Әділғазы Қайырбеков



Pdf көрінісі
бет1/14
Дата26.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#2759
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ
ТҰЛҒАЛАР 
ТАҒЫЛЫМЫ
Эсселер, ғылыми-зерттеу мақалалар,
 ой-толғам, сыр-сұхбат
 
Алматы 
2014

УДК 821. 512. 122-0
ББК 83.3 (5 Қаз)
Қ 23
Қазақстан Республикасы Мәдениет  министрлігі «Әдебиеттің 
әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы 
бойынша жарық көрді.
         
ҚАЙЫРБЕКОВ Ә.
ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ
: Сәбит пен Ғабит. 
Эсселер, ғылыми-зерттеу, мақалалар, ой-толғам, сыр-
сұхбат/Ә. Қайырбеков.  – Алматы: Айғаным, 2014. – 
286 б. 
     
 
ISBN 978-601-03-0231-0
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, фило-
логия ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің 
«Тұлғалар тағылымы» атты кітабына оның көп жылдар бойы 
Алматыдағы «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің Мемлекеттік 
әдеби-мемориалдық музей кешенінде» қызмет істей жүріп жазған, 
қазақ әдебиетінің алыптарының өмірі мен шығармашылығы, 
әдеби мұралары, құнды жәдігерліктері, т.б. туралы ғылыми-
зерттеу мақалалары, эсселері, ой-толғамдары, сыр-сұхбаттары 
топтастырылған. Ұлттық әдебиетіміздің тарихында өшпейтін із 
қалдырған, халықтың жүрегінен берік орын тапқан қос қаламгердің 
қоғамдық-әлеуметтік, жазушылық-азаматтық тұлғалары жан-
жақты ашылады. Олардың соңдарында қалдырған мұраларының 
көркемдік, тағылымдық, өнегелік сипаттары сараланады.
Кітап әдебиет әлеміне ынтызар, көркем туынды табиғатына, 
қаламгерлердің өскен ортасы мен өмірдегі тыныс-тіршілігін 
білмекке құмар қалың оқырман қауымға, ұстаздар мен шәкірттерге 
арналған.
УДК 821. 512. 122-0
ББК 83.3 (5 Қаз)
ISBN 978-601-03-0231-0
© «Айғаным», 2014
 Қ 23

3
 
МУЗЕЙДЕГІ МӘҢГІЛІК 
МЕЗЕТТІҢ МӘНІ
Әдебиет пен мәдениеттің, өнер мен ғылымның белгілі 
қайраткерлеріне музей ашу – біздің республикамыздың 
мәдени-әлеуметтік өмірінде орныққан дәстүрге айналды. 
Атын атап, түсін түстеп, санамалап жатпай-ақ қояйық, 
музейлердің қарасы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 
онжылдықта біршама өсті. Мұның сыры неде? Әрине, 
экономикалық дағдарыстар, жұмыссыздық, мәдени 
ошақтардың басына бұлт үйірілуі – мұның бәрі де 
нарықты экономиканы нақты даму жолы ретінде таңдаған 
елдердің әуелде тұмсық соққан тығырықты өткелдері 
екені анық. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы 
жылдарда қаншама қиындықпен ашылған ауылдағы 
қазақ мектептері қайта жабылып, кітапханалар, мәдениет 
үйлері мен клубтар жұмысын тоқтатып жатқан кездерде 
экономикалық дағдарыстар енді рухани дағдарыстарға 
ұшырататын болды ғой деп уайым шеккенбіз. Мәдениет 
ошақтарының басындағы мүшкіл хал музейлерді де 
айналып өтпеген. Театрлар мен музейлер көрермендері 
мен келушілерінің қатарын күрт сиретіп, қалт-құлт күй 
кешті. Дегенмен, музейлер мүлде жабылып қалмады. 
Қайта ұлттық сананың, тарихи жадымыздың оянуы, тірілуі 
өткенімізге, ата-бабаларымыздың азаттық пен тәуелсіздікке 
жету жолындағы арпалысты күресіне қайта үңілуге, 
тарихымыздағы ақтаңдақтар мен қаратаңдақтарды танып-
білуге, жекелеген тарихи тұлғалардың, ұлттың рухани 
ұстаздарының өмір жолын, шығармашылық мұраларын 
қайта зерделеуге жетеледі.
Әсіресе, “әдеби-мемориалдық музейлердің нарықты 
экономикаға қадам басқан мемлекет үшін қадір-қасиеті 
қаншалықты?” дейтін сауал күн тәртібіне арнайы қойылмаса 
да, бүйірден қадалған шаншудай, талай адамдардың 
ұйқысын қашырғаны анық. “Музейлер мемлекет 
қамқорлығында болуы керек” дейтін тұжырымдама, 

4
меніңше, ең алдымен осы әдеби-мемориалдық музейлерді 
сақтап қалу үшін қажет. Әдеби-мемориалдық музейлердің 
(музей-үйлердің) бір ерекшелігі – көбісі қалалардағы 
көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан. Ағыл-тегіл келіп 
жатқан адамдар аз. Оқушылар, студенттер, туристер 
болмаса, бірен-саран келімді-кетімді кісілер аяғы сиреген. 
Күнкөрістің қиындығы, тұрмыстағы тапшылықтар жұрттың 
назарын бәрінен бұрын базарға қарай бұрып әкетті. Бірақ, 
бұған қарап, уайым шегудің жөні жоқ. Екі қолға бір жұмыс 
табылып, тұрмыс оңалып, қарын тоғайған соң жұрт рухани 
байлықтарды қайта іздей бастайды. Ал музейлер мен 
мектептердің мақсат, мұраттары ортақ. Ең алдымен жас 
ұрпақ тәрбиесіне ықпал жасайды. Білім өрісін кеңейтеді. 
Бұған немқұрайды қарауға бола ма? Мәселен, Америка 
музейлер ассоциациясы (1906 жылы құрылған) бұдан 
біраз жылдар бұрын “Жаңа жүзжылдықтағы музейлер” 
комиссиясын құрып, музейлердің ортақ проблемаларын 
зерттеп, қорытынды баяндамада музейлердің тәрбиелік 
роліне айрықша мән берген. (“Мир музея”, № 1, 1993). Иә, 
музейлер – тәрбие мектебі.
Әдетте, музей экспозициясымен мұқият танысып, әрбір 
экспонатқа байыппен үңіле қараған адам бірте-бірте бүгінгі 
күннен алыстап, өткен күндерге сапар шегіп, белгілі бір 
уақыт кезеңінің уысына түскенін бағамдар еді. Бұл әдеби-
мемориалдық музейлерге қатысты ой қозғағанда айрықша 
мән беретін мәселе. Музейдегі мұралардан мәңгілік мезеттің 
мәнін іздеу дегеніміз де осы. Музейде әлдебір сыртқары 
күштің ықпалына түсетініңізді сезінудің сыры – кеше 
мен келешекті жалғастырар көпірдің үстінде дәл бүгінгі 
тіршілік күйбеңінен алыстап, ағымдағы алқын-жұлқын 
таусылмайтын жұмыстарды ұмытып, өтіп кеткен заманның 
тірі куәлерімен тілдескендей күй кешуіңіз.     
Музейлерден тоқтап тұрған сағаттарды талай көрдік. 
Қабырға сағаты ма, қол сағаты ма – мейлі, бәрібір, әйтеуір 
бір жылы, бір күні тоқтаған. Кейбірі сол музейдің иесінің 
жүрегінің тоқтаған сәтін көрсетіп тұруы да мүмкін. Тек 
сағат емес, сол музейдегі әрбір зат, әрбір экспонат осындай 
бір уақыт бөлшегінде қозғалыссыз, қимылсыз тұрып 
қалғандай әсер қалдырады. Ал осы қимыл-қозғалыссыз 

5
қалған заттарға тіл бітіру, тарих мінбесінен сөйлету, 
шежіре шерткізу, бұл экспонаттарды бүлінуден, қолды 
болудан қорғау, сақтау, келер ұрпақ тәрбиесіне қызмет 
еткізу – оңай шаруа емес. Музей қызметкерлері әрбір 
экспонатқа жәй бір көненің көзі, ескінің ескерткіш-
белгісі деп қана қарамай, оның өне-бойындағы құпияға 
қанығып, тылсымды түсініп, тереңнен сыр тарта алса ғана 
мақсат орындалмақ. Қазір есіме түсіп отыр, бір жерден 
оқығанмын, “мемориалдық музей” деген сөз – “аялда, 
қасқағым сәт!” деген сөз. Қысқа айтылса да нұсқа айтылған. 
Ал енді осы қас қағым сәтті аялдату және оны мәңгілік 
мезеттің мән-мағынасын білдіретін сәтке айналдырып 
ұстап тұру – сол музейдің ғылыми қызметкерлерінің, 
музейдің экспозициясын жасаушылардың, музей қорын 
қалыптастырушылардың, сақтаушылардың, келушілерді 
музеймен таныстырушылардың – баршамыздың  міндетіміз.
Музейдің мәдени, ғылыми, ағарту мекемесі ретіндегі 
қызметі де әлгі “қас қағым сәтті” қаншалықты сәтімен 
аялдатып, ұстап тұра алғандығына байланысты. Кеше ғана 
ғасыр ауысты, мыңжылдықтар шекарасынан өттік, оны 
айтасыз, заман өзгерді, қоғам өзгерді. Ой-санамызда күрделі 
сілкіністер өтті, ұлттық мәдениетіміздің құндылықтарына 
көзқарастар өзгерді. Жоғарыда айтқанымыздай, 
ұлттық тәрбие құралының бірі болып саналатын әдеби-
мемориалдық музейлеріміздің де экспозициялары 
жаңартылып, экспонаттары бұрын ішке бүгіп келген тың 
мазмұндарын аша бастады. 
Мәселен, 2000 жылы қазақ әдебиетінің классигі, 
академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл 
толуы ЮНЕСКО шешіміне енгізіліп, Республика Үкіметінің 
қаулысымен жоғары деңгейде аталып өтті. Қызылжарда 
облыстық қазақ драма театры ашылып, Сәбит ауылында 
қазақ орта мектебі бой көтеріп, екеуіне де С.Мұқанов 
есімі берілді. Алматыдағы С.Мұқанов көшесінің Төле би 
көшесімен қиылысқан тұсындағы алаңқайда халқы сүйген 
жазушыға ескерткіш-бюст орнатылды. Сондай-ақ, Алматы 
қаласындағы М.Төлебаев көшесіндегі С.Мұқановтың 
1978 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан әдеби-
мемориалдық музей-үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, 

6
экспозициясы жаңартылды. Біздің назар аудартқымыз 
келгені – осы музей-үйдің экспозициясы жаңартылуына 
байланысты ой-түйіндер.
С.Мұқанов – ХХ ғасырдың түйдей құрдасы, кеңестік 
дәуірдің де қызық-шыжығын бір кісідей-ақ бастан өткерген, 
большевиктік сенімімен ғұмыр кешкен жазушы. Музейдің 
бұрынғы экспозициясы “Советтік сөзге қаламы көрмеген 
әсте мұқалып, мұны жазған адамы – кәдімгі Сәбит Мұқанов” 
деп өзі айқындап берген бағытта әңгіме шертетін. Енді 
жаңарған музей экспозициясы “Жол таптым бар қазақтың 
жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне” деп тағы да Сәбеңнің 
өзі айтқандай, халық өмірінің қалтқысыз шежіресін 
жазған, шын мәніндегі халық жазушысының өмірі мен 
шығармашылық жолынан мол мағлұмат береді. 
Кеңестік дәуірді, тоталитарлық режимді бастан кешкені 
үшін қазақ халқы кінәлі емес. Ондай қоғамда 70 жылдан аса 
уақыт өмір сүрген жалғыз қазақ елі ғана емес. Ендеше халық 
ұлдарының, ұлт перзенттерінің кеңестік дәуірдегі өлшеусіз 
қызметтері мен өтеусіз еңбектеріне уақыт пен тарих әділ 
бағасын беруге тиіс еді. Халық Алаш ардақтылары деп 
Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрімдерді ақтап 
алып, тарихи әділетке тізгін ұстаумен қатар, Сәкен, Ілияс, 
Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит есімдеріне қылау түсірген 
жоқ. Міне, мерейтой тұсында Сәбит Мұқановтың әдеби-
мемориалдық музей-үйі жаңа тыныс ашып, ғасырлар 
тоғысында лайықты бағасын алып, келешек ұрпақ 
тәрбиесіне қосар үлесі барын дәлелдеп шықты. 
Келер жылы тағы бір ірі тұлғамыз, қазақ әдебиетінің 
классигі, Еңбек Ері, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің 
100 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Ғ.Мүсіреповтің 
музей-үйі де жоғарыдағы принцип бойынша жаңартылып
экспозициясы қайта құрылмақ.
Яғни, музейдегі мәңгілік мезеттің мәні – қоғамның, 
уақыттың, тарихтың тезіне шыдайтын өміршең мазмұнында 
болса керек.
Әлемдегі ең ірі Британ музейін қазір жыл сайын 6 
миллионға жуық адам аралап көреді екен. Мұнда үлкен 
кітапхана, оқу залы болған. К.Маркс өзінің атақты 
“Капиталын” осы музейдің оқу залында отырып жазған. 

7
Сол Британ музейі де жаңарып, жасаруда. Бір кезде Берлин 
Рейхстагына реставрация жасаған сәулетші Норман 
Фостер Британ музейін қайта жөндеуден өткізудің жобасын 
жасапты. Енді бұрынғы оқу залы – компьютер орталығы 
болып өзгерген. (“Культура”, 1-7, 03, 2001). Мұны айтып 
отырған себебіміз: мәңгілік бір қалыпта тұратын ешнәрсе 
жоқ, бірақ музейдегі мәңгілік мезеттің мәні бар. 
2000 жылы желтоқсанда Ресей Федерациясының 
Мәдениет министрлігі Санкт-Петербург қаласында музей 
қызметкерлерінің өкілдік мәжілісін өткізген. Оған Ресейдің 
барлық аймақтарынан 500-ден аса музей қызметкерлері 
қатысқан. Биылғы жазда Ресей музейлер одағының құрылтай 
съезі өткізілмекші. Қазақстан музей қызметкерлеріне де 
осындай ортақ мүдде тұрғысында басқосу жасап, мәдени 
шаралар өткізудің жолдарын іздестірген артық болмас еді. 
Музейлерді тәрбие мектебіне айналдыруда көңіл бөлетін 
тұстар баршылық. Қазақстандағы музей ісінің дамуы 
кешегі кеңестік дәуірде де жақсы жолға қойылған болатын. 
Қазір де музейлеріміздің қоры ортайған жоқ. Қайта уақыт 
өткен сайын құнды мұралармен толыға түсуде. Ендеше, 
музейлердегі мәңгілік мезеттің мәнін терең ұғынайық. Жас 
ұрпақтың зерек зердесін, ұлттық таным-түйсігін оятуда 
музейдегі мұралар да елеусіз, ескерусіз қалмасын.
2001 ж. 
КӨЗГЕ ЫСТЫҚ, КӨҢІЛГЕ 
ЖАҚЫН
2002 жылы 22 наурызда – қазақ әдебиетінің классигі, 
халық жазушысы, академик, Еңбек Ері Ғабит Махмұтұлы 
Мүсіреповтің туғанына 100 жыл толмақ. Сөз зергерінің 
соңында қалған мұралары сақталған музей-үйі күрделі 
жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылуда. 1968-1985 
жылдары Ғ.Мүсірепов тұрған мекенжай – қазіргі Қарасай 
батыр көшесі, 49 үй, 25 пәтер – әлі де көзге ыстық, көңілге 
жақын. Алдындағы ағаларына “Алыптар тобы” деп баға 
берген Ғабең өзі де сол қазақ сөз өнеріндегі алыптардың 

