2006 ж.
АЙНАНЫҢ СЫРТЫНДА
САҚТАЛҒАН СУРЕТ
Шығармашылық мүдделері үндестік тауып, өмірдегі
үзеңгілестіктері өзгелерге үлгі боларлықтай қалып
танытқан ақындар мен жазушылар қазақ әдебиетінің
тарихында баршылық, әрине. Дегенмен, өткенге үңілсек,
сонау ХХ ғасырдың бас кезінде табысқан қос қаламгер
Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың ағалы-інілі
бауырластықтары, достықтары өзгеше тағылымды әрі
өнегелі.
Екеуінің қатар отырып түскен мына бір фотосуреті
қалың жұртшылыққа, қазақ қауымына жақсы көзтаныс.
85
Әсілі, әрбір қағазы сарғая бастаған, бояуы көше бастаған
фотосуреттің бүккен сыры, бүркеген құпиясы болады.
Куәгерлер мен көзкөргендердің бұл туралы ойлары мен
пікірлері дер кезінде хатқа түсіп, тарихтан сыр тарқатып
жатса, ғанибет қой.
Бұл фотосурет баспасөзде талай рет жарияланды. Талай
кітаптарға, газеттер мен журналдарға шықты. Мұражай
экспозицияларынан орын алды. Бірақ, Сәкен мен Сәбит бұл
фотосуретке қашан, қай кџні, қай жерде, қандай жағдайда
түскен еді дейтін сауалға оқырмандар мен көрермендер
толыққанды жауап алды деп айту қиын. Себебі, суреттің
өзі сөйлеп, суреттің өзі тіл қатып тұр ғой, одан артық не
керек, көрдік, түсіндік дейтін атүсті байлам танымның
аясын тарылтпаса, кеңейтпейтінін кеш ұғынамыз. Ең
алдымен, әрине, бұл фотосуреттің тарихы Сәкентанушы,
Сәбиттанушы ғалымдарды қызықтыратыны сөзсіз. Ал
ғылым үшін әрбір дерек, әрбір сөз құнды. Біздің қолымызда
осы фотосуреттің ерекше құнды бір нұсқасы бар. Оны музей
қорына Сәбит Мұқановтың сүйікті жары Мәриям апай
тапсырды. Бұған дейін бұл фотосуреттің тек көшірмелері
ғана пайдаланылып келген болатын.
“Бұл фотосуретке Сәкен мен Сәбит Қызылорда қаласында
түскен” дейтін анықтамалықты растайтын жазу суреттің
төменгі тұсынан көзге шалынады. Онда латын харпімен “10
– VI – 1928 gыl. Gыzl-orda” деп тайға таңба басқандай белгі
қалдырылыпты. Негізі, Қазақстанда 1928 жылға дейін төте
жазу (араб әліпбиі) пайдаланылғаны белгілі. Латын жазуына
1929 жылдан бастап көшіп, 10 жылдан соң кирилл жазуы
енгізілгенін білеміз. Мына жазу сол жаңаға құмарлықтың
бастапқы белгісі шығар немесе жазу бір-ер жыл кейін
түскен де болуы мүмкін. Қалай болғанда да Қызылордада,
көктемнің жайсаң жазға ұласар әдемі шағында, 1928 жылғы
10 маусымда, сол тұста “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы
Сәкен Сейфуллин мен газет қызметкері Сәбит Мұқанов
осы суретке түскен. Сәкеннің үстінде қара түсті костюм-
шалбар, ақ көйлек, қара галстук, қара қалпақ, аяғында
қара бәтіңке. Қалың қара мұрты, қою қара қастары өңіне
ерекше сұс беріп тұр. Көңіл күйінің тым көтеріңкі еместігі,
әлденеге алаңдаулы әлде шаршаулы ма, қалай, салқын
86
рай танытатыны байқалады. Сәбеңнің үстінде ақшыл-сұр
костюм-шалбар, жолақты ақ көйлек, жолақты галстук, ақ-
сұр қалпақ, аяғында қара бәтіңке. Сәкен ағаш креслода сәл
қырындай қарап, ал Сәбең ағаш орындықты креслоға тақай
орналастырып, арқалығына сол қолын сүйеп, Сәкенге қарай
әнтек еңкейе, тура қарап отыр. Бұл Сәкеннің республикалық
баспасөздегі басшылық қызметпен қатар өзінің де жеке
шығармашылық жұмыстарымен тығыз айналысып, өндірте
жазып жүрген кезі. Ал Орынбор жұмысшы факультетін
тәмамдап келген Сәбит Мұқанов осы жылдарда Сәкеннің
тікелей басшылығымен баспасөз орындарында белсенді
қызмет атқарды. Осы жылы атақты “Сұлушаш” дастаны
жазылған-тұғын.
Фотосуреттің сыртында қарындашпен жазылған “Фото
Е.Биевич” деген сөздер оқылады. Тым көмескі емес, соған
қарағанда, тым бертінде тџскен жазу секілді.
2004 жылы “Хабар” телеарнасында “Бір сәт және бүкіл
ғұмыр” дейтін телебағдарлама аясында осы фотосурттен
өрбіген әңгіме Сәкен мен Сәбит арасындағы достық қарым-
қатынастың бастауларынан сыр шерткен. Хабардың
редакторы – белгілі тележурналист Бейбіт Құсанбек.
Осы телехабарға қатысқан көрнекті Сәкентанушы ғалым,
академик Серік Қирабаев өзінің мынадай ойларын ортаға
салған еді:
– Бұл сурет – Сәкен мен Сәбиттің достығынан қалған үлкен
бір ескерткіш-белгі. Екеуінің достығы – қалың көпшілікке,
әсіресе, шығармашылықпен айналысатын адамдарға үлгі
боларлық, ғибрат боларлық тарихы бар достық. 1922 жылы
ауылдың батырағы – білім іздеп, жаңа жол іздеп жүрген
Сәбит Мұқанов Орынборға Кеңестердің ІІІ-құрылтайына
келіп, сол жолы Сәкенмен танысқан екен де содан Сәкен
ұсталып кеткенше екеуінің арасындағы қарым-қатынас
үзілмеген. Сәкеннің көмегімен Сәбит ҚазЦИК-ке (бұрынғы
тілмен айтқанда КирЦИК-ке), Орталық Атқару Комитетіне
мүше болып сайланған. Бүгінгі депутат сияқты. Содан кейін
Сәкен оны алып қалып, рабфакқа оқуға түсірген. Өзінің
үйіне пәтерге тұрғызған. Сәкеннің Орынборда 8 бөлмелі үйі
болған екен. Соның 2 бөлмесінде өзі тұрған да қалғандарына
ауылдан оқу іздеп келген балаларды жатқызады екен.
87
Келесі жылы Сәбит елге барып, Ғабитты алып келіп, екеуі
Сәкеннің үйінде бірге тұрған. Бұл туралы Сәбит те, Ғабит те
жазған. Көзқарақты оқырмандары хабардар. Екеуінің қым-
қуыт күрес күндерінде баптанып суретке түсуге мұршалары
да бола бермеген шығар. Оның үстіне Сәбит жалшылықтан
шыққан адам. Алғаш іздеп барғанда құндыз бөрік, құндыз
жағалы пальто киіп алдынан шыққан Сәкенді көргенде
“Апырау, менің кедейдің қамқоршысы деп іздеп келген
адамым буржуй ғой деп, кедейлік намысым қозып, кетіп
қалдым” дейді Сәбит өзі. Кейін екеуін Абдолла табыстырған.
Аумалы-төкпелі кезең. Заманның құбылмалылығы
қалың қазақ үшін де, қайраткер азаматтары үшін де оңайға
соқпаған. Әйгілі Голощкиннің елді басқарған тұсының қаралы
беттері көп. Голощекин мен Сейфуллиннің қарым-қатынасы
қандай болғаны тарихтан белгілі. Оны Крайкомның мүшесі
болған Сәбит Мұқановтың жазғаны бар: “Сәкен Сейфуллин
Голощекин тұсында оппозицияда болды. Өзінің Голощекин
саясатымен келіспейтіндігін ауызша да, жазбаша да талай
айтқан” деп. Сәкенді тәкаппар, өркөкірек деп, жуасытамын
деп, Голощекин көп қудалаған. “Сәкен және Сәкеншілдік”,
“Сейфуллин және Сейфуллинщина” деген мақалалар
жаздырып, оны партиялық тазалаудан өткізіп, жазалауға
тырысқан. 1929 жылы “Советская степь” деген газеттің
бетінде сол кезде Голощекиннің оң қолы болып қызмет
істеген Ғаббас Тоғжановтың “О национализме, комшванстве
и обывательнице” деген үлкен мақаласы шыққан. Сәкен
мен Сәбитті әшкерелеп жазған. Сәкен өзінің басынан сөз
асырмай, дұшпандарының айтқандарына ылғи қарсы
мақала жазып отырған адам. Әлгіге жауап ретінде Сәкен
“Национализм под красной шапкой”, “Национализм и его
наступление на идеологическом фронте” деген мақалалар
жазып, жариялаған. Осы мақалалардың барлығы
Крайкомның бюросында талқыланып, Сәкенді Ғаббасқа
жығып беріп, Сәкеннің ұлтшылдық қателері бар, ол сол
қателерін мойындап мақала жазсын деп қаулы алған.
Сол кезде Сәкен “О моих ошибках” деген орысша, “Менің
қателерім туралы” деген қазақша мақалалар жазған. Бұлар
баспасөзде бар.
Мына суретке қарап отырғанда осылардың бәрі ойға
88
оралады екен.
Сәбит, енді, алғашқы кезде түртпектеуге түсіп,
Петропаволға қуылып кетіп, сонда біраз газет қызметкері
болып істеп, кейін Қызылордаға қайтып оралған. Голощекин
бұл батырақ, кедейден шыққан деп Сәбитті аздап қолдап,
өзімен Қарсақпайға ертіп апарған, т.б. Бұл сапарлар жөнінде
Сәбиттің естелік жазбаларында бар.
1937 жылы 25 қыркүйекте Сәкен ұсталады. 3 - 4 қазанда
С. Мұқановты Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы
қызметінен босатады, партия қатарынан шығарады. Осы
тұста, Сәкенмен қатар, Сәбиттің де басына қара бұлт төніп,
зобалаңға ұшырауға шақ тұрған…
Кейін, Сәкен ақталған соң, Сәбит Мұқанов осы кісінің
маған қолғабыс еңбегі көп еді, қарызым бар еді деп, Сәкенді
қайтадан насихаттау жұмысына, Сәкен шығармаларын
қайта бастырып шығару жұмыстарына белсенді араласты.
Сәкен жөнінде пьеса жазды, Сәкен жөнінде мақалалар,
естеліктер жазды. “Есею жылдарының” да негізгі кейіпкері
Сәкен болды.
Қысқасы, Сәкен мен Сәбит – бір көңіл күйдің адамдары,
бір салада еңбек еткен, бір бағытта қызмет атқарған жандар...
Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы тойланатын қарсаңда
жазушының 47 жыл бірге ғұмыр кешкен сүйікті жары
Мәриям Мұқанованың “Сағынышым Сәбитім” атты естелік
кітабы Алматыдағы “Өлке” баспасынан шықты. Естелікті
хатқа түсірген Гүлнәр Құдабаева. Өткен жылдардың
суретін көз алдына келтіре отырып Мәриям апай былай
деп сыр шертеді: - … Сәбиттің оқуы 1935 жылдың күзінде
аяқталып, Мәскеуден Алматыға оралдық. Келісімен Сәбитті
Жазушылар Одағының төрағасы етіп сайлап, жұмысқа қызу
кірісіп кетті. Күнде жиналыс, күнде жиын, әйтеуір, жұмыс
көп... Осы бір жылдары Сәкен, Ілияс, Бейімбет ағалармен
қатты араластық. Талай рет қолымнан дәм татты. Әсіресе,
Сәкен ағамен жақын болдық. Сыйлас болдық. Сол кезде
қырыққа енді толған кездері. Әйтсе де жүріс-тұрыстары,
сөйлеген сөздері, өзін-өзі ұстаулары үлкен, ақсақалды
адамдарша әсер ететін. Адам баласында мұндай сұлу кісіні
өз басым көрмедім. Сәкен ағаны айтып отырмын. Жаспыз
ғой, сонда сол кісіге дұрыстап қарауға да ұяламын. Ұрланып
89
қана қараймын. Қайнағам ғой, әрі өз ортасында патшадай
болып отырады. Жиын тойда жиі кездесіп жүреміз.
Құрдастар өзара қалжыңдасып, бір-бірімен қатты ойнайды.
Сәкен аға ондайда маған қарап: “Мәриям, қалқам, сен шыға
тұршы. Мен бір айызым қанып қалжың айтайын. Әйтпесе,
мыналардан жеңіліп қалатын түрім бар” – дейтін. Мені
періштедей көруші еді, тұрпайы сөз естіртуге де қимайтын.
Қайран, асыл ағалар!
Сөйтіп жүргенде, 1937 жылдың лаңы басталды. Сәкен,
Бейімбет ағалар ұсталып кетті. Қара түнек күндер жалғаса
берді. Жұрттың бәрі ішінен тынып, келесі кезек кімдікі деп,
күтумен жүргендей. Сәкен ағаны әкеткен соң жағалай тінту
басталды. Кімде не бар, қандай құжат бар дей ме-ау, әйтеуір,
маңайыңның бәрі шпион сияқты. Жан баласына сенуден
қалдық. Біздің үйде Сәкен аға мен Сәбиттің бастарына шляпа
киіп түскен әдемі суреті бар еді. 1928 жылы Қызылордада
бір жиналыстан кейін түсіпті. Екеуі де жап-жас, көрсе көз
тоятындай. Сол суретті ешкімге байқатпай алдым да, ауызғы
үйде ілулі тұратын айнаның артына қыстыра салдым.
