Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Қоғамдық дамудың жаңа белгілері. Көне Вавилон дәуірінің аяғы



бет21/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   92
Байланысты:
annotation15107

4. Қоғамдық дамудың жаңа белгілері. Көне Вавилон дәуірінің аяғы
Ондаған жылдар бойы жүргізілген соғыстар елдің шаруашылық өмірін барынша қиратты. Месопотамия өркениетінің негізі – барынша қырағылықпен көңіл бөлуді және оның қалыпты жұмысын ұстап тұру үшін үздіксіз еңбекті талап ететін – суғармалы жүйе құлдырауға ұшырады. Бір кездері жақсы өнім берген жер тұз басып, құнарсызданып кетті. Осының бәрі мемлекеттік шаруашылыққа да, жеке шаруашылықтарға да кері ықпалын тигізді, алайда соңғылары қарапайым түрде ұйымдастырылған бола отырып, жеңіл түрде қайта жанданып жатты, ал енді ІІІ Ур әулеті құлағаннан кейін ыдырап кеткен мемлекеттік шаруашылық басқаруын жаңа билеушілер қайта қалпына келтіргісі келмеді және оны қалпына келтіруге мүмкіндіктері де болмады. Оларға бұған дейін толықтай мемлекет қолында болған жерлерді, қолөнер шеберханалары мен сауда мекемелерін жеке адамдарға бөліп беру оңайға түсті, олар бұл жерлердің толық иесі болмаса да, онда жеке шаруашылық жүргізе бастады. Сауда мен қолөнердің айтарлықтай бөлігі жеке адамдардың бақылауына өтті, керек болса абыз қызметтерін бөлудің өзі мемлекеттік билік функциясынан сауданың, жеке келісімдер мен мұраға қалдырудың объектісіне айналды. Алым-салықтардың көпшілік түрлері де жекелеген кісілерге откупқа берілген болуы керек. Халықаралық сауда елдегі тынышсыз жағдайға қарамастан бұл кезде бұрынғыға қарағанда табысты түрде дамыды, өйткені жеке саудагерге жергілікті патшаға немесе көсемге төлем беру арқылы құтылу жеңілге түсті. Ал ІІІ Ур әулеті кезінде бүкіл Месопотамия территориясында сауданы қатаң түрде реттеу мен шектеу орын алып, мұның өзі жекелеген саудагерлердің баюына еш мүмкіндік қалдырмаған еді.
Тауарлы өндіріс дамуының мүмкіндіктері айтарлықтай шектеулі болып, айналымдағы қолма-қол ақша (күміс) өте аз кезде, халықтың көпшілігінің өмір сүруінің негізін құрған ауыл шаруашылығының өнімділігі мардымсыз болған кезде жеке шаруашылық секторының өсуі ұсақ шаруашылықтардың тез-ақ несие берушіге тәуелділікке түсіп қалуына алып келді. Сондықтан да қарастырып отырған уақытта өсімқорлық кең етек алды, несие келісімдері қаржы салудың ең тиімді түрлерінің біріне айналды, ал өсім, берілген қарыз сомасының 5/1-і немесе тіпті 3/1-іне дейін жетті. Несие берудің ауыр формалары ұсақ шаруашылықтардың кедейленіп кетуіне алып келді. Барлық жерлерде құрма плантацияларын сату сатушының қауымдағы азаматтық құқығынан бас тартуымен барабар еді, сондықтан да мұндай келісім-шарттар ең бір тығырыққа тірелген жағдайда ғана өте сирек жасалып отырды, есесіне, қажеттілік алқымнан алғанда өз отбасы мүшелерін уақытша құлдыққа сатты немесе оны несие берушіге кепілге берді. Осы уақытта Месопотамияда алғаш рет жалдамалы еңбек жаппай сипатқа ие болды.
Алайда күшті орталықтандырылған билік жекелеген адамдардың дербестігінің айрықша өсуіне мүдделі емес еді, оның үстіне ол мемлекеттік салықтарды төлеп отырған халықтың айтарлықтай бөлігінің жерінен айырылып, кедейленіп кетуіне де жол бергісі келмеді, өйткені мұның өзі мемлекеттің әскери қуатын кемітетін еді. Сондықтан да бірігуге және тұрақты мемлекетті құруға деген ұмтылыс іс жүзіне аса бастаған кезден бастап-ақ мемлекет жекелеген азаматтардың дербестігін шектеп, арнайы заңдары мен қаулылары арқылы жерді сатуға және халықтың кедей бөліктерінің құлдыққа түсуіне кедергі жасай бастайды. Патша жарлықтары деген атауға ие болған осындай қаулылар құлдық туралы келісімшарттарды жойып, уақытша құлдықтан босатып, сатылған жерді өз иесіне қайтарды. Алайда несие берушілер бұл қаулыларды орындамаудың барлық жолдарын іздестіріп отырды, егер несие алушы борышкер сот процесін ашуға қаражат таппаса, борышкер өз жерін қайтарып ала алмай да қалатын жағдайлар болып отырды.
Мұндай «жеке секторды» шектеу саясаты Ларсада, б.з.д. ХІХ ғ. аяғында, Кудурмабуг мемлекеті бүкіл Төменгі Қосөзенді біріктірген күшті мемлекетке айналған кезде жүргізілген еді. Кудурмабугтің екінші ұлы Рим-Син Ларса тағына отырғаннан кейін, жеке меншіктің және тауар-ақша қатынасының дамуын шектеуге бағытталған бірқатар реформалар жүргізіп, мұның өзі Ларсада жеке сауда мен өсімқорлықтың күрт құлдырауына алып келген болатын.
Елдің шаруашылық өмірін мемлекеттік басқарудың одан да бетер күшеюі және жеке шаруашылық қызметін шектеуге беталыс Вавилон патшасы Хаммурапи жүргізген реформаларда көрініс тапты.
Мемлекеттің әкімшілік жүйесі реттеліп, қатаң орталықтандырылғаны соншалық, шаруашылық өмірдің барлық салаларын басқару тізгіні, барлық мәселелерге тікелей араласып отырған патшаның қолында болды. Шаруашылық істеріне тікелей араласуға үлкен мән бере отырып, Хаммурапи жергілікті жерлердегі шенеуніктермен үнемі хат алысып тұрды, көп жағдайда жеке тұлғалар өз арыз-шағымдарын тікелей патшаның өзіне айтып отырды. Жалпыға бірдей сот ісін енгізген маңызды сот реформасы жүргізілді, ондағы патшаның ролі күшейді. Барлық деңгейлердегі соттарға, тікелей патшаға бағынатын шенеуніктер қатарынан патша қазылары тағайындалды. Ауқымды шаруашылықтары Месопотамия территорияның айтарлықтай бөлігін алып жатқан ІІІ Ур әулеті құлағаннан кейін үлкен дербестікке жеткен храмдар қайтадан әкімшілік және шаруашылық қатынастарда толықтай патшаға бағындырылды. Қалалық учаскелерден басқа жерді сатуға тиым салынды. Осындай шаралары арқылы мемлекет халықтың кедейленуі мен жерсіз қалуын болдырмауға тырысты. Жекелеген реформалар жүргізуден басқа Хаммурапидің тағы бір маңызды қызметі заңдар жинағын құрастыруы болды.
Хаммурапидің ауқымды әрі аса маңызды реформаторлық және заң шығарушылық қызметі замандастарына үлкен дәрежеде ықпал етіп, ұрпақтарының жадында мәңгі сақталып қалды. Алайда, формасы мен жүргізу тәсілі бойынша жаңашыл болып көрінген бұл шаралардың бәрі де өз мәні бойынша қоғамды жаңартуға емес, натуралды шаруашылық, жерге қауымдық меншік сияқты ескі, дәстүрлі қоғамдық институттарды қолдауға бағытталды, ол қоғамның экономикалық негізін өзгерткен жоқ. Көне Вавилондық Месопотамиядағы өндірістің сипаты мен өндіргіш күштердің даму деңгейі, іс жүзінде, Шумердегідей болып қала берді.
Көне Вавилон дәуіріндегі Месопотамия экономикасына ерте ежелгі дәуір экономикасының көптеген белгілері тән болды. Мұндай сипаттағы қоғамның негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеті өндірісті ұлғайту емес, бүкіл жүйені өзгеріссіз, үнемі қайта өндіріп отыру болды. Барлық қоғамдық күштердің, атап айтқанда экономикалық, әлеуметтік, діни күштердің өзара ықпалдастығы осы басты міндетке қол жеткізуге бағытталды. Мұндай қоғамдардың типологиялық жағынан ұқсастығы әрбір жекелеген нұсқаның өзіндік ерекшеліктерінің болуын жоққа шығармайды. Шумерден мұраға қалған көневавилондық Месопотамия экономикасының сипаттты белгісі дамыған бөлу жүйесінің болуы еді, бұл - өнімдер мен тауарларының жекелеген түрлерін халықтың жекелеген топтары арасында бөлумен ғана шектелмеді. Ол, сонымен бірге қоғамда бар барлық материалдық игіліктерді, соның ішінде қызмет орындары мен жылжымайтын мүлікті де сол қоғамның мүшелері арасында, әрбір жеке тұлғаның мемлекеттің жалпы иерархиялық құрылымында алып отырған жағдайына байланысты бөлуді де қамтыды. Мұндай қоғамда тауар-ақша қатынастары әлсіз дамыды және негізінен сыртқа бағытталды.
Хаммурапи, сөзсіз, Месопотамияның ерте тарихындағы көрнекті қайраткерлердің бірі болды. Оның жеке қасиеттері Вавилонның өрлеуі мен ұзақ уақыт бойы Қосөзеннің үлкен бөлігіне билігін сақтауында аз роль атқарған жоқ. Алайда, ІІІ Ур әулетін әлсіреткен күштер Месопотамияда Вавилон мемлекеті құрылғаннан кейін де сақталып қалған еді. Вавилонияның әр түрлі бөліктерінің экономикалық мүдделері әр түрлі болды, тек үлкен күш-жігердің арқасында ғана Хаммурапи мен оның мұрагерлері біраз уақыт жаулап алынған территорияны өз қолында ұстап тұра алды. Тарихи тұрғыдан Хаммурапи билігінің басты нәтижесі - б.з.д. ІІІ мыңжылдықтан бастап оңтүстікте орналасқан Месопотамия тарихының негізгі сахнасы енді солтүстікке ауыстырылды, бұл жағдай кейінгі 1000 жылдан аса уақыт сақталды.
Хаммурапи қайтыс болғаннан кейін ол негізін қалаған мемлекет, оның мұрагерлері тұсында тағы да 150 жылдан аса уақыт өмір сүруін жалғастырды, алайда ол бірте-бірте ішкі және сыртқы күштердің соққысымен әлсірей берді. Аморейлердің орнын Месопотамияға ХҮІІ ғ. бастап-ақ шығыстан, Загростың тау жоталарының орталық ауданынан үнемі шапқыншылық жасап отырған кассит малшы тайпалары басады. Касситтер соққысы, ұзыннан-ұзақ шекараларды күзетудегі қиындықтар, мемлекеттің өсімқорлықты бөгеп, қауымдастардың өз жерінен айырылуын тоқтата алмауынан туындаған экономикалық қиындықтар – осының бәрі Вавилонды әлсіретіп, оған бағынған аудандардың бөлінушілік (сепаратистік) ұмтылыстарын күшейтті.
Вавилоннан бірінші болып ханей тайпалары көшіп-қонып жүретін Хабур өзені аңғарындағы Терка қаласы бөлінді, касситтердің үлкен тобы да осы жерге тұрақтаған еді. Бұдан кейін Идамарац пен Ямутбала тайпаларының қолдауымен елдің оңтүстігіндегі қалалар көтерілді. Көтеріліс б.з.д. 1739 ж. басылып тасталды, елдің оңтүстігіндегі көптеген қалалар – Ларса, шумер өркениетінің ежелгі орталықтары, мыңжылдық сына жазулы дәстүр мен мәдениетті сақтаушы – Ур мен Урук қалалары толықтай қиратылып, ұзақ уақытқа қаңырап, бос қалды. Алайда Вавилон оңтүстікті біржолата өзіне қайтара алмады. Парсы шығанағы жағалауында «Теңіз жағалауы әулеті» құрылып, ол 300 жыл дерлік өмір сүрді.
ХҮІІ ғ. ортасына қарай Месопотамия территориясындағы ең ірі мемелекет болып қалған Вавилон мемелекетінің жаңа, бұрынғыдан да күшті жаулары пайда болып, оның көлемі айтарлықтай қысқарып қалды. Оңтүстікте Лагаш пен Ур Теңіз жағалауы патшалығының құрамына енді. Жоғарғы Месопотамияда орталығы Терке болған Ханей патшалығы біржолата орнықты, ондағы аккад-аморей әулетін кассит әулеті алмастырды. Мұнда билікке Каштилиаш есімді кассит келді. Осы жерден касситтер кіші-гірім топтармен Месопотамияның барлық аудандарына ене бастады. Олардың көпшілігі маусымдық жұмыстарға жалданды, әскердегі қызметке кірді. Б.з.д. 1595 ж. І Мурсули бастаған хеттер Месопотамияға баса-көктеп кіріп, Вавилон әулетінің соңғы патшасы – Самсудитананы құлатқаннан кейін, касситтер Вавилониядағы патшалық билікті басып алды. Олардың билігі 400 жылдан аса уақытқа созылды.

Білімін тексеруге арналған сұрақтар:



  1. Месопотамияның саяси-әлеуметтік өміріндегі малшы тайпалардың ролі қандай?

  2. Көне Вавилон дәуіріндегі Месопотамияның әлеуметтік-экономокалық дамуының ерекшеліктері?

  3. Хаммурапи реформаларының әлеуметтік мәні неде?

ҮІІІ-ТАРАУ


Б.З.Д. ХҮІ-ХІ ҒҒ. МЕСОПОТАМИЯ





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет