КІРІСПЕ Зерттеу жұмысымның көкейкестілігі. ҚР білім беру жүйесінің дамуы – жаңа ақпараттық технологиялар мен компьютерлердің қолданылу деңгейіне, шығармашыл білімнің қалай қалыптастырылатындығына, оның әлеуеттік мүмкіндігінің күшеюіне байланысты.
Ал бұл міндеттің іске асырылуы мектептегі оқу үдерісіне жаңа технологиялар мен ақпараттық құралдардың қаншалықты, сонымен қатар қандай негізде енгізілуіне тәуелді екені түсінікті. Жалпы орта білім берудің математика пәні бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында бұл пәннің саласында онымен іргелес өзге де ғылым салаларындағыдай жаңалықтар мен жаңа білім көлемі жедел қарқынмен жыл сайын артып отырғаны айтылып, осы нормативтік құжаттың мақсат-міндеттерін анықтауда ескерілген қоғамдық өзгерістің бірінде былай делінген: «... Қоғамның жоғары деңгейде ақпараттандырылуы, ақпараттық техника мен технологиялардың кеңінен қолданылуы математиканы оқыту барысында оқушылардың алгоритмдік мәдениетін дамуды талап етеді».
Бұл мәселені шешудегі басты міндет мектепке, әсіресе, математиканы оқытуға жүктеледі.
Жалпы, геометрияны оқыту әдістемесіне үлес қосқан ғалымдар Н.М.Бескин, В.Г.Чичигин, А.Н.Колмогоров, В.А.Гусев. Геометрия есептерін шығару мен теоремаларды дәлелдеуді оқып үйретуге Д.Пойа, М.Б.Волович, К.С.Богушевский, Л.С.Карнацевич, мектеп геометриясы оқулығындағы тарауларды оқытуға Т.М.Мищенко, Ю.М.Келягин, Г.Л.Луканкин, С.Е.Ляпин, В.А.Оганесян, А.Я.Блох, И.Ф.Тесленко т.б. еңбектері бар.
Осы еңбектерге жүргізілген талдау қоғамның ақпараттануына байланысты геометрия саласындағы бар жетістіктерді компьютермен ұштастырудың қажет екенін көрсетті.
Қоғамды ақпараттандыру мәселесіне, оның негізгі белгілері мен сипаттамаларын анықтауға бірқатар философтар мен психологтардың (В.Г. Афанасьев, В.В. Давыдов, Е.И. Машбиц т.б.) және педагог ғалымдардың еңбектері (С.И. Архангельский, Е.Ы. Бидайбеков, Ж.А. Қараев т.б.) арналған.