Ойым – біреу-міреу келіп тінте қалса, көзден таса болсын,
айнаны ешкім сындыра қоймас. Өзімше сақтық жасағаным
ғой. Әйтеуір, тінту болған жоқ. Уақыт өте берді. Сәбиттің
басына да зобалаң туды. Сәкенмен жақын болдың, қандай
жұмыстар жүргіздіңдер деп түртпектей бастады. Ақыры
жиырма жасынан ыстығына күйіп, суығына тоңған партиясы
жала жауып, Сәбитті қатарынан шығарып тынды… Біраз
қиындық көрдік. Сәбит бір жылға жуық жұмыссыз сенделді.
Жиі-жиі шақыртып, жауап алатын. Әйтеуір, түрмеге
жабылған жоқ…
… Жылдар өтті. Сәкен аға ақталды. Ескі айна баяғыда
саяжайға кетіп қалған. Бір күні әлгі сурет есіме түсті. Сол
үшін әдейі саяжайға бардым да, айнаның сыртқы тақтайын
босатып ем, әлгі сурет шыға келді. Көзіме оттай басылды.
Көңілім босап кетті. Енді тезірек Сәбитті қуантқым келіп,
үйге қарай құстай ұштым. Келсем, Сәбит кабинетінде жұмыс
істеп отыр екен. Сырт жағынан үндемей жақындап келдім
де, жаңағы суретті алдына еппен қойдым. Сәбит абдырап
қап, артына қарады да: “Мәриям, бұл қайдан шықты?” деді.
Мен бар жағдайды айтып бердім. Сәбит көңілі толқып: “Әй,
90
айналайын-ай, мынау бір керемет болды ғой!” - деп қатты
қуанды.
Міне, бұл суреттің осындай қызық тарихы бар екен.
Сәкеннің жары Гүлбаһрам көзі тірісінде Сәбең мен
Мәриям апайды ағайын-туыстай тірек көріп, қатты
сыйласып өтті. Тіпті, ақтық демі таусыларда: “Мәриямды
шақыртыңдаршы. Мен көп ұзамай аттанатын шығармын.
Сәкеннің қасына барып жатайын десем, қабірінің қайда
екенін, сүйегінің қайда қалғанын да білмеймін… Мәриямға
айтыңдаршы… мені Сәбиттің зиратына таяу жерге
қойдырсын. Осы өтінішімді ескерусіз қалдырмасын…” депті.
Мәриям Мұқанова Гүлбаһрам Сейфуллинаның бұл соңғы
өтінішін, ақырғы аманатын да орындаған.
2007 ж.
ҒАБЕҢНІҢ ТАҒДЫРЛЫ ТӨРТ
ХАТЫ
Мұражай қорында сақталған Ғабеңнің хаттары онша көп
емес. Аса талғампаз суреткер отбасы, ошақ қасының сыбыр-
күбірін, ағайын-туыс арасындағы базына, өкпе-реніштерін,
тіршіліктегі болмашы, татымсыз ұсақ-түйек мәселелерді
арқау еткен хаттарының бәрін мұқият жинап, келешекке
апаруды қажет деп санамаған да болуы мүмкін. Бірақ кейбір
тағдырлы хаттар сақталған. Бұлар бірен-саран болса да,
бірегей.
Солардың алғашқысы – 1928 жылы 18 сәуірде Сәбит
Мұқановқа жазған хаты. Ғабең хатын: “Сәбит! Бүгін сенің
хатыңды алдым. Әңгіме менің “Теңіз тепкісі” жайында
болғасын, мен де сол туралы жазбақпын…” деп басталады.
Хаттан аңғаратынымыз: Ғ.Мүсіреповтің “Теңіз тепкісі”
атты әңгімесіне С.Мұқанов аздаған түзетулер жасаған
және кітапша болып жарық көруіне көмектескен. “Тулаған
толқында” – ұзақ әңгіме деген анықтамасымен 1928 жылы
Қызылордада шыққан Ғ.Мүсіреповтің алғашқы кітабы.
Ал мына хат өзінің алғашқы әңгімелеріне айтылған сын-
пікірлерді жас жазушының қалай қабылдағандығын
аңғартуымен құнды болса керек. Жас жазушының
91
шығармашылық көзқарасын білдіруімен бағалы. Ғабең
былай деп жазады: “… Мен әр бөлімді нығыз түймегендігімді
білем. Бірақ онымның өзіне бір баға бермекші едім. Көркем
әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы білінбей,
көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана
сезілсе екен деймін. Бұл мүмкін ескірген түр болар. Сөйтсе
де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын
көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді
сүйіп оқитынымды білетін едің ғой: көбінесе ол, маған осы
жағынан ұнайды. Қазір беталыста, жасырын жақтар аз болу
керектігін біле тұрсам да, мен ұнатқанымды істеп едім…”.
Хатта бұдан басқа әдеби айтыс-тартыстан шет қалуының
себебін түсіндірген тұстары бар. “Оқшау сөз” бәйгесіне
жіберген мақалалары басылмағанына реніш білдірген.
Хатында “Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып ат ерттеуге
жарармын” деген сөйлем бар. “Ендігі жылы бірге Литхудқа
(Көркем әдебиет институтына Ә.Қ.) барайық” деген
ұсынысы бар. Хатын жұбайы Хұсни аяқтап, екі-үш сөйлем
жазған. Сәбит пен Ғабит арасындағы қарым-қатынасты
зерттеушілер бұл хатты айналып өтпейтіні сөзсіз...
Тағдырлы хаттардың тағы бірі – әйгілі “Бесеудің хаты”.
1932 жылы шілдеде ВКП(б) Өлкелік комитетіне, Голощекинге
жолданған. Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ
Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев қол
қойған хат. Шерлі хат. Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру
науқанының кесапатты көріністері дәл, нақты деректермен
дәлелденген.
“Бүгінгі Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы
өнімін беретін 40 миллион малы бар өлке” деп мақтанған
Голощекинге: “Бірақ қазір Сіздің мәлімдемеңізден кейін 2
жыл өткен кезде, Қазақстан мал шаруашылығы саласында
мал басының қисапсыз кеміп кеткені әмбеге аян болып отыр:
1930 жылғы мал басының 1/8 бөлігі (40 миллионнан 5 миллион)
ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жеке
меншіктегі орташалар мен кедейлердің ғана емес, сонымен
бірге негізінен алғанда колхоздар мен колхозшылардың
(ішінара совхоздардың да) қоғамдастырылған және
қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға,
қисапсыз қырғынға ұшырады” деп ашық ақиқатты көлденең
92
тартқан бұл хат ұлт жанашырларының жанайқайы еді. Дәл
осындай мазмұндағы хаттарды Ораз Исаевтің (тамыз 1932
ж.), Тұрар Рысқұловтың да (1932-1933 ж.ж.) жазғандары
тарихтан белгілі.
Ғабең орда бұзар отыз жасында от пен оққа кеуде тосып,
халқының басына түскен зұлымдық нәубетіне қарсы
қаймықпай, тайсалмай күрескеніне куәміз. Асыра сілтеудің
арты неге соқтырғанын хат авторлары талдап түсіндірген:
а) баймен қоса орта шаруа да соққы алды; ә) сондықтан
кедей-орташалардың бір бөлігі көп ретте байлардың
соңынан ілесті; б) байлар малдың қисапсыз қырылуына қол
жеткізді; в) жалған колхоздар ұйымдастыру осы уақытқа
дейін жүргізіліп келді; г) сөйтіп, осылардың бәрі бірқатар
аудандарда ашаршылыққа душар етті”.
Хаттың толық мәтіні баспасөзде жарияланды, жеке
жинақтарға енді, жалпы көпшілікке таныс деп ойлаймыз.
Ал Ғабеңнің хаттары туралы әңгіме қозғала қалғанда бұған
міндетті түрде назар аударылуы керек деп ойлаймыз.
1934 жылы 7 мамырда Ғабит Мүсірепов тағы да ВКП(б)
Өлкелік комитетіне, Мирзоянға хат жолдапты. Бұл жолы
Қазақ драма театрында Мұхтар Әуезовтің “Хан Кене”
пьесасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасынан
кейін өз пікірін білдірген. Бұл хатта, кәзіргі күннің өлшемімен
қарағанда, қазақ зиялыларының қайшылықты көзқарастары
аңғарылып қалады. “Хан Кене” алғашқы қойылымынан
кейін тоқтатылады. Оның себебін Наркомпросс (Т.Жүргенов)
пьеса “Қазақ халқының патшалық Ресеймен күрес тарихын”
дұрыс көрсете алмаған, сондықтан оған бірқатар түзетулер
енгізу керек деп тапса, Ғ.Мүсірепов: “ …это неверное в
корне требование. Пьеса построена (и … правильно) на
других рельсах, именно - она претендует на показ падение
ханства и его последние отчаянные попытки восстановить
уже развалившиеся к тому времени ханства. Исправление
пьес нужно требовать исходя именно из этого положения”
– дейді. Әрине, Кенесары ханның күресіне тарихи әділ
баға беру кеңестік жүйе кезінде өте қиын-тұғын. Көркем
шығармалардың өзіне коммунистік идеялардың шеңберін
құрсап кигізгендіктен, Хан Кене тақырыбында ортақ
мәмілеге келу о заманда жазушыларға да, тарихшыларға да
93
оңайға соққан жоқ...
