ТӨРТІНШІ БАҒДАР. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ІСІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ. Үкімет салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет.
Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ.
Басты мақсат – оның атауын өзгерту емес, нақты реформа жасау.
Біз орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейтуіміз керек.
Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді.
Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет.
Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек.
Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымның қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады.
БЕСІНШІ БАҒДАР. ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП. Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет.
Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек.
Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет.
.
Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр.
Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды.
Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады.
Бұл сөздің де жаны бар.
Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді.
Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады.
Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын.
Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет.
Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек.
Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет.
2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілген.
Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс.
Сондықтан, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет.
Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек.