Риторикалық сұраулы сөйлем – ойды, сезімді әсерлі жеткізу үшін жауабы өзінен-өзі айқын нәрсені әсерлі леппен, сұрау түрінде айту. Мысалы,
Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе? (Абай)
Өлең – шағын көлемді поэзиялық шығарма.
Поэзия – (грекше – жасаймын, тудырамын) өлең үлгісіндегі әдеби туындылар және поэзияның ырғақты құрылысымен ұйқасына қарай негізделеді.
Градация (дамыту) – (лат. бірден-бірге сатылап күшейте түсу, еселей түсу, біртіндеп көтеру) алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды асыра, асқақтата түсу. Мысалы,
Бүгінгі күн тән ұшпадым,
Жан құшпадым,
Жанды құштым,
Таңда құштым
Көкке ұштым. (М.Жұмабаев)
Ирония – (грек. келемеж, кекесін) сырттай жақсы баға берсе де, ішкі мағынасы қарсы келіп, келекеге, әжуаға айналдыруды айтады. Мысалы,
Ол рас, аталарын шенге алыпты,
Арзан қып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай, қалай бұлдаған сатқандарын,
Оқа, түйме, сылдырмақ, теңге алыпты!
Сатира – көркем шығармада суреттеп отырған кейіпкерді не құбылысты өткір сынға алып отырып күлкі етіп, мысқылдай суреттеу тәсілі. Мысалы, С.Торайғыровтың «Бір адамға», «Мағынасыз мешіт» өлеңдерінде және Абай өлеңдерінде ащы мысқыл, зілді кекесін түрінде берілген.
Қоштасу – адамның көңіл-күйімен халықтың хал-жайын жырлайтын қазақтың дәсүрлі салт жыры. Қоштасудың тақырыбы әртүрлі. Мысалы, Ел-жұртымен, туған-туысымен, сүйген жарымен, ата-анасымен, өмірімен, жақын адамымен, жүйрік атымен, қыран құсымен қоштасулар бар. Мысалы, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырындағы елмен, жермен қоштасқан “Ай Таңсық» өлеңі дәлел.
Баяндау – жазушының өз оқиғасын желілі түрде көркемдеп әңгімелеп айтып беруі. Мысалы, «Бандыны қуған Хамит» әңгімесінде С.Сейфуллин жас Кеңес үкіметінің ақ бандыларға қарсы күрес оқиғаларын әңгімелейді.
Лирика – ақынның сезімін, көңіл-күйін, қуанышы мен сүйінішін, арман-аңсарын, өмірге деген көзқарасын ішкі толғанысын дүниетанымын сыр қып шертетін өлең.
Достарыңызбен бөлісу: |