Ғ.Мүсірепов бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып
сайланғаны белгілі. Ол кезде де депутаттар халық аманатын
арқалайтын. Аманатын кім қалай ақтап жүргенін де
халық қалт жібермей қадағалайтын. Міне, Қазақ КСР
Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ғ.Мүсіреповтің 1963 жылғы
3 маусымдағы Ілияс Омаровқа (Госплан төрағасының
орынбасары) жазған хатын оқып отырып, Атамекеніне ат
басын бұрған, шетелден оралып жатқан қандастарымыздың
мұңы мен мұқтажына Ғабең бұдан қырық-елу жыл бұрын
назар аударған екен-ау деп тағы да таңырқайсыз.
Хатта Семей облысының бұрынғы аудан орталығы
Мақаншыда 1959 жылы ашылған 270 адамдық 8 жылдық
мектеп-интернатта, негізінен, Шыңжаннан оралған
қазақ бауырларымыздың балалары оқитыны, олардың
оқу бағдарламасын игеруде көптеген қиындықтарға
кездесетіні, мектеп-интернаттың оқу-өндірістік базасы
өте әлсіз екендігі, сын көтермейтіндігі, сондықтан осы
өңірдегі сайлаушыларының аманатымен 8 жылдық мектеп-
интернатты 11 жылдыққа айналдыру жөнінде үлкен өтініш
жасайтынын мәлімдеген.
Бұл да Ғабеңнің тағдырлы хаттарының бірі екеніне дау
болмас. Кейін сол Мақаншыда үлкен мектеп-интернат үйі
салынып, одан қашама шәкірттер түлеп ұшып, Ғабеңнің
ғажап шығармаларын оқып ержетіп, ат жалын тартып
азамат болған шығар. Сол жолда Ғабит Мүсіреповтің
шапағаты тигенін, біреуі біліп, біреуі білмеген де болуы
мүмкін…
Ғабеңнің музей-үйінің қорында сақталған кейбір хаттар
осындай ойларға жетелейді.
2007 ж.
С. ҚИРАБАЕВ ЖӘНЕ
СӘБИТТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы сөз болғанда,
әрине, әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихы, теориясы
94
мен сынының да өсу деңгейі, жеткен жетістіктері мен алған
асулары ой таразысына түспек. Өйткені, қазақ әдебиетінің
тұтас кеңестік дәуірі жөнінде қайта пайымдауға, жаңаша
бағалауға, тың тұжырымдар жасауға уақыт, заман, қоғам
өміріндегі өзгерістер негіз болуда.
Осы орайда көрнекті ғалым-сыншы, ұстынды ұстаз,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлттық
Ғылым академиясының академигі Серік Қирабаевтың
атқарған қыруар ісі ұрпақ үшін ұлағатты. Біз оның
ғылымдағы өнегелі жолының бәрін қамтуды алдымызға
мақсат етіп қойғалы отырған жоқпыз, академиктің бір
ғана Сәбиттану мәселелеріне қатысты көзқарастарынан
ой қорытуды жөн көрдік. Ең алдымен, академик Серік
Қирабаевтың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан қомақты
үлестері қатарында Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин,
Ғабиден Мұстафин, Жүсіпбек Аймауытов туралы кесек
монографиялары, қазақ әдебиетінің әр жылдардағы даму
кезеңдеріне арналған зерттеу еңбектері, әдебиет тарихы
мен қазіргі әдебиетке қатысты оқулықтары аталуы әбден
орынды. Кеңес дәуіріндегі әдебиет туралы еңбектерінің
қайсысында да ол қазақ әдебиетінің классигі, академик-
жазушы Сәбит Мұқановқа, оның өмірі мен шығармашылық
жолына лайықты баға беріп отырған.
С.Қирабаев халық жүрегіне жол тапқан жазушы Сәбит
Мұқановтың шығармашылық жолы туралы мақалаларды
үзбей жариялап отырған. 1960 жылы – “Дәуіріміздің
дарынды жыршысы” (“Жұлдыз”), 1970 жылы – “Сәбит
туралы сөз” (“Жұлдыз”), “Әдебиет сыншысы және
зерттеушісі” (“Социалистік Қазақстан”), 1980 жылы – “Ұстаз
әрі ғалым” (“Қазақстан мұғалімі”), “Халық жазушысы”
(“Мәдениет және тұрмыс”, “Қазақстан мектебі”), 1987 жылы
“Сәбит Мұқанов – Октябрь жыршысы” (“Қазақ әдебиеті”),
2000 жылы – “Кәдімгі Сәбит Мұқанов” (“Абай”), 2002
жылы – “Кәдімгі Сәбит Мұқанов” (“Егемен Қазақстан”).
Бұл мақалалардың дені мерейтойлық шаралармен
тұстас жазылса да, Сәбит Мұқановтың жазушылық
жолына әр қырынан келіп баға беруімен де құнды. Әрине,
кеңестік дәуірдің идеологиялық талаптары тұрғысынан
95
келіп талдау-таразылау сол тұстағы әдеби сынның да,
ғылыми зерттеулердің де басты нысанасы болғаны белгілі.
С.Қирабаев 1962 жылы жарық көрген “Сәкен Сейфуллин”
атты көлемді монографиялық еңбегіндегі “Жаңа әдебиеттің
тууы” атты тарауында Сәкеннің ізбасар, идеялас інілерінің
қатарында Сәбит Мұқановты алдымен атайды. Бұлай болуы
заңды да. Жалпы, Сәкен мен Сәбит қарым-қатынасынан
Сәкентанушылар да, Сәбиттанушылар да айналып өте
алмайды. Әсіресе, кеңестік дәуір әдебиетінің басталу кезеңі
туралы сөз қозғағанда, екеуінің тізе қоса атқарған істері
мен идеялық жұптаса тіл табысқан шығармашылықтары
жөнінде қатар баяндауға тура келеді. С.Қирабаевтың
мақалаларындағы негізгі ұстаным да осы арнада.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда өткен
дәуірдегі және қазіргі қазақ әдебиетін жаңаша бағалау
талабы күн тәртібінде тұрды. Осы тұста академик Серік
Қирабаев ескінің бәрін жоққа шығаруға болмайтынын, қазақ
әдебиетінің алыптарына жаңа көзқарас қалыптастыру
керектігін, ғылыми жаңа талғам таразысынан өткізудің
жолдарын өзінің көптеген өткір мақалаларымен дәлелдеді.
Алаш қайраткерлерінің ортамызға оралуымен бірге,
Сәкен, Сәбит, т.б. кеңестік дәуірдің жыршыларының
әдебиет тарихындағы лайықты орындарына күмән-күдік
келтірушілерге терең салыстырмалы-сараптамалық
ғылыми пікір-тұжырымдамаларымен жауап беріп отырды.
Соның бір дәлелі – “Кәдімгі Сәбит Мұқанов”дейтін мақаласы.
“…Сәбит туралы, оның жазушылық жолы туралы әңгімелеу
– ХХ ғасырдың жиырмасыншы-жетпісінші жылдары
аралығындағы қазақ әдебиетін, қазақ халқының тарихын
сөз етумен бірдей” дейді академик. Бұл – дәйекті де дәлелді,
өте жоғары баға. Бұл тезисті мақала авторы егжей-тегжейлі
тарқатып, талдап жеткізген.
“ХХІ ғасырға Сәбит Мұқанов қай шығармаларымен
келмек?” деген сауалға кейбір әдебиетші, ғалым, оқытушы,
мұғалімдердің өзі мүдіріп қалып жататынын талай рет
байқадық. 1999 жылы “Адасқандар” (“Елорда” баспасынан),
1999 жылы “Балуан Шолақ” (“Шыңжаң халық баспасынан”
ҚХР), 2002 жылы “Сұлушаш” (“Атамұра” баспасынан),
“Халық мұрасы” (“Жазушы” баспасынан), 2002, 2003
96
жылдары “Өмір мектебі” (“Жазушы” баспасынан), 2003
жылы “Балуан Шолақ” (“Жазушы” баспасынан), 2006
жылы “Адасқандар” (“Раритет” баспасынан), 2006 жылы
“Мөлдір махаббат” (“Атамұра” баспасынан), т.б. қайта
басылып шығып жатуы, ал “Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы
әдебиет тарихынан очерктер” атты ғылыми-зерттеу еңбегі
60 жылдан соң “Арыс” баспасынан 2002 жылы екінші рет
жарық көруі жаңағы қитұрқы сауалға жауап қой!
Осы орайда Серік Қирабаевтың мына бір пікіріне
назар аударайықшы: “Дегенмен, “Адасқандар” ел есінен
шыққан жоқ. Қазіргі өткенді жаңаша оқып тани бастаған
тұсымызда “Адасқандарға” қайта оралып, оның соңғы (1931)
нұсқасының сол күйінде жариялануы (1999. “Елорда”) да
оқырман көңілінен шығары даусыз. Ал, “Мөлдір махаббат”
характерлер шыңдай түскен табыстарымен, дәуір
шындығын әлеуметтік тұрғыда кең танытқан реализмімен
өзіндік туынды болып қала бермек. Бір тақырыпқа бір
жазушының екі мезгілде жазған екі романы қатар өмір
сүруге құқылы сияқты көрінеді маған”.
Араға азғантай ғана уақыт салып “Адасқандар” мен
“Мөлдір махаббаттың” Қазақстан баспаларынан бірінен
кейін екіншісі жарық көріп жатуы – шынында да, бұл пікірдің
келер күнді дәл болжап айтылғанына ден қойғызатындай.
Ал С.Қирабаевтың жазған оқулықтары 10-11 сыныптарда,
міне, жарты ғасырдан асса да үзбей пайдаланылып келе
жатқанын ескерсек, аталған екі шығарманың мектеп
бағдарламаларында жеке-жеке көрсетілуі, оқытылуы
керектігі ойға тиек.
“Ал “Жұмбақ жалау” (1938) Сәбиттің роман жанрындағы
ізденісін де, отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетіндегі бұл
жанрдың ірі табысын да әйгілеген туынды болды. Әртүрлі
сын-ескертпелерді ескере отырып, жазушы оны жөндеп,
кейін “Ботакөз” (1948) деген атпен жариялады. ХХ ғасыр
басындағы қазақ халқының отаршылдық қанау астындағы
өмірінің шындығы мен оның азаттық, теңдік жолындағы
күресін кең бейнелеген, қазақ әдебиетіндегі күрделі
эпикалық шығарма есебінде ол тарихта зор бағаланды” –
дейді С.Қирабаев.
Жазушы белгілі бір қоғамда өмір сүретінін, белгілі бір
97
уақыттың аясында шығармашылықпен айналысатынын,
белгілі бір заманның перзенті болып ғұмыр кешетінін кейбір
оқырмандарға ежіктеп түсіндіріп отыруға тура келетін
кездер болады. Бұл, әсіресе, қоғамдық жүйе өзгеріп, ғасыр
алмасып, санада өзгерістер туғанда тіпті қажет секілді.
Сондықтан да болар С.Қирабаев С.Мұқановтың әрбір кесек
туындысын келер ұрпаққа тұтас қалпында жеткізуді,
барлық бояуымен, жетістік-кемшіліктерімен қоса ұсынуды
құптаушылардың алдыңғы сапында.
“Өмір мектебі” – әлем әдебиетіндегі мемуарлық
романдардың дәстүрін жалғастырып, оны қазақтың
ұлттық сөз өнерінде орнықтыруда айрықша рөл атқарған
шығарма” – деп С.Қирабаев кешегі күннің ғана емес,
бүгінгі күннің мінберіне шығып, ертеңгі күнге бағыт-
бағдар сілтей ой қорытады. Сондай-ақ С.Мұқановтың “ХХ
ғасырдағы қазақ әдебиеті” (1932), “Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ
ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер” (1942) атты
ғылыми-зерттеу еңбектеріне С. Қирабаев ғылыми көзқарас
тұрғысынан лайықты баға береді. “ХХ ғасыр басындағы
қазақ ақын-жазушыларының өміріне қатысты да ол көп
деректер жинады. Күні кеше алаш-ордашыл деп жүрген
жазушыларымыз ақталғанда, олардың өміріне байланысты
мәліметтерді осы кітаптан алғанымыз да жасырын емес.
Қалғанын кейін зерттеп толықтырдық. Жалпы идеялық
бағытын сынай отырып, Сәбит жекелеген авторлар мен
олардың шығармаларына объективті баға берген. Оның
үстіне Сәбит еңбегі – осы дәуір әдебиеті бойынша жазылған
тұтас, жүйелі алғашқы зерттеу” – деген әділетті пікірін
айтады.
Еліміздегі “Мәдени мұра” Мемлекеттік бағдарламасы
аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
әзірлеп, баспадан шығарған “Қазақ әдебиеті тарихының” 10
томдық зерттеу еңбегінде академик Серік Қирабаев халық
жазушысы Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына
арнайы мақала арнаған. Мұны академик С.Қирабаевтың
Сәбиттануға қосқан тағы да бір зор үлесі деп қабылдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |