13-тақырып. Қасым Аманжолов(1911-1955) Өмір жолы. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір жыры»(1938). Абай поэзиясынан үйреніп, нәр алуы.
Ақынның Ұлы Отан соғысына дейін әр түрлі тақырыптарға жазған өлеңдері: «Өркендей бер, Отаным», «Ұшқыш болғым келеді», «Болат сұңқар», «Ескерткіш», «Гүл жүзді, бұлбұл үнді Марпуғажан», «Сүйдім сені, Сандуғаш, қуға теңеп»т.б. өлеңдері.
Ақындық талантының Ұлы Отан соғысы жылдарында жарқырап көрінуі: «Зұлым жау», «Подполковник Әлпинге», «Мартбек», «Ғабдолға», «Орал», «Үстімде сұр шинелім», «Сен фашиссің, мен қазақпын» өлеңдерінде ақынның майдандағы жауынгерлерді ерлікке, туған елді, өмірді сүюге үндеуі.
«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасының Қ.Аманжоловтың соғыс жылдарындағы шығармашылығының биік шыңы екендігі. Поэманың көркемдік ерекшелігі. Ондағы ішкі монологтың мәні. Поэма туралы орыс ақыны Н.Тихонов пен қазақ қаламгері Ғ.Мүсіреповтің жылы лебіз білдіруі.
Қ.Аманжоловтың соғыстан кейінгі жылдары «Нұрлы дүние», «Өзім туралы», өлеңдерімен қатар еңбек тақырыбына «Күн көтерген қарындас», «Жылқышы жыры», «Ай астында алтын тау», т.б. өлеңдерінің жазылуы. «Партияның жабық жиналысында» өлеңінің туу жағдайлары. Елуінші жылдары ақынның жазықсыз қудалануы.
Ақынның «Құпия қыз», «Қытай қызы», «Жамбыл тойына», «Біздің дастан» поэмаларының тақырыбы мен идеясы. Көркемдік табыстары мен кейбір кемшіліктері.
Қ.Аманжоловтың аударма саласында өнімді еңбек етіп, А.Пушкиннің «Полтава», Ю.Лермонтовтың «Маскарад», А.Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмаларын аударуы.
Ақын шығармашылығының қазақ әдебиетінде алатын орны.
Шығармаларының зерттелуі.
Ұсынылатын әдебиет: [1], [2], [5],[7], [14], [25]
14-тақырып. Әбділда Тәжібаев(1909-1998) Ақын, драматург, ғалым, Қазақстанның халық жазушысы.
Туған ортасы, білім алған мектептері, қоғамдық қызметі. Жазушылық жолы. Шығыс поэзиясынан, қазақтың ауыз әдебиеті мұраларынан, Абай поэзиясынан нәр алып өскені.
Ақындығының алғашқы жылдарында ұстаз ақындарға, Сыр сүлейлеріне ұқсауға тырысқаны. Саяси лирика жетекші роль алған кезеңде Әбділданың да ойлы лирикалық өлеңдер жазуға дендеп бара алмағаны. Іздене жүріп, табиғат сұлулығын, махаббат сезімін жырлайтын «Алтын ай», «Көрісу», «Меруерт моншақ тереміз», «Тау қойнында», «Айнабұлақ», «Тараспен әңгіме», «Сырдария» өлеңдерінде сезім құбылыстарына терең бойлауға ұмтылатыны. «Аралдар» , «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Көне қоңырау», сондай-ақ кейін жазылған «өзім туралы өлеңдерден», «Афинада», «Көне диалогтерден», «Римде», «Парижде», «Стамбул кеші», «Сол адамға», «Айдап мені барады уақыт қайда», «Темірші жыры», «Ақындық», «Келші, сәулем» және «Құрдастар» (1977), «Таныс дауыстар» (1985) жинақтарына енген жырлардан, «Сүйінбайдың домбырасы» (толғау), «Ұлы Отан соғысында қаза болғандар монологы», өмірінің соңғы жылдарында жазған «Төрттағандарында» терең ой, философиялық жинақтауға еркін баратыны. Бүгінгі романтизм сарынында жазылған шығармаларында («Сырдария», «Тараспен әңгіме») символизмнің ерекше орын алатыны.
Ақынның поэмалары. «Құлғара», «Батырақ Қобыланды» «Олқылық», «Екі жиһан», «Құтқару», «Аққу», «Кілемшілер», «Сөнген шырақ» поэмаларына ақынның тақырыпты таңдап ала білгенімен, жанрдың көркемдік талаптарыныа жауап бере алмағаны..
Құрманғазы күйлерін өлең жолдарына айналдырып, «Қайран шешем», «Көбік шашқан», «Оркестр», «Абыл» дастандарын жазуы. Өнерді, өнер иелерін кейіпкер еткенде ақынның тың поэтикалық образдар жасап, көркемдік құралдарын тиімді пайдаланғаны. Табиғат құбылысы немесе халықтың аңыз-ертегілері негізінде «Толағай», «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез», «Азаматтар» атты драмалық поэмалар жазып, бүгінгі күннің шындығын айтуы.
Соғыстан кейінгі дәуірде Ә.Тәжібаев қаламынан туған «Темірші», «Портреттер», «Ашықтар», «Ол», «Күзетші», «Ақын», «Күйеулер», «Құрдастар», «Қызыл алаң», «Майра», «Мархума» поэмалары.
Ә.Тәжібаевтың драматургиясы. «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Жартас», «Батыр мен ақын» драмалары, «Дубай Шубаевич», «Той боларда» комедиялары. «Біз де қазақпыз» поэтикалық драмасы. Жазушының Майра, Телғара, Жанас, Мәлік, Байбол, Жәрдем, Темір сияқты жағымды, Тайман, Сапар, Дәурен, Қалабай, сияқты жағымсыз кейіпкерлері. Олардың психологиясының, характерлерінің даралығы. Ә.Тәжібаев пьесалары туралы айтылған сын.
«Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде» повестерінің идеялық, тақырыптық, көркемдік табыстары.
«Мен жалғыз ем, Сарамен болдық екеу», «Есімдегілер», «Жылдар және ойлар» тәрізді мемуар, естелік-эссесі.
Ә.Тәжібаевтың Н.Погодинмен бірлесіп «Жамбыл» көркем фильмінің сценарийін жазғаны.
А.Пушкин, Гейне, Шевченко және бірқатар орыс ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалауы.
Ә.Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» атты монографиясында қазақ лирикасының даму жолын саралағаны. Алайда зерттеушінің коммунистік идеология аластаған «алашордашыл», «ұлтшыл» ақындар лирикасын талдауда қателіктерге ұрынатыны. «Қазақ драматургиясының қалыптасуы мен дамуы» монографиясының ұлттық драматургиямыздың пайда болу, қалыптасу, өркендеу жолын терең сөз еткен ғылыми-теориялық зерттеу екендігі.
Ә.Тәжібаевтың әдеби көркем бейнесінің жасала бастауы.
Шығармашылығының зерттелуі.