ІІІ ғасырдағы Рим империясындағы дағдарыс Б.з. ІІ ғ. аяғына қарай Рим қоғамында дағдарыс басталды. Рим қоғамының барлық салаларын қамтыған құл иеленушілік қатынастардың дағдарысқа ұшырауы әсіресе, империяның батыс провинцияларында ерекше байқалды. Құл иеленушіліктің құлдырау деңгейі провинцияларда бірдей болған жоқ. Құлиеленушілік қатынастар неғұрлым дамыған жерлерде дағдарыс жоғарғы шегіне жетіп отырды. Құл иеленушіліктің дағдарысы ұзақ уақытқа созылды. Дағдарыс салдарынан Италиямен оның провинциялары арасындағы қайшылық шиеленісе берді. Магнаттардың басқаруымен кейінгі антикалық колонаттар құрылып, құлдықпен басым түрде айналысты. Көптеген қалалар тоқырай бастады. Қолөнер мен сауда біртіндеп құлдырады. Мемлекеттің қаржы жағдайы қатерлі кезеңді басынан өткеріп жатты. Асыл металды теңгелер азайып, баға көтеріліп, алым-салық жинау күшейді. Экономикалық жағдайдың нашарлауы ең алдымен қарапайым адамдарға аса ауыр соқты. Мемлекеттік билік өзінің тұрақтылығын жоғалтты. ІІІ ғ. мемлекет варварлардың шабуылынан көптеген жерлерінен айырылды. Варварлардың шапқыншылығынан Рим мемлекеті жоғарғы Германияның құнарлы далалары және Дакия сияқты бай провинцияларын біржола жоғалтты. Рим империясының дағдарысты тоқтатуға, уақытша болса да ушыққан әлеуметтік және саяси қатынастарды тұрақтандыруға шамасы жетпеді. ІІІ ғ. сенаторлық аристократия барлық қолбасшылық қызметтерден қуылып, провинциялардағы атты әскерлер құрамы өзгертілді. Рим сенаты жоспар құру және оны шешу өкілділігінен тықсырылып, тек «тақ кеңесінде» қаулы шығара алатын болды. Мұндай саяси өзгерістер әсіресе, Диоклетиан (284-305 жж.) және Константин (306-337 жж.) билігі кезінде болды. Доминант немесе Кейінгі Рим империясы пайда болып (284-476 жж.) өмір сүрді. Император тағы үшін қырғын күрес және үміткерлер арасындағы азаматтық соғыстар, варварлардың дүркін-дүркін шабуылы елді экономикалық тығырыққа тіреп, империяның дағдырысын күшейтті. ІІІ ғ. империяның экономикалық құлдырауы және саяси тұрақсыздық адамдардың психологиясына әсер етті. Тақ тұрақсыз болды, 50 жылда 22 монарх ауысып үлгерді. Енді Рим бұрынғы қуатынан айырылып, күйреуге жетті. Провинциялар орталыққа бағынуды қойды, оларға бірыңғай заң күші жүрмеді. Әйгілі «Рим еркіндігі» заңдандырылды. Осылардың барлығы қоғамның психологиясымен рухани өміріне әсерін тигізді. Адамдар енді құтқарушы Рим құдайларына сенбейтін болды. Олар жаңа дін Иудейден шыққан христиандыққа бет бұра бастады.
ІІІ ғ. аяғында тереңдеген дағдарысты болдырмау үшін уақытша нәтижесін берген реформаторлық қайта құру шаралары қолға алынды. Арендаға жер берудің жаңа түрлері пайда болды. Эмфитевис – аз ғана төлемге жерді жалға берді және өз үлесіндегі жерлерде кең құқықтар берілді. Келесі ұсақ жалға беру – прекарий, яғни, ұзақ мерзімдік немесе өмірлік аренда жүйесі енгізілді. Эмфитевсистер – қазынамен шіркеудің ірі жер иелеріне жалға жер алушылар еді. Оның мәнісі – эмфитевсистер өздерінің құқығын пайдалана отырып, жер иелеріне жыл сайын белгіленген төлемдерін өтеуге және шаруашылықты жақсы жүргізуге міндетті болатын. Олардың иелік ету құқығы біршама кең болды: жерлерін жалға бере алатын, мұраға қалдыратын, тіпті сата алатын болды. ІV ғасырдағы колондардың ірі жер иеленушілерге кіріптарлығы салдарынан әлеуметтік статусы әртүрлі деңгейдегі топтары қалыптасты. Мүліктік иелену құқығының артықшылығын кең түрде иемденушілер ерікті колондар – либери, одан кейінгілері оригинарий болды.
Император билігі күшейтіліп, сенат маңызы түсірілді. Доминат жүйесі Рим дүниесінде жаңа әлеуметтік экономикалық жағдайдың қолайлығына жағдай жасады. Осы арқылы біріккен Рим күшпен үш континенттің елдерін ұстап тұрды. Доминат дәуіріндегі реформалар рим мемлекетінің құлдырауын жарты ғасырға шегіндірді. Алайда империяны құтқаруға арналған шаралар оның құлдырауын тоқтата алмады. Ішкі қарама-қайшылықтан әлсіреген империя сыртқы күштерге қарсы тұра алмады. Герман жаулап алушылығы Римнің тағдырын шешті. Әлеуметтік саяси процестерді ІІІ-ІV ғасырлардағы «қуатты сыртқы күштер» факторы – варварлық тайпалардың шабуылы күшейтті. Соңғы Рим мемлекеті варварлармен араласып, үздіксіз соғыстан қалжыраған римнің ішкі және сыртқы саясатында біртұтас организм ретінде көрші варвар тайпаларымен бірлесе өмір сүрді.
Ежелгі державалар тәкәппар да құдіретті болды. Бірақ ең ірілері Дарий мен Александр Македонскийдің, Рим мен Қытайдың алып империяларын қосқанда құрылықтың азғантай бөлігін алатын еді. Ал олардың шекараларының арғы жағындағы шексіз жерлерде әр түрлі өмір өтіп жатты. Бұларды қазір біз алғашқы қауымдық тайпалардың әлемі дейміз. Ал римдіктердің, ертедегі қытайлар немесе гректердің кезінде оларды варварлар деп атаған болар еді. Варварлар аңшылық пен мал шаруашылығын тамаша меңгерді. Варварлардың өмірінде байлықтың рөлі үлкен болған жоқ. Барлығы да кедей, бірақ азат, бір-бірімен тең болды. Тек көсемдері, ру басылары, абыздары ғана аздаған артықшылықтарды пайдаланды. Варварлар мемлекеттің не екендігін білген жоқ. Ежелгі және орта ғасырлардағы мыңдаған жылдарда бір-біріне қарама-қарсы екі дүние: алғашқы қауымдық тайпалар әлемі мен өркениет әлемі бір-біріне бетпе-бет келіп тұрды. Оларды өзара жаулық алыстатса, бір-біріне деген мүдделілік байланыстырды. Қанды соғыстар жүз жылдарға созылған бейбіт көршілікпен алмасып жатты. Варварлар шапқыншылығы қаншалықты жойқын болғанымен, уақыт өте келе өркениет өкілдері жер шарындағы «басқа әлемнің» жерлерін жаулап алып, өрісін кеңейте берді. Варварлар да өркениеттің әсерінен тыс қала алмады. Өйткені варварларға саудагерлер мен жауынгерлер, дін уағыздаушылар келіп тұрды. Басқа тайпаларға қарсы соғыста варварларды жалдап отырды. Өркениет пен варварлардың шекарасы әрқашанда «ашық», ал варварларға өркениеттің ықпалы күшті болды. Рим империясына варварлар әлемі қауіпті бола түсті. Азияның далаларынан немесе Еуропаның ормандарынан алып империяларды жойып жіберетін тайпалар пайда болды.