Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі,қимыл-қозғалыс,дидактикалық,құрылыс,кейіптендіру ойындары болып бөлінеді.
Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады.
Арнайы ойын-сабақ және сабақ мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда тәрбиеші өзі жетекші бола отырып, балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Балалардың есте сақтау қабілетін, қиялын, қабылдау қабілетін,зейін тұрақтандыруға,аңғарымпаздық қабілетін дамытуға арналған ойындар: Төрт құбылыс Балалар шеңбермен тұрады. Жүргізуші «су» - десе қолдарын алдына созады, «ауа» десе жоғары көтереді, «от» дегенде екі қолын айналдырады, «жер» дегенде қолдарын түсіреді. Кім шатасса ойыннан шығарылады.
Көңілді шеңбер Балалар шеңбер жасап отырады. Бір-біріне мұқият қарайды. Жүргізуші белгі бергенде балалар көздерін жұмады. Сол кезде жүргізуші отырған балаларға әр түрлі заттарды қыстырып қояды (гүл, орамал, көзілдірік т.с.с.). Балалар көздерін ашқанда не өзгерді? – деп сұрайды. Ең зейінді балаға сыйлық беруге болады.
Орныңды тап Балалар шеңберге тұрады. Әр бала өзінің жанындағы баланы есінде сақтап, қарап алуы керек. Жүргізушінің бірінші белгісі бойынша, бөлменің жан-жағына тарап кетеді (белгі: шапалақтау, барабанмен беріледі). Екінші белгі бойынша шеңберге бастапқыда қай орында, кімнің қасында тұрғанын есінде сақтап, қайта шеңбер түзеді. Өз орнын таппаған балалар ойыннан шығарылады.