2. Батыс Чжоу дәуірі Шан қалаларының одағы өздерін қоршап жатқан жау тайпалармен үздіксіз соғыс жүргізді. Осы ұзаққа созылған соғыстар шандықтарды әлсіретіп, олардың құлауына алып келді. Қытайдың дәстүрлі тарихнамасына сәйкес б.з.д. ХІІ ғ. аяғында (1122 ж.) шандықтарды батыстан келген чжоулықтар бағындырды.
Чжоулықтардың ерте тарихы Вэйхе (Хуанхэнің бір сағасы) өзені аңғарындағы жерлермен байланысты. Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың бірінші жартысында мал шаруашылығы және егіншіліктің ерте түрлерімен айналысты. Чжоулықтар шандықтармен, бірде достық, бірде жаулық қатынастарда болып отырды. Шандарға қарсы әскери одақты басқарған чжоулықтар Муе түбіндегі (Хэнаньда) атақты шайқаста Инь коалициясының әскерін тас-талқан етіп жеңіп, көп ұзамай өз билігіне Хуанхэ өзенінің жоғарғы және орта ағысы бассейніндегі кең-байтақ территорияны қаратты.
Б.з.д. 1122-770 жж. аралығындағы дәуірді тарихи дәстүр Батыс Чжоу мемлекетінің уақыты деп есептейді. Шан-Инь дәуіріндегі олжа үшін болған қарулы шапқыншылықтар түріндегі соғыстардан ерекше, чжоулықтардың жорықтарының мақсаты басынан бастап-ақ жаңа жерлерді басып алу, олардан жұмыс күші ретінде тұтқындар әкету болды. Шань-Инь бірлестігін талқандағаннан кейін чжоулықтар бағынудан бас тартқан Иньдіктердің бір бөлігін өздерінің екінші астанасы - Чэнчжоудың құрылысына жіберді. Қала құрылысы біткеннен кейін олар еріксіз жұмысшылар ретінде патша шаруашылығында жұмыс істеді. Ең атақты он үш Инь руы құлдыққа салынып, Чжоу мемлекетінің алғашқы блеушісі У-ванның туыстарына сыйға тартылды.
Батыс Чжоу құрылымы бойынша өте бос (аморфты) және этникалық жағынан әртекті мемлекеттік құрылым болды. Онда жергілікті билеушілер Чжоудың жоғарғы билеушісіне алым төлеп, әскери көмек көрсетіп отырғанымен, өздеріне тиесілі аймақтарға автономды билік жүргізді. Чжоулықтар жаулап алған территориялар Чжоу үйінің мүшелерінің билігіне берілді немесе бұрынғы билеушісінің қолында қалдырылды.
Чжоу ваны патшалық жер қорынан басқару аппаратында қызмет ететін жекелеген адамдарға қызметтік жер үлесін беріп отырды. Бұл сыйға тартылған жерлер қызмет адамдарының жеке меншігіне айналған жоқ. Іс жүзінде олар жерден түсетін өнімге ғана иелік етті. Сонымен бірге «патша адамдары» сыйға да тартылды. Бұл еріксіз адамдар ван үйінің жеке меншігінде болды және олардың өз меншік құралдары болмады. Алайда «патша адамдарының» бәрі бірдей құлдар болған жоқ. Атп айтқанда, олардың қатарында жоғарғы лауазымды қызмет адамдары да болды, алайда олардың бәрі ванға қатысты бірдей бағынышты жағдайда болды.
Мемлекеттік-патшалық қор ауқымында (тіккелей қауымынан бөлек) ірі патшалық кешенді шаруашылық-егіншілік, мал шаруашылығы, қолөнер кең тарады. Патшалық – храмдық шаруашылық орын алды.
Бұл кезде Солтүстік Қытайдың климаты айтарлықтай суытып, ылғал азайып кеттеді. Батпақтарды құрғату жұмыстарынан гөрі егістік алқабын кеңейтуде қолдан суару талап етіле бастады. Мал шаруашылығының маңызы төмендеді. Қалалық типтегі қоныстар Шығыс
Қытайдың ауқымды территориясында – солтүстігіндегі далалардан Янцзы бассейніне дейін тарады. Өзен жағаларындағы қалалар тапталған топырақтан тұрғызылған дуалдармен қоршалды.
«Әндер кітабының» мәліметтеріне қарағанда территориялық үлкен отбасылық қауым сақталды, ал кейінгі дәуірлерге жататын мәліметтерге қарағанда ұжымның өзін-өзі басқару органдары бар қауым болды, оның жері мемлекет пайдасына өңделетін (гуньтян) және жеке жерлер (сынтянь), яғни қауымның өз пайдасы үшін өңдейтін жері болып бөлінеді. Сытянь терминін жеке иеліктегі жер деп түсінбеу керек. Территориялық қауымның ерікті мүшелері халықтың негізгі бұқарасын құрады, олар мемлекетке натуралды салықтар төлеп, еңбегімен қызмет етіп отырды. Тікелей чжоулықтардың өзі байсин деп аталып (жүз ру), басқа еріктілерге қарағанда артықшылық жағдайда болды, атап айтқанда оларға мемлекет тарапынан азық-түлік сыйға беріліп отырылды, мысалы шошқа еті тұрақты түрде берілді және олардың міндеткерліктері мен салықтарының мөлшері төмен болды.
Дәуірдің аяғына қарай, қауымға кірмейтін жер шаруашылықтары пайда бола бастаған тәрізді. Мұндай шаруашылықтарда негізгі жұмыс күшін құлдық жағдайдағы немесе құлға жақын жағдайдағы, әртүрлі категориядағы жұмыскерлер құрады.
Батыс Чжоуда өзінің алдындағы Шан дәуіріне тән құлдарды жаппай түрде тұрақты құрбандыққа шалу және рәсімдік жерлеулер тоқтайды. Адамды құрбандыққа шалуға қарсы күрес ежелгі Қытайда әлі де ұзақ уақыт жүреді. Алайда бұл қанды әдет-ғұрыпқа қарсы алғашқы наразылықты Чжоу мемлекетінің негізін қалаушы Чжоугун бастап берген болатын.