8
санатынан табылған санаулы санаткер. 
Ғабеңнің музей-үйі екі бөлімнен тұрады: екі бөлме – 
мемориалдық, бір бөлме – әдеби. 4 мыңнан аса экспонаттар 
бар. Қалың қазақ қауымы Ғ.Мүсіреповті қара сөздің ұстасы, 
хас шебері деп біледі. “Қазақ солдаты”, “Оянған өлке”, 
“Ұлпан”, “Жат қолында” романдары, “Кездеспей кеткен 
бір бейне” поэмасы, көптеген әңгімелері, т.б. – оқырман 
жадында жатталып қалған шығармалар.
Музей экспозициясында Ғабең шығармашылығы мен 
өмір жолындағы жұлдызды сәттер, шабытты шақтар қос 
өрім тауып, құнды жәдігерлер сыр шертеді. Мәселен, 
тұңғыш қазақ операсы “Қыз Жібектің” 1000 – қойылымы 
республика мәдени өмірінде үлкен жаңалық болған еді. 
Либреттосын Ғ.Мүсірепов жазған. Қазақтың тұңғыш көркем 
фильмі “Амангелдінің” киносценарий авторларының бірі 
– Ғабит Мүсірепов. Екі сериялы, атақты “Қыз Жібек” 
фильмінің сценарийін жазған – Ѓ.Мүсірепов.
Ғабең өзі “Ақан Сері – Ақтоқты” классикалық 
трагедиясын бөлекше бағалаған. Міне, осылардың бәрін 
музей тілінде “сөйлету”, келуші көрермендер назарына 
ұсынып, талғам-таразысынан шығу оңай шаруа емес.
Сонымен қатар, Ғабеңнің қоғамдық қызметі, еліміздің 
қиын да қысталаң сәттерінде шырылдап жанын отқа салған 
тұстары (Бесеудің хаты, Бейімбетті қорғауы, Мирзоянға 
хаты, т.б.) да экспозиция желісіне алтын арқау болып 
тартылған. 
Ғабеңнің серілік салттары, аңшылық-саятшылық 
құмары, биллиардқа бүйрегінің бұрып тұратыны, т.б. бір 
бөлек әңгіме. 
Қысқасы, мерейтой қарсаңында Ғ.Мүсіреповтің 
мұражай-үйі толық жаңарып, өткен ғасырдың иықтан 
басқан идеологиялық шаң-тозаңдарын сілкіп тастап, 
жарқырап, тың мазмұн ашады. Академик З.Қабдоловтың 
сөзімен айтқанда: “…Мүсіреповпен мақтану керек!”.
2001 ж.

9
МУЗЕЙ ЭКСПОЗИЦИЯСЫН 
ӨЗГЕРТУДІҢ ӨЗЕКТІ 
МӘСЕЛЕЛЕРІ
Елімізде мемориалдық музейлер (мұражайлар) саны 
жыл өткен сайын өсе түскені байқалады. Бұлардың 
ішінде әдеби-мемориалдық музейлер де бар. Қазақстан 
тәуелсіздік алғаннан бергі он жылдың мұғдарында едәуір 
қиындықтар мен кедергілерден өтуге тура келді. Алдымен 
мәдени ошақтардың бірталайы нарық қыспағына шыдамай 
жабылып қалды. Ауылдағы мектептер, кітапханалар, 
мәдениет үйлері, клубтар бірінен соң бірінің есіктеріне 
құлып салынып, бірте-бірте халыққа қызмет көрсетуін 
мүлде тоқтатып жатқанда музейлердегі көне мұралар 
талан-таражға түспей, сақталып қалуы, шынында да, 
таңғаларлықтай еді. 
Музейлердегі мұралардың мұрты бұзылмай сақталып 
қалуында, музейлердің санының кемімей, қайта өсе 
түсуінде зарыға күткен тәуелсіздікпен бірге келген ұлттық 
сананың оянуымен сабақтас заңдылықтар бар. Ұлттық 
санамыз, тарихи санамыз бізді өткенімізге үңіліп, салт-
дәстүрімізді жаңғыртып, түп-тегімізді түгендеуге, барымыз 
бен жоғымызды, асылымыз бен жасығымызды саралауға 
ықпал жасады. 
Әдеби-мемориалдық музейлер де кешегі кеңестік дәуірде 
идеологиялық тәрбие құралдарының сенімді ошақтарының 
бірі болғаны даусыз. Республикамыздағы әдебиет пен 
өнерді сүйетін қауым жақсы білетін Семейдегі – Абай мен 
Достоевскийдің, Алматыдағы – Мұхтар, Сәбит, Ғабиттің, 
Талдықорғандағы – Ілиястың, Ақмоладағы – Сәкеннің, т.б. 
музейлері табалдырығынан аттағаннан-ақ қызыл жалауға 
бас игізіп, қызыл самал ескен терезесін айқара ашып, қызыл 
империяның мәртебесіне құлшылық жасауға қызмет етті. 
Бұл ретте музейлердің экспозициясына кеңестік-кедейлік 
идея сыналап кіргізіліп, жас ұрпақ санасына сыздықтап 
сәулесін түсіруі көзделетін.

10
Уақыт өзгерді. Заман алмасты. Қоғам жаңарды. Ғасырдан 
ғасырға, мыңжылдықтан мыңжылдыққа аттап өттік. Рухани, 
мәдени, әдеби мұраларымыз бен құндылықтарымызды 
да  елеп-екшеуге, алтыннан – жезді, алмастан – ақ тасты 
ажыратып, әр нәрсені өз атымен атауға мүмкіндік туды. 
Осы ретте, әдеби-мемориалдық музейлердің бұрынғы 
экспозициясын қайта құру, жаңарту, тың мазмұнмен 
экспонаттарды қайта “сөйлету” міндеті күн тәртібіне шұғыл 
қойылуға тиіс еді. Бұл орайда “көненің бәрі – ескі, ескінің 
бәрі – керексіз” дейтін солақай белсенділіктің бел алып 
кетпеуіне де абай болған жөн-тұғын.
Былтыр, 2000 жылы, қазақ әдебиетінің классигі, 
академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы 
ЮНЕСКО шешімімен жоғары деңгейде аталып өтті. Осы 
қарсаңда шын мәнінде елінің ыстық махаббатына ие болған 
халықтық жазушы Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың 22 
жылдан бері келушілерге есігі ашық тұрған Алматыдағы 
музей-үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы 
жаңартылды. Бұрын біз музейге келушілерге ХХ ғасырдың 
түйдей құрдасы, “батырақтан – академиктікке, жалшыдан 
– жолы кең жазушыға” (М.Әуезов) дейін көтерілген 
кеңестік дәуірдегі әдебиеттің көшбасшыларының бірі 
Сәбит Мұқановты қызыл саясаттың қызыл нары деп 
қызықтыра түсіндіретінбіз. Лев Толстойдың өзін “орыс 
революциясының айнасы” деп құлағымызға құйғаны кеше 
ғана емес пе еді. Ұлылардың ұлылығы – ұлы теңіздей 
тұңғиық, тылсым, жұмбақ. Ұлы теңіз маржандарын 
тереңіне де жасырады, жағалауға да шығарып тастайды. 
Ең қымбаты – жағалаудан оңай табылған маржандар емес, 
теңіз түбінде қалғандары шығар, бәлкім. С.Мұқановтың 
өмір жолы мен шығармашылығына арналған халықаралық 
ғылыми-теориялық конференциялар Алматыда, Астанада, 
Қызылжарда өткізілді. Жүздеген баяндамалар жасалды. 
Халқы сүйген қаламгердің шығармашылығы мен өмір 
жолына жан-жақты баға берілді. Музей экспозициясының 
арқауы, жүйесі, желісі – осындай ғылыми терең 
сараптаулардың жемісі болып түзілді. Жаңа экспозицияда 
бұрынғы экспонаттардың өзі жаңаша бағаланады. Жаңа 
мазмұн ашады. Тың түсінік қалыптастыруға қызмет 

11
етеді. Қалай? Мәселен, С.Мұқановтың ақын ретінде атын 
шығарған алғашқы кесек туындысы “Сұлушаш” поэмасы 
(1928 ж.) екені белгілі. Ал жазушы деп С.Мұқановты халық 
алғашқы романы “Адасқандар” (1931 ж.) арқылы таныды. 
“Адасқандар” кейіннен “Мөлдір махаббат” аталып, бұрынғы 
нұсқасына идеологиялық бояулар жағылып, жасанды 
өңдеу, түзетулер енгізілген болатын. Көне көздер “Шіркін, 
“Адасқандар” жақсы еді” деп тамсанғанына талай куә 
болдық. Енді, міне, араға 65 жыл салып “Адасқандардың” 
1935 жылғы нұсқасы сол қалпында “Елорда” баспасынан 
жарық көрді. Музей экспозициясында экспонаттардың 
осындай жаңа қырынан көрінуі, оның мазмұнын ғана 
байытып қоймайды, сонымен қатар жазушы шеберханасын 
аша түсуге көп көмегін тигізеді. 
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының 
ағартушылық бағытта атқарған жұмыстарының бір саласы 
– мектептерге, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар 
жазу болған. Ол оқулықтардың көбісі ізашар, тұңғыш оқу 
құралдары ретінде әлі күнге өзінің құндылығын жойған 
жоқ. Музей экспозициясына шығарған С.Мұқановтың 1932 
жылғы “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” атты зерттеу 
еңбегі туралы бұрын экскурсия жүргізуші тек қана атап 
өтетін. Еңбектің қазіргі, келер ұрпақ үшін құндылығы неде 
екендігі түсіндірілмейтін. 
Музей экспозициясын өзгерту барысында ғасыр басында 
қазақ қауымына аса елеулі ықпалы болған, тіпті Мұхтар, 
Сәбит, Ғабиттердің жазушылық жолға түсуіне, халқына 
қалам қайратымен қызмет етуіне үлгі-өнеге көрсеткен 
аяулы Алаш ардақтыларын айналып өтуге болмайтын еді. 
Міне, осы орайда, Сәбеңнің өзі көмекке келді. “ХХ ғасыр 
басындағы қазақ әдебиеті” атты еңбегінде ол мынадай 
аса құнды пікірлер жазып қалдырған: Ахмет туралы: “ 
…Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ 
тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ 
мектептерінің іргесін қалаған, алғашқы адам – Ахмет 
Байтұрсынов. Ахметтің бұл еңбегі бағаланбай қалмақ 
емес”,– деп; Мағжан туралы: “Ақындық жағынан келгенде 
Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. 
Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер 

12
енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл 
өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ”, – деп; 
Міржақып туралы: “Бақытсыз Жамал” – үлкен тарихи 
маңызы бар роман. Бұл роман арқылы Міржақып Дулатов 
қазақтың ескі феодалдық өмірге қарсылығын көрсетті, – 
деп; Жүсіпбек туралы: ...“Жүсіпбек Аймауытов – соңғы 
кезде шыққан күрделі еңбектері “Ақбілек” дейтін ұзақ 
романы мен “Күнікейдің жазығы” деген ұзақ әңгімесі. 
“Ақбілек” ерте кезде “Әйел теңдігі” журналында басылып 
жүрді. Бірақ түгел басылған жоқ. Өйткенмен, оның толығын 
мен Жүсіпбектің өзінен оқыған едім”, – деп, әрі жоғары 
баға береді, әрі шығармашылық ізденістеріне тілектестігін 
аңғартады. С.Мұқановтың кеңестік  дәуірде елеусіз, 
ескерусіз қалған жоғарыда аталған еңбегінен  алынған бұл 
үзінділер музей экспозициясында арнайы орын алып, Алаш 
ардақтыларының суреттерінің жанына алтын әріптермен 
ойып жазылды.
С.Мұқановтың музей-үйіндегі үш бөлме – әдеби бөлімге, 
үш бөлме – мемориалдық  бөлімге арналған. Мемориалдық 
бөлімдегі экспонаттар, жазушының өзі жинаған, қолы 
тиген, күнделікті тұтынған мүкәмал-мүліктері сол 
қалпында сақталған. Ал әдеби бөлімнің жаңа экспозициясы 
бұрынғы “советтік сөздің сардары” ретінде насихатталған 
С.Мұқановты шын мәнінде “жол тапқан бар қазақтың 
жүрегіне” халық жазушысы деңгейінде танып-білуімізге 
көмектеседі. 
Музей экспозициясын өзгерту бір күндік жұмыс 
емес. Қыруар еңбектерді ақтарып, қаламгердің бүкіл 
шығармашылық жолына, шеберханасына, ол туралы 
жазылған әдеби-ғылыми зерттеулерге қайта үңіліп, 
саралап, сараптауды қажет еткені сөзсіз. Сол деңгейден 
көріне алдық деп ойлаймыз.
Алдағы 2002 жылы қазақ әдебиетінің тағы бір классигі, 
халық жазушысы, Еңбек Ері, академик Ғабит Мүсіреповтің 
де 100 жылдығы ЮНЕСКО шешімімен аталып өтілетін 
болды. Мерейтойға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Біз 
бұл ретте де, Мәдениет комитетінің көмегімен, Ғабеңнің 1968-
1985 жылдары тұрған үйі, қазіргі музей кешенінің бір бөлімі 
– музей-үйін күрделі жөндеуден өткізіп, экспозициясын 

13
жаңартуды жоғарыдағыдай мақсатпен жүзеге асырдық. 
Қазақ операсының тұңғышы “Қыз Жібектің” (либреттосын 
жазған Ғ. Мүсірепов, 1934 ж.) 1000-шы қойылымы туралы 
сыр шертетін мүйістегі экспонаттар немесе қол боста 
биллиард ойнауды ұнататын Ғабеңнің кийі, яки мұнтаздай 
таза жазу столының үстіндегі ұшталған қарындаштар, т.б… 
– осының  осының бәрі жаңа экспозицияда жаңаша “тіл 
қатады”. Ең бастысы, музей экспозициясын өзгертудің өзекті 
мәселелері жаңа ұрпақтың, жас ұрпақтың жан дүниесімен 
үйлесер, үндесер нүктелерді табумен, танытумен тікелей 
байланысты.
2001 ж. 
СӘБИТ ПЕН ҒАБИТ:
ҚОС АРНА, ТЕЛ АҒЫС, 
 ЕГІЗ ӨРІМ
Қазақ өркениетінің даму тарихында 2000 және 2002 
жылдар ерекше атаулы даталар болып есте қалмақ. Бұл 
жылдарда Тәуелсіз Қазақ елі және  әдебиет пен өнерге 
жанашыр әлем жұртшылығы қазақ әдебиетінің классигі, 
халық жазушысы, академик Сәбит Мұқанов пен қазақ 
әдебиетінің классигі, халық жазушысы, академик, Еңбек Ері 
Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойларын атап өту 
арқылы ұлт мәртебесін биіктетіп, ұрпақ мерейін асырғаны 
даусыз. Екеуі де ЮНЕСКО-ның шешімімен – бір, Қазақстан 
Республикасы Үкіметінің Қаулысымен – екі, жоғары 
деңгейде ұлықталған мерейтойлар. 
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің кең құлаш, тегеурінді 
қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан Алыптар тобының 
бел ортасынан С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов те лайықты 
орын алған. Екеуінің де өмір жолдарында, шығармашылық 
сапарларында егіз-қатар үйлесім тауып отыратын тұстар 
жеткілікті. Екеуі де Орынбордағы рабфакта оқып, білім-
ғылым теңізіне қайық салады, екеуі де “Еңбекші қазақ” 
газетінде қалам ұштайды, екеуі де Қазақстан Жазушылар 
ұйымында ұзақ жылдар тізе қоса еңбек етеді, екеуі де осы 
ұйымда әр жылдарда кезек пе кезек басшылық қызметте 

14
болады. Екеуі де Солтүстік Қазақстан облысында туып-өсіп, 
Есілден ескен ерке самалды сағынумен ғұмыр кешкен. Енді 
Қызылжар өңіріндегі Сәбит аулы, Ғабит аулы дейтін екі 
елді мекен туған жер картасынан ойып тұрып орын алған. 
Екеуі де мыңжылдық құда. Сәбеңнің үлкен ұлы Арыстан 
мен Ғабеңнің тұңғыш қызы Энгелина отау тігіп, шаңырақ 
көтеріп, ұрпақ өрбіткен. Екеуі де бір-бірінің шығармашылық 
жетістіктеріне қызыға қарап, жоғары бағалап, тілекші 
болған.
“Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер 
өз алдына бір энциклопедия! Сәбиттің оң қолы ақ қағаздың 
бетінде миллиондаған километр сапар шекті. Қағаз бетіне 
Сәбит қаламынан түскен барлық әріптердің бүгіліс-
түйілістерін жазып жіберіп өлшесек, бүгін қозғалыс-
қимылсыз жатқан оң қолдың қағаз бетінде неше миллион 
километр із қалдырғанына таң қалар едің!
Бірақ, ол жай із бе? Жоқ, ол ойлар ізі, көркем сөз ізі, 
қадірлі халқымыз, сенің ойларың, сенің армандарың, сенің 
ерлігің!” деп тебіреніп-толғанған еді Ғабит Мүсірепов.
“Ғабиттің жазушылығының тұтас алғанда өзіне тән 
бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген 
тақырыпқа жармаспайды; екінші – бойына сіңірген 
тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан 
шығармаларының шикісі аз болады; үшінші – жазатын 
тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе, игерген 
тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші – шығармасына өте 
ұқыпты, сондықтан хал-қадірі жеткенше олпы-солпысыз 
шығарады; бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап, суреттеп 
отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; 
алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен 
сөйлеуге тырысады; жетінші – адам портретін жасауға, 
қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі” деп толғанып-
тебіренген еді Сәбит Мұқанов.
Сәбит Мұқановтың “Сұлушаш” поэмасы, “Адасқандар”, 
“Ботагөз”, “Сырдария”, “Теміртас”, “Есіл” романдары, 
“Өмір мектебі” роман-трилогиясы, “Балуан-Шолақ” 
повесі, аяқталмаған “Аққан жұлдыз” тетралогиясының екі 
кітабы, Абай, Шоқан туралы, ХVІІІ-ХІХ және ХХ ғасыр 
басындағы қазақ әдебиетінің тарихына, қазақ халқының 

