Әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулардың; әдістемелік ұсыныстардың; әдістемелік нұсқаулардың титул парағы



бет2/5
Дата15.06.2023
өлшемі181 Kb.
#101555
түріНұсқаулар
1   2   3   4   5

(қолы) (аты-жөні)


МАҚҰЛДАНДЫ:
ОӘБ бастығы _____________ Жұманқұлова Е.Н 20__ж. «____» ________
(қолы) (аты-жөні)

Университеттің оқу-әдістемелік кеңесімен мақұлданды


20__ж. «___»______________ №____ Хаттама


Теориялық курс мазмұны


1-тақырып Көркем мәтінге лингвистикалық талдау пәні, мақсат-міндеттері

«Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» оқу құралы филология факультетінің студенттеріне көмекші құрал болып табылады. «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» арнаулы пән ретінде жоғары оқу орындарының оқу жоспарына 1983 жылы енді. Көркем әдебиет тілін зерттеу бүгінгі таңда теориялық негізі қаланып, оның мазмұны, яғни зерттеу нысаны мен мақсат-міндеттері, ұстанымдары мен әдіс – тәсілдері айқындалған. Мәтін тілінің бейнелілігін түсініп, көркем мәтіннің эстетикалық табиғатын танып, тілін талдай білу – филолог маманның міндеті. Ұсынылып отырған оқу құралы «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» пәнін меңгерту үшін және студенттердің филологиялық білім дағдыларын дамыта түсу үшін қажетті құрал болып табылады.


«Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» пәні «Әдебиет теориясы», «Қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» және тіл білімінің барлық салаларымен, басқа да салааралық пәндермен (риторика, поэтика, прагматика және семиотика) тығыз байланыста оқытылады. Аталмыш пән сондай-ақ, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнопсихология, лингвомәдениеттану, философия, мәдениет-
тану, логика, педагогика, этнология, тарих т.б. пәндермен де байланыстырылады. Бұл пәннің өзіндік талдау әдіс-тәсілдері бар. Студенттерге курс көркем мәтінге тілдік-лингвистикалық талдау жасауға, яғни дыбыстық қабаттан мәтінге дейінгі аралықтағы тілдік бірліктердің қызметін талдауға, сол арқылы көркем шығарма тілінің өзіндік ерекшеліктерін, олардың жасалу жолдарын, көркем құралдардың лингвопоэтикалық қызметін анықтауға үйретеді. Кез келген тілдік құрал көркем мәтін тілінде орынсыз қолданылмайды. Ондағы күрделі синтаксистік құрылымдар, лексемалар, жеке дыбыстар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер – бәрі де жазушы талғамымен көркемдік идеяға қызмет ететін тілдік құралдар болып табылады. Тілдік құралдардың қолданысы, олардың мағынасы, автор бейнесі мен кейіпкер бейнесінің берілу жолдары т.б. лингвостилистикалық талдау жүргізудің нәтижесінде анықталады.
[1], [2],[3],[11],[12],[13], [14].
2-тақырып. Көркем мәтінді талдау үлгілері
Көркем мәтінді талдаудың бірнеше аспектілері бар. Көркем мәтінді әдеби тіл нормаларына қатысы тұрғысынан алып талдау, мағыналық талдау, көркем бейне жасауға қатысы жағынан алып талдау, жазушының дара стилін таныту мақсатында талдау. Ғалымдар мәтін талдаудың бірізді болмайтындығы туралы «…бұл мына жайларға байланысты: біріншіден, қандай мәтінді қалай талдау зерттеушінің алдына қойған мақсат-міндеттерінен туындайды, екіншіден әр мәтіннің өзіндік ерекшеліктері ескеріледі» [2, 3], – деп атап көрсетеді.
Көркем шығарма тілі – көркем композицияның элементі. Көркем шығарманы лингвостилистикалық тұрғыдан талдауда негізінен екі нәрсе басты нысанға ілінеді: біріншісі – әдеби тілдің дамуы барысындағы көркем туындының орнын; екіншісі – жеке ақын-жазушылардың сөз мәнерін зерттеу. Бұл пәннің негізгі міндеті көркем мәтінді зерттеу арқылы оның идеялық және эстетикалық болмысын ашу болып табылады.
Тілдің тірегі – сөз. Сөз – халқымыздың өткен тұрмыс – тіршілігінің, ой – сезімінің, елдігі мен ерлігінің, парасатының әрі куәсі, әрі дерек көзі. Ал тілдің сөз байлығын танытатын – көркем шығарма. Көркем шығарма тіл байлығын танытумен ғана шектелмейді, сондай-ақ, тілді байытатын, дамытатын негізгі арналардың бірі болып табылады. Сөз құдіретін көрсету мен сөзден айшықты кесте өрудің шеберлерінің поэзия немесе прозалық шығармаларының тілін зерттеу арқылы әдеби тілімізді танып, меңгерудің тиімді жолы болып табылмақ.
«Көркем мәтінді өнер туындысы ретінде зерттегенде таза лингвистикалық әдіс-тәсілдермен шектеліп қалу жеткіліксіз. Себебі көркем туынды, даралық көркем стиль жазушы шығармаларының сөйлем құрылысы ғана емес, әр жазушының шығармаларына тән мазмұн мен түр ерекшеліктері. Көркем әдебиет стилистикасында шығарманың тілін оның идеялық мазмұнынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұдан талдаудың лингвистикалық принциптерімен әдіс-тәсілдерін әдебиеттану тұрғысынан талдаумен, соның ұғымдары, категорияларымен, принциптері және әдіс-тәсілдерімен ұштастыру қажеттілiгі туады» [1, 17].
Демек, көркем мәтінді лингвистикалық тұрғыдан талдау – әрбір тілдік құралдың қызметін талдау арқылы олардың мәтіндегі мағынасын ашу, қолданылу мақсатын айқындау. Ақын-жазушы шығармаларының қыр-сырын, көркемдік ізденістерін, тақырыптық – идеялық жақтарын т.б. жан- жақты қарастыратын әдеби талдауларын бүтін «дүниенің» екі жағы десек, олардың әрқайсысын терең зерттеу арқылы ғана бүтіннің табиғатын толық тани аламыз.
Көркем әдебиет қоғамдық өмір қалыптастырған әлеуметтік топтардың қоғамдағы алатын орнын, өзара қарым-қатынастар мен өзіндік ерекшеліктерін көрсетуде бірінші кезекте сол топтардың тіліне тән тілдік элементтерге иек артады. Мұндай тілдік ерекшеліктер көркем шығармада ортақ кәсібі мен тұрған жері, өскен ортасы т.б. жағдайлар біріктірген адамдар тобының әлеуметтік ерекшелігінен хабар беретін стильдік көрсеткіштер болып табылады. Көркем образ жасауға апаратын жолдағы көптеген амал – тәсілдер қатарында адамға тән түрлі мінез ерекшеліктері мен оның қалтарыстарын көрсетуде жазушы үшін үлкен маңызға ие нәрсе – кейіпкер тілін «өзгермеген» қалпында пайдалану. Қоғамдағы өзі кіретін әлеуметтік топпен ортасы атынан сөйлейтін кейіпкер ешқандай әсірелеу, боямасыз-ақ келбеті мен бітім болмысынан, білімі мен қабілетінен хабар беріп, тіл арқылы орнын айқындайды. Бұдан кейіпкер бейнесін сомдауда тілдік құралдардың қаншалықты маңызды екендігін, сондай-ақ тіл мен әдебиет арасындағы байланысты айқын аңғарамыз. Тілдік ерекшеліктерді туғызудағы негізгі факторлардың бірі шығарма кейіпкерінің қоршаған орта қалыптастырған дүние танымы мен өмірге деген өзіндік көзқарасы, көрген-білгені мен оқып-түйгенінен туған адами позициясы образ жасаудағы жазушы ескеретін бірден-бір жайт болып табылады.
Тіршілік иірімдеріндегі адамдар тағдырын бейнелеп, образдар галереясындағы олардың қайталанбас портреттерін жасау үшін жазушы кейіпкердің жеке басына тән барлық белгіні пайдалануға тырысады. Ол белгілердің қатарына тілдік құралдар да кіреді. Яғни ана сүті, әке өсиетімен даритын ұлттық ерекшеліктерінен бастап, мекен еткен жері мен кәсібіне байланысты тілдік қолданыстар, сондай-ақ, жас ерекшелігі мен әлеуметтік сипатын танытатын білім деңгейі, осы айтылғандарға қатысты сөз саптауындағы тілдік ерекшеліктер назардан тыс қалмайды. Оның сыртында әр адамның сөйлеу мәнеріндегі индивидуалдық ерекшеліктер образ сомдаудағы ең қажетті құралдардың бірі болып табылады.
Мағынасы айқын аңғарылатын, стильдік бояуы бірден көзге түсетін сөз бен сөз тіркесі, сөйлем бірліктері кез келген мәтіндегі қолданыс аясын анықтап, стильдік фон жасауға қатысатын белсенді тілдік құралдар екендiгiн тану үшiн филологиялық талдау жасау қажет. Әр функционалды стильдің өзіндік мағынасы мен бояуы жағынан ажыратылмайтын стильдік қабаты болады. Дыбыстық қабаттан мәтінге дейінгі аралықтағы тілдік бірліктердің стилистикалық қызметін талдау көркем шығарма тілінің өзіндік ұйысу ерекшеліктерін, олардың жасалу жолдарын, көркемдік құралдардың лингвопоэтикалық қызметін анықтауға жағдай туғызады. Көркем шығармада фонетикалық құбылыстарда түрлі стильдік мақсатта жұмсалады. Мысалы, сонар дауыссыздарының түсіріліп айтылуы іс жылдамдығын, қимылдың бірден жүзеге асқандығын білдірсе (боп- болып, со кезде- сол кезде), дыбыс созылыңқылығы кейіпкердің эмоциялы-психологиялық күйін білдіреді.
[1], [4],[6],[8],[10],[23], [24].


3-тақырып. Көркем мәтінді әдеби тіл нормалары қатысы тұрғысынан талдау
Көркем мәтінге тән ерекшелік онда түрлі терминдер, ауызекі сөйлеу үлгілері, ғылыми стиль, жалпы барлық стиль түрлерінің мақсатты түрде қолданыла беретіндігінде. «Көркем әдебиеттің стильдік ерекшеліктері жалпы халықтық тілде кездесетін фактілердің барлығын да керегінше қолдана беруден бас тартпайды. Сондықтан көркем әдеби шығармаларда әдеби нормамен қатар ауызекі тіл элементтері де, диалектизмдер мен архаизмдер де, жаңа қолданыстар мен варваризмдер де кездесуі заңды» [3,105].
Мәтінде қарапайым сөздер, яғни сөйлеу тілінің элементтері стильдік мағына, мән арқалайды.
«Қарапайым сөздер – ауызекі сөйлеу тіліндегі лексиканың бір саласы. Бұлардың екі түрлі ерекшеліктері бар:
а) стильдік мәні бір нәрсенің бағасын кемітіп, құнын түсіріп төмендету бағыты болады.
ә) диалектизмдер сияқты территориялық жағынан шектелген емес, жалпы халыққа бірдей таныс сөздер. Сонымен қатар, әдеби тілде қолдануға ыңғайсыз экспрессивті мәні болады. Тұрмыстық сөздер мен қарапайым сөздер бір – біріне өте – мөте ұқсас, бұлардың арасына шек қойып ажыратудың өзі кейде тым қиынға соғады» [10, 131].
Қаламгерлер жалпы халықтық тілдегі эмоционалды – экспрессивті сөздерді кейіпкерлер тілінде жиі қолданады.
«Экспрессивтік – эмоционалды сөздер барлық стильде бірдей қолданыла бермейді. Олар негізінен сөйлеу тілі мен көркем әдебиетке тән» [6, 178].
Жазушы кейіпкерлерді сөйлету арқылы тыныс-тіршілік-
терінен, өмірге деген қөзқарастарынан, мінез-құлықтарынан хабар береді. Кейіпкер тілі арқылы оның образы әр қырынан көрсетіледі.
«Нағыз жазушы кейіпкерлерін өздері беріп тұрған образға сай сөйлетеді. Кейіпкер сөзі оның бейнесін жасауға тікелей қызмет ететін көркемдік тәсілдің бірі болып саналады» [11, 47].
Көркем әдебиетте кейіпкер тіліндегі қарапайым сөздер кейіпкер мінезін ашуға қызмет етеді. Осындағы Өріктің аузынан шыққан дөрекі, эмоционалды сөздер, яғни қарапайым сөздер шоғыры біріншіден, оның болмысын, адуын, ұрысқақ, көкезу, долы адам екендігін көрсетуге қызмет етіп тұр, екіншіден кейіпкердің ішкі сезімін, қатты ашу – ызасын беру мақсатында қолданылған. Автор қарапайым сөздерді қолдану арқылы сөйлемдердің экспрессивті-эмоционалды қуатын арттырып, айтар ойын оқырман көңіліне бірден, нақты жеткізеді.
Барғанмен көре алмассыз, ұйықтап қалды, – деп еді, ол сөз Бозіңгеннің құлағына бит шаққан құрлы кірген жоқ, қол-аяғы жерге тимей, шошалада сүт пісіріп жатқан қара кемпірге барып, көзін ашып-жұмып естіген хабарын айтты.
Бит шаққан құрлы кірген жоқ; қол-аяғы жерге тимей; көзiн ашып жұмып – қарапайым тұрақты тіркестер, ауызекі тілде жиі қолданылады. Бұл жерде Бозінген мінезі ашылып қана қоймайды, автордың кекесінi, мысқылы да аңғарылады.
Сөздi ауыспалы мағынада қолдану амалы сөйлеу тілінде мәнерлегіштік әрі бейнелегіштік қасиет береді. Әдетте, сөйлеу тілінің эмоционалды сипаты басым болғандықтан, ауыспалы мағынада бейнелі сөздер сол сөз болатын зат, құбылысқа адамдардың көзқарасын білдіреді.
Вульгаризмдер кейіпкерлердің ашу ызасын тереңдетіп, әсірелейді. Бұл дөрекі сөздердің орнына сыпайылау сөздерді қолданса, онда ол сөйлемдердің эмоциялық реңкі болмас еді.
Аталған мысалдарда кейіпкердің аузынан шыққан дөрекі, эмоционалды сөздер, яғни қарапайым сөздер шоғыры (Өй, арам без!; Өй, бұралқы; Ойбой, сорлылар-ай; көп оттап; не оттап отырсың?), біріншіден, кейiпкер болмысын, мiнезiн таныту, яғни адуынды, ұрысқақ, көк езу, долы адам екендігін көрсетуге қызмет еткен, екіншіден, кейіпкердің ішкі сезімін, қатты ашу-ызасын беру мақсатында да жиі қолданысқа түскен.
Мәтіндегі «айызы қану», «бықсыма күншілдер», «аузы жеңіл», «суық сөз», «соғып отыру» айтылған ойға қатысты кейіпкердің көзқарасын, әрі екінші кейіпкердің мінез ерекшелігін білдіреді. Көркем мәтінде ауызекі сөйлеу тілі сол қалпында жұмсалады. Яғни әдеби тілден ауытқу, вульгаризмдер, диалектизмдер т.б. кездеседі. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің шығармаларында сөйлеу тілінің стильдік белгісін көрсетудің тілдік құралдардың қатарына ғып, әкеп, дейім, боп, кеп т.б. сөздер жатады. Бұл лексемалардың әдеби тілдегі көрінісі қылып, келіп, деймін, болып, әкеліп, т.б. түрінде беріледі.
«Көркем шығарма тілінің өзіндік табиғатын, өзіндік сөз қиюын айқындай түсетін екінші бір нәрсе, ол сөйлеу тілі. Басқы функционалдық стильдерге қарағанда көркем шығарма тілінде сөйлеу тілі элементтері де ретіне қарай қолданылып отырады. Өйткені, қандай да бір көркем еңбек болса да, онда авторлық баяндамадан сырт кейіпкерлер тілі, яғни кейіпкерлердің әрқайсысының өзіне тән сөйлеу машығы сақталатындығы белгілі.
Бұл арада сөйлеу тіліндегі сөз тіркесінің әдеби тіл аясындағыдан өзгешелеу болып келетіндігін ескерген жөн. Әдетте адамдар өзара сөйлескенде әр түрлі фонетикалық қысқартулар, синтаксистік ауытқулар ұшырасып отырады» [1. 24].
[1], [12],[13],[21],[22],[23], [26].
4-тақырып. Көркем мәтінді мағыналық жағынан талдау
Көркем мәтіндегі әрбір сөздің беретін мағынасын түсіну, автордың берген ойын тану үшін көркем мәтінге мағыналық талдау жасау қажет. Мысалы, фразеологизмдердiң мәтiн, мағыналарын талдауды мақсат ету керек.
«Көркем шығарма тіліндегі фразеологиялық тіркестерді талдау – әрбір автордың өзіндік стиль жасаудағы тілдік тәсілдердерінің бояу-өрнегін айқындау болып табылады. Жазушының көркемдік нақыш, қырын танытатын сөздер – осы фразеологизмдер» [11, 124].
Фразеологизмдер табиғаты және олардың қызметі, сондай-ақ, көркем шығармадағы қолданысы В. Виноградов, А. Ефи-
мов, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, К. Аханов, Р. Сыз-
дық, Ә. Хасенов, Х. Кожахметова, К. Смағұлова, Р. Авакова, Қ. Сарекенова, Ж. Қоңыратбаева, Г. Мұхаметқалиева еңбек-
терінде ғылыми түрде сараланып, зерттеледі.
Сонымен мәтіндегі әр түрлі стильдік бояумен әр түрлі мақсатта жұмсалатын бұл көріктегіш құралдардың бірі – фразеологизмдер, тұрақты тіркестерді талдау жазушының сөз қолдану шеберлігін ашуда да таптырмас тәсіл болады. Ақын-жазушының поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі – фразеолгия саласына тұрақты тіркестерді әкелуі. «Әр жазушы өз өресіне қарай тілдің фразеологиялық қорынан қажетін алады да, өз кезегінде әдеби тілдің дамуына үлесін қосып отырады» [12].
[1], [2],[3],[11],[12],[13], [14].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет