Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Білімін тексеруге арналған сұрақтар



бет25/92
Дата16.10.2023
өлшемі442,2 Kb.
#115942
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   92
Байланысты:
annotation15107 2

Білімін тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Ассирияның күшеуінің тарихи алғышарттары қандай?

  2. ІІІ Тиглатпаласардың реформаларының мәнін ашыңыз.

  3. Ассирия қандай тарихи жағдайларда құлады?



Х ТАРАУ

ЕРТЕДЕГІ КІШІ АЗИЯ ЖӘНЕ ХЕТТ ПАТШАЛЫҒЫ




1. Кіші Азиядағы хеттерге дейінгі дәуір


Қазіргі Түркияның азиялық бөлігі – Анатолия түбегі, ежелден Кіші Азия деп те аталатын осы түбек бағзы замандардан Таяу Шығысты Эгей әлемімен және Балқан түбегімен байланыстыратын, яғни Азияны Еуропамен байланыстырушы өзіндік бір көпір болды. Анатолияның экономикалық және мәдени дамуында оның табиғи байлықтары шешуші роль атқарды. Анатолияның қойнауында аса бай металл қорлары жатты. Мұның өзі осы аймақта қола дәуірінің басынан қалыптасқан қоғамдардың саяси және экономикалық тарихында маңызды роль атқарды.
Б.з.д. ІІІ мыңжылдыққа қарай-ақ Кіші Азияның шығыс бөлігінің төбелерінде орналасқан бекіністі мекендер Кіші Азия тайпаларының экономикалық, саяси және мәдени өмірінің орталықтары болып табылады. «Ерте қола дәуірі» деп аталатын осы уақытта Шығыс Анатолия қола дәуірінің экономикасы үшін қажет ресурстарға ие болып қана қойған жоқ, сонымен бірге оларды пайдалану технологиясын да білді, соның арқасында Шығыс Анатолия бүкіл Кіші Азияда маңызды роль атқарды.
Табиғат байлықтары Кіші Азияға ежелгі Шығыстың әр түрлі елдерінен көпестерді тартып отырды. Б.з.д. ІІ мыңжылдық басына қарай Кіші Азияда жергілікті халық арасында әр түрлі елдер көпестері, негізінен Ашшур мен Солтүстік Сирия саудагерлері тұрып жатты. Мұны біз Күл-тепе қаласынан табылған «Капподокия» (Шығыс Кіші Азияның кейініректегі атауы) сына жазулы кесектерінен білеміз.
Месопотамия мен Египетте, кейбір уақыттарда әлсіреу мен ыдырау жағдайлары орын алғанына қарамастан, мыңжылдықтар бойы қуатты орталықтандырылған державалар өмір сүрген болса, ал Кіші Азияда мүлдем бөлек жағдай қалыптасты.
Кіші Азия түбегінің ең ірі мемлекеті – Хетт патшалығы бірнеше ғасыр өмір сүрді. Ол б.з.д. ХҮІІІ-ХҮІІ ғғ. бірнеше әр түрлі этникалық топтардың бірігуі нәтижесінде қалыптасты. Б.з.д. ХІІ ғ. Ұлы Хетт державасы бірнеше ұсақ мемлекеттерге ыдырап кетті, бұлар да бірнеше ғасыр ғана өмір сүріп, тарих сахнасынан біржолата кетті.
Сауда колонияларындағы көпестердің арасында Ашшур қаласының азаматтары әсіресе көп болды. Колониялардың міндеті Кіші Азиядан металдарды, яғни, алтын, күміс, қола, сондай-ақ мысты сыртқа шығаруды ұйымдастыру болды. Анатолияның өз ішінде де қызу сауда жүріп отырды. Ішкі саудада темір де белгілі болды, темірді сыртқа шығаруға жергілікті өкімет тиым салды, сондықтан да темірді шығарудың контрабандалық, яғни жасырын тәсілі орын алып отырды.
Мыс пен басқа да металдың орнына көпестер Кіші Азияға Месопотамияның жүн және кенеп маталарын, сондай-ақ үлкен мөлшерде қалайысын әкелді. Бұл сауда операцияларына жергілікті халық та тез-ақ тартылды. Жинақталған қаржыны олар жергілікті ерікті халыққа ауыр шарттармен қарыз беру үшін пайдаланды, мұның өзі егін шықпай қалған кездері немесе басқа да табиғи апаттар кезінде, халықтың төменгі топтарының жағдайын күрт нашарлатты.
Кіші Азияның шығыс бөлігінің шаруашылығы мен техникасында орын алған айтарлықтай алға жылжулар қоғамдық қатынастар саласында да тиісті өзгерістердің болуына ықпал етті. Жергілікті халық арасындағы әлеуметтік және мүліктік жіктеліс тереңге кетті. Б.з.д. ІІ мыңжылдықта бірнеше саяси құрылымдар пайда болды, атап айтқанда, Каниш (Неса), Хаттуса, Бурушхатум, Куссар, Цальпа, Турхумит, Амкува, Валихания, Вахшушана, Шалахшува және т.б. қала-мемлекеттер қалыптасты. Қала-мемлекеттердің басында “патшалар” (аккадша рубау) немесе “әйел патшалар” (рубату) тұрды. Анатолия қала-мемлекеттерінде Ашшур көпестерінен үйренген жазба аккад тілі қолданылды.
Қала-мемлекеттер арасында саяси үстемдік жолында күрес жүрді. Алғашқы кезде Бурушхатум үстемдікке қол жеткізіп, оның билеушісі “ұлы патша” атанды. Кейінірек жағдай Каниш, Хаттуса және әсіресе Куссар қала-мемлекетінің пайдасына өзгерді. Куссардың алғашқы билеушілерінен бізге Питхана және оның ұлы Анитта (б.з.д. 1790-1750 жж.) белгілі. Анитта құрастырған және бізге дейін хетт тілінде жеткен мәтіннен білетініміз, Куссар патшасы Хесани (Каниш), Хатти елін, Пурусханданы (Бурушхатум), Цальпаны және басқа да Орталық Кіші Азия қала-мемлекеттерін жаулап алады. Анитта Несаны өз резиденциясына айналдырып, ол жерде қамалдар мен храмдар тұрғызды. Анитта тұсында қалыптасқан Куссар мемлекеті Анатолиядағы Хетт мемлекеті құрылғанға дейінгі ең қуатты саяси құрылым болды.
Аниттаның жаулаушылықтарымен бүкіл Анатолиядағы шетжерлік сауда колониялары жойылады. Бұл құбылыстың себебі анықталмаған. Ол тек Анатолия ғана емес, сондай-ақ Солтүстік Месопотамиядағы саяси және этникалық өзгерістермен байланысты болған деген болжам айтуға болады: хуриттердің саяси қуаты күшейгеннен кейін, Ассирия өзінің Анатолиядағы сауда колонияларынан кесіліп тасталды. Қалайының келіп тұратын көзінен айырылу Анатолия үшін апатты болды: сауда колониялары тұсында гүлденіп тұрған қала-мемлекеттер құлдырауға түсіп, ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмады. Алайда қалайысыз қола металлургиясының дамуы мүмкін емес еді, сондықтан да кейінірек шығысқа және оңтүстік-шығысқа апаратын жолдарға ие болу үшін күрес басталды.
«Каппадокия» кестелерінде үндіеуропалық жекелеген сөздер мен есімдер сақталған, алайда Кіші Азиядағы үндіеуропалық тайпаларды одан да бұрынғы дәуірге жатқызу керек. Әлі де болса үндіеуропалық тайпалардың Кіші Азияға қарай жылжуының жолдары және дәл уақыты туралы мәселе шешілмеген. Қазіргі таңда б.з.д. ІІ мыңжылдық басына қарай Анатолияда тұрып жатқан үндіеуропалық тайпалар Каниш пен Куссар маңындағы территорияны мекендеген неситтерге, бұл жерден олар бірте-бірте хатталар (протохеттер, олар үндіеуропалықтар болмаған) мекендеген солтүстікке қарай тарады және Кіші Азияның солтүстік-шығысындағы Пала елінде өмір сүрген палайлықтарға (олар да хатталармен байланыста болған) және ең соңында лувийліктерге бөлінді, олардың елі – Лувия Кіші Азияның оңтүстігінде және оңтүстік-батысында созылып жатты. Лувиялықтар Анатолияның оңтүстік-шығысына да тарады, бұл жерде олардың ежелден-ақ семиттік және хурриттік тайпалармен байланыстары болған еді.
Аниттаның билік құруы уақытынан немесе одан да бұрынырақ уақыттан бастап үндіеуропалық нессит тайпалары бұған дейін хатталар өмір сүріп жатқан Анатолияның бүкіл орталық бөлігіне таралды. Бірнеше ғасырларға созылған осы хетт-хатталық өзара жақындасу дәуірінде келімсек үндіеуропалықтар аборигендік халықпен бірігіп, хатта тілін хетт-нессит тілі ығыстырып шығарды, ал бұл тілдің өзі белгілі-бір өзгерістерге ұшырады. Үндіеуропалықтар мен жергілікті хатта тайпасының бірігуі нәтижесінде Орталық Кіші Азияда хетт этносы қалыптасты, бұл этнос б.з.д. ХҮІІ ғ. ортасына қарай қуатты Хетт мемлекетін құрды, бұл мемлекет хаттардың бай мәдени дәстүрлерін толықтай мұраланды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет