Архаикалық Греция (б.д.д. VIII-VI ғғ. )
Архаикалық дәуір Ұлы грек отарлауымен, полистік жүйенің негізінде дамыған ерте грек тираниясының қалыптасуымен сипатталады.
Ұлы грек отарлауы. Ежелгі Греция тарихына тән сипат – отарлау процесі, яғни, өзге жерлерде жаңа тұрақтар қалыптастыру. Гректердің отарлық белсенділігі б.д.д. VIII-VI ғғ., яғни, архаикалық кезеңге келеді. Бұл дәуір сондықтан ұлы грек отарлауы кезеңі деп аталады. Бұл процестің бірнеше себептері болды. Біріншісі, Грецияның бірқатар аймақтарының тығыз қоныстануы. Архаикалық кезеңнің басында Грецияда демографиялық секіріс көрініс алды, тұрғындардың саны өсті. Дегенмен, өндіріс күшінің нашар дамуына байланысты ауылшаруашылығының интенсификациясын іске асыру мүмкін болмады. Грецияда өңдеуге жарамды жерлердің көлемі аз болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі өз отанында өзін-өзі асырай алмады. Бұл процесс – жаңа жерлерді жаулап алуға итермеледі.
Ұлы грек отарлауының келесі себебі – әлеуметтік сипатты иеленеді. Кедейленген қауымдастар, өзінің бай руласына тәуелділікке түспес үшін, қарызға берілген жер бөліктерін тастап, жаңа жерлер іздеуге ынталы болды. Архаикалық Грецияның қалалары, уақыт өте келе ірі экономикалық орталықтарға айналды, сауда экономиканың жетекші салаларына айналды, саудагерлердің грек отарлауындағы негізгі мақсаты – сауда жолдарымен шет мемлекеттерге бекіну еді. Өз метрополиясымен экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени байланыстары тығыз отарларда ғана саудагерлер өздерін қауіпсіз сезіне алды.
Метрополиядағы әлеуметтік-саяси күрес – Ұлы грек отарлауының тағы бір себебі. Архаикалық кезеңде, грек полистарының қалыптасу уақытында, тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік топтарының арасында саяси күрес өршіп тұрды. Жеңілген саяси топ өлім жазасынан құтылу үшін, отарларға қашып кетіп, мәжбүрлі эмиграцияға ұшырады.
Қалалар санының өсуіне орай, қолөнер өнімдерін жасайтын шикізатқа деген қажеттілік те артты. Греция шикізатты сырттан әкелетін, бұл процесте де отарлар маңызды роль атқарды. Архаикалық Грецияда азаматтарын қарыз арқылы құлдыққа түсіруге заңмен тиым салынды. Құлдардың жаңа көздері варварлық перифериядан, грек отарларынан іздестіріле бастады. Отаршылдар құлдықтың жаңа көздерін ашты.
Грек отарлауы ұйымдасқан басқару сипатын иеленді.Болашақ отаршылдар иеленетін терреториясының көлемінен, климаттық жағдайынан хабардар болды. Барлау шараларын жүргізіп, қоныс аударушыларды ұйымдастыратын партия «ойкист» деп аталды. Отарлаудың алғашқы сатысында ойкисттер ауылшаруашылық жерлерін бөліп, отаршылдар тұрағын реттеуге ат салысты.
Ұлы грек отарлауы тарихының үш бағыты бар. Бірінші бағыт – батыстық бағыт. Бұл бағытты отарлаудың нәтижесінде – Ионий және Адриат теңізінің жағалаулары, Грецияның солтүстік-батысы, оңтүстік Италияның аймақтары, Сицилия аралдары, оңтүстік Галлия, Испанияның шығыс жағалауы отарланды. Екінші бағыт – солтүстік-шығыс бағыты. Осы бағыттың нәтижесінде гректер Эгей теңізінің солтүстік жағалауын, Қара теңіздің жағалауы мен бұғаздарын қоныстанды. Үшінші бағыт – оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыты, Кіші Азияның оңтүстік жағалауында, Африкада (Египет) грек отарларының негізі қаланды. Алдыңғы екі бағыт - грек отарлауының басты бағыттары ретінде сипатталады.
Архаикалық дәуірдің барысында гректер Жерорта теңізінің жағалауын, Қара теңіз жағалауын, Азов теңізінің бір бөлігін жаулап алды. Батыста Гибралтар аймағында, солтүстік шығысында Танаис (қазіргі Дон) өзенінің аңғарына қоныс тепті. Египет пен Навкратис территориясында грек отарының негізі қаланды. Грек саудагерлерінің кварталдарын ежелгі Сирия қалаларының орнынан да кездестіруге болады. Гректер отарлаған территориялар негізінен теңізге жақын жерлер немесе теңіз жағалаулары болды.
Б.д.д. VIII-VII ғғ. оңтүстік Италияны отарлауға Грецияның көптеген аймақтарынан шыққандар араласты. Спарта жаулап алған Мессения тұрғындары Мессин бұғазының жағалауындағы халкидияндар негізін қалаған Регии қаласына қоныс аударды. Спартиаттардың өзі осы жерде Тарент деп аталатын отарының негізін қалады. Пелопоннес аймағының тұрғындары Сибарис және Кротон деп аталатын отарлардың негізін қалады. Бұл отарлар аз ғана уақыттың ішінде гүлденген қалаларға айналды. Сицилияның шығыс жағалауында коринфтіктер Сиракуз деп аталатын отардың негізін қалады. Бұл Грецияның батысындағы ірі грек қаласына айналды. Оңтүстік Италия мен Сицилияны отарлаудың сипаты белсенді болғандығы соншалық, бұл аймақтар «Ұлы Греция» деп атала бастады.
Ұлы грек отарлауының нәтижесінде Грецияда экономикалық, саяси және әлеуметтік қиындықтар шешілді. Полистардың экономикасы жаңа сапалы сатыға өтіп, грек саудасы халықаралық сипат алды. Көптеген грек отарлары дамыған экономикалық орталықтарға айналды, кейбіреулері дамуы жағынан өз метрополияларынан асып түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |