3.Шиеленіс – Бұрынғы күйеуі Төлептің қайта оралуы, Рысжанға деген сағынышын білдіріп қателігін мойындауы. 4.Шарықтау шегі – «Маңдайға жазылған басқа біреу» Рысжан Төлепті кешіргенімен, екеуінің жолы екі бөлек екенін түсінуі. 5. Шешім – Төлептің үзілген үміті мен Рысжанның өзге бақыты. 6. Басқа кейіпкерлердің тағдыры(соңы)- Рысжанның құрбысы Жамалдың Алматыға біржола кетуі, Төлептің құлазуы. «Рысжан түнгі аспанға қарады, жұлдыздардың көптігіне таң қалды. Есіне осыдан біраз күн бұрын естіген бір әннің сөздері оралды: осынша көп жұлдыз, осынша көп жарқыл, осынша кең аспан, бәрі-бәрі бір менің үлесім болғанын мәлімдейді. Сол ән Рысжанға ұнаған еді.» С.Мұратбеков «Ескек жел» 2004ж. Міне, осылайша жазушы кейіпкер табиғатына қиянат етпей, өз идеясы мен идеалын тықпаламай, қарапайым адамның қарапайым түсінігін қарапайым тілмен баяндай отырып-ақ суреткерлік мұрат көзделеді.
Очерк - деген шынайы адамдар мен шынайы өмір суреттелетін көркем әдеби әрі деректі шығарма. Очерк новелла не романдар сияқты тұлғаның мінезі, қоршаған ортамен түсінбеушілігі, қақтығысына емес, қоғамның азаматтық, рухани ахуалына негізделіп, руханият, тәрбие мәселесін көтереді. Ә.Нұршайықовтың «Егін орағы» атты очеркінен еңбек адамдарының қайнаған қызу жұмыс ортасындағы кескін–келбеті, ішкі сырлары есіңнен шықпастай әсер қалдырады. Бейнет түбі зейнет те дегің келеді. Сол оқиғаның ортасында өзің жүргендей сезініп, қуанып, ренжісе еріксіз қабақ шытасың. Очерк ә дегеннен оқушысын өзіне тартып, баурап алады. Егін орағы кезіндегі табиғаттың дүлей мінезін суреттей келіп, автор кейіпкерін іс үстінде көрсетеді. Ауылдың орақпен шөп орғаны, астықтарды жинап, дайындағаны очеркте өте әдемі келтірілген. Фельетон (фр. feuіlleton, feuіlle – парақ) - шағын келемді, публицистикалық үнді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар әдеби көркем шығарма. Фельетон негізінен баспасөз беттерінде жиі көрініс табады. Бірақ, зерттеушілердің айтуынша, фельетон талаптары жоғары, бір сыншының бойынан әрі көркем, әрі публицистикалық ой айту, әрі әдеби тілмен өрнектеп жеткізу қабілеті кездесе бермейтіндіктен бұл жанр өте сирек кездеседі. Қазақ басылымдарының соңғы бетіне басылатын сатиралық шығармалар ішінде фельетон талантарын қанағаттандыратын ойлар ұшырасып жатады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2005 жылдың 22-28 шілдесінде шыққан санында «Қалжыңқалта» айдарындағы «Бас-бизнес» атты Г.Құрбанбаеваның жазған фельетон-мақаласының мазмұны әзіл арқылы бастағы биттердің ереуіл жасағанын жеткізіп, бас иесінің битке көнген шаруасы битті дәріханаға өткізу бизнесіне айналғанын жеткізеді. Материал көркем-публицистикалық сарынға бой ұрмаса да, өмір шындығы шағын әңгіме түрінде жазылған. Ал, әдеби шығармаға жататын фельетон-рецензия туралы зерттеуші Д.Ысқақов біршама ой өрбітеді. Фельетон-рецензияға мысал ретінде «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылгы 27 сәуіріндегі санында Т.Әлімбекұлының Бекежан Тілегеновтің «Күйкі өмірдің шикі өсегі» кітабына жазылған фельетон-рецензиясьнда: «Құдай салмасын, бір керемет кітап жарық көріпті. Айтылмай келген шындықты шырқыратып отырып, судың бетіне сүйреп шығарған көрінеді» сияқты жолмен басталады.