Әділғазы Қайырбеков



Pdf көрінісі
бет8/14
Дата26.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#2759
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14
2008 ж.
   

117
С. Мұқановтың отбасы
Ғабең ат үстінде.  Бурабай. 1927 ж.

118
Сәбең жары 
Мәрияммен 
Ялтада. 1953 ж.
Ә. Нұршайықов, Ғ. Мүсірепов, Е. Рахмадиев

119
Б. Момышұлы, М. Бегалин, Қ. Кенжетаев,      
Ғ. Мүсірепов
Т. Дыбысов  Сәбеңе домбыра сыйлап тұр. 1960 ж.

120
Кенен Әзірбаев пен Сәбит Мұқанов

121
Жазушының 
ермегі – таяқ 
жону
С. Мұқанов пен М. Ғабдуллин. 1943 ж.

122
Жазушының жеке кітапханасы
Сәбеңді еске алу кеші. 2010 ж.

123
Қарақалпақтар сыйлаған арғымақ үстінде. 
1960 ж.

124
СӘБЕҢНІҢ ЖЕКЕ 
КІТАПХАНАСЫ
ХХ ғасырдағы ең қымбат қазына – кітап еді. Жеке 
кітапханасы бай жазушыларға басқалар қызыға қарайтын. 
Алматыда тұратын қаламгерлердің арасында Мұхтар 
Әуезовтің, Әубәкір Нілібаевтың, Қадыр Мырзалиевтің, Сағат 
Әшімбаевтың, Әбіш Кекілбаевтың жеке кітапханалары 
жөнінде көргендер тамсана әңгіме өрбітетін. Сондай-
ақ, қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит 
Мұқановтың жеке кітапханасы жайында да арнайы сөз 
қозғаудың реті келген сияқты.
Өмірде киім киісі, жүріс-тұрысы ширақ деуге келмейтін, 
мол пішілген кәстөм-шалбарларының қыры сынып, ауыр 
денесін ақырын қозғайтын Сәбеңнің кітап жинаудағы, 
қолжазба сақтаудағы ұқыптылығы кімді де болса қайран 
қалдырады.
Міне, түнгі сағат төрт. Үйдің іші
Шырт ұйқыда. Көшеде жүрген кісі
Естілмейді. Тымық түн. Жаз. Сайрайды
Тереземнің алдында бұлбұл құсы.
«Құлаққа ұрған танадай» осы шақта,
Көбін оқып, біразын алған жатқа
Кітаптарым столда, шкафтарда
Тізіліп тұр әскердей қойған сапқа.
Әр қарулы әскерлер, әр киімді,
Арғы Гомер, Щипачев тұр биылғы.
Философ, экономист, артист, ақын
Бар ғасырдан тіресіп тұр иығы...
Бұл – Мұқановтың 1949 жылы жазылған «Кітапхана» 
атты өлеңінен үзінді.
С.Мұқановтың музей-үйінің қорындағы тек кітаптар мен 

125
қолжазбалардың саны 4 мыңнан асады. Ал өзі көзі тірісінде 
Қазақстанның Орталық мұрағатына тапсырған хаттарының 
басын құрап, түптегенде 141 том болғандығы жөнінде 
зеттеушілер талай рет жазды.
Жазушының жеке кітапханасы қалай жасақталған, онда 
рухани құндылықтардан нелер бар дейтін сауал кімді де 
болса толғандырары хақ. Осы орайда, ең алдымен, Сәбеңнің 
сүйікті жары Мәрия апайдың пікірін білу жөн сияқты: «Сәбит 
өмір бойы кітап жазумен қоса, өмір бойы кітап жинаумен 
өтті ғой, - дейді апай. - Әлі есімде, Мәскеуде, Ленинградта 
оқыған жылдарында, жазғы демалыс таянғанда, ауылға 
әлденеше жәшік кітап жіберетін. Ондағылар оны алғанда 
таңырқайтын көрінеді. «Осынша көп кітапты қайтеді, не 
істейді?» деп. Сәбитке еріп, көп елдерді, көп қалаларды бірге 
араладым ғой. Сонда, Сәбит ең бірінші кітап дүкендерін 
іздейтін. Сәбитпен бірге жүріп, алған кітаптарын мен де бірге 
арқаладым. Кітапханасындағы әрбір кітап маған да сондай 
ыстық. Сәбиттің қолының табы қалғандықтан, аялап ұстап, 
шаң тигізбей сақтадым. Кейін мұражайға өткізгенге дейін 
бір де бір кітабын шашау шығармадым. Сұраған жұртқа 
бермедім. Тіпті, балаларыма да оңайлықпен ұстатпадым. 
Оқуға алса, қайтадан орнына қойғанша қадағалайтынмын. 
Кітапханасындағы кітап шкафтарын Сәбит арнайы 
тапсырыспен қызыл ағаштан жасатқан. Картотекаларға 
лайықталған қорапшаларына дейін өзі қолымен сызып беріп, 
орналастырған еді. Өз кітаптарын жұртқа жомарттықпен 
сыйлайтын Сәбит, өзгелердің кітаптарын, әсіресе, 
қолтаңбасы бар жинақтарды, көне қолжазбаларды, ертегі, 
қисса, батырлар жыры, т.б. тірнектеп жинағандарын көзінің 
қарашығындай сақтайтын. Жазу үстелінің жанында шағын 
этажерка тұр. Жаңа кітабын жазуға отырарда ең алдымен 
сол этажерканы қажет кітаптарға толтырып алады. Содан 
соң, жазып отырғанда, көп алаңдамай-ақ, керек кітаптарын 
қол созым жерден ала қоятын. Сәбит қалтасындағы соңғы 
тиынына кітап сатып алатын кітапқұмар еді. Әйтпесе, 
жазушы бола ма?!»
Шынында, Сәбеңнің жеке кітапханасы аса 
талғампаздықпен жиналған кітаптарымен назар аудартады. 
Кітаптарды жүйелеп жинағанын байқайсың. Мәселен, 

126
қонақ бөлмесінің тұтас бір қабырғасын алып тұрған кітап 
сөрелерінде кеңес одағы елдерінде орыс тілінде шыққан 
кітаптар бір жүйе болса, жұмыс бөлмесіндегі кітаптар 
қазақ әдебиеті, шетел әдебиеті, өзінің шығармалары 
болып реттелген. Міне, Брокгауз бен Эфронның Санкт-
Петербургтен шыққан 86 томдық энциклопедиялық сөздігі. 
«Орыстың әмбебап энциклопедиясы» деп те аталады. 1890-
1907 жылдар аралығында негізгі 82 және қосымша 4 томын 
Ф.А.Брокгауз-И.А.Эфронның акционерлік баспа қоғамы 
шығарған.  «Брокгауз» атты неміс баспа фирмасының негізін 
салушы баспагер Ф.А.Брокгауз (1772-1823) өзінің қызметін 
1805 жылы Амстердамда, кейін Альтенбург пен Лейпцигте, 
Висбаденде жалғастырған. Бұл тек сол замандағы ғана емес, 
әлі күнге дейін маңызын жоймаған, өте сирек қолға түсетін, 
аса құнды энциклопедиялық басылым. Әуел бастан-ақ 
Сәбең осындай әртүрлі энциклопедиялық жинақтар мен 
сөздіктерге көп көңіл аударған сияқты. «Қазіргі орыс әдеби 
тілі сөздігінің» 17 томдығы (1950-65), В.И.Дальдің 4 томдық 
«Түсіндірме сөздігі» (1955), Л.З.Будаговтың 2 томдық 
«Түрік-татар  халықтарының салыстырмалы сөздігі» (1869-
71), И.Ф.Масановтың 2 том  «Псевдонимдер сөздігі» (1958-
60), «Орысша-украинша сөздік» (1948), «Орысша-ұйғырша 
сөздік» (1955), «Орысша-қырғызша сөздік» (1944), «Шетел 
сөздерінің сөздігі» (1954), «Өзбекше-орысша сөздік» (1941), 
«Моңғолша-орысша сөздік» (1957), «Ұйғырша-орысша 
сөздік» (1959), М.Ботвинник, Коганның «Мифологиялық 
сөздігі» (1961), А.Тимофеев, Венгеровтың «Әдеби 
терминдердің қысқаша сөздігі» (1955), С.Арзымбетовтың 
«Орысша-қазақша ауылшаруашылық сөздігі» (1952) т.б.
С. Мұқановтың орыс әдебиетіне, орыстың классик 
жазушыларының шығармаларына айрықша ден 
қойғандығы аңғарылады. А.П.Чеховтың 12 томдық (1954-
57), Ф.М.Достоевскийдің 10 томдық (1956-58), Н.В.Гогольдің 
7 томдық (1966-67), И.С.Тургеневтің 11 томдық (1954-
56), А.Н.Островскийдің 10 томдық (1959-60), Д.Н.Мамин-
Сибиряктың 8 томдық (1953-55), М.Горкийдің 30 томдық 
(1949-55), В. Маяковскийдің 12 томдық (1955-61), 
Г.Успенскийдің 9 томдық (1956-57), А.Блоктың 8 томдық 
(1963), А.Куприннің 9 томдық(1964), И.Гончаровтың 8 

127
томдық (1952-55), С.Н.Сергеев-Ценскийдің 10 томдық, М. 
Пришвиннің 6 томдық (1956-57), А. Блоктың 8 томдық (1963), 
М.Шолоховтың 4 томдық (1953), И.Буниннің 5 томдық (1956), 
сондай-ақ, М.Ломоносовтың, А.Радищевтің, Державиннің, 
А.Сумароковтың, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, 
Л.Толстойдың, А.Феттің, В. Брюсовтың, Н.Тихоновтың, 
т.б. жекелеген шығармалары бар. Әрине, С.Мұқанов орыс 
жазушыларымен жиі араласты. Мәскеу мен Алматының 
арасында талай іссапарлардың, шығармашылық 
кездесулердің ізі сайрап жатыр. Соның бір айғағындай, 
кейбір кітаптардағы қолтаңбалар да талай сырды 
суыртпақтауға жетелері сөзсіз. 
Мәселен, С.Мұқанов орыстың атақты жазушысы 
Алексей Толстоймен 1941 жылы Алматыда танысып, 
үйіне қонаққа шақырып, кейін де тығыз қарым-қатынаста 
болады. 1944 жылы ақпанның 17-сі күні «Правда» газетінің 
тапсырмасымен Балтық бойы майдан шебіне баруға 
жиналып, Мәскеуде аз күн аялдағанда, А.Толстойдың 
үйінде американдықтармен бірге болып, тіпті, дастархан 
басында арнайы асабалық қызмет атқарғанын Сәбең өзінің 
«Алексей Толстой туралы» атты естелік мақаласында 
майын тамыза әңгімелейді. «... номеріме қайтарда Толстой 
маған өз шығармаларының біреуін сыйламақ болып іздесе, 
авторлық бір-бір данасынан басқалар тарап кеткен екен, 
тарамаған жалғыз ғана кітап қалған екен, ол «Азаптарға 
саяхат» («Хождение по мукам»), оны да біреуге бермек 
болып, алғашқы жақ ақ қағазының   бұрышына сиямен 
жазып қойған екен. Сия резинкамен сүртілгеннен кейін, 
Алексей Николаевич өз қолынан пышақпен қырды да, 
беттің таза бұрышына «Қымбатты қазақ досым Сәбитке. 
Оны ыстық сүюші Алексей Толстойдан!» деп жазып берді. 
Ол кітап күні бүгінге дейін шкафымның берік жерінде 
сақтаулы» (С.Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. 15-том. 
339 б.) – деп Сәбең бір қолтаңбаның сырын өзі ашып, жазып 
кеткен екен. Сондай-ақ, Михаил Шолоховтың «Тынық 
Дон» романының Мәскеуден 1953 жылы шыққан бірінші 
кітабына берген қолтаңбасы: «Дорогому Сабиту Муканову 
на дружескую память. М.Шолохов. 5.9.54. Алма-Ата.» Осы 
ретте, Михаил Шолоховтың Қазақстан жазушыларының 

128
ІІІ құрылтайына қатысқанда сөйлеген сөзінде : «Сіздер 
арқылы өз атымнан ұлы қазақ халқына соғыстың қиын 
жылдарында, өзім армия қатарында жүрген кезде, менің 
отбасыма көрсеткен қамқорлықтары үшін және соғыстан 
кейін он жыл бойы жыл сайын бір, немесе бір жарым айлап 
сіздердің ұлан-байтақ жерлеріңізге келгенімде маған 
көрсеткен сондай меймандостығы, құрметі, қошаметі үшін 
шын жүректен алғыс айтқым келеді» - дегені ойға оралады 
екен (М.Шолохов. Байтақ елдің әдебиеті. «Қазақ әдебиеті», 
11.04.1986).
 Галина Серебрякова Мәскеуден 1961 жылы шыққан 
«Похищение огня» романының екінші кітабына: «Сабиту 
Муканову в знак дружеской благодарности за образцовое 
проведение декады Казахской литературы в Туркмении 
(Подпись). 20.ХІІ.61. Москва»,- деп жазыпты. 
Сергей Михалков екі томдық шығармалар жинағына: 
«Дорогому Сабиту Муканову. Пусть никогда, ни за что у 
Сабита// не возникает на меня обида! 
Пусть дружба наша//Никогда не расстроится. //Она как 
высотное здание
// Строится!  Сергей Михалков, 29.ХІІ.54.» – деген тілегін 
өлеңмен өріп ұсыныпты.
Жазушының жеке кітапханасындағы қазақ 
жазушыларының кітаптарының дені қолтаңбамен 
сыйланған. Мәселен, міне, Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы 
жарық көрген тарихи романы «Абай».  Мұхаң латын харпімен 
«Үлкен өнер, үлкен адамшылық иесі қадірлі Сәбитке. 8.VІІ 
– 42» деп жазып, қолын қойған. Сәбең романды мұқият 
оқып шыққаны байқалады. Әр бетте қарындашпен белгілер 
қалдырған. Кітаптың соңғы бетіне «2-VІІІ-1942 ж. Оқып 
шықтым. Сәбит» деген жазу түсірген. Мұхтар Әуезовке 
шулы даңқ әкелген, қазақтың дана перзенті, дара ақыны 
Абайдың есімін әлемге мәшһүр жасаған бұл романның 
тұңғыш басылымы, қаншама ескіріп, қағазы сарғайып кетсе 
де, көзге оттай ыстық көрінеді.
Тұрсынбек Кәкішевтің «Қызыл сұңқар» атты Сәкен 
Сейфуллин туралы тарихи-әдеби очеркі (1968 ж.) де кітап 
сөресінде тұр. Автор тілегін былай жеткізіпті: «Құрметті 
Сәбе! Сіз жазған алғысөз осы кітапты шығарғысы 

129
келмегендерді талай жерде шоңқитты. Дархан көңіліңізге, 
ұлы қамқорлығыңызға дән риза Тұрсынбек. 3/ІҮ - 1969». 
С.Мұқанов бұл кітапқа жазған «Тұлпардың тұрмысы» 
атты алғысөзінде: «Тұрсынбектің кітабы оқырмандарды 
қызықтырып отыратын тартымды түрде жазылған. Көп 
жерлерде көркем очерктің әдісі де қолданылып, әдемі 
бояулар мен көрікті картиналар жасалған. Көп беттердің 
тілі де тәтті» дейді. 
 Ал мынау көк мұқабалы кітап – «Жас қанат» (Қазақстан 
жас  ақындарының өлеңдері мен поэмалары) 1959 жылы 
баспадан шыққан. Кәдімгі көк сиямен: «Алпысқа келген 
атамызға, еліміздің мақтанышы, біздің сүйікті – Сәбемізге, 
осы кітаптағы барлық ақын достарымның атынан ұсынам 
бұл кітапты. Тұманбай Молдағалиев. 22.ІІІ - 60 ж.» – деп 
мөлдіретіп түсірген жазу да көп ойларға жетелейді. 20 баспа 
табақ кітапқа 17 жас ақынның өлеңдері енген. Ғ.Қайырбеков 
алғысөз жазған. Редакторы – Т.Молдағалив. Бұл кітапты 
оқып, студенттермен кездесуде Мұхтар Әуезовтің «Жыл 
келгендей жаңалық сезінеміз» деп сәт сапар, ақ жол тілеген 
әйгілі сөзі де әдебиет тарихында қалды. Мұхтар Мағауин 
«Қобыз сарыны» монографиясы кітап болып шыққанда: 
«Қадірменді Сәбит аға! Осы еңбек бойынша диссертация 
қорғау кезінде көрсеткен ағалық қамқорлық, ақсақалдық 
мінезіңіздің ескерткіші және өзіңізге деген риясыз көңілімнің 
белгісі болсын! Автор 23.V.1968.» - деп ұсыныпты. Сәбең 
«Қобыз сарынына» қалам ұшын тигізбеген. Соған қарағанда, 
монографиямен кітап болып шықпай тұрып-ақ, қолжазба 
күйінде танысқан болуы мүмкін.
ХХ ғасырда орыс тіліне аударылған алыс шетел 
жазушыларының шығармалары қазақ оқырмандары 
үшін де ортақ қазына болды. Сондықтан Сәбеңнің жеке 
кітапханасындағы шетел қаламгерлерінің туындыларына 
да қызыға үңілеміз. Бәрін санамалап шығудың қажеті жоқ та 
шығар. Дегенмен, бірқатарына тоқталайық. У.Шекспирдің 8 
томы (1957-60), Ф.Шиллердің 7 томы (1955-57), Ч.Диккенстің 
30 томы (1957-60), Э.Золяның 18 томы (1957), Дж. Голсуорсидің 
16 томы (1962),  И.Гетенің 2 томы (1936), Т.Манның 10 томы 
(1959-60), Л.Арагонның 10 томы (1957-61), О.Бальзактың 15 
томы (1951-55), В.Гюгоның 15 томы (1953-56), П.Мерименің 7 

