Әдебиеттің идеялық мағыналық қырын сипаттаңыз



Дата19.10.2022
өлшемі18,22 Kb.
#44099
Байланысты:
Семинар Т.Раушан Қтә 402


Әдебиеттің идеялық мағыналық қырын сипаттаңыз.
Өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей және бірден түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өз тілі бар және әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл жағдай – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ, есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты. Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін - бар өнердің басы, өнер атаулының ең қиыны және күрделісі, ең жоғары түрі деуге болады.
Тақырып таңдау, оның өмір шындығынан туындайтындығы. Тақырып түрлері, басты, қосалқы тақырыптар бірлігі. Идея және автор дүниетанымы. Тақырып пен идеяның бірлігі. Шығарма идеясының оқиға дамуы, кейіпкерлер іс-әрекеті, тартыс шешімі арқылы танылатыны.
Егер тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея – жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы деп айтуға болады. Анығырақ айтқанда, жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір құбылыстары арқылы оқырман назарын неге аударса, қайда бағыттаса, сол – идея!
Мейлі шағын, мейлі көлемді, ұзақ шығарма болсын, ақын-жазушылар өмір туралы, адам және олардың араларындағы қарым-қатынастар туралы жұртшылыққа өздерінің ой-пікірлерін, көзқарастарын ұсынады. Шығарманы жазбас бұрын, қандай мәселені оқушыларының алдына тартпақшы, сол туралы ойланады. Сан ой, сан алуан пікірлердің ішінен біреуін негізгі ойының қазығы етіп алады. Сол шығарманың тақырыбы болып саналады.
Шығарманың тақырыбын шығарманың идеясынан бөліп қарауға болмайды. Жазушының шығарманы не туралы жазуын – тақырыбы десек, шығармадағы суреттелген өмір құбылыстарына оның өз көзқарасы, қалай бағалаушылығы – шығарманың идеясы болады. Идеясыз шығарма болмайды және болуы да мүмкін емес. Мазмұн мен пішіннің байланысы секілді тақырып пен идея да әрқашан бірлікте болады.
Тақырыптан идея, сондай-ақ идеядан тақырып туып жатады. Идеясыз тақырып, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес. Қысқасы, кез-келген көркем шығарманың бірін-бірі туғызып, бірін-бірі дамытып жатуы тақырып пен идея болады. Жазушы өмір шындығын көркем образдарға жинақтап, өз шығармасының тек идеялық-тақырыптық негізінде ғана суреттеп көрсете алады.
Белгілі ғалым З.Қабдолов былай дейді: “Шығарманың мазмұны – оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні – әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр-тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі”. Осы анықтамаға қарап, мазмұн мен пішінді игерген жазушы не ақын – әдебиеттің нағыз биік шыңына жеткен, әбден шыңдалған, шығармашылық азабы мен рахатын бірге сезінген.
Әдебиеттің негізгі, жетекші тақырыбы да, идеясы да қоғамдағы өзекті мәселелермен тығыз байланыста болуы керек. Тақырыптың тағы бір маңызды жағы – суреттелетін өмір құбылысын, сол үшін алынған оқиғаның нысанасын белгілеу. Шығармада нені көрсетпек, ол үшін не керек, тек соларды ғана алып, басқа жаққа бұрылмай, оқиғаны да, онымен байланысты айтылмақ ой-пікірді де белгілі бір жүйеде баяндау үшін тақырып Темірқазық жұлдызындай алда тұрады да, жазушының маңдайын аудармауға көмектеседі.
Тақырыбы өзіне әбден айқындалған болса, жазушы бірді айтып, екіншіге кетпейді. Қандай ұзақ, қандай көлемді шығарма болса да, негізгі тақырыптың идеясы қамшының өзегіндей шығарманың ұзына бойына тартылып жатады да, қосымша тақырыптар сол негізгі ойды толықтыру үшін ғана қолданылады. Егер шығарманың негізгі нысанасы балалық шақты суреттеу болса, оған көлденең оқиғалар енгізілмей, сол балалық шақ суреттелуі керек. Балаларға тән мінез, наным, сенім, психология тағы басқалар ғана әңгіме болуы керек.
Негізгі тақырыпты нысанаға берік ұстау – шығарма құрылысының жарқыншақсыз, сындарлы шығуына да көмектеспек. Сөйтіп тақырыптың көркем шығарманың идеясын айқындауда болсын, жазушының дүниетанушылығын белгілеуде болсын, шығарма құрылысын шыңдап жетілдіруде болсын үлкен мәні бар.
Жазушыға қойылатын тақырып тыңдылығы, сөз байлығы, жазушылық шеберлігі, идеяның маңыздылығы т.с.с. талаптармен қатар қойылатын негізгі талаптармен бірге мазмұн сонылығы мен пішін үйлесімдігін айтамыз. Шамасы, ұлы бабамыз Абай “іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы” деп әдеби туындының мазмұны мен пішінін айтқан болса керек. Шынымен-ақ, біз мазмұн дегенде кез-келген туындының ішкі, ал пішін деген туындының сыртқы келбетін беретін ұғымдарды түсінеміз. Яғни, қарастырылып отырған екі ұғым да бірін-бірі әрқашан толықтырып тұратын, бірінсіз-бірінің дәмі кететін, бүтіннің бөлшектері. Бірақ осы бүтіннің бөлшектері бөлшек ретінде қандай ұғымды білдіреді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет