Жанр (французша genre, латынша generіs — түр, тек) — өнердің барлық түрлерінде тарихи қалыптасқан іштей жіктелім жүйесі. Әдебиеттегі жанр — әлем әдебиетіндегі немесе нақтылы бір ұлттық әдебиеттегі белгілі бір дәуірде қалыптасқан, ортақ типологиялық, т.б. белгілері бар көркем шығармалар түрлерінің жүйесі. Жанр ұғымының мазмұны әдеби процесс барысында ұдайы өзгеріске түсіп, күрделеніп отыр, мұның өзі жанр туралы ғылыми түсініктердің әлі де жетілмегендігін көрсетеді. “Жанр” сөзі француз тілінде “тек” ұғымын береді, сондықтан да эпос, лирика және драманы ертеректе жанр деп атады, кейде жанр термині әдеби түр терминімен теңестіріледі (қ. Әдебиеттің тегі мен түрі). Әдеби жанр термин ретінде екі мағынада қолданылады: 1) әдебиет тектері – эпос, лирика, драма; 2) Әдеби шығарманың түрлері – әңгіме,роман,баллада,поэма,комедия,трагедия т.б
Эпос (гр.epos – баяндау,әңгімелеу,тарихтап айту) – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мейлінше мол қамтып кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр. Эпостың басты ерекшелігі – өзі әңгімелеп отырған өмір құбылыстарын кең көлемде, қамтып, кейіпкер образын, көркем әдебиеттің алуан түрлі әдістерін мейлінше мол қамту арқылы суреттеу. Көбінесе шығарма жазылудан әлдеқашан бұрын болған оқиға туралы жазылатындықтан, Эпоста баяндау тәсілі басым болып келеді. Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» кітабында эпикалық жанрдың өзін үшке бөледі: Эпикалық жанр Шағын көлемді эпикалық түр Орта көлемді эпикалық түр Кең көлемді эпикалық түр
Шағын көлемді эпикалық түрге- очерк, новелла, сюжетті қысқа өлеңдер, миф, аңыз, мысал, әңгіме, ертегі, хикая, фельетон, эссе жатады. Ал орта көлемді эпикалық түрге- повесть, поэма. Кең көлемді эпикалық түрге- роман, эпопея тәрізділер жатады. Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғаты әр алуан: көлемді эпикалық шығармада өмірдің күрделі шындығы нақты көркем тұлғаларға жинақталып, олардың өзара қарым-қатынастарынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, лирикада адамның жеке басына тән көңіл-күйі, нәзік және терең психологиялық иірімдері суреттеледі. Ал драмалық шығарма көбіне адамдардың қимыл-әрекетіне, қақтығыстарына – түрліше тағдырлар тартысына құрылатын мәлім.