Б.з.д I мыңжылдықтың ортасы Солтүстік Үндістанның экономикасы мен әлеуметтік қатынастарындағы, саяси құрылысы мен мәдениетіндегі ірі өзгерістерімен ерекшеленді. Бұл дәуірдің сипатты белгілерінің бірі жаңа дін - буддизмнің пайда болып, таралуы болды. Буддистік әдебиет ескерткіштері осы дәуірдегі Үндістан тарихының құнды деректері болып табылады, сондықтан да бұл дәуірді (б.з.д. V-III ғғ.) шартты түрде «буддалық дәуір» деп атауға болады.
Пали тіліндегі “Типитака”(“Үш қоржын”) деп аталатын кең ауқымды буддалық канон Шри-Ланкада б.з.д. 80 жж. шамасында жазбаға түсірілген.Ол буддизмнің тхеравада мектебіне (немесе хинаяна –“құтылудың тар жолы”) тән.
«Буддалық» дәуір – Солтүстік Үндістандағы урбандалу кезеңі болып табылады. Б.з.д. I мыңжылдықтың ортасында Ганг аңғарында материалдық мәдениеттің бірегейленуі орын ала бастады. Темір өңдеу таралады. Б.з.д. V-IV ғғ. ежелгі Үндістандағы маңызды қалалық орталықтың негізі қаланады. Ең белгілі өнер ескерткіштері Ашока патша есімімен байланысты. Әр түрлі үнді тілдеріндегі, сондай-ақ арамей және грек тілдерінде жазылған. Ашока жазбалары жалпыүнділік Маурья мемлекетінің тарихы бойынша тамаша деректер болып табылады. Бұл деректер аталмыш мемлекеттің шекараларын, халықтың құрамын, әкімшілік құрылысын және басқару сипатын, ішкі саясаты мен сыртқы байланыстарын анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл дәуір бойынша шетелдік деректер, ең алдымен антика деректері маңызды болып табылады. Жерорта теңізі елдері Оңтүстік Азия елдерімен Ахамен державасы қалыптасқаннан кейін азды-көпті тұрақты байланысқа түсе бастайды. Гректердің Үндістанды толық мағынадағы ашуы Александр Македонский жорықтары тұсында іске асты. Ал, державаның ыдырауынан кейін оның мұрагерлерінің арасында, әулеттік патшалар Маурья державасының арасында әжептеуір тығыз тұрақты байланыстар орнады. Маурьялар державасының негізін қалаушы Чандрагуптаның сарайында Селевкид елшісі Мегасфен болып, Үндістанның суреттемесін қалдырды.
Б.з.д. I мың жылдықтың ортасында 200-дей ірі мемлекеттер өмір сүрді, алайда жекеленген аймақтар әлі де бөлшектеліп, ыдырап жатты. Әсіресе Пенджаб аймағы ерекше ала-құла болды.
Б.з.д. VI ғ. аяғында Инд өзені бойындағы Пенджаб аймағында А. Македонский әскерлері келіп кіреді. Бірқатар жергілікті тайпалар мен мемлекеттік бірлестіктер І Дарийге бағынды, парсы патшаларының Солтүстік Үндістан жерінде 2 сатрапиясы – Гандхара мен Хинду сатраптары болды. Алайда Үндістанның анағұрлым маңызды мемлекеттері Ахеменидтер державасынан әлдеқайда шығысқа қарай орналасты. Бұл Ганганың орта және төменгі ағысындағы Магадха мен Кошала, Ганга мен Ямуна өзені аралығындағы Ватса, сондай-ақ астанасы Уджаянада болған Аванти мемлекеттері еді. Осы аса ірі төрт мемлекет арасындағы гегемония жолындағы күрес б.з.д. ҮІ-Ү ғғ. Солтүстік Үндістанның саяси тарихының басты мазмұнын құрады.
Б.з.д. ҮІ ғ. қарай Магадханың ықпалы күшейеді, оның билеушілері бірнеше ғасырлардан кейін алғашқы жалпыүнділік державаның негізін қалайды. Б.з.д. ІҮ ғ. аяғында Пенджаб аймағына А.Македонский әскерлері келіп кіреді. Бірқатар жергілікті тайпалар мен мемлекеттер Македонскийге өз еркімен беріледі (мысалы, Таксила), ал басқалары қарсылық көрсетеді. Грек – македондықтар Биас өзеніне дейін ғана жетіп, жергілікті халықтың күшті қарсылығынан кейін кері қайтуға мәжбүр болды.
Жергілікті ақсүйек рулардың бірінен шыққан Сандракотт антимакедондық күресті басқара отырып, А.Македонскийдің Солтүстік Үндістанда қалдырған гарнизондарын талқандағаннан кейін, Магадханың патшасымен күрес бастайды. Грек авторлары көрсетіп отырған Сандракотт есімі үнді әдебиетінен белгілі Чандрагуптамен толық сәйкес келеді. Дәл осы Чандрагупта, Магадха мемлекетін билеп отырған Нандалар әулетін талқандап, Маурьялар әулетінің негізін қалады (б.з.д.317 – 180 жж.). Бұл әулет ежелгі үндістан тарихында маңызды роль атқарды. Чандрагупта Солтүстік Үндістанды толықтай, Пенджабтан Белгалияға дейінгі аралықта жаулап алды, ал оның мұрагерлері өз билігін Деканға да орнатты. Маурьялар державасы өз дамуының шарықтау шегіне б.з.д. ІІІ ғасырдың ортасында, Чандрагуптаның немересі Ашока Тусында жетті. Бұл дәуірдің негізгі дерегі Ашоканың тасқа қашап жазылған жазбалары – «Ашока эдиктілері» болып табылады. Осы жазбалардың табылған жерлері арқылы Ашока мемлекеттің шекараларын анықтауға болады. Ашока тусында Маурьялер державасы Гангтың бастаулары мен Кабулдан Деканның оңтүстік шегіне дейін жетті (Оңтүстік Үндістанның ең қиыр аудандары ғана кірмеді). Маурьялар державасына кірген елдер бірқатар кең ауқымды провинциялар құрды. Олардың ең бастылары бұрынғы тәуелсіз мемлекеттерге сәйкес келеді. Жалпыүнділік державаның билеушісі өзін тек Магадханың билеушісімін деп атап, өзінің түбегейлі иеліктерін провинциялардан - аса ауқымды перифериядан бөлек қарастырды. Жаулаушылықтар, әдетте саяси элитаның толық биліктен аластатылуына алып келген жоқ. Тек 3-5 жылда бір рет Магадха патшасы немесе провинцияларды басқарушы «патшазадалар» жергілікті жерлердегі жағдайда бақылау және бұл территорияларға өз құқықтарын көрсету үшін өздерінің өкілдерін жіберіп отырды. Держава құрылымы, жалпы алғанда бос (аморфты), орталықтандыру деңгейі төмен болды. Жекелеген аудандарда жергілікті әулеттер немесе олигархиялық бірлестіктер билік құруын жалғастыра берді. Кең-байтақ территорияда (әсіресе Деканда) халық тайпалық құрылыста өмір сүріп жатты, сондықтан да мемлекеттік билік өкілдері тайпа көсемдерімен тығыз байланысқа түсіп, оларды мемлекеттік қызметке тартып отырды. Держава ауқымындағы саяси бірігу әр түрлі аймақтардың материалдық және рухани мәдениетінің айтарлықтай бірегейленуіне ықпал етті, бұл бірігу әсіресе бұрынғы артта қалған аудандардың (негізінен Орталық және Оңтүстік Үндістан) экономикалық дамуы мен әлеуметтік жіктелу процесінің жеделдеуінде маңызды роль атқарды.
Билеушінің билігін патша кеңесі шектеді, кеңес патша туыстары мен ең жақсы қызметтерді иеленіп отырған ақсүйек отбасы өкілдерінен тұрды.
Маурийлердің саясатының ерекшеліктерінің бірі (басқа да бірқатар ежелгі Үндістанның ірі мемлекеттерінің) дәстүрлі емес діндерге, негізінен буддизмге қамқорлық көрсетуі болды. Өз жазбаларында Ашока халықты тек абыз-брахмандарды ғана емес, сондай-ақ жаңа ілімдердің кезбе уағыздаушыларын да құрметтеуге шақырады. Эдиктілердің өзі буддизмнің ықпалымен қалыптасқан уағыздар еді. Патша халықты діни төзімділікке шақырып былай дейді: «Кімде-кім өз дініне бола басқаның дінін балағаттаса, онда ол тек өз дініне зиян келтіреді». Өзін халықтың әкесімін деп жариялай отырып, патша барлық діни қауымдарға қолдау көрсетуге уәде береді. Жоғарғы билік иесі нағыз діншілдіктің не екенін түсіндіреді. Буддистік діни ілімі туралы пікірлерін халыққа жеткізіп отырды, және монахтық қауым өміріне қызу араласып отырды. Патша тек әкімшілік жетекшісі ғана емес, держава халықтарының қайырымды рухани да басшысы екенін көрсетуге тырысты.
Жалпыүнділік билеуші «өз қайырымдылығымен» бүкіл әлемді өз билігіне қаратуға да тырысты. Осы мақсатпен Ашока әр түрлі елдерге өзінің арнайы миссияларында жіберіп отырды. Эдиктілерде Ашоканың алыс жатқан батыс елдеріне де – Египет, Македония, Коринф, Кирен мемлекеттерінің гректік билеушілеріне шабармандар жіберілгендігі айтылған. Алайда антика деректерінде бұл үнді елшіліктері туралы ештеңе айтылмаған.
Үндістанмен тығыз байланысты елдерде, әсіресе, Шри-Ланкада миссионерлік қызмет әсіресе табысты болды. Цейлон бұрыннан-ақ үнді өркениетінің ықпалында болған ел. Шри-Ланка Ашока дәуірінен бастап қазірге дейін буддизм дінін ұстанады. Буддизим бұл жерде тұрпайы қауымдық наным-сенімдерін ауыстыра отырып, прогрессивті роль атқарды. Бұл әлемдік діннің қабылдануы, кейінірек, Азияның басқа да көптеген елдерінде прогрессивті роль атқарды.