15
этнографиясына қатысты зерттеулері, сондай-ақ, Ғабит 
Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, “Оянған өлке”, “Жат 
қолында”, “Ұлпан” романдары, “Кездеспей кеткен бір 
бейне” поэмасы, “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, 
“Ақан Сері – Ақтоқты” пьесалары, “Амангелді”, “Махаббат 
туралы дастан”, “Қыз Жібек” киносценарийлері, “Қыз 
Жібек” операсы мен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” балетінің 
либреттолары, көптеген әңгімелері – ХХ ғасырдағы қазақ 
әдебиеті мен өнерінің олжалы туындылары ғана емес, ХХІ 
ғасырдағы оқырмандардың да рухын оятуға қажет құнды 
мұраларымыз.
Алматыда С.Мұқановтың 1965-1973 жылдарда тұрған 
үйінде (М.Төлебаев көшесі, 125) әдеби-мемориалдық музейі 
1978 жылы, ал Ғ.Мүсіреповтің 1968-1985 жылдары тұрған 
үйінде (Қарасай батыр, 49) әдеби-мемориалдық музейі 1991 
жылы ашылған болатын. Қазақстан Республикасы өкіметінің 
Қаулысымен (№ 104, 1999 ж. 8 ақпан) бұл екеуі “әдеби 
музейлердің қаржылық және материалдық-техникалық 
базасын нығайту, олардың ғылыми-зерттеу және 
ғылыми-ағарту жұмысы саласындағы қызметін жақсарту 
мақсатында” әкімшілік-басқару жағынан біріктірілді.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-
мемориалдық музей кешені екі алыптың да мерейтойларына 
тыңғылықты дайындықпен келді. Екі музей де ҚР Мәдениет, 
ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет 
комитетінің қамқорлығымен күрделі жөндеуден өткізіліп, 
экспозициялары жаңартылып, тың мазмұн ашты. 
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО істері 
жөніндегі Ұлттық Комиссиясы Музей кешенінің өтінішін 
қанағаттандырып, Алматыда “С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов 
– қазақ әдебиетінің классиктері” атты халықаралық 
ғылыми-практикалық конференция өткізуге, академик-
жазушылардың кітаптарын, фото-альбом, конференция 
материалдарының жинағын шығаруға қол ұшын беруде.
Мерейтойлармен орайлас жарық көріп отырған Сәбит 
Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің “Өмірбаяндық өрнектері” 
де бірін-бірі толықтыратын қос арна, бірін-бірі байытатын 
тел ағыс, бірінен бірі ажырағысыз егіз өрім екені анық.
2002 ж.    

16
ҒАЖАЙЫП ҒАБЕҢ
Қазақ елі қай заманда да киелі сөздің иелеріне 
ерекше ілтипатпен қараған. Би-шешендерінің, ақын-
жырауларының, ойшыл ғалымдары мен жазушыларының 
мәртебесін биік санаған.
Міне, заман өзгерді, қоғам алмасты, жаңа таным-түсінік 
қалыптасып, ой-санамызда да күрделі жаңғырулар жүріп 
жатыр. Бірақ біз өткеннің бәрін мансұқтауға, көненің 
керегі жоқ деуге, ескі атаулыны ескерусіз қалдыруға 
ұмтылатындарға тізгін ұстатпауымыз керек. Қазақтың ХХ 
ғасырдағы ой алыптарының – ақындар мен жазушылардың 
өмірбаяндық, шығармашылық жолдарына баға бергенде де 
бұл байлам әрдайым жадымызда тұрсын.
“Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой 
ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, 
ойландыра алған сұлулық ұлы” деп жазыпты Ғабең – Ғабит 
Мүсірепов өзінің күнделігіне. Жазса жазғандай, қазақтың 
маңдайына біткен ойшылдарының ұлы ойлары ғасырдан 
ғасырға көшіп келеді. Сұлулық та сондай. Кеше ғана ұлы 
Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО шешімімен тойланғанда 
қуанбаған қазақ кем де кем. Одан соң Мұхтар Әуезовтің, 
Сәбит Мұқановтың, енді, міне, 2002 жылы – Ғабит 
Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойлары, 2003 жылы – 
Махамбеттің 200 жылдығы тағы да сол ЮНЕСКО деңгейінде 
аталып өтіп жатса, бұл қазақ ұлттық әдебиетінің, мәдениеті 
мен өнерінің асқақ мерейі екені даусыз.
Ұлыларын ардақтаған елде музей ашу дәстүрі бар. 
Республикамызда әдеби, мемориалдық музей-үйлердің 
саны да жыл санап көбейе түсуде. Жидебайда, Семейде   
– Абайдың, Семейде – Ф.М.Достоевскийдің, Астанада 
– Сәкеннің, Талдықорғанда – Ілиястың, Қарасазда – 
Мұқағалидың, Алматыда – Мұқтардың, Сәбиттің, Ғабиттің 
және Ахмет Байтұрсынұлының, т.б. дегендей…
Осылардың ішінен биыл 100 жылдық мерейтойын өткізу 
жөнінде ЮНЕСКО шешімі, Үкімет Қаулысы шыққан – қазақ 
әдебиетінің классигі, Еңбек Ері, академик-жазушы Ғабит 
Махмұтұлы Мүсіреповтің Алматыдағы музей-үйі жөнінде 

17
жұртшылыққа біраз мағлұмат беруді  жөн санадық. 
Ғ.Мүсіреповтың Алматыдағы 1968-1985 жылдарда тұрған 
үйінде ( қазіргі Қарасай батыр көшесі, 49-үй, 25-пәтер) музей 
ашу ісі 1986-1987 жылдары қолға алынып, 1991 жылдан 
бастап көп қабатты  тұрғын үйдегі музей-пәтер   Қазақстан  
Орталық музейінің бөлімі ретінде халыққа қызмет көрсете 
бастаған. Музейдің алғашқы ұйымдастырушылары 
қатарында Нәзира Қожахметқызы Дәулетова мен Энгелина 
Ғабитқызы Мүсіреповалар болды.
Қазақтан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен (№104, 
1999ж., 8 ақпан) С.Мұқановтың музей-үйі (М.Төлебаев көшесі, 
125) мен Ғ.Мүсіреповтың музей-үйі “әдеби мұражайлардың 
қаржылық және материалдық-техникалық базасын 
нығайту, олардың ғылыми-зерттеу және ғылыми-ағарту 
жұмысы саласындағы қызметін жақсарту мақсатында” 
әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, енді, “С. Мұқанов 
пен Ғ. Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей-
кешені” болып қайта құрылды.
С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың 100 жылдық 
мерейтойлары қарсаңында ҚР Мәдениет, ақпарат және 
қоғамдық  келісім министрлігі Мәдениет комитетінің 
көмегімен екі музей  де күрделі жөндеуден өткізіліп, 
экспозициялары жаңартылып, тың мазмұн ашты. Яғни, 
кеңестік идеологияның жамылғысын сыпырып тастап, 
шын мәнінде халық жазушыларына айналған қос алыптың 
азаматтық және қаламгерлік келбеттері қайтадан жарқырап 
көрінді.
Ғ.Мүсіреповтың музей-үйінде үлкен бір әдеби зал 
және екі мемориалдық бөлме бар. Сол  бөлмелердің бірі – 
жазушының жұмыс кабинеті, екіншісі – демалатын бөлмесі. 
Мұндағы экспонаттар – жиһаздар мен мүліктер, кітаптар 
мен қолжазбалар, сыйлықтар мен әртүрлі құжаттар – 
барлығы да Ғабеңнің қолы тиген, күнделікті өмірде тұтынған, 
пайдаланған заттары. Бәрі бұрынғы, Ғабең бардағы 
қалпында. Ғабең өзі көңіл құлаған бір ермегі – таяқ жону 
үшін яки шылым шегу үшін балконға шығып кеткендей…
Жазушының жұмыс кабинетінің екі қабырғасын кітап 
шкафтары алып тұр. Міне, Ғабеңнің жұмыс үстелі. Үстел 
үстіндегі заттарға кім де болса әуестікпен көз жүгіртеді. 