130
томы (1963), Г.Флобердің 5 томы (1956), Л.Фейхтвангердің 13 
томы (1963-70), Р.Ролланның 14 томы (1954-58), Р.Тагордың 
8 томы (1957), Г.Гейненің 10 томы (1956-59), Дж.Лондонның 
8 томы (1955-56), Лопе де Веганың 6 томы (1962-65), 
Әлішер Науаидің 15 томы (1963-68), Дантенің, Мольердің, 
Байронның, А.Дюманың, Т.Драйзердің, Сервантестің, 
Бомаршенің, Низамидің, Мақтымқұлының т.б. жекелеген 
кітаптары бар. Әрине, көптомдықтарды Кеңес дәуірі кезінде 
жаздырып алу дәстүрі орныққан болатын. Бірақ, кімді 
жаздырып алып оқығанына қарап-ақ жазушының талап-
талғамының деңгейін таразалауға болар, бәлкім.
Башқұрт жазушысы Сәйфи Құдаш 1961 жылы 
Қостанайды ұзақ аралап, жолжазба жазады. Кейін ол 
естелік кітабы Уфадан 1964 жылы жарық көреді. «Сәбиттің 
жазба әдебиеттен ең алғаш оқыған кітабы татардың халық 
ақыны Ғабдулла Тоқайдың өзі құрастырған және ол қайтыс 
болғаннан кейін, 1914 жылы басылып шыққан бір томды 
таңдамалы шығармалары екен. Бұл кітапты Сәбитке «Ғалия» 
медресесінің шәкірті башқұрт Сахыпкерейден мұсылманша 
оқып, хат таныған Баймағамбет Ізтөлин жіберіпті» (С.Құдаш. 
Жастық шақтың ізімен. Уфа, 1964) – деп С.Мұқановтың 
«Өмір мектебін» оқығанда алған әсерлерін де осы естеліктің 
беттеріне түсіріп отырған. Ал осы кітабына Сәйфи Құдаш 
1964 жылы 12 желтоқсанда, Уфада, бірінші рет, 1976 жылы 
20 қазанда Алматыда екінші рет қолтаңба қалдырыпты. Бұл 
кітабы 1966 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан қазақ 
тілінде де шыққан. Аударған Сейітжан Омаров. Оған да 
қолтаңба қалдырған. Екі достың арасындағы қимас құрмет, 
бауыр сыйластықтың бұл да бір белгісі болса керек. Ал 
өзбек жазушысы Ғафур Ғұлам «Мәшһүр» кітабын «Улуғ 
оғам, суюкли устозым Собит Муқоновге. Хурмет билан 
узбек иниси» – деп 1962 жылы 16 мамырда, Алматыда, 
сыйға тартыпты. Осы Ғафурға 1966 жылы 15 маусымда 
жазған хатында Сәбең былай дейді: «Мен биыл Өзбекстанға 
баруды күзгі айларға, яғни – сентябрь мен октябрьдің 
біріне жоспарлап едім. Тегі сөйтемін ғой деймін. Оған дейін 
босана алмайтын себебім: шалың, жасы алпыс алтыда бола 
тұра, ауыр жұмысқа кірісіп қалды, ол-Шоқан Уәлиханов 
туралы «Аққан жұлдыз» деген есіммен трилогия жазу. 

131
Соның бір кітабын биыл бітіріп, 67-жылдың жоспарымен 
бастырмақпын.
Жалпы көлемі жүз баспа табақтай болар деп шамалаған 
бұл шығармаға кірісерде, «күшім жетер ме екен?» деп қорқа-
соғып едім, жаза келе ол қауіптен арылдым. Жас кездегідей 
тым сарылмай, саулықты сақтай отыра жазсам, әлі де аздап 
шабатын күйім бар сияқты. Көлденең кесір кездеспей, осы 
бетпен бара берсем, 70 жылдық мерекеме дейін, трилогияны 
түгел аяқтармын деген үміттемін. Қажет көрсең, 67-жылдың 
басынан, бірінші кітаптан «Шарық жұлдызыңа» үзінді 
беруге болар. Бірақ бұл – міндетті түрдегі емес, өтініш 
түріндегі сөздер ғана...».
Бұл да жазушының кітапты дүниеге әкелуге қатысты 
жан сыры болғандықтан, әдейі мысалға келтірдік. «Аққан 
жұлдызды» Сәбит Мұқанов кейін тетралогияға айналдыруды 
жоспарлайды. Екі кітабы көзі тірісінде жарық көріп, үшінші 
кітабы басталған қалпы, аяқталмай, үстелінің үстінде қалды. 
Жазушы кітапханасында Шоқан Уәлихановтың Алматыдан 
шыққан 5 томдығы (1961-68, 1972) да сақтаулы.
Көне кітаптар мен қолжазбалар әрбір жеке 
кітапхананың мол қазынасы, бай мазмұны іспетті. Бұл 
ретте Сәбит Мұқановтың сонау ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ 
ғасырдың басындағы талай сирек кітаптарды сақтаудай-
ақ сақтағанына тәнті боласыз. Қазан қаласындағы 
баспаханадан шыққан қисса-дастандардың өзі де бір жүйе: 
«Қаһарман»(1892), «Қозы Көрпеш» (1890), «Шортанбай 
байдың балалары» (1890), «Балғум-Бакур»(1915), Ж. 
Шайхисламовтың «Қасым-Жомарты» (1906), «Алпамыс», 
«Қыз Жібек», «Сал-сал», «Мәдеқұл-Мәдрүс» (1903), «Ихсан-
Мәрсия» (1903), «Гүл-Шахира» (1901), «Әдепті бала» (1897), 
«Маймыл һәм қасқыр» (1894), т.б.
Құран кітабы «Кәләм-Шариф» 1914 жылы Қазанда 
шыққан. «Ақмолла ақынның кітабы» (1904. Қазан), 
Фирдаусидің «Шаһнамасы» (Ташкент, 1908), Байрон 
(С-Петербург. 1904), «Үлгі». Қазақ аңыздарының жинағы 
(1914), О.Қарашев «Ақ тұлпар» (1928), Н.Наушабаев «Алаш» 
(1910), «Манзумат Қазақия» (1903), Ғ.Ғалымжанов «Есіл 
жұртым» (1911), Б.Майлин «Маржан» (1927), М.Әуезов 
«Қилы заман» (1928), Ғ. Қабдешов «Жиренше» (1909), 

132
Шәкәрім «Еңлік-Кебек» (1912), Ғ.Тоқай «Ашари» (1914), 
Х. Досмұхамедов «Қырғыз-қазақ тілінің сингармонизмі» 
(1924), т.б.
Көне кітаптар араб, латын, кирилл жазуларымен 
алмасып, әрқайсысы оны танып-оқи алатын оқырманын 
іздейтіні де түсінікті болар. Ал, С.Мұқанов өзінің 
қолжазбаларын түгелге жуық араб харпімен (төте жазумен) 
жазып қалдырған.  Майра Жансаева атты машинисткасы 
ұзақ жылдар бойы Сәбеңнің араб харпіндегі қолжазбаларын 
кирилл жазуына  бірден көшіріп басып отырған. 
Түрік жазушысы, 2006 жылғы Нобель сыйлығының иегері 
Орхан Памук өзінің жеке кітапханасында он екі мыңнан 
аса мұқабалы қазына бар екендігіне көңіл аударта отыра: 
«Бірақ мен кітап сатып алуды әлі де жалғастырудамын 
– лақтырғанымнан жаңадан сатып алғаным көп. Егер 
еуропалық үлкен кітапханалардың бірінің қасында 
тұрсам, үйімдегі кітаптар анағұрлым аз болар еді. Менің 
басты міндетім – жақсы кітаптарға иелік ету емес, сондай 
кітаптарды жазу болып табылады ғой» («Жас Қазақ», 
25.04.2008) – деуінде көп сыр жатыр емес пе?!
2000 жылы С.Мұқановтың 100 жылдығы қарсаңында 
мұражай экспозициясы жаңартылды. Осы орайда, 
заманның, қоғамның, уақыттың жаңа талабына сай С. 
Мұқанов пен Алашорда қайраткерлері арасындағы қарым-
қатынасты  қамтудың мүмкіндігі туды. С. Мұқановтың 
жеке мұрағатында сақталып келген Мағжан Жұмабаевтың 
«Шолпан» өлеңдер жинағы (Қазан, 1914), Жүсіпбек 
Аймауытовтың «Сылаң қыз» пьесасы (Орынбор, 1922), 
Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы (Қазан, 
1914), Ж. Аймауытовтың «Шернияз» драмасы (Семей, 
1926), «Мансапқорлар» драмасы (Мәскеу, 1925), Қошке 
Кемеңгеровтің «Парашылдар», «Ескі оқу» пьесалары 
(Қызылорда, 1927), Қаныш Сәтбаев жинап, бастырған «Ер 
Едіге» дастаны (Мәскеу, 1927), Ахмет Байтұрсыновтың 
«Әліппе айтысы» (Қызылорда, 1927) мұражай 
экспозициясынан орын алды. Қиын-қыстау кезеңдерде 
бұл кітаптарды сақтап қалудың өзі де С.Мұқановқа оңайға 
түспегені анық. Кеңестік идеологияның жыршысы бола 
жүріп те С. Мұқанов ұлттық, халықтық мәселелерге үнемі 

133
сергек қараған, қазақтың салт-дәстүрлеріне, тарихы мен 
этнографиясына айрықша ден қойып отырған және оны 
өзінің бүкіл шығармаларының алтын арқауына айналдырған 
жазушы. 
2008 ж.
БОТАГӨЗ – ГҮЛФАЙРУС
       
«Мынау – Қазақстанның халық суретшісі Гүлфайрус 
Исмаилованың кинорежиссер Ефим Арон түсірген «Ботагөз» 
фильміндегі Ботагөз рөлінде ойнаған сәтінен көрініс!..». 
Музейге келушілердің назарын экспозициядағы бір 
фотосуретке аудартқан ғылыми қызметкер осылай деп 
түсіндіруде. Көрермен студенттердің бірі сабырсыздана 
сұрақ қояды: «Сонда қалай? Ботагөздің рөлінде кәсіби 
киноактер емес, суретші ойнаған ба?..».  «Иә, дәл солай 
болған!..» – деп музейдің ғылыми қызметкері әңгімені одан әрі 
сабақтап, басқа да жәдігерліктердің мән-жайын байыптауға 
көшеді. Байқаймын, студенттің көкейінде жауабын таппаған 
көп сауал қалған секілді...
Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит 
Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романы 1938 жылы 
(кейіннен «Ботагөз» аталған), яғни, бұдан тұп-тура 70 жыл 
бұрын жазылып, жарық көрген еді. Ал «Ботагөз» фильмі 
киноэкранға 1958 жылы шығады, яғни одан бері де тұп-тура 
жарты ғасыр өте шығыпты-ау!...
Сейітжан Омаров өзінің бір естелігінде 1936 жылдың 
жазында Сәбит Мұқановпен алғаш жүздескеніне, сонда 
оның: «Шілде-тамыз дүниенің жігіт шағы. Менің дәл қазіргі 
өмір-жасым да осы бір уылжыған жайма шуақ кезіне сәйкес 
келетін дер кезі. Мен Алматыда басталған «Жұмбақ жалау» 
романын осы екі айда өндіріп жазып тастайын деп, өзімнің 
Қызылжарыма әдейі келдім» – дегеніне куәлік берген екен 
(Кітапта: Кәдімгі Сәбит Мұқанов. Естеліктер. Құраст.: С. 
Шаймерденов, Қ. Ергөбеков. –Алматы: Жазушы, 1984. – 392 
б.).  
«Бесінші-алтыншы сыныптарда жүріп, сабақ үстінде 
мұғалімге сездірмей, ұрланып «Жұмбақ жалауды» 
оқитынбыз» – деп еске алады белгілі жазушы, аудармашы 

134
Герольд Бельгер («Қазақ әдебиеті», 09.06.2000 ж.).
Журналист-жазушы Жекен Жұмаханов өзінің 
«Жорықтағы жолдас» атты естелігінде 1943 жылғы 
қаһарлы соғыста қарапайым қазақ жауынгері Бимырза 
Ерназаровтың ерлікпен қаза тапқанын баяндай келе, 
оның заттары арасынан табылған кітап туралы: «...Солдат 
шылымынан түскен шоқтан болды ма, жау жақтан жамырап 
келіп жатқан оқтан болды ма, «Жұмбақ жалаудың» бірнеше 
бетін қабатынан тесіп өткен күйік бар. Иесі қырғын атыс 
үстінде әлгінде ғана көз жұмған, өзі әбден тозып, жем-жем 
болған осынау кітапқа мен дәл бір аса қасиетті, музейлік 
сирек бұйымға қарағандай, телміре қарап қалыппын» – 
дейді. Кітабы жорықтағы жауынгермен бірге қан майданды 
кешіп, оған рухани демеу болғанын сезіну автор үшін де 
тебіреністі болса керек, әрине.
«Жұмбақ жалау» –  «Ботагөз» романы Сәбит Мұқановқа 
шулы даңқ әкелген шығарма. Қазақ әдебиетіндегі қоғам 
мен өмір шындықтарын реалистік түрде баяндаған көркем 
туынды ретінде, қазақ романының жаңа, биік белестен 
көрінуі ретінде жоғары бағаланған. 
«Ботагөз – автордың қиялы емес, шынайы типтік образ: 
оның бойына сол замандағы қазақ әйелдеріне тән тамаша 
қасиеттердің бәрі жинақталған. Сонымен, Мұқанов сонау 
отызыншы жылдары-ақ Ботагөз бейнесі арқылы бүкіл 
ортаазиялық әдебиет үшін аса маңызды тақырыпты және 
олардың жаңашыл дәстүрлерін айқындауда принципті 
роль атқаратын тақырыпты –Шығыс әйелдерінің тағдыры 
тақырыбын көрсетті. Оқиға ортасынан алынған бұл образ 
қазақ әдебиетін дәстүр жағынан байыта түсті» – деп жазды 
Евгения Лизунова (Кітапта: Сәбит Мұқанов тағлымы. Әдеби-
сын мақалалар. Құраст.: Н.Мұқанова. Қ. Раев. Алматы: –
Жазушы, 1990. –200 б.).
Романдағы Ботагөз образына қатысты ғалым-
сыншылардың пікірлері әдеби басылымдарда үнемі бой 
көрсетіп отырған және негізінен оң бағаланған. Түйінді 
пікірлердің бірі ретінде, осы романның жазылу тарихын 
арнайы зерттеген ғалым Серік Мақпыровтың берген 
бағасына назар аударта кеткеніміз жөн сияқты: «Ботагөз 
өз прототиптерінен (негізгісі мен қосымша түп тұлғаларын 

135
қоса алғанда) әлдеқайда биік, әлдеқайда оқшау тұлға, 
күрделі бейне. Өйткені, оның қимыл-әрекетінің диапазоны 
өте кең, ол басынан кешкен дәуір оқиғалары да сан алуан, 
ол – кесек тұлға, өнер жемісі. Шынында Ботагөздің саналы 
өмірі, күрескер болып қалыптасу тарихынан біз әлдеқандай 
бір жекелеген адамның емес (негізгі түп тұлғасы бола тұра) 
бірнеше ондаған алдыңғы қатарлы жаңа қазақ әйелдерінің 
ұнамды сипаттарын көреміз, солардың саналы тіршілігінің 
лебін сезінеміз. Жазушы өз кейіпкерінің түп тамырын 
нақтылы прототип деректеріне мықтап негіздеп алды да, 
өмірде болуға тиісті күрескер қазақ қызының тұлғасын 
жасады. Ботагөз бейнесінің ерекшелігі осы болуға тиісті».(С. 
Мақпаров. «Ботагөз» романының жазылу тарихы. Алматы. 
1994 ж. – 90 б.).  
«Ботагөз» есімі қазақта бұрын да болған, дегенмен, өмірге 
келген нәрестеге «Ботагөз» романының әсер-ықпалымен осы 
атты қою рәсімі күні бүгінге дейін жаңғырығып, жалғасып 
жеткені де көзіміз көрген ақиқат.
Ал енді кинодағы Ботагөздің ролін ойнауға Гүлфайрус 
Исмаилова қалай келді? Ол бұдан бұрын киноға түскен бе? 
Актерлік шеберлікті қалай меңгерген? Әлде, талант көп 
қырлы болуы керек пе? Осы және тағы да басқа сауалдарға 
жауап табу үшін  Қазақстанның халық суретшісінің өзінен 
сыр тарттық:
– Мен өзімнің сурет салуға бейімділігімді ерте аңғардым, – 
деп  бастады әңгімесін Гүлфайрус апай.  –  Училищеде оқып 
жүргенімде ұстазым Абрам Маркович Черкасский өнерімнің 
ұшталуына көп көмегін тигізді, үнемі қанаттандырып 
отыратын. Өзі соғыс жылдарында Ленинградтан Алматыға 
келіпті, көп жастарды сурет өнеріне баулыды. Бірде ұстазым 
үстіне ақ китель киген, толықша денелі кісінің портретін 
салып отырып, мені де өзімен бірге жұмыс істеуге шақырды. 
Бұл кісі жазушы Сәбит Мұқанов екен. «Сенің де суретші 
болғың келе ме?» деп сұрады ол. Содан бір әңгіме арасында 
«Ботагөз» романы бойынша кино түсірткісі келетінін 
айтты. «Сен Ботагөз рөлінде ойнар ма едің?» – деп  сұрады. 
Дәл не деп жауап қайтарғаным есімде жоқ. 1949 жылы, 
Алматы көркемөнер училищесін бітірген соң, суретке деген 
құштарлығым жеңіп, Консерваторияның вокал бөлімінің 

136
2-курсында жүрсем де, алғашқы этюдтерімді арқалап, 
Мәскеудегі Суриков атындағы көркемөнер институтына 
оқуға түсуге кеттім. Бірден ойлағанымдай болмады. 
Бірақ кинодағы алғашқы дебютім – Марк Донскойдың 
«Аласталған Алитет» кинофильміндегі Тыгрен ролі 
ойналды. Келесі жылы Ленинградтың Сұңғат, мүсін және 
сәулет институтына оқуға түсіп, оны бітірген соң Алматыға 
қайтып оралып, училищеде сабақ бере бастадым. Бұл – 1956-
57 жылдар. Өзім 24-25-темін. Шәкірттерім – 30-35-тердегі 
ағайлар мен апайлар. Мені тыңдағылары келмейді, әр сөзімді 
қылжаққа бұрады. Сөйтіп жүргенде «Ботагөздің» режиссері 
мені киноға түсуге шақырды.  «Барсам, барайын. Бәлкім, 
мына өзімнен үлкен оқушыларымнан құтылармын», –  деп 
ойладым. Ботагөз болғысы келетін қыздар көп екен. 16-17-
дегі жас қыздар да жүр. Режиссер олардан актерге қажет 
қимыл-әрекет таба алмай әлек. Менің өң-келбетім мен 
қимыл-қозғалысымнан кинооператор Ескендір Тынышбаев 
бір нәрсе байқады ғой деймін, режиссерге «Осы қызды 
түсірейік. Басқасын іздеп қайтеміз» дегені есімде. Сәбең де 
келіп, мені көріп: «Ботагөзге осы қыз лайық, түсе берсін!» – 
деді. Ақкөңіл кісі ғой. «Алдымен Ботагөзді ойнап көр, кейін 
өзің бір романыма кейіпкер боласың!» деп қалжыңдайды. 
Өжет кезім. «Одан бұрын сіздің портретіңізді жасаймын!» 
–дедім. Шынында да мен кейін Сәбеңнің портретін сәтті 
шығардым. «Ботагөзді» Көкшетауда, Бурабайда түсірдік. 
Ботагөздің үстіндегі киімдердің үлгісін де өзім жасап, 
тіктірдім. Мен өзім де Ботагөз сияқты қыздардың бірімін. 
Тіпті оның тағдырының заңды жалғасымын десем де болады. 
Өмірбаяным да Ботагөз сияқты болып кетті...»
– Иә, «Ботагөзді» алғаш Алматыдағы «Алатау» 
кинотеатрында көрсетіпті. Көрермендер жылы қабылдаған. 
1958 жылы Мәскеуде Қазақстан мәдениеті мен өнерінің 
онкүндігі өткенде мәскеуліктер «Ударник» кинотеатрында 
«Ботагөз» фильмімен қауышқан. 1959 жылы Мәскеуде өткен 
Дүниежүзілік кинофестивальде де көрсетіліп, әлемнің 27 
еліне тарайды. Францияда өткен КСРО мәдени күндерінде 
де (1957 ж.) «Ботагөз» фильмі шекара асып барған. «Ботагөз» 
фильмінде Ыдырыс Ноғайбаев, Қанабек Байсейітовтер де 
рөлдер сомдаған. Асқар бейнесін Еркен Дауылбаев деген 

137
химия пәнінің мұғалімі ойнап, кейін Мәскеу университетінде 
қызмет істеп, өмірін сонда аяқтапты. 
«Бір жылды ерекше атаған жөн. Бұл –  1958 жыл. Жер-
жерлерде, шалғай аудандардың өзінде бәріміз көптен аңсай 
күткен, сүйікті жазушымыз Сәбит Мұқановтың романы 
бойынша экранға шыққан «Ботагөз» фильмі жүріп жатыр. 
Романдағы Ботагөз – «жер шоқтығы» атанған Көкше 
өңіріндегі сексен көлден су ішіп, ажарлы бетін таудан соққан 
таң самалына тосып, ерке өскен, инабатты да өжет ауыл 
қызы... Жас актриса Гүлфайрус Мансұрқызы экранда үлкен 
шеберлікпен бейнелеген көкше қызы – Ботагөз образы дәл 
осындай асқақ ой туғызады, жақсы әсер қалдырады» – деп 
жазған екен өнертанушы Бахтажар Мекішев («Жетісу», 
12.01.1990 ж).
Қазақ өнерінің қара нарларының бірі Ыдырыс 
Ноғайбаевтың естелігіндегі  мына бір үзік сырға көңіл 
аударайықшы: «... Елуінші жылдардың аяғында жазушының  
романы бойынша «Ботагөз» фильмі түсірілді. Қоюшы-
режиссер – атақты Эйзенштейн, Пудовкиндердің қызметтес 
замандасы, талабы қатты, өзі білімді Ефим Ефимович Арон. 
Арманым Асқар рөлін ойнау еді, бірақ еншіме Амантай 
тиді. Әр рөльге үш-төрт актерді қатар салып, қалағанын 
алатын қатаң талапты режиссер іріктеуінде бұған да риза 
болмасқа шара жоқ. Фильмге түсерде бұдан он-он бес жыл 
бұрын оқыған «Жұмбақ жалау» ойға оралды. Балалық әсер 
қайта бас көтерді. Әйтсе де, көмекке тағы да жазушының өзі 
келді. Үйіне шақырып алып, Амантай образын тәптіштеп 
түсіндірді. Сол жолы жазушы үйінен көп материалдармен 
бірге, Итбай болыстың прототипінің суретін көргенбіз. 
Сүйікті Сәбең сол жолы өзінің романы бойынша түсірілетін 
«Ботагөз» фильміне талай уақытын алдырып, көп-көп 
қамқорлық жасап еді-ау» (Кітапта: Кәдімгі Сәбит Мұқанов. 
Естеліктер. Құраст. С. Шаймерденов, Қ. Ергөбеков. – 
Алматы: Жазушы, 1984. – 392 б.).
Осы арада сәл авторлық шегініс жасайық. Гүлфайрус 
Исмаилова – туабітті дарынды суретші-безендіруші. Ол 
Қазақ Мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера 
және балет театрында бас суретші-қоюшы болып он алты 
жыл еңбек етеді. «Біржан мен Сара», «Ертарғын», «Жұмбақ 

138
қыз», «Алпамыс», «Иоланта», «Ақан Сері-Ақтоқты», «Аида» 
операларын безендіруі, 1972 жылы «Қыз Жібек» фильмі 
түсірілгенде қоюшы әрі безендіруші-суретші ретінде 100-
ден астам эскиздер жасауы соның дәлелі. Ғабит Мүсірепов: 
«Бұл өзі дәуірдің де және сол дәуірде өмір сүрген адамдардың 
да мінез-құлқын дәлме-дәл беретін тамаша эскиздер. Киім 
үлгілерінде ол тамаша жинақталған шығыстық колоритті 
бере білумен қоса, нағыз қазақы, терең ұлттық бояуларды да 
таба білді» – деп жоғары бағалаған.  Осы фильмде Гүлфайрус 
Қыз Жібектің шешесі Айкөздің рөлінде ойнағанын да біреу 
біліп, біреу білмес. Фильмнің қоюшы-режиссері Сұлтан 
Қожықовпен шығармашылық үндестікте еңбектенгенін, 
әсіресе сол тұстағы мәдениет министрі Ілияс Омаровтың 
қолдауы мен қамқорлығын ерекше сезінгенін Гүлфайрус 
апай айтып жеткізе алмайды.
«Ілияс ағаның «Қыз Жібек» – біздің қызымыз ғой!» 
деген сөзі әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Осындай 
жанашырлық қазақ өнеріне қазір де қажет» – дейді ол. 
Г. Исмаилова кескіндеген Шара Жиенқұлованың («Қазақ 
вальсі», 1958), Шолпан Жандарбекованың («Ақтоқты», 
1960), Күләш Байсейітованың («Қыз Жібек»», 1962), 
Дина Нүрпейісованың (1965), Әбілхан Қастеевтің (1966), 
Мұхтар Әуезовтің (1969), Сәбит Мұқановтың (1969), 
Бибігүл Төлегенованың (1970) т.б. портреттері жөнінде 
Люция Марченконың: «Бұл портреттер – зор, кесек 
туындылар. Олардың кесектігі адамды ірі планда алуымен 
ғана өлшенбейді, сондай-ақ образдың ішкі мазмұнының 
да аса байлығында. Адамдар өздерінің ойларымен, 
толғаныстарымен оңашаланған» (Кітапта: «Гүлфайрус 
Исмаилова», М., 1975) – деп сараптауынан қыл-қалам иесіне 
деген үлкен құрмет аңғарылады. Кейіннен А.Черкасскийдің, 
Р.Баповтың, Г. Шалабаеваның т.б. сондай «оймен 
оңашаланған» портреттері дүниеге келіпті. 
«Шара Жиенқұлова мен Күләш Байсейітова портреттерін 
Исмаилова қазақ халқының таланты мен сұлулығының 
символы ретінде орындаған. Бұл суреттердің көпшілігі 
мемлекеттің игілігі болып табылады. Жалпы, мен әйелдер 
бейнесі оның шығармашылығының басты тақырыбы деп 
санаймын. Әйелдерді бейнелеу олардың мінез-құлқының 

139
дәлдігімен таңғалдырады, асқан шебер ойнақылығымен 
көрінеді. Г. Исмаилова кең ашылған парадтық портрет 
нысанын жақсы көреді, адам толық бой-бітімімен 
бейнелегенде оның сипатын толықтыра, аша түсетін өзін 
қоршаған айнала заттарымен көрінеді. Сол бір немесе 
өзге сезімдік-әсерлілік белгілер көбіне символдық мәнге 
ие болатындай» –  деп жазды өнер зерттеуші, философия 
ғылымдарының докторы  Гүлмира Шалабаева өзінің 1999 
жылы «Атамұра» – Галерея «Ою» баспаларынан шыққан 
«Гүлфайрус Исмаилова» атты кітабында.
Осы мақаланы жазу барысында бір жолы телефон 
арқылы сөйлесіп отырғанда: «Гүлфайрус Мансұрқызы!..» 
–  деп ойымдағы бір сауалды қоюға ыңғайланғанымда, 
апай:  – Жалпы, көп адамдар білмейді, менің өз әкем – 
Таңсық Қонарбаев деген қазақ. Ал Мансұр – менің өгей 
әкем. Ұлты – дұңған. Әбілхан Қастеевтің досы. Мені әу 
баста  Черкасскийге жіберген Қастеев болатын, – деп қалды. 
Өз әкесі шешесін «ұл таппадың» деп кінәлағанын, содан 
соң шешесі дұңғанға күйеуге шығып кеткенін, өзін соның 
фамилиясына көшіргенін айтты. Өзі де Ленинградтың 
Сұңғат, мүсін және сәулет институтында М.П. Бобышевтің 
театр суретшісі  және графика класында оқып жүргенде 
болашақ Қазақстанның халық суретшісі, Мемлекеттік 
сыйлықтың лауреаты Евгений Матвеевич Сидоркинге 
тұрмысқа шығады. Әке-шешенің ықпалымен ұлдары Вадим 
де суретшілік жолға түседі... «Адам тағдырды таңдамайды» 
деп жатады кейде. Заманның да ықпал-әсері болатын 
шығар. Қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген осы бір отбасы 
туралы да келелі әңгіме қозғауға болар еді...
Иә, айтпақшы, соғыс жылдарында Мәскеуді қорғаған, 
Қазақстанда жасақталған дивизияның құрамында өгей 
әкесі Мансұр Бауыржан Момышұлымен жауынгер жолдас, 
сырлас дос болыпты. Бірде қызы Гүлфайрустан хат 
алғанын, хатында суретші болғысы келетінін жазғанын, 
оған медициналық училищеге бар деп кеңес бергісі келетінін 
ақылдасса керек. Сонда Баукең: «Мына соғыс біткеннен 
кейін бізге суретшілер де керек болады. Балаңның талабын 
қайтарма!» депті. Тіпті, кейін Гүлфайрус Ленинградта оқып 
жүргенде Баукең досына көмектесіп, Мансұрдың отбасында 

140
бес бала болыпты, оның қызына ақша салып тұрыпты. 
Осының бәрін жасы сексеннің сеңгіріне тақап қалған халық 
суретшісі тебірене еске алады...
Өнер тақырыбына өзгеше ықыласты менің бір қаламгер 
әріптесім Гүлфайрус апайдың шақыруымен жеке 
шеберханасына кіріп барғанда, маңдай тұсқа қойылған, 
суретшінің автопортретіне  қарап ұзақ тұрып қалса керек. 
Оның себебін: «Көз алдымда көздері боталап Ботагөз 
тұр!» – деп түсіндіргені бар. Мына  кинокадрден алынған 
фотосуретке  қарап отырып та   өмірдегі, өнердегі, романдағы, 
кинодағы   Ботагөздің образы нақ Гүлфайрус бейнесімен 
астасып, тұтасып, ажырамастай бірлік пен үйлесім тауып 
кеткен екен-ау деген ойға қаласыз.
2008 ж.
КЕНЕКЕҢ МЕН СӘБЕҢ
 НЕМЕСЕ ҰРПАҚҚҚА  ҰЛАҒАТ ДОСТЫҚ БАЯНЫ
Қолына домбыра ұстап, ауыл-үй арасында жыр-
қиссаларды жатқа соғып, халық әндерін де қоңырлата 
орындап кәдімгі Сәбең  бозбала шағында «жыршы 
бала» атанғанын «Өмір мектебі» романынан оқығанбыз. 
Жазушының мемуарлық романында Арқаның ән мектебі, 
қазақ әнінің бағын аспандатқан дүлділ әншілер Біржан 
сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, т.б. туралы 
жарқын беттер бар. 
Ал, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» атты аңыз 
романы  қазақ қауымына жақсы таныс, тіпті, көп тілге 
аударылған, көп елге таралған шығарма. Кітабының 
бір данасын 1963 жылы сонау Кубаға, Фидель Кастроға 
сәлемхатпен қоса жолдап, Сәбең одан  қолтаңбасы бар 
фотосуретін, кітабыңызды алдым деген жауап хатын 
да алған. Бұл роман соңғы рет Қытайдағы «Шыңжаң» 
баспасынан 2000 жылы төте жазумен қайта жарық көрді. 
Осы орайда, Сәбит Мұқановтың Үкілі Ыбырайды алғаш 
зерттеп, көлемді мақала жазып, ел арасында ұмытылып 
бара жатқан есімін жаңғыртуға, жұрт жадында сақталған 
әндерін жинастыруға мұрындық болғанын да айта кеткен 

141
жөн. Қазақ әнін аспанға көтерген Күләштің Мәскеудегі 
мәртебелі, жұлдызды сәттері туралы да тебірене жазды. Роза 
Бағлановаға арнаған өлеңі бар. Яғни, ән мен әнші тақырыбы 
жазушының  шығармашылық жолында үнемі жалғасын 
тауып, сабақтасып, жаңа қырларын ашып отырған. Ол 
бұл тақырыпқа ойысқанда халықтың қалың ортасында өзі 
ұшырастырған, жолықтырған, таныған таланттар туралы 
әңгіме қозғайды. Солардың бірі – Алатаудан ән асырған, 
күміс көмей, жез таңдай әнші, ақын Кенекең – Кенен 
Әзірбаев еді.
Сәбит Мұқанов өзінің «Алатау төңірегінде» атты көлемді, 
көркем очеркінде былай деп жазады: «Алматыдан шыға, 
Алатауды жиектей батысқа қарай тартатын тас жолмен 
жүрген машина, Шуға бару үшін, темір жолды Отар 
станциясынан кесіп өту керек. Отар мені өзіне асықтыра 
тартады да, өйткені, онда менің ең жақын досымның бірі, 
атақты  халық ақыны Кенен Әзірбаев тұрады. 1884 жылы 
туған Кенен ағай, қоңыр үлкен көзді, сопақтау ұзын 
бетті, қоңқақ зор мұрынды, қалың ақ мұртты, дөңгелек 
ақ сақалды, жауырыны бәлкім қушықтау биік денелі өте 
көркем және сымбатты адам. Бірақ, оның кескіні ғана 
сымбатты емес, мінезі де өте сұлу. Жасынан халықты көп 
аралап, сыпайылық сәндерін бойына түгел сіңірген ол, әр 
кезде дос-жаранын жарқын жүзбен қарсы алады... Жылы 
қас-қабақпен қарсы алған адамына, оның ерекше тартатын 
сыйы  –   әндері.  Көркем қоңыр дауысты ол, есін білгелі 
ондап емес, жүздеп жинаған халық әндерін айтумен ғана 
қанағаттанбай, өз жанынан да жетпіс-сексен ән шығарып, 
халыққа ол әндері сүйкімді түрде тарап кеткен адам. 
Оның репертуарындағы бұл әндер, бір емес, бірнеше күн 
тыңдауға жетеді және орындалуы көркем болғандықтан, 
қанша тыңдасаң да жалықпайсың, бір тыңдаған әніңді қайта 
тыңдауға құмартасың, өйткені, Кенен әрбір әнді шыққан 
тарихымен айтады, ол тарихтардың әрқайсысы да бір қызық 
пьеса» (С.Мұқанов, Саяхаттар. Алматы, 1954-153 б.).
Мөлшері, бес-алты жас шамасындамын. 1960 
жылдардың бас кезі. Ақсуаттан Семейге апаратын күре 
жолдың бойындағы Сұлутал кеңшарына  жақын қыстауға 
көшіп келдік. Аз үйлі шағын ауыл. Кешкілік астық-жем 

142
сақтайтын қойма-баздың кіреберісінде Семейден келген 
бір әнші концерт қойды. «Базарым-ай, Назарым-ай...» деп 
боздатқанда жыламаған жан жоқ шығар. Ғажап дауыс. 
Ерен әнші. Жас жігіт. Ержеткен соң білдік қой... Ән  Кенен 
Әзірбаевтікі екен. Орындаған әнші – кейін Қазақстанның 
халық артисі  Мәдениет Ешекеев. Кенен десе, менің көз 
алдыма сол бір сурет келе қалады. Оның әрбір әндері 
тауларды, көлдерді асып, алыстағы ауылдарға, бүйірдегі 
бөлімшелерге солай тараған. Радио өз алдына. Өзін көрмесе 
де шалғайдағы ән сүйер қауым Кенен әндерімен еркін 
сусындады...
Елуінші жылдардың орта тұсында Отарда тұратын Кенен 
қатты сырқаттанып, отбасының күйі қашып, жағдайлары 
төмендеп кетеді. Бұл хабар сол тұста Қазақстан Жазушылар 
одағын басқарып отырған Сәбит Мұқановтың да құлағына 
шалынады. Сәбең қашанғы қамқор құшағын Кененге 
кеңінен жайып, көмек қолын созады. Бұл, тіпті, Кенекеңмен 
Сәбең арасындағы ерекше сыйластықтың, бауыр көңілдің 
белгісіндей еді. Бұл бауыр көңілдің түкпірінде қазақ 
өнерін құрметтеу, қазақ әншісінің тағдырына алаңдау, 
оған үкіметтің жәрдем жасауына дәнекер болу, шын 
жанашырлық, шын ықыласты қамқорлық көрініп тұр. 
Сол бір сыйлас күндерді Сәбеңнің сүйікті жары Мәриям 
апай былай деп еске алады: «Жамбыл атамыздан бастап, 
Кенен, Шашубай, Нұрмолда, Иса, т.б. ақындарды көзіміз 
көрді, жырларын тамсана тыңдадық. Кенекеңмен жақын 
араластық. Жарықтық, қыздай сызылған сыпайы адам 
еді. Өте мәдениетті кісі. Аузы таза болатын. Құлаққа 
жағымды қоңыр даусымен таң атқанша ән айтудан 
жалықпайтын. Кенекеңнің сазды, майда әндерін ұнатушы 
ем. Тойларда қолына домбыра ұстап әншілер шыға қалса, 
Кенен атамыздың әндерін айтпас па екен деп, дәмеленіп 
отыратынмын. 
Елуінші жылдардың іші. Сәбит – Одақта бастық, 
«Кенекең ауру, төсек тартып жатып қалыпты» деген хабар 
алған соң, олар Отарда тұратын, Сәбит мені мәшинеге 
отырғызып алып, сәлем-сауқатымызды қоржынға салып, 
жөнелдік. Халдері шынында да нашар екен. Өзі де, әйелі де 
ауру. Іздеп келгенімізге риза болып, қуанып қалды. «Ата 

143
мекенім – Қордай. Сол жерден қоныс тебуіме көмек ет», – 
деді Сәбитке. «Алдымен емдету керек. Қордайға үй салу 
жұмысымен өзім жүгіремін», –  деді Сәбит». 
Сол жолы Сәбең Кенекеңді әйелімен Алматыға алып 
келіп, Министрлер Кеңесінің ауруханасына орналастырады. 
Дәрігерлермен де өзі сөйлесіп, қатты қадағалап, тапсырып 
кетеді. Біраз уақыт жатып емделіп, сауығып шыққан 
соң да хал-жағдайларын біліп тұрған. Ем-дом алып 
болғаннан кейін, Кенекең мен әйелі Насиханы, таудағы 
санаторийге екі жолдама тауып, өзі апарып орналастырады. 
Мұражай кешенінің қорында сақталған мына бір хат сол 
жанашырлықтың жайынан сыр тарқатады:            «Қазақ ССР 
Министрлер Советінің Председателі Д.А.Қонаев жолдасқа
Біздің замандасымыз Кенен Әзірбаев қазақ халық 
творчествосының аса көрнекті өкілдерінің бірі екенін Сіз 
бен біз жақсы білеміз, қазір ол Жамбыл облысы Красногор 
ауданындағы Отар станциясында тұрады. 
Жақында мен оның үйінде болдым және оның өте ауыр 
тұрмыс-жағдайын өз көзіммен көрдім: біріншіден, ол 
қартайған әрі ауру, еңбекке жарамсыз, екіншіден, оның 
отбасында жұмыс істейтін жан жоқ: шешесі – кәрі, әйелі – 
ауру, балалары – кішкентай (олар төртеу), үшіншіден, 300 
сом зейнетақыдан басқа ешқандай табыс көзі жоқ, мал жоқ. 
Осылайша, еңбекке жарамсыз бұл үлкен отбасы 
жартылай аш жағдайда өмір сүруде.
Әзірбаев ақыл-есі ауысқан ауруға ұшырапты деген 
сөз шыққан. Бұл – бос далбаса. Оның ақыл-есі сау, бірақ 
қатты ауырады: жүрегі әлсіз, аяқтары  ревматизмнен 
зардап шегеді. Халқымыздың осынау ғажап ақынына әрі 
композиторына көмек қажет. Менің ұсыныстарым мынадай:
1) Қазмемәдеббаспасынан 1955 жылдың жоспарымен 
оның таңдамалы әндер мен поэмаларының бір томдығын 
шығару.
2) К.Әзірбаевтың  композитор Ерзакович баспаға 
дайындаған нотасы мәтінімен басылған  әндерінің бір 
томдығын 1955 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы 
баспасынан  жүйелі түрде шығару.
3) Халық өнерінің аса көрнекті өкілі екендігін ескеріп, 
айлық зейнетақысын 600 сомға дейін көбейту.

144
 4) Алматы қаласынан тұрақты тұруға  баспана бөлу.
 5) Мемлекет есебінен шипажайға, емделуге жіберу.
6) Биыл, яғни 1955 жылы, оның туғанына 70 жыл, 
шығармашылық қызметіне 50 жыл толады. Бұл мерейтойын 
атап өту және жоғарыда аталған  іс-шараларды мерейтоймен  
орайластыру.
7) Бүкіл Совет Одағына тараған, халық сүйіп қабылдаған  
ондаған әндердің  авторы ретінде оған Халық композиторы 
атағын беру.
Барлық осы мәселелер бойынша Қазақ ССР Министрлер 
Советінің арнайы қаулысы қабылдануы қажет.
Қазақ  ССР  Жоғарғы  Советінің  депутаты    С.МҰҚАНОВ.                         
18 сәуір 1955 жыл. Алматы қаласы».  
Кенекеңнің өтініші бойынша Қордайдан үй салдыруға 
Сәбең көп көмек көрсеткен. Үй біткен соң, ұлан-асыр той 
жасалып, ақын атамыз бала-шағасымен жаңа үйге кіріпті.
«Сәбиттің 60 жылдық тойына келген барлық қонақтарды 
атамыз өз үйіне шақырып, үлкен мереке ұйымдастырды» – 
деп еске алады Мәриям апай.
Жазушының жары айтқан осы әңгімені Бақытжан 
Кененұлы да әр қырынан келіп толықтырады: «1956 
жылдың күзі болатын. Біздің үйге Сәбит Мұқанов бастаған 
бір топ ақын-жазушылар келді. Бұл Сәбеңнің бірінші келуі 
емес. Әкем науқас болғалы қасына Мәриям апайды, кейде 
балаларын ертіп бірнеше рет келіп кеткен. Сәбит аға келген 
сайын біздің үйде кішігірім той болады. Әшейінде көп бас 
сұға бермейтін көрші-қолаңдар, ауылдың ақсақалдары, 
темір жолдың басшылары да келеді. ...Сол жолы әкемнің 
жаңадан басып шығарылған шағын ғана өлең кітабын 
ала келіпті. Мұқабасы теңіздің түсіндей көгілдір кітапты 
Сәбит аға қолына алып, жұрттың бәріне көрсетіп сүйінші 
сұрады. – Кенекем, ауырған жоқ, аунап түскені ғой. Алда 
көретін талай қызығы бар. Кенекемнің ән-жырын ел-жұрты 
шөліркей күтіп отыр, – деді. Әрі жұбатып, әрі қайрат бере 
айтқан жазушының сөзіне әкем кәдімгідей босап қалды. 
Еті қашып, сүйріктей болған салалы саусақтарымен аяулы 
Сәбитін құшақтап: «Разымын, Сәбит!» дегені әлі есімде.
...Бір жолы үйге екі-үш адам келді. Құрылыс мамандары 
екен. Құлаштай-құлаштай қағаздарын  жайып  әлденені 

145
түсіндіріп жатыр. «Бұл болашақта Кенекеңе салынатын 
үйдің жобасы. Үкімет арнайы ақша бөліпті. Бір жылда 
салып береміз» дейді әлгілер. Бұдан артық қуаныш бола 
ма?! Шешем қуанғаннан көзіне жас алып: «... Айналайын, 
Сәбиттің тірлігі ғой бұл!» дейді...
...1958 жылдың көктемінде біз осы ауылға көшіп бардық 
(Қордайға. Қазір «Кенен ауылы» деп аталады. Ә.Қ.). Ол 
кездің өлшемінде алты-жеті бөлмесі бар ақшаңқан үйдің хан 
сарайындай көрінері Һақ. Біздің қуанышымызда шек жоқ. 
Осында көшіп келген соң әкемнің де көңілі көтеріліп, басқа 
бір күйге енгендей болады...» (Б.Кененұлы. Әке рухымен 
сырласу. – Астана: Елорда, 2004. – 197-201 б.б.)
Иә, сөйтіп, Кенекең дүр сілкініп, сырқатынан айығып, 
домбырасын қайтадан қолына алады: «Үкімет еңбегімді 
бағалады, // Үй салдырды Қордайдан шағалалы. // Көшіп 
келіп Отардан кіргеннен соң, //  Денсаулықтың нышаны 
жағалады» дейтіні сол тұс. Сол жылы Кенекеңді алып 
Сәбеңдер Қызылжарды бір айдан аса уақыт аралайды. Бұл 
жөнінде «Сарыарқаға саяхат» атты өлеңінде (К.Әзірбаев. 
Таңдамалы шығармалар. –Алматы: Жазушы. 1974, – 114 б.) 
ақын мол мағлұмат береді.
Алпысыншы жылдардың бас кезі болса керек, қалада ұн 
тапшы, нан жоқ. Әсіресе көпбалалы отбасылары, келімді-
кетімді қонақтары бар үй иелері қатты қиналады. Сол бір 
тұста, әдеттегідей, Сәбең қасына жұбайы Мәриямды алып, 
Қордайға, Кенеңкеңнің үйіне барып қалады. Қоңыр күзде 
егінді жинап алған колхозшылар еңбекақыға алған  бидайды 
диірменге тарттырып, ұн қаптап алып жатқан кез. Бір 
қап ұнды Кенекең Сәбеңнің мәшинесіне қояр да қоймай, 
қарсылығына қарамай, салып береді. Алмаса, ренжитінін 
айтады. Бірақ, жолда тексерушілер көп. Қалаға кіре берісте 
милиция тоқтатады. Мәшиненің ішін қараса, бітті, бір қап 
ұн көзге түседі. «Кім берді? Қайдан алдың?» десе, әңгіме 
көбеймек. Содан, сасқалақтаған Сәбең милицияға өзі жетіп 
барып: «Айналайын, әйелім екіқабат еді, қатты толғақ 
қысып, босанайын деп келе жатыр, бізді ұстама, аялдатпа!» 
деп шыр-пыр болыпты. «Сөйтіп, бір қап ұн үшін Сәбитке 
өтірік айтқызып, қара терге түсірген едім-ау!» деп күледі 
Мәриям апай бұл күнде. 

146
1969 жылы  Кенен Әзірбаевтың 75 жасқа толуы Қордай 
өңірінде ұлан-асыр той болып өтеді. Оған республикадан тыс 
жерлерден де қонақтар шақырылады. Тойды Сәбит Мұқанов 
басқарып, халық ақынының, әншісінің мерейін көтеруге 
көп үлес қосады. Осы тойдан алған әсерлерін Бақытжан 
Кененұлы өзінің жоғарыда аталған кітабында қызықтыра 
баяндайды: « Менің есімде қалғаны, халқымыздың біртуар 
ұлы, атақты  композитор, академик Ахмет Жұбанов 
сыйлаған қызыл қоңыр түсті домбыра. Беткі жақтаулары 
түгелдей мүйізбен көмкерілген, мойыны қынадай қызғылт 
домбыраның үні де ерекше екен. Әкем өзінің осы мерекеге 
арнап шығарған «Жетпіс бес» деген әнін тұңғыш рет осы 
домбырамен орындаған еді. «Сайра тілім, шырқа үнім, 
сайрамасқа қоймайды ардақты елім!» деп құйқылжыта 
шырқады...
Көптен күткен мерейтойы аяқталар сәтте бүкіл ауылдың, 
жиналған ағайын-жұрттың алдында көңілі толқыған ақын 
Сәбитке қаратып бірер шумақ өлеңін айтты. Иығына шапан 
жауып, басына құндыз бөрік кигізді. 
– «Дос адамның белгісі қарлығаштай, қас адамның белгісі 
қара тастай» деген. Сенің ақ пейіліңе менің отбасым ғана 
емес, бүкіл ел-жұртым риза. Бүгінгі той мен өткерген жетпіс 
бес жыл ғұмырымның ең шуақты сәті, түйіні болды. Басыңа 
бақ қонсын, балаларыңның қызығын көр, Сәбит! – деді. 
 
Қарапайым ғана айтылған осы сөздерден ақынның Сәбитке 
деген риясыз көңілі, жүрек тебіренісі айқын сезіліп тұрды. 
Артынша, Қарақалпақтан өзіне сыйға әкелінген ер-тұрманы 
түгелдей күміспен апталған сүліктей сәйгүлікті жетектеп 
әкеп Сәбиттің алдына көлденең тартты». 
Қос арғымаққа мінген Кенекең мен Сәбеңнің осы тойда 
түскен бір әдемі фото-суреті сақталған. Бәлкім, дәл жаңағы, 
Бақытжан Кененұлы суреттеген сәт болуы да мүмкін. 
Сәбеңнің астындағы арғымақтың күмістелген ер-тұрманы, 
өмілдірігі, жүгені көзге айқын шалынады. Ағалы-інілі 
екеуінің көңіл жарастығы, сыйластығы, бауырмалдығы 
үзеңгі қағыстыра қатар тұра қалған салт атты жолаушылар 
кейпінде де көзге ыстық көрінеді.
Кенен Әзірбаевтың Сәбеңе үш рет өлең арнауының өзі көп 
жайтты аңғартады емес пе. Алғаш  рет Сәбеңнің 60 жылдық 

147
тойында «Ініме»,  одан соң «Сәбитке» және 1973 жылы «Қош, 
Сәбит!» деген  өлеңдері бар. «Сәбитке» деген өлеңін тұтас 
келтіруді жөн көрдік. Кенекең өзінің Сәбеңе деген көл-көсір 
ықылас-пейілін осы  өлеңге сыйдырған тәрізді:

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет