ елі бар.
Бұл тойда не берсе де мен аламын,
Дəнеңе жоқ шұқанаққа көл тұрғанда.
Сұрқия Кенесары қашаған хан,
Серғазы талай жасты жасаған хан.
Дəулетін байекемнің айырма деп,
Тілекті мен тілейін жасағаннан.
Жарлыны жалғызбенен бір теңгердің,
Алтынды айналайын босағаңнан!
Кеңеске келіссіз сөз тек қосайын
Тап атам Жарылғасқа ұсағанмын.
Қарастым тойды жақсы бастады деп,
Берсең де бір қысырақ қосақ алман.
6. Толғау. Толғау (яки мұңды өлең) деп көңілдің неше түрлі күйін шешетін өлеңдер
айтылады. Мəселен, ғашықтық, сағыныш қайғы, күйініш, кейістік, кіжініс, өкпе, наз сияқты
көңіл-күйлерін білдіретін өлеңдер.
Мысалдар:
1.Көзіме көріндің де кетіп қалдың,
Кəдірі болмайды екен қолда бардың.
Əйдем де болмай жатып сағынғаннан,
Өлеңмен атыңды атап, əнге салдым.
Сағындым, жаным, сені бір күн болмай,
Жолыңа көп қарадым шыдай алмай.
Кетіппін, жаным, саған қатты үйреніп,
Көңілім басылмайды бір жыламай.
Шырағым, жүзің раушан, сөзің балдай,
Жолыңа қараймын деп көзім талды-ай.
Бір себеп ойлағанға болама деп,
Иіскеймін сағынғаннан орамалды-ай.
Жан еркем, мен жүремін мұндай күймен,
Бар ма екен ашық жарын мендей сүйген?
Сен бір шам, айнала ұшқан мен паруана
Айналып аламын деп отқа күйген.
Есімнен еш кетпейді сүйген жаным,
Білмейді ешбір адам менің халым.
Құдай-ау, ырзалықпен айрылмадым,
Көңілімде бұл турада көпті арманым.
Басымнан еш кетпейді қара бұлт,
Құдайдан етуші едім қатты үміт.
Япырым-ай, бұ не деген істер болды?
Көргенім, ойнағаным бəрі де ұмыт.
Барады ішім толып қайғыменен,
Деуші едім айрылмаспын сүйгенімнен.
Бар қайғы дүниедегі басымда тұр,
Айтамын өлең қылып күйгенімнен.
Қапалық көңілімдегі өлең болған,
Ойласам еске түсер өткен заман.
Бар ма екен дүниеде мендей адам
Көңіліне қапалық пен қайғы толған?!
* * *
Он сегіз мың ғаламның,
Патшасы əуел қақ жаппар.
Есіттің бе сөзімді?
Жылатпай менің көзімді,
Он үш жасар Қобыланды,
Ерінбей сүйер кезімді
Жалғызының артынан
Мұхамбет сынды ей, тақсыр!
Тар жерде еске ал өзімді.
Қызыр, Ілияс — екі жар!
Омар, Оспан — екі жар!
Бір кітаптың ішінде
Қырық пайғамбар аты бар.
Бас-басыңа бір жандық,
Дем бермесең біз қалдық,
Асқардан асып бел өттік,
Белден асып біз кеттік,
Біз пақырға көзің сал!
Аруақтар сізді тербеттік.
Ақсұңқар құс мақтанса,
О дағы бір күн кез болар
Құс бегінің торына,
Арғымақ ат мақтанса,
О дағы бір күн кез болар.
Қаланың қазған орына,
Осы кеткен жалғызым,
Есен барып, сау келсе,
Егіз туған көк бесті,
О да бір сенің жолыңа!
Егіз туған көк қошқар —
О дағы сенің жолыңа!
Бұл алпысқа келгенде
Қобыландыдай ұл таппан
Тұрмады ма сорыма?
Мұхамбет сынды ей, тақсыр!
Қозымды бердім жолыңа.
Бір жылқыдан кем шаппас
Келінжан баққан бурыл ат.
Денеге мылтық тигізбес,
Дəуіт соққан жалаңғат.
Асынған қылыш белінде
Қынаптары əрі алтын,
Ұстаған жері сап алтын,
Балдағы алтын сар болат.
Шырағының шыбыны
Жасаған саған аманат.
Қалғып кетсе, қатып тұр!
Адасып кетсе, бағып тұр!
Қозыма келген пəлені
Тұқылас атты Шашты əзиз!
Жəрдемші болып соғып тұр.
Көл иесі Қамбар-ай,
Жол иесі Қамбар-ай,
Қазанға қайдан қол жиды.
Қарман деген заңғар-ай!
Қамбар өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар-ай!
(Қобыландыдан)
Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған құрғыр тау.
Қаптай қонар елім жоқ,
Айым, күнім, Кəрібоз!
Сөйлесетін тілің жоқ,
Ел таптырар ма екенсің,
Арысаң да жануар?
Көрсетер ең бір қара!
Саған мінер белім жоқ,
Белге қылар емім жоқ!
Бұ шамаға келгенде,
Ажалым аштан болды ма?
Ауызға жерге жемім жоқ!
Егер өлсем бұл жерде,
Сүйегімді ұстар теңім жоқ!
Көк шалғынның үстінде
Күңіреніп жатырмын.
Үстіме киер кебін жоқ!
Еңіреп жүрген ер едім
Қаптаған қара борандай,
Өткені ме дүние боқ!
(Тарғыннан)
3.Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман, қай заман — қысқан заман,
Дəулет құсы басыңнан ұшқан заман.
Топырақ пен аспаннан шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мына заман, қай заман — бағы заман,
Баяғыдай болар ма, тағы заман.
Атадан ұл, енеден қыз айрылды
Көздің жасын көл қылып ағызамын.
Мұнша қысым қылдың ғой қатты, құдай!
Қара жер қабырғама батты, құдай.
Жаяу жүрсем табаным ауырады,
Тым болмаса бермедің атты, құдай.
7. Терме. (Яки түрлі өлеңдер). Терме деп ат қойылуының мəнісі: бұл түрлі шығармалар
бір нəрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нəрсені теріп сөз қылып өтеді. Көп нəрсені сөз
қылғанда, əрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып оттап,
тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты. Терме айтушылары түрлі нəрсені
сөз қылып, бірақ ешқайсысына айналмастан, кідірместен ілгері қарай сырғи береді.
Мысал:
Арғымақ жабы көрінер,
Аса шауып бұланса.
Айдын көл батпақ атанар
Айдыны құрып суалса.
Байтерек сабау көрінер
Жапырағы түсіп қуарса,
Бір азғана сөйлейін,
Жақсылар, сізге ұнаса.
Арғымақ жайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң
Ағайын, туған не керек?
Аңдысып күні өткен соң.
Қызыл тілім, сөйлеп қал!
Қызығыңды жер көрер
Ажал қуып жеткен соң
Айт дейтін аға, сіз қайда?
Айтатын оны біз қайда?
Бір төбенің басына
Тыға салып кеткен соң.
2.Сипаған сиыр білмес қызметіңді,
Сыйлаған жаман білмес құрметіңді.
Əр қалай бір сияпат еткен жаман,
Болады атқарғандай міндетіңді.
Кейбіреу өз халқына өзі малай,
Бейнет көп, рақат жоқ дəулетінде.
Жарыстық қыс суықпен өмір шегіп,
Кетпей ме бір күн тастап нəубетіңді.
* * *
Жаманның етек-жеңі тар секілді,
Қабаты ашылмаған қар секілді.
Сүйейді жамандарды кейбір сабаз,
Бүтіндей аудармайтын нар секілді.
* * *
Қосылса екі жақсы хан секілді,
Лəззаты бір-біріне бал секілді.
Бір жерге екі жаман сыйыса алмайды,
Мінезі сиыр деген мал секілді.
Жақсылар жағасы кең тон секілді.
Лайық етек-жеңі мол секілді.
Жақсының бір жаманға ісі түссе,
Қос артқан ит үстіне жол секілді.
Қосылса екі жаман ду болады,
Қараңғы, жүрген жері шу болады.
Күн-түні дау-жанжалмен өмір өтіп,
Рақатсыз ішкен асы у болады.
* * *
(Зауықтау нұсқаларын нұсқалықтың 40, 54 нөмірлерінен қара).
Достарыңызбен бөлісу: |