18
Жазушының 17 жыл тұрған үйіндегі әрбір зат қымбат, 
қадірлі. Бірақ мына сарғылт түсті жазу үстелінің жөні 
бөлек. Шерағаң – Шерхан Мұртаза айтқандай, “қаңтарулы 
қазанат сияқты” дерсіз. Мылқау телефонның тұтқасын 
ешкім көтермейді. Ғабеңді іздеп ешкім де телефон 
қоңыраулатпайды. Торшер, бүркіт басты градусник, ылғал 
өлшегіш құрал, шыны сиясауыт, шылым иісі әлі кетпеген 
мүштік, хрусталь күлсалғыш, қаламсап, ағаш қобдиша, 
қораптағы үлкейткіш шыны (лупа), көзәйнек, өшіргіш және 
ұшталған – ұшталмаған қарындаштар… Ғабең бүкіл дерлік 
шығармаларын төте жазумен (А.Байтұрсыновтың араб 
әріптеріне негізделген әліп-биі) жазғанды қолай көрген 
қаламгер. Қолжазбаларындағы  маржандай тізілген араб 
әріптеріне қарап тұрып, ұзақ ойға шомасыз. Қолжазбасы 
шимайланбаған. Қате әріпті, сөзді қолма-қол өшіргішпен 
өшіріп, қайтадан жазған. Нәтижесінде, жауапты емтихан 
тапсырған ұқыпты шәкірттің шығармасындай бір таза дүние 
“қатемді тапшы, қане!” деп алдыңызда жатады. 
Жазу үстелінің үстінде “Оянған өлке ” мен “Жат 
қолында” романдарының бір-бір данасы қалыпты және бір 
парақ қолжазба…
“Ғабит Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамайды” деген 
Төкен Әлімқұлов. “Мүсірепов болса, қашанда таңдануға 
лайық тұлға” депті Әбдіжәміл Нүрпейісов. “Мүсіреповті 
мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек!” дейді 
Зейнолла Қабдолов. Пікірлер тоғысынан түйетін түйін: 
Мүсірепов ғажап ғұмыр кешкен! Ал мына қарапайым жұмыс 
кабинеті, демалатын бөлмесі қоңырқай ғана, алып-ұшып 
бара жатқан ештеңе жоқ, асқақ ғұмыр иесінің өмірбаянынан 
сыр суыртпақтауға тым сараң. Бәлкім, осылай болуға керек 
те шығар. Әнебір Лев Толстойдың, Максим Горькийдің, 
“Қара Мадоннаның” бейне-мүсіндерінен тарқатылар сыр, 
мына бір Мопасанның, Марк Твеннің, Чеховтің, т.б. том-том 
кітаптарынан өрбитін әңгіме, әрине, Ғабеңнің өзі жоқ болған 
соң, көп құпиясын ішіне бүккен қалпында әркімнің көңіл 
сарайында ғана күмбірлемек.
Ғабеңнің қоңыр домбырасына қол созу үшін жүрек керек. 
Қабырғадағы картиналар, Ғабеңнің дәм-тұзы таусылғанда 
тоқтаған жар-сағат, киім-кешектері мен көйлек-

19
көншектері, Ғабең өз қолымен әртүрлі ағаш бұтақтарынан 
жонып жасаған таяқтар мен қолшоқпарлар, билльярд 
ойнауға өзгеше бейіл танытқан жазушының құндақтап 
сақтаған кийі, т.б. тарам-тарам ойлар тарқатуға сұранып 
тұрған экспонаттар. Мәселен солардың бірі жөнінде: 
“Ғабеңнің бір ғадеті: әр түрлі ағаштан, қабығын аршымай, 
таяқ жинағанды ұнататын. Бұтақтары түп-түзу, сұлу 
бітімді ағашты көргенде, бұған ұзақ тамашалап қарар еді. 
Таяқ жасау үшін оның бір бұтағына ішінен қатты қызығып 
тұрғаны аңғарылар еді. Ғабең шет елге сапарға шыққанда да, 
барған жерінің орманын аралап, өзгеше қасиетті ағаштың 
бұтағынан таяқ кесіп ала кететін. Жапонияға, Индияға 
барғанда, сол елдерден жазушының ала келген қадірлі бір 
заттары – осы ағаш таяқтар. Ғабең ағаш таяқтарды өзінің 
жұмыс кабинетіне тізілтіп іліп қоятын. Үйіне келген қонағына 
осы ағаштардың тегі мен қасиеті жөнінде қызықтыра 
әңгіме шертер еді” деп жазыпты ғалым, жазушы Нығмет 
Ғабдуллин. Сол таяқтар музей қабырғасында әлі күнге 
дейін тізіліп тұр. Ал мына бір арнайы шеберге жасатқан 
жиналмалы орындық-таяқты Ғабеңнің құрдасы Ғабиден 
Мұстафин сыйға тартқан. Құрдастар қалжыңсыз жүрген бе. 
Таяқтың дөңгелек темірінен: “Ғабитке. Тоқалы тепкен, іші 
кепкен, жетпістегі сылаң шалға тарттым. Таяқ – үшінші аяқ. 
22.ІІІ.72. Ғабиден.” деген жазуды оқып, еріксіз езу тартасыз.
Әдеби бөлім жазушының өмірбаяндық және 
шығармашылық жолын қатар қамтиды. Ғабеңнің анасы 
Динаның (1877-1957), ағасы Хамиттің (1896-1970), інілері 
Баязит (1904-1976) пен Әшімнің (1914-1992), қарындасы 
Гүлсімнің (1910-1970) фотосуреттері біреуге таныс, біреуге 
беймәлім. Дина әже – Ғабеңнің шешесі, Сәбеңнің – кіндік 
шешесі. “… Мінезі биязы, пейілі кең, асы дәмді, абысын-
ажынға қадірлі” кісі болғанын С.Мұқанов айтыпты.
 
Ғабеңнің әкесі Махмұт Кәжімбайұлының (1871-1941) 
фото-суреті сақталмаған. Ағасы Хамиттың ұлы Екпін 
Махмұтовтың жеткізуінше: “Атам шағын денелі, көп 
сөйлемейтін, арабша оқыған, Құраннан түсінігі бар, мәсі 
тігетін, қамшы өретін, аз уақыт ауыл старшині ретінде 
атқамінер болған кісі еді. Кескін жағынан оған ұқсайтыны 
менің әкем, ал Ғабит шешесіне көбірек ұқсайды, әсіресе, ашу 

20
қысқанда, бірдеңеге ренжігенде кескіні ақ сұрланып кететін 
қасиеті” (“Солтүстік Қазақстан”, №12 (19691), 08.02.2002.).
Ғабеңнің алғашқы туындылары – “Тулаған толқында” 
мен “Американ бидайығы” – екеуі де 1928 жылы жеке-
жеке кітап болып жарық көрген. Экспозициядан орын алған 
кітаптардың көнерген мұқабаларында уақыт ізі жатыр. 
Ғабеңнің алғашқы фотосуреттерінен сақталғандарының 
бірі – Бурабай орман шаруашылығы техникумында сабақ 
берген жылдардағы атқа мінген қалпы (1927 ж.). Орман 
шаруашылығынан ой орманына сапар шегер алдында 
түскен; шығармашылық өмірбаяны осы атқа мініп, тізгін 
ұстаған 1927-1928 жылдардан басталып кететініне мына 
фото-суретте астарлы мегзеу жатқандай…
Ғ.Мүсірепов – қазақ әйелінің алуан қырлы образдарын  
сомдауға ұзақ ғұмырын арнаған жазушы. Ана туралы 
әңгімелерінен басталып, ақыры “Ұлпан” романымен 
асқақтап сомдалған Әйел-Ана бейнесіне дейінгі аралықта 
қаншама образдар галереясы жатыр десеңізші. “Ұлпан 
– менің Монна Лизам” деген Ғабең өзінің мынадай ғажап 
ойларын жазып қалдырыпты: – Дүниеде әйелдің көзінен 
артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап 
тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қандай да байлық, 
бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бір де бірінде  
ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла 
кетсе, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім 
(№337 қойын дәптерден).
 
Ғабеңнің өмір жолындағы ең бір қиын кезеңдер 1932 
жылғы аштық және 1937-1938 жылдардағы сталиндік 
репрессияның тұсы болса керек. Музей экспозициясында 
бұған екпін түсіріле орын берілген. Бұлай болуы түсінікті де. 
Міне, бесеудің хатынан үзінді: “… 5. Мал басының қисапсыз 
кеміп кетуі мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, 
адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық 
(қыстың екінші жартысынан бастап) жөнінде әлі күнге дейін 
ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс…
Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев,
 Алтынбеков, Қуанышев”. 

21
(ВКП (б) Өлкелік комитетіне, Голощекинге жолданған 
хаттан, 4 шілде, 1932 ж. Алматы.)
Диктатура “шаш ал десе, бас алып” тұрған заманда 
мұндай сауал қою – екінің бірінің қолынан келмейтін еді. 
Бесеуі де басын бәйгеге тіккендер ғой нағыз! Турникетке 
“Бесеудің хатынан” қазақша мәтіні толық түсірілген. 
“Бесеудің хаты” спектаклінен (пьеса авторы – Шерхан 
Мұртаза, қоюшы режиссері Райымбек Сейтметов, 1990 ж.) 
көріністер бар. 
“Отыз жетінші жылдың алатопалаңында, мысалы, 
Мүсірепов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 
Мәдениет секторын басқарған екен. Мұның өзі әжептәуір 
әкімдік. Бірақ бұл жолы да оның әкімдігін ақындығы жеңіп, 
“халық жауы” атанып, ұсталып бара жатқан Майлинді 
өзі отырған үлкен мекемедегі әпербақандарға қосыла 
қаралаудың орнына жан ұшыра ақтап; – Бейімбет жау 
болса, мен де жаумын! – деп қасқиып қарап тұрған. Бұл да 
мансап дегенді ешқашан мақсат тұтпаған марқасқа дарынға 
тән қайсарлық. Бізге бұл да тағылым” – дейді академик, 
жазушы Зейнолла Қабдолов.
Мүсірепов 1938 жылы партия қатарынан шығарылады. 
Осынау ел басына қара бұлт болып төніп, қасірет 
жаудырған, ер-азаматтардың тағдыры тәлкекке түскен 
жылдардағы Ғабеңнің екі ерлігі – тарихи ерлік! Көзі 
тірісінде бұл жөнінде мүлде айтылмайды. Бірақ “ақиқат – 
алмас кездік”, қын түбінде жатып қалған жоқ, ақыры жарқ 
етіп қалың қазақтың көзіне шалынды. Әділ бағаны тарих, 
уақыт береді деген осы болса керек.
Музей экспозициясынан Ғ.Мүсіреповтің кесек 
туындылары “Қазақ солдаты” (1949) мен “Оянған өлке” 
(1953), “Кездеспей кеткен бір бейне” (1967) мен “Жат 
қолында” (1984), т.б. көптеген әңгімелері топтастырылған 
жинақтары, көптомдықтары, қолжазбаларының 
түпнұсқалары мен көшірмелері орын алған. Мына бір хат та 
музей көрермені үшін қызықты:
“Ағай, аман, деніңіз сау, жақсы боларсыз. Жеңгейдің 
де және қарындастың да дендері сау, аман ба? Ғабит ағай, 
мен де аман, денім сау, аман-есен оқып жатырмын. Мен 
Алматыдан кеткенде майданға барам деп сұрап едім, мені 

22
жібермей, осы күні 6 айлық курста оқып жатырмын. Мен 
сізге хат жазайын деп ойласам сіздің адресіңізді білмеймін. 
Сондықтан сіздерге хат сала алмай жүргенім.
Осы хат барар-бармасын біле алмай жазып отырғаным. 
Ғабит аға сізден менің сұрайтыным: мен жайлы шығарманы 
жазып болдыңыз ба, жазып болсаңыз… болса маған 
жіберсеңіз, екі данасын. Орысшасын және қазақшасын да. 
Осыны сізден өте көп сұраймын. Ал басқа әзірге бөтен ... жоқ. 
Тек сізге амандығымды білдіріп отырғаным және сіздің де 
амандығыңызды білгім келіп еді.
Менен көп-көп сәлем жеңгейге, қарындасқа.
Хат … ініңіз Қайырғали.
Кеңестер Одағының батыры Қайырғали Смағұлов.
Ғабит ағай өкпелеме, менің сізге хат жазғаныма және 
шығарманы сұрағаныма.
18/ІІІ-45.”
Музей экспозициясында Ғ.Мүсірепов шығармашылығына 
берілген әділ де нақты баға-пікірлер екшеліп алынып, 
келушілер назарына ұсынылған. Мәселен, Мұхтар 
Әуезов “тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге” сыйдырып: 
“Мүсіреповтің тілі мөлдір, көркем, түсінікті, қонымды” деп 
түйіп айтса, Шәмшиябану Сәтбаева: “Ғабит Мүсіреповтің 
бірнеше тілде басылған “Қазақ солдаты” совет дәуірінде 
өскен жас қазақтың сүйкімді де саналы өмірін таныстыру 
арқылы әдебиетіміздің тағы бір мол сыры мен қырын, 
сарқылмас көркемдік мүмкіндігін әлемге паш етті. Бұл 
роман туралы француз жазушысы Анри Вюрмсердің 
“Леттер франсез” газетінде, Пьер Филибердің Парижде 
шығатын “Эуроп” журналында, Бельгияның “Драпо Руж” 
газетінде, т.б. шетелдік баспасөздерде жарияланған пікірлер 
аса қызғылықты. Шетелдік пікірлерді оқып отырсақ, 
“Қазақ солдатының” негізгі кейіпкері Қайрош Сарталиевтің 
балалық және жастық шағын суреттейтін бөлімдерінің 
оларға аса қатты ұнағандығын аңғарамыз” деп жазды.
 Ал Ғабеңнің өзі: “Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды 
сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай 
алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, 
сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің 

23
сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын” деп 
өсиет қалдырған-тұғын.
Экспозициядағы арнайы бөлімдерде Ғ.Мүсіреповтің 
“Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, “Ақан сері — 
Ақтоқты” пъесаларын, “Амангелді”, “Махаббат туралы 
дастан”, “ Қыз Жібек” киносценарийлерін, “Қыз Жібек” 
операсы мен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” балетінің 
либреттоларын жазғаны баяндалады. Бұлардың ішінде 
“Қыз Жібек” – тұңғыш қазақ операсы болса, “Аманкелді” –  
тұңғыш қазақ киносы екендігін де еске сала кету ләзім. Ал 
“Қыз Жібектің” 1000-шы қойылымы 1968 жылы қазақ театр 
өнерінде үлкен жаңалық болып қабылданғаны кеше ғана 
сияқты. Қыз Жібек рөлінде әр жылдарда сахна саңлақтары – 
Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Шабал Бейсекова, 
Нұржамал Үсенбаевалар қалыптастырған дәстүрді 
биылғы театр маусымында Алматыдағы Абай атындағы 
Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры 
сахнасында Майра Мұхамедқызының жалғастыруында да 
жарасымды өнер жалғастығы жатқандай қабылдадық.
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері – Ақтоқты” 
трагедиялары – ұлттық драматургияның інжу-маржаны. 
Әуелден сөзді шекеден шертіп қолданатын жазушы 
драматургияда да әлемдік үлгілерден терең сабақ ала отырып, 
өнеріне өнер, шабысына шабыс қосты. Қайталанбас образдар 
жасады, ана тіліміздің тамаша кестесін төкті, ақ өлеңнің 
өлмес нұсқаларын жасады” деп Рымғали Нұрғали ақиқатты 
айтқан. Жоғарыда аталған сахна туындыларындағы қилы-
қилы образдарды сомдауға қатысқан өнер жұлдыздарының 
фото-суреттерін қарап отырып толғайтын сыр да көл-көсір. 
Музей қорында Ғабеңнің көптеген хаттары, Ғабеңе 
жолданған хаттар, күнделіктері мен қойын дәптерлері, 
қолжазбалары сақталған. Күнделіктері мен қойын 
дәптерлері “Ой сезім сәттері” (Құрастырған С. Дәуітов. 
“Жалын”, 1996 ж.), “Күнделік” (Кітапты баспаға дайындап, 
соңғы сөзін жазған Ә. Нарымбетов. “Ана тілі”, 1997ж.), 
“Өмірбаяндық өрнектер – Автобиографические эскизы” 
(Құрастырушы Г.Жетпісқызы. “Арыс”, 2002ж.) атты 
кітаптарда жарық көрді. 
Ғабеңнің С. Мұқановқа (1928), Л. Мирзоянға (1934), 

24
Ж.Шаяхметовке (1945), І. Омаровқа (1963), М. Шолоховқа 
(1965), т.б. жазған хаттары, сондай-ақ М. Әуезовтің 
(1939), Б.Момышұлының (1955), Ә. Нұрпейісовтің (1955), 
С.Шаймерденовтің (1951), М.Ғабдуллиннің (1945), Ә. 
Тәжібаевтың (1977), Ә.Марғұланның (1982), т.б. Ғабеңе 
жолдаған хаттары арнайы зерттеулерге өзек болары анық.
Сондай хаттардың бірі С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, 
С.Шаймерденовтердің өкшесін баса, Қызылжар өңірінен 
шыққан, талантты жазушы, ертерек өмірден өткен Ермек 
Қонарбаевтан келген екен. Оқып көрелік. “Сәлеметсіз бе, 
қадірлі Ғабе! Мүмкін есіңізде болар… Сонау 60-жылдардың 
басында “Қазақ әдебиеті” газетінде Ғабдол аға Слановтың 
маған арналған ашық хаты жарияланған еді. Менің үш-
төрт шағын әңгімелеріме талдау жасай келе, талпынысыма 
сәт сапар тілеген ағалық хат еді ол. Сол хат “Ғабеңнің 
тапсыруымен” деп басталған-ды.
 Содан бері араға жиырма шақты жыл түсіп кетсе де, 
әдебиетке назар аударарлықтай татымды ештеңе ұсына 
алмаған соң, сізді көрсем де қашқалақтап, маңызға жуй 
алмай жүрген ініңізбін. 1970 жылдың жазында сіз Сергеев 
плотинасында тұрғаныңызда қаумалаған топтың ішінде 
мен де бар едім. Бірақ 1969 жылы шыққан тұңғыш жинағым 
сыналып қалған кез еді. Сізге өзімді сол қолайлы сәтте де 
таныстыруға осы хал бөгесін бола берген. Осы күнге дейін 
саны әрең үшке жеткен жинақтарым ғана бар. Егер Сафуан 
ағай Шаймерденов қолжазбаларымды шаңның астынан 
сілкіп-сілкіп шығарғандай қимыл жасамағанда, баспалардан 
бұларым да көрінбес жағдай бар екен.
Менің мамандығым – мұғалімдік. Қазір орыс, қазақ, 
неміс, поляк, мордва ұлттарының өкілдері түйіскен шағын 
селоның сегізжылдық мектебінде директормын.  Жасым 44-
те. “Отызда орда бұзбасам да”, қырықта қыр асам ба деген 
дәмем бар. 
 Бір кезде бүлк-бүлк соққан бұлағымның басын ашқандай 
болған өзіңізге тым құрыса тірлігімді білдірмей бұға 
беруді ретсіз санап, мына жинағымды жолдап  отырмын. 
Автограф қоймадым. Егер лақтырып тастамай, оқып шығуға 
шыдамыңыз жетсе, ондай күн де қашпас. 
 Сөз арасында әдебиетпен сиыспас кемшіліктер кездессе, 

25
жүрегімнің алып-ұшқанының салдары деп есептерсіз. Інілік 
сәлеммен, Ермек Қонарбаев. 27. III. 1982.”.
Бұл хат бізді көп ойларға жетелейді. Ғабең талантты 
жазушы інісін алғашқы аяқ алысынан-ақ таныған сияқты. 
Ғ. Слановтың хатын “Ғабеңнің тапсыруымен” деп бастауы 
бекер емес. Ал ұзақ жылдар  бойы қашқақтап, көзге түспеген 
Ермектің өз кінәсі басқа әңгіме. Осы орайда  Ғ.Мүсіреповтің 
“Кітап аты –  “Бесін”, авторы – Асқар” (1970) және “Қос 
Мұхтар” (1984) атты (М. Мағауин мен Мұхтар Шаханов 
туралы. Ә. Қ.) мақалалары еріксіз еске түседі. Бұл екі 
мақаласы да музейдің әдеби бөлімінен орын алған. Талантты 
тану, бағалау және жұртқа таныту дейтін мәселеде Ғабеңнің 
ғибраты өзгеше.
Ғ.Мүсірепов әлемнің көптеген елдерінде болған жазушы. 
Шығармалары да шекара асып, аударылып шығып 
жатты.  Шетелдік сапарлардан әкелген сыйлық заттары, 
кітаптарының аудармалары, қоғамдық қызметке қатысты 
құжаттары, ордендері мен медальдары, Еңбек Ерінің 
Алтын жұлдызы, т.б. заттар – экспонаттар көрермен 
қызығушылығын арттырары сөзсіз. 
Ғабең отбасы, ошақ қасында қандай болды екен, ет жақын 
туыстары, балалары кімдер деген сауалға “Отбасылық 
турникеттен” жауап табасыз. Өмірдің қилы кезеңдерінде 
жанына серік болған Хұсни, Рая, Ғазиза апайларымыздың, 
тұңғышы – Энгелинаның, Роза мен Райханның, жасы 
жерортаға келгенде көрген сүйікті қыздары – Гауһар мен 
Гүлнәрдің де фото-суреттерін көре аласыздар. 
“Өнерге мінез керек. Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы. 
Ондай жылқының түсі келуі мүмкін, оның аяңы да алшаң, 
шабысы жойқын болуы мүмкін. Бірақ аз малтаны ас етіп, 
түн қашар ұзақ жолдарда, таңды таңға ұратын ұзақ 
жортуылдарда  ондай жылқы кісіге серік емес. Үркерге 
сылтау, туларға себеп іздейтін тұяқ – сеніп жүрген, сеніп 
мінген серігін жолсоқты боп қатты қажып, қалғып кеткен бір 
сәтте топитып жолда қалдырады. Ғабеңнің өнері – мінезді 
өнер” дейді Асқар Сүлейменов (1972 ж.).
Ғабеңнің сол мінезді өнерінің бүгінгі ұрпақтың рухани 
сұранысына айналуы қай дәрежеде дейтін сауалға да 
жауап іздеуіміз керек. Жуырда “Жас Алаш” газетінің 

26
(№26 (14442) “Студент” қосымшасында Абай атындағы 
Алматы мемлекеттік университеті қазақ филологиясы 
факультетінің 150 студентіне “Ғ.Мүсіреповтің қандай 
шығармасын оқыдың?” деген сауалнама жүргізілген 
екен. 54 студент “Ұлпан” романын оқығандарын айтқан. 
Жарайды. “Қазақ солдаты”, “Оянған өлке”, “Жат қолында”, 
“Кездеспей кеткен бір бейне”, бірер әңгімелері аталған. 
Алайда, Ғ. Мүсірепов әңгімелерінің ең шұрайлысы да 
шырайлысы да саналатын “Автобиографиялық әңгіме”, 
“Өмір жорығы”, “Қыран жыры”, “Этнографиялық әңгіме”, 
“Жапон балладасы”, “Боранды түнде”, тағы да басқаларын 
150 болашақ филологтардың тым болмаса екеу-үшеуі 
оқымағаны, атамағаны қайран қалдырады әрі қамықтырады. 
Бір қарағанда, Ғабең өзінің ғажап туындыларымен 
уақыттан озып бара жатқанын аңғарамыз, ал жас ұрпақ 
Ғ.Мүсіреповтің қайталанбас қолтаңбасын ұғынуда, танып-
түсінуде кешеуілдеп келе жатқандай.
 
Ана тіліміздің абыройын қызғыштай қорып келген 
Ғабең 1985 жылы, яғни қайтыс боларынан аз уақыт бұрын 
ғана, қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркем тіл туралы болған 
конференцияда екі сағаттық баяндама жасап, туған тіліміздің 
тағдырына жаны ауыратынын, шын жанашыры екендігін 
тағы да дәлелдеген. Жасының ұлғайғанына, денсаулығының 
кемігеніне қарамастан, сол жылы Жазушылар Одағында 
өзінің шығармашылық есебін беріп, ой қорытқан еді.
 
Жазушының шығармашылық, өмірбаяндық жолын 
баяндайтын әдеби бөлімнің соңы Ғабеңнің 1985 жылғы 28 
желтоқсандағы өсиет сөзімен түйінделген. Ғабеңнің ақтық 
тілегі мынау:
“Туған елге соңғы сөз. Кешегі өткен Ғабиден досқа: “Енді 
екі жыл жүрсек жетпей ме?!” дегенім бар еді. Сол мөлшерім 
мөлшер екен. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, 
міне, мен де кеткелі жатырмын.
Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды 
қорыта қарасам, қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа 
Қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. 
Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ 
әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып 
есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік 

27
жоқ жерде, саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, 
қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен 
өнердің үлкен таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын 
қаласқан қазақтың ата әдебиеті атынан, өздерің қадір тұтқан 
алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға 
шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы.
 Қалам ұстауға халім болмағандықтан, хатты Әлжаппар 
мен Мұхтарға айтып жаздырдым. 
 Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-
туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет