Білімін тексеруге арналған сұрақтар:
Цинь патшалығы күшеюінің тарихи алғышарттары қандай?
Цинь Шихуандидің ішкі және сыртқы саясатының мәнін ашыңыз.
Хань империясының қалыптасуының тарихи алғышарттары қандай?
Хань империясының саяси-әкімшілік жүйесі қандай?
Шығыс Хань дәуіріндегі көшпелілермен қарым-қатынастар қалай қалыптасты?
Хань империясы құлауының тарихи жағдайларын көрсетіңіз.
АНТИКА ТАРИХЫ
17 Тарау
ЕЖЕЛГІ ГРЕЦИЯ
Ежелгі дүние тарихының бір бөлігі ретінде, ежелгі Греция тарихы Балкан жарты аралы және Эгей теңізі аймағы, Оңтүстік Италия, Сицилия аралы мен Қара теңіз жағалауы территорияларында пайда болған құл иеленушілік қоғамның гүлденуі мен дағдарысын зерттейді.
Ежелгі грек қоғамы - саяси және қоғамдық қатынастардағы, экономика мен мәдениет салаларындағы жаңалықтары арқылы қазіргі өркениеттің жетістіктеріне өз үлесін қосты. Адамзат қоғамының дамуына тән кейбір көріністер мен үрдістер өзінің айқын көрінісін ежелгі грек тарихынан тапты. Бұл кезеңді антика тарихының бірінші сатысы деп есептеуге болады. Антика дәуірінің соңғы сатысы – рим үстемдігі кезеңінде ежелгі грек өркениетінің жетістіктері Жерорта теңізі халықтарының одан әрі дамуына негіз болды. Өркениеттің даму ерекшелігіне байланысты ежелгі грек тарихының хронологиялық және географиялық шеңбері өзгеріске ұшырап отырды.
Ежелгі Греция тарихы маңызды үш сатыға бөлінеді. Бірінші саты, бұл – б.э.д. ІІ мың жылдықтағы Грециядағы ерте таптық қоғамның гүлденуі мен құлауы және алғашқы мемлекеттік бірлестіктер тарихы (яғни, Крит және Ахейлік Греция тарихы). Екінші саты, антикалық Грецияның полистік кезеңінің тарихы, дорий жаулап алушылығының нәтижесінде б.э.д. ХІІ-ХІ ғғ. микен мемлекеттілігінің жойылуынан кейін пайда болып, б.э.д. ІV ғасырдың соңғы ширегіне дейін өмір сүрді. Ежелгі грек қоғамының дамуындағы бұл кезеңнің маңызына – әлем тарихындағы ерекше әлеуметтік-экономикалық, саяси және мемлекеттік құрылым – ежелгі грек полисінің қалыптасуы жатады. Крит-микен мемлекеттілігі мен мәдениетінің құлауынан кейін мемлекеттік құрылымның жаңа түрінің қалыптасуы нәтижесінде пайда болған ежелгі грек полисі құрылымды қалыптастырушы элемент ретінде, грек қоғамының өзіндік бірегей даму жолы мен мәдениетін айқындады.
Б.э.д. ІV ғасырдың соңғы ширегінде гректер мен македондықтардың Ахеменидтердің Парсы державасын жаулап алуынан бастап, ежелгі грек тарихының соңғы, қорытынды сатысы басталады. Жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында шығыстық және батыстық элементтердің белгілерін бойына сіңірген, жан-жақты экономикасы мен өзіндік сипатты мәдениеті бар аса ірі эллиндік мемлекеттер қалыптасты. Б.з.д. І ғасырдың соңында эллиндік мемлекеттер батыста Рим тарапынан, шығыста Парсы державалары тарапынан қысым көріп, жаулап алынған кезеңде бұл процесс өзінің аяқталу сатысына жетті.
Крит және Ахейлік Греция немесе крит-микен өркениеті сатысына (алғашқы саты) сипаты мен құрылымы ежелгі шығыстық мемлекеттерге өте ұқсас, ерте таптық мемлекеттік бірлестіктердің пайда болуы мен дамуы тән.
Б.э.д. ІІІ мың жылдықта солтүстіктен және Дунай жағалауындағы территориялардан келген ахейлік-гректер жаулап алған Крит аралында алғашқы кезде грек емес халықтар өмір сүрді және аралда мемлекеттілік белгілері Балкандық Грецияға қарағанда ерте қалыптасты.
Б.э.д. ІІ-І мың жылдықта Балкандық Грецияда әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени және этникалық өзгерістер радикалды түрде іске аса бастады. Б.э.д. ХІІ ғасырдан бастап, Балкандық Греция территориясына микен өркениетінің түбіне жеткен, ертеде өзіне криттік мемлекеттік бірлестіктерді бағындырған, жаңа тайпалық топ – грек-дорийлықтар қоныстана бастады. Қоныс аударушылар рулық-тайпалық даму деңгейінде болды. Дорийлықтардың Грецияны жаулап алу нәтижесінде мемлекеттілік жойылып, қоғамның әлеуметтік құрылым қарапайым түрге ауысып, «сызба жазу» жойылды. Грек қоғамы қайтадан рулық қатынастар деңгейіне құлдырады.
Мемлекеттілік дамуының жаңа циклы шамамен б.э.д. ХІ ғасырда басталып, антикалық Грецияның полистік сатысының негізін қалады.
Полистік сатының құрамына үш кезең кіреді:
1. Гомерлік кезең («қараңғы ғасырлар») – б.э.д. ХІ-ІХ ғғ. – Балкандық Греция территориясында рулық-тайпалық қатынастардың үстемдігімен сипатталады.
2. Архаикалық Греция (б.э.д. VІІІ-VІ ғғ.) – полистік құрылымның қалыптасуы, Ұлы грек отарлауы мен ерте грек тираниясының кезеңі.
3. Классикалық Греция (б.э.д. V-ІV ғғ.) – ежелгі грек полистерінің, оның экономикасының гүлденуі мен ежелгі гректердің мәдениетінің ең шарықтаған кезеңі.
Б.э.д. ІV ғасырдың екінші жартысынан бастап грек полистарының әлемі шарықтаған гүлдену кезеңінен ұзаққа созылған дағдарыс сатысына аяқ басты. Дағдарысты артта қалдыру үшін, әлеуметтік құрылым мен мемлекеттік бірлестіктер эллиндік және ежелгі шығыстық белгілерді бойына жинақтаған жаңа түрде қалыптастырылды. Микендік жүйедегі мемлекеттердің орнына эллиндік мемлекеттер жүйесіндегі Александр Македонский державасы келді.
Б.д.д. ІV ғасырдың соңғы ширегі б.э.д. 30-жылдар ежелгі Греция тарихында эллинизм дәуірі деп аталады. Б.э.д. 30-жыл ежелгі Греция тарихының аяқталуын білдіретін дата. Б.э.д. 30-жылы эллиндік мемлекеттер жүйесінің ең соңғысы Птолемейлік Египет тәуелсіздігінен айырылып, Римнің қол астына өтеді. Осы уақыттан бастап, ежелгі Греция аймағының және бұрынғы эллиндік мемлекеттер тарихы ежелгі Рим тарихының шеңберінде қарастырылады.
Ежелгі грек өркениетінің этникалық тарихының сатылары да әр түрлі. Б.д.д. ІІІ мың жылдықта Балкан жартыаралы территориясында және Эгей теңізі аралдарында «пелазга» деп аталатын тұрғындар өмір сүрді. Б.э.д. ІІІ-ІІ мың жылдық шекарасында Балкан жартыаралына солтүстіктен грек тайпалары – ахейліктер келіп, ХV ғасырдың ортасынан бастап, миной мемлекеттілігі мен мәдениетін жойып Крит аралына орныға бастады. Б.д.д. ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІІ ғасырда қоныс аудару мен жаулап алу процесінің жаңа сатысы көрініс алды. Бұл жолы грек-дорийлықтар Балкан жартыаралының территориясын тонап, ахейлік мемлекеттіліктің барлық орталықтарын қиратты.
Бұл процестер Балкан жартыаралы мен Эгей теңізі аумағына қоныстанған тұрғындардың әртүрлі диалектіде сөйлеуіне ықпал етті. Б.д.д. ХІІ-ХІ ғасырларда грек-ахейліктер, грек-дорийлықтар, грек-ионилықтар және грек-эолийлықтар Эгей теңізі аралдары мен Кіші Азияның батыс жағалауына қоныстана бастады.
Сонымен, б.д.д. І мың жылдықта ежелгі Грецияның полистік даму сатысында, оның тұрғындары бір тілде (ежелгі грек) сөйлеп, «эллиндер» - атауын иеленді. Олардың арсындағы өзгешелік ежелгі грек тілінің диалектісіне ғана байланысты еді.
Ұлы грек отарлауы барысында (б.д.д. VІІІ-VІ ғғ.) Жерорта және Қара теңізі акваториясының жағалауында көптеген отарлардың негізі қаланды. Александр Македеноскийдің б.д.д. ІV ғасырдың соңғы ширегіндегі шығысқа жорығы және эллиндік мемлекеттер жүйесінің қалыптасуы, гректер мен македондықтардың Балкандық Грециядағы территорияларын тастап, өз ықпалын Египетке, алдыңғы және орталық Азияға қарай таратуына негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |