Касситтік патшалық және Элам Месопотамия тарихының Көневавилондық дәуірі б.з.д. 1600 жылдан кейін көп ұзамай касситтер жаулап алуымен аяқталған еді. Кассит тайпаларының бастапқы мекендері Батыс Иранның таулы аудандары – Диялы өзенінің солтүстік-батыс Элам шегіндегі сағалары болды. Олар осы жердің жергілікті, автохтонды халқы болды ма немесе келімсек халық болды ма, ол жағы белгісіз. Және де олардың басқа ежелгі халықтардың қайсысымен туыстық байланысы бар екендігі де беймәлім. Диялы аңғары бойында касситтер Месопотамияға І Вавилон әулетінің аяғында-ақ шапқыншылықтар жасап тұрған. Кассит тайпаларының бір тобы б.з.д. ХҮІІІ ғ. Солтүстік Месопотамияға дейін еніп, сол жердегі Ханей патшалығында тұрақтап орналасты. Кассит тайпа көсемдері алғашқыда жергілікті билеушілерге қызмет етіп, кейін билікті өздері басып алған болуы керек. Осы тұрғыда олар Вавилонияның касситтік патшалары тізіміне енді, алайда Вавилонияда толықтай патшалық құрудың ауылы алыс еді. Тек б.з.д. 1595 ж. Вавилонды хеттер талқандағаннан кейін ғана ол касситтердің қолына тиді. Вавилонның бізге белгілі алғашқы касситтік патшасы ІІ Агум болды (б.з.д. ХҮІ ғ.). Ол билік құрған территорияға оңтүстік Месопотамия және Тигрдің арғы бетіндегі таулы аудандар кірді.
Шамамен осы уақытта жоғарғы Месопотамия территориясында Хуррит халқы жаңа патшалық – Митанниді құрды. Б.з.д. І мыңжылдықтың бірінші жартысынан жеткен дерек – «Синхронды тарихтан» көретініміздей ІІ Агумның мұрагері І Бурна-Бурариаш 1510 ж. шамасында Ашшур билеушісімен бейбіт келісімге қол қойған. Демек, касситтік Вавилонияның бұл қала-мемлекетпен ортақ шекарасы болған. Тағы екі ұрпақ өткеннен кейін, 1450 ж. шамасында кассит патшасының бауыры Улам-Бурариаш Теңіз жағалауын жаулап алады. Ағасы қайтыс болғаннан кейін ол Вавилония тағына отырып, бүкіл Төменгі Месопотамияны біртұтас мемлекетке қайта біріктіреді. Осы уақыттан бастап кассит патшалары өздерін Вавилон патшасы, Шумер мен Аккад патшасы, касситтер патшасы және Кар-Дуниаш патшасы (Кар-Дуниаш – Төменгі Месопотамияның касситтік атауы) деп атай бастады. Олар Египетпен достық қатынастар орнатты. Ашшурмен қарым-қатынас аса күрделі болды. Ашшур билеушілері бірде касситтерге алым төлеушілер, бірде оның жаулары, бірде одақтастары, кейде тіпті туыстары да болып отырды.
Кассит патшасы Аға Куригальзу (б.з.д. ХІҮ ғ. басы) Вавилоннан бөлек патша резиденциясын – Дур-Куригальзу қаласын (Куригальзу қамалы) тұрғызды. Вавилон жалпы мемлекеттік салықтан босатылып, артықшылықтармен иеленетін, өзін-өзі басқаратын қалаға айналды.
Б.з.д. ХІҮ ғ. ортасынан бастап Вавилонияда экономика жандана бастайды. Алайда, бұдан кейін Ашшур билеушісі Вавилониядағы әулеттік алауыздықтарға араласып, екі рет Вавилон тағына өз адамын отырғызады. Вавилонияның одан әрі Ассирияға қарсы күресі сәтсіздікке ұшырап, кассит патшалары Вавилон-Митанни арасындағы саудаға Ассирияның бақылау орнатуымен келісуге мәжбүр болады. Оның есесіне Ассириямен тұрақты бітім жасаған Вавилон патшасы Кіші Куригальзу (1333-1312) Эламмен сәтті соғыс жүргізіп, Сузаны және басқа да қалаларды басып алды. Алайда, бұл тек уақытша табыс болды, көп ұзамай Эламда қайтадан тәуелсіз, қуатты мемлекет құрылады. Бұдан ары қарай саяси жағдай Вавилония пайдасына орай қалыптасқан жоқ. Солтүстікте енді қуатты Ассирия патшалығы өмір сүрді, ол күннен күнге территориясын кеңейте отырып, Вавилонияны сауда жолдарынан кесіп тастау қаупін туғызды. Шығыстан Элам қауіп төндірді. Ең ақырында, батыстан, далалы аймақтан көшпелі тайпалар – арамейлер төніп келді. Осы соңғы жау әсіресе қауіпті болды. Сондықтан да дәстүрлі үш ұлы держава – Египет, Кіші Азиядағы Хетт патшалығы және Вавилония арасында Ассирия мен көшпенділерге қарсы одақ құруға бағытталған талпыныстар жасалды. Алайда мұндай одақ жасалмай қалды. 1225 ж. шамасында Элам патшасы Вавилонияға қарсы ойранды шапқыншылық жасады, көп ұзамай, елге Ассирия патшасы Тукульти-Нинурта басып кірді. Ассириялықтар кассит-вавилон әскерін күл-талқан етіп жеңіп, патша Каштилиашты тұтқындап, Ашшурға алып кетеді. Бұдан кейін Вавилон қиратылып, оның храмдары мен сарайлары тоналады, Мардук құдайының мүсіні Ассирияға әкетіледі.
7 жыл өткеннен кейін вавилондықтар тәуелсіздігін қалпына келтіріп, касситтердің жаңа патшасы – Адад-шум-уцур (1187 ж.) өз кезегінде Ассирияның ішкі істеріне араласуға қол жеткізіп, оның тағына өз адамын отырғызады. ХІІ ғ. ортасында Вавилонияға енді керісінше, бастапқыда ассириялықтар, ал кейін эламиттер жаңа шапқыншылық жасайды. Екіншісінің соққысы әсіресе ауыр болды. 1158 ж. шамасында элам патшасы Шутрук-Наххунте Диялы аңғарына баса-көктеп енеді. Бұдан кейін ол Тигрден өтіп, бірқатар қалаларды басып алып, Төменгі Месопотамияны екіге бөледі. Кассит патшасы тақтан түсірілді, Вавилония элам наместнигінің билігіне берілді. Месопотамия қалалары қиратылып, тоналды, оған қоса алым-салық салынды. Вавилондықтар қарсылық көрсетуге тырысқанымен, бірақ аяусыз басып тасталды. Тек кейінірек қана, эламдағы ішкі өзара қырқысты пайдаланған, вавилондықтардың жаңа қолбасшысы өзін патша деп жариялайды, алайда ол Иссинді өз астанасы етті (Иссиннің ІІ әулеті). Ең көрнекті өкілі І Новуходоносор болған (1126-1105) бұл әулет тұсында Вавилонияның жаңа, қысқа уақытқа ғана созылған көтерілуі басталды. Ол тіпті Ассирияны өзіне қаратып, Эламды талқандады. Алайда бұл жеңістер ұзаққа созылмай, бастапқыда ассириялықтар, ал одан кейін оңтүстік арамей көшпелі тайпалары – халдейлер жаулап алды. Осымен ежелгі дәуірдің алғашқы кезеңі аяқталады.
Касситтік кезеңнен бізге дейін жеткен сол дәуірдегі қоғамдық қатынастарды толық ашып бере алатын құжат – бұл кудурру болып табылды. Ол – белгілі-бір тұлғаға патша қорынан белгілі-бір көлемдегі жер учаскесін сыйға тарту және кейде кейбір алым-салық түрлерінен босату туралы акт. Мұндай жер мәңгілікке сыйға тартылған жоқ, тек уақытша ғана пайдалануға берілді. Оны өз қызметімен қоса мұраға қалдыру патша бекіткен жағдайда ғана іске асты. Алайда бірте-бірте мұндай жер жеке меншік ретінде қарастырыла бастады, оның үстіне патшаның өзі де үнемі болып отыратын мұрагерлік туралы дау-дамайлардан шаршап, жерді “мәңгілікке” бере бастады. Сөйтіп, қауымдық жермен қатар, жеке меншік жерлер пайда болды. Алайда, дербес ұсақ шаруашылық жүргізу әлі мүмкін болмағандықтан, меншік иелері жаңа қауымдық құрылымдарға – “үйлер” немесе “бауырластықтарға” бірігуге тырысты. Айтарлықтай жер, сондай-ақ бүтіндей бір селолардан жиналатын салықтар мен міндеткерліктерді өз пайдасына жинау құқығы храмдарға да берілді. Осы жаңа құбылыстардың бәрі өте қымбатқа түсіп отырған әкімшілік аппараты бар аса ауқымды мемлекеттік шаруашылықтың ыдырауымен байланысты болды. Оның орнына салықтар мен міндеткерліктерді бүкіл халықтан жинау үрдісі орнықты. Қауымдастар мен патша жерлерін ұстаушылар арасындағы айырмашылық бірте-бірте жойылып кетті, олардың екеуі де іс жүзінде бірдей дәрежеде салық салынатын және міндеткерліктер өтейтін жеке қожаларға айналды. Бұл процесс ескі суғармалы жерлерді тұз басып кетуіне байланысты тездетілді, енді бұл жерлерді тастап, патшаның жері деп есептелген жаңа жерлерді игеруге тура келді, бұл жерлерде жаңа каналдар салу патша салықтары мен міндеткерліктерінің арқасында іске асты. Сонымен бір уақытта қалалар бірінен соң бірі артықшылықтар алып, автономиялы құрылымдарға айналып жатты. Енді қоғамның жаңа бөлінісі пайда болады: бір жағынан артықшылыққа ие, жалпы мемлекеттік салықтар мен міндеткерліктерден босатылған қалалық қауымдардың азаматтары және сондай-ақ осындай құқықтарға ие ірі жер иелері және екінші жағынан, толық құқылы емес, салықтар мен міндеткерліктер өтеуге міндетті, көп жағдайда патша жерінде отырған ауыл халқы. Қоғамның бұл жаңа құрылымының қалыптасуы енді ғана басталған еді, оның толық аяқталып бітуі б.з.д. І мыңжылдыққа жатады.
Ортававилон дәуірінде, жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты патша шаруашылығы іс жүзінде өмір сүруін тоқтатады. Бізге жеткен храм шаруашылығы жөніндегі құжаттардан көретініміздей храмдар да өз жеке шаруашылығын жүргізбеген. Храм мұрағаттары кіріс және шығыс тізімдерінен тұрады. Біріншісінде храмдарға бекітіліп берілген еріксіз “халықтан” (амелуту) түсіп тұрған табыстар жазылған. Храм жұмыскерлері жердің меншік иелері болмағанымен, өз дербес шаруашылығын жүргізіп отырған.
Қарастырылып отырған дәуірдің аяғына қарай тауар-ақша қатынастары қайта жандана бастайды және бір қызығы, бұл кезде бағалардың жалпыға ортақ өлшемі ретінде енді күміс емес, алтын қызмет етті. Мұндай өзгерістің себептері әзірге белгісіз. Іс жүзінде алтынмен ешқашан төлемеген, көбіне астықпен және басқа да тауарлармен, кейде күміспен, мыспен төлейтін, бірақ тауарлардың құны алтынмен есептелді.
Қайтадан өсімқорлық дами бастады, оның салдары ретіндегі қарыз құлдығына енді еш кедергі жасалған жоқ. Осылайша, халықтың ең кедей топтарының жағдайы күрт нашарлап кетті. Сондықтан да тек құлдар мен храмдық илоттар ғана емес, сонымен бірге толық құқылы қауымдастар да өз мекендерінен қашып, қашқындарға – хапируға айналып отырды. Әр тайпадан жинақталған бұл топтар Загрос тауы етегінде және далалы аймақта қаңғырып жүріп ұсақ малшылықпен, кездейсоқ жалдамалы жұмыспен, тіпті қарақшылықпен де айналысты.