№ 21 жаратылыс, №19 гуманит
«Ғасырлар бойы арман еткен егемендік – қазақтың басына қонған бағы» деген тұжырымды дәлелдеп жаз (Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл).
Тәуелсіз елдің ұлы – өжет,
қызы – қайратты, халқы – қаhарман. Мақал
Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қастерлі, қасиетті ұғым. Өйткені, ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған, аңсап кеткен Егемендікке найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жеттік. Тәуелсіздікке жету жолында талай тар жол, тайғақ кешулерден өттік. Содан бері аттай зулап отыз жыл уақыт өтті.
Ханның да, қараның да рухани өзегі – тәуелсіздік. Өзегінен айырылған ел өледі дегендей, өзегіміз болып отырған Тәуелсіздік халқымыздың басына қонған бағы ғана емес, құт-берекесі, бірлігі, жан тыныштығы деп ойлаймын.
Алдыменен, Тәуелсіздік бізге жан тынышытығы мен бейбіт өмірді сыйлады.Бұл, біздер үшін ең басты байлық деп білемін. Себебі, тыныштығы мен бейбітшілігі жоқ ел тозады, алға қарыштап дамымайды. Ондай елдің өмірі қорқынышпен өтеді.Тыныштық болмаған сәттерді тарихтан білеміз. Сыртқы жаулардың кесірінен тыныштығы бұзылған халқымыз жан-жаққа тарыдай шашырады емес пе? Сонау Ақтабан шұбырындыда, ашаршылық жайлаған нәубетте, сталиндік репрессия өршіген кезде халқымыз көршілес елдерге пана іздеп көше бастады. Атақты «Елім-ай» әні сол кезден қалған ескерткіш деп білемін. Тек қана Тәуелсіздік алып, елімізде бейбіт өмір орнай бастағанда, қандастарымыз атажұртқа көшіп келе бастады. Тіпті қазірдің өзінде оралып жатқандар саны көп.
Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің берген сыйының бірі – ұлттық құндылықтарымыз: тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, әдебиетіміз мен мәдениетіміз, тарихымыз бен шежіреміз қайтып оралды. Оларды дамыту үшін Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында басты басымдықтарын жоғалған, өшкен құндылықтарымызды орнына келтіруге бағыттады. Өзіміздің рәміздеріміз бен қатар төл тарихымыз, төл теңгеміз, төл оқулықтарымыз жазылды.Көшелеріміз бен қалаларымыз, елді мекендеріміз қазақша атауға ие болып, қазақ мектептерінің, оқу орындарының саны артты. Ел жадынан өше бастаған салт-дәстүріміз, ұлы тойларымыз, мерекелеріміз оралды. Осылайша, халқымыздың маңдай бағы жарқырап, әлем елдері бізді тани бастады.Елордамыз Астанаға көшіп, жаңа бейнесі жыл сайын асқақтап, құлпыра түсті. Кез-келген саладан жетістіктеріміз бен жеңістеріміз молығып, көк байрағымыз желбіреп тұр.
Тәуелсіздіктің берген бақытының дәмі «Мәңгілік ел» идеясымен, яғни рухани жаңғырумен ұштасты. Бұл идея тағы да сонау көне тарихтан бастау алады. Осы жерде бізде «мәңгілік ел» болу үшін не істеуіміз керек?- деген сұрақ туады. Менің ойымша, болашақты арғы ұрпаққа табыстайтын жастарымыз өр тұлғалы, намысты, ұлттық сана-сезімі мол, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігі зор болуы тиіс деп түсінемін. «Егеменді ел көрікті,
Бетегелі бел көрікті», - дегендей, жастар осы егемендіктің тізгінін мықтап ұстау керек. Ол үшін еліміздің әлем елдерімен терезесін тең ету үшін басты байлық білім алып, мықты маман иесі болуымыз керек. Еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоссақ, еліміздің іргесі ешқашан шайқалмайды.
Ойымды қорытындылай келе, Тәуелсіздік – маңдайымыздағы сөнбейтін бақ жұлдызымыз деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің туы биікте болсын деп тілеймін!