Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет24/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   92
Байланысты:
annotation15107

ІХ ТАРАУ


ЖАҢА АССИРИЯ ДЕРЖАВАСЫ

Б.з.д. ІІ мыңж. аяғында Алдыңғы Азияда орын алған бірқатар оқиғалар барлық дерлік «ұлы державалардың» күйреуіне немесе әлсіреуіне алып келді. Ендігі жерде Ассирияға ешбір дерлік қауіпті бақталас қалмады деуге болады. Сондықтан да ол өзінің ұлы держава құру туралы ежелгі арманын орындауға мүмкіндік туды деп есептеді. Алайда осы уақытта Аравия далаларынан батыс семит көшпелі тайпалары – арамейлер қозғалысқа түсе бастайды. Бұл үлкен және ұсақ тайпалардың, жекелеген отбасы топтарының баяу, бірақ үздіксіз көшуі еді, оны тоқтату мүмкін болмады. Бірте-бірте арамей көсемдері Сирия мен Жоғарғы Месопотамияның кіші-гірім мемлекеттерінде билікті өз қолдарына алады. Арамейлер жергілікті мәдениетті қабылдап, олардың көпшілігі отырықшылыққа өтеді, алайда олардың тілі барлық жергілікті тілдерді ығыстырып шығарады. Тек кейбір жерлерде ғана кейінгі хеттік және кейінгі хурриттік патшалықтар аралдар түрінде сақталады. Түбегейлі Ассирия бұл апаттан аман қалды, өйткені аромейлердің Месопотамиядағы негізгі қозғалысы Евфрат арқылы жүрді де, Тигрдің жоғарғы ағысында орналасқан Ассирияға ол жете қойған жоқ. Бірақ Ассирия Тигрдан батысқа қарай жатқан өзінің барлық иеліктерінен айрылып қалды. Сондықтан да аса маңызды шикізат көздеріне жол кесіліп тасталды. Алайда Ассирия бірқатар маңызды артықшылықтарын сақтап қала алды. Атап айтқанда ол Тигр өзені бойымен жүргізілетін сауда жолының негізгі буыны болып қала берді. Сауда жолдарына бақылау орнатуды барған сайын кеңейту аса ірі табыстар әкелді және бұл Ассирияның дәстүрлі саясаты болды.


Бұған оның тиімді стратегиялық жағдайы ықпал етті. Ассириның ең күшті бәсекелесі – оңтүстіктегі Вавилония халдейлер шапқыншылығынан кейін әлсіреп қалған еді. Сондай-ақ Ассирияның қуатты әскери ұйымы сақталды. Сондықтан да Ассирия шабуылға шығатын мезгіл келді деп шешті.
Ассирия өзінің батысқа ең алғашқы айтарлықтай жорығын ІІ Адад-Нерари (б.з.д. 912-891) патшалығы тұсында бастады. Бірнеше дүркін жасалған шабуылдар мен ұзаққа созылған қалаларды қоршау нәтижесінде Хабур өзені мен Евфрат арқылы ары қарай, яғни Сирияға қарай жылжуға жол ашылды. Адар-Нерари Вавилон патшасын бітімді бұзды деп айыптап, өз әскерін оңтүстікке жылжытты. Вавилония жеңіліп, нәтижесінде Ассирияға Аррапха қосылып, Ассирияның оңтүстік шекарасы Дур-Курригальзу мен Сиппарға жетті.
ІІ Адад-Нераридің немересі – ІІ Ашшур-нацир-апал (884-858 жж.)
200 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Жерорта теңізіне сәтті жорық жасай алды. Ол көрнекті қолбасшы және ақылды саясаткер болды, өз мақсатына жетуде әр түрлі айла-тәсілдерді қолданып отырды, әрі аса қатыгез болды. Патшалық құруының алғашқы жылдарында ол солтүстікке және шығысқа бірнеше сәтті жорықтар жасап, үлкен олжамен оралды. Жоғары Месопатамияда орын алған Ассирияға қарсы бүліктерді басып, ал батыста Ассирияның шекарасын Каркемишке дейін кеңейттеді. 876 жылы Ашшур-нацир-апал осы қаланың түбінен Евфратты кешіп өтіп, өз әскерін Жерорта теңізіне шығарады. Оған ешкім қарсылық көрсетуге тырыспаған да тәрізді. Жол бойы жергілікті патшалардан сый-сияпаттар мен алым жинай отырып, ол Оронт жазығы мен Ливанды кесіп өтеді. Ол дәстүр бойынша Жерорта теңізінің суына өз қаруын жуады. Оронтта Ассирия колониясының негізін сала отырып, Ашшур-нацир-апал Ассирияға аса көп олжамен және Ливан тауларында кесілген балқарағай ағаштарымен оралады. Ол өзіне жаңа астана – Кальху қаласын салғызып, оған тұтқындарды орналастырды, өзі соңғы күндеріне дейін сонда тұрды.
Ашшур-нацир-апалдың мұрагерлері де осы бағытта әрекет етеді, алайда бірте-бірте олардың әрекеттері сәтсіз бола береді. Саяси жағдай да Ассирия үшін тиімсіз бола бастады: жаңадан қосылған провинциялардың айтарлықтай бөлігі босап қалды. Олар табыс әкелмеді, керісінше бұл провинцияларды ұстап тұру үшін шығын көп талап етілді. Армян қыратының ыдырап жатқан тайпаларының орнында қуатты Урарту мемлекеті құрылды. Сауда бірте-бірте Ассирия иеліктерін айналып өтетін жаңа, әскери қимылдардан тыс жолдармен жүре бастады. Экономиканың әлсіреуінің салдарынан ұсақ өндірушілердің айтарлықтай бөлігі борышкерлікке түсіп, жерінен айырылып жатты, мұның өзі Ассирияның әскери қуатын төмендетті. Провинция наместниктерінің қолында шектен тыс билік шоғырланды, олар бірте-бірте күшейіп патшалыққа таласа бастады. ІІІ Салманасар (858-824) өз әкесінің Жерорта теңізіне жорығын қайталайды, алайда оған екі Сирия одағы – Оңтүстік және Солтүстік Сирия одақтары қарсы тұрды. Сирияға жасалған бірнеше жорық сәтсіз аяқталды. Тек 841 жылы ғана Оңтүстік Сирия одағының ыдырауын пайдалана отырып Салманасар табысқа қол жеткізді, бірақ коалицияның басында тұрған Дамаск қаласын ала алған жоқ. Финикия жағалауында Салманасар жартастағы І Тиглатпаласардың кескінінің қасына өз бейнесін кескіндеуге бұйрық береді. Алайда Сириядағы Ассирия билігін сақтап тұру үшін үнемі жаңа жорықтар ұйымдастырып отыру қажет болды. Урартуға және Киликияға (Оңтүстік-шығыс Кіші Азия) жасалған жорықтар анағұрлым сәтті болды. Вавилон патшасы таққа таласқан өз бәсекелесімен күресте Салманасардың қолдауына ие болды, алайда оның есесіне өз территориясының айтарлықтай бөлігін Ассирияға беріп, іс жүзінде Ассирияның вассалына айналып қалды. Алайда Салманасардың мұрагері тұсында Ассирияның жұлдызы бірте-бірте сөне бастады. Патшаның қоластында тек патша резиденциясы, Кальху және әскер ғана қалды. Бұған, негізінен алғанда, тақ үшін күрес және ішкі бүліктер ықпал етті.
V Шамши Ададтың мұрагері ІІІ Адад-Нерари (б.з.д. 811-781 жж.) таққа бала кезінде отырды. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша регенттік қызметті оның анасы – Шаммурамат (Семирамида) патшайым атқарады. ІІІ Адад-нерари тұсында шығысқа және солтүстік-шығысқа жорықтар ұйымдастырылды. Ассирия әскері Каспий теңізіне дейін жетті. Ассирияның территориясы шығыста Кіші Заб, Дияла мен Керхе өзенінің жоғары ағысына дейін кеңейтілді. 805 жылы Оңтүстік Сирия одағындағы алауыздықтарды пайдаланып Адад-нерари Сирияға жылжыды. Ол Сирия патшалықтарынан алым жинады, бірақ бұл жерде бекініп қала алмады. Урартуға да қарсы әрекеттерінен ештеңе шықпады. Тек Вавилонияда ғана табысқа қол жеткізді. Ол Вавилониямен келісім жасайды, келісімнің негізінде Ассирия патшасы Вавлонияның қамқоршысына айналды. Вавилонияның басты храмдарына бай сыйлықтар жіберілді, ассириялықтар екі халықтың мәдени және діни бірлігін барынша қолдауға тырысты. Шынында да Ассирияда Вавилон мәдениеті барған сайын кеңінен тарала бастады.
ІІІ Адад-нерари билігінің ақырына қарай жаңа бүліктер орын алады. Сондай-ақ оның көршісі Урарту солтүстік-шығыс пен солтүстік-батыста қуатты шабуылдар бастайды. Жоғары Евфрат пен Солтүстік Сирия мемлекеттері енді Урарту ықпалына түсті. ІІІ Адад-нераридің бірінен кейін бірі билік құрған үш ұлы 40 жыл бойы Урартумен сәтсіз соғыс жүргізіп, нәтижеде өз жерлерінің көп бөлігінен айырылып қалды.
Осындай жағдайда түбірлі өзгерістер жасау қажеттігі айқын болды. Көптеген міндеттерді шешу, атап айтқанда, бос жерлерді қоныстандыру, провинцияларды басқаруды қайта құру (бұл бөлінушілік әрекеттерін болдыртпау үшін қажет болған еді), Ассирия қоғамының жоғары бөлігінің экономикалық талаптарын қанағаттандыру, армияны қайта құру және күшейту қажет болды. Осының бәрін дұрыс түсініп, іске асырған Ассирияның жаңа патшасы – ІІІ Тиглатпаласар (745-727) болды. Ол таққа кезекті азамат соғысының нәтижесінде отырды. Дәл осы патша билік құрған уақыттан бастап Ассирияда бұрын-соңды болмаған тәртіптер енгізіледі.
Жауланып алынған территорияның халқы енді жаппай түбегейлі Ассирияға немесе басқа провинцияларға күштеп қоныс аударылады. Мұндай депортациялар ұйымдастырылған түрде, жоспар бойынша жүргізілді. Қоныс аударылғандар жергілікті халықпен аралас қоныстандырылды. Сондықтан да тез арада ассимиляцияға ұшырап, ортақ ауыз екі сөйлесу тілі ретінде арамей тілін игеріп алды.
Бұрынғы ірі аудандар көптеген ұсақ аудандарға бөлшектелді, олардың басында енді наместниктер емес, «аудан басшысы», көбіне әтектерден қойылды, сондықтан да патша жаңа әулеттің пайда болуынан қорыққан жоқ.
Армия да қайта құрылды. Енді ол әскери қоныстар мен жасақтардан емес, тұрақты кәсіби әскерден тұрды. Оны асырауды патша толықтай өз мойнына алды. Бұл шара армияның жауынгерлік қабілетін арттырумен бірге, патшаның бұрын жасақтармен қамтамасыз етіп отырған қауымдардан тәуелсіздігін арттырды. Ассириялықтар алғаш рет темір қару-жарақты кеңінен қолдана бастады. Олар бірінші болып әскердің жаңа екі түрін – тұрақты атты әскер мен ор қазушыларды (сапер) енгізді. Дәстүрлі арбашылар әскерінің орнын ауыстырған атты әскер тұтқиылдан күшті соққы беруге және жауды толық жеңгенге дейін, алыс жерлерге дейін қуып баруға мүмкіндік туғызды. Қазушылар отрядтары жолдар салып, өткелдер жасады. Олар қалаларды қоршауды дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік туғызды. Ең ақырында, жаңа Ассирия армиясында тыңшылық және байланыс қызметі жолға қойылды. Бұл мекеменің маңызды болғаны соншалық, оны әдетте тақ мұрагері басқарды.
ІІІ Тиглатпаласар тек көрнекті әкімшілік ұйымдастырушы ғана емес, ол сондай-ақ керемет қолбасшы, әрі нақты жағдайды дұрыс түсініп, дұрыс шешім қабылдай алатын дарынды саясаткер де болды. Вавилонияда ол халдей тайпаларын талқандап, Парсы шығанағына дейін жетті, Ассирияға көптеген тұтқындар жөнелтті. Алайда ол қалаларды талқандамай, оларға қамқорлық көрсететінін білдіріп отырды. Шығыста Загростың таулық тайпаларын талқандалып екі жаңа аудан қалыптастырды. Бұдан кейін Сирия үшін Урартумен күрес басталып кетті. Жорық 743 жылы басталды. Ассириялықтарды Жоғары Евфратта Урарту әскері қарсы алды, кескілескен шайқаста урартулықтар жеңіліс тапты. Тиглатпаласар ары қарай батысқа жылжып, ұзаққа созылған қоршаудан кейін осы кездегі Солтүстік Сирия Одағының орталығы болған Арпадты алды. Жорық 738 жылы қайталанды. Сирияның көптеген елдері, сондай-ақ Кіші Азияның Оңтүстік-Шығысындағы елдер, Сирия шөлейтіндегі араб тайпалары Ассирияға бағынып, оған алым төлеуге мәжбүр болды. Cирияда жаңа провинциялар құрылып, халқының көп бөлігі тұтқынға айдалып әкетілді. Бұдан кейін алыс шығыста – қуатты мидяндықтар еліне жорық жасалды. Ассирия әскері Демавенд тауына дейін жетіп, 65 мың тұтқыннан тұратын орасан зор олжамен оралды.
735 жылы Ассирия әскері Урарту территориясына баса-көктеп кіріп, оның астанасы – Тушпаны қоршауға алды. Алайда оны бірден ала алмады, ал ұзаққа созылған қоршауды Тиглатпаласар қажетсіз деп тапты. Оның орнына Тиглатпаласардың әскері бүкіл елді от пен оққа орап, урартулықтарға орасан зор зиян әкелді. Бұдан кейінгі жылдарын ІІІ Тиглатпаласар Сирия мен Палестинада өткізіп, бұл жерде өз әскерімен Египеттің шекарасындағы Газаға дейін жетті. 732 жылы бүкіл Ассирияға қарсы күштердің басында тұрған Дамаск алынды. Сөйтіп Сириядағы Ассирия үстемдігі орнықтырылды.
Бұл уақытта ішкі қырқыстардың салдарынан Вавилонияда толықтай анархия орнайды. Ассирия патшалары көптен бері ұмтылып келген пиғылын іске асыруға қолайлы сәт туды. Тиглатпаластар Вавилонияға тәртіп пен тыныштықты қалпына келтіруші ретінде кірді. Халдей тайпалары қатыгездікпен ойрандалып, 120 мың адам тұтқынға айдалып әкетілді. Алайда жауланып алынған ел, әдеттегідей аудандарға бөлшектелген жоқ. Вавилонияның беделінің жоғары болғаны соншалық, Тиглатпаласар Вавилон патшасы ретінде таққа отырып (Пулу есімімен), бүкіл Месопотамияны жеке униясына біріктірді.
ІІІ Тиглатпаласардың ұлы V Салманасарға (726-722) Парсы шығанағынан Жерорта теңізіне дейін созылған империя мұраға қалды. Алайда империяның өз ішінде, абыздар мен әскерилер арасында қырқыс күрес үздіксіз жүріп жатқан еді.
Ассархаддон (681-669) патша тұсында, 674 жылы Египетке ұйымдастырылған алғашқы жорық сәтсіз аяқталғанымен, 671 жылы жаңа жорық ұйымдастырылып, перғауын Тахарканың әскерін талқандалып, Мемфисті жауланып алынады. Ассархаддон “Египет патшаларының патшасы” титулын қабылдады, яғни Ніл аңғарын жаулап алуды жалғастыратын ниетін көрсетті.
Ассархаддонның мұрагері Ашшурбанапал (669-631 немесе 629) өз жазбаларында өзін қамқор билеуші, көрнекті қолбасшы, ержүрек жауынгер, барлық ғылымдар мен өнер түрлерін меңгерген кемеңгер данышпан ретінде көрсетеді. Шынында да Ашшурбанапал Ассирияның соңғы көрнекті патшасы болды. Оның тұсында Ассирияның басты жауы – Эламмен ұзаққа созылған күрес жүргізіліп, ақырында Ассирия жеңіске жетеді. Эламның астанасы – Сузы толық қиратылады. Ашшурбанапал Ниневияға сансыз көп байлық, құдайлардың мүсіндерін, элам патшаларының сүйектеріне дейін әкетеді. Осыдан кейін Элам «Ұлы держава» маңызынан біржолата айырылады.
Алайда Ассирияның жұлдызы сөне бастаған еді. 626 жылы халдейлік Набопаласар Вавилониядағы патша билігін басып алады. Одан бұрынырақ Ассириядан шығысқа қарай мидиялықтардың шашырап жатқан тайпалары бірігіп Мидия патшалығын құрған еді. Мидия Ассирияның дәл жүрегіне соққы береді. 615 жылы мидиялықтар Ниневия дуалдарына жетіп, Набопаласар Ашшурды қоршауға алады. Оларды бұл жолы ассириялықтар қуып жібере алды, алайда 614 жылы Ассирияға мидиялықтар қайта баса-көктеп кіріп, тағы да Ашшурға жақындап келді. Мидия мен Вавилон патшалары одақ құрып, ол әулеттік некемен бекітілді. 612 жылы одақтастар әскері Ниневияны қоршауға алып, оны небары 3 айдан кейін басып алды. Қала қиратылып, тоналды. Мидиялықтар көп олжамен еліне оралса, ал вавилондықтар Харранға қарай жылжыды. Харранда Ашшур-убалит есімді кісі «Ассирия патшасы» деп жариялайды. Ол Египеттен көмек сұрайды, ал вавилондықтар тағы да мидиялықтарды көмекке шақырды. 610 жылы Еипет әскері мен Ашшур-убаллит әскерлері талқандалып Евфраттың батыс жағалауына шегеріліп тасталды. 605 жылы Каркемиш түбінде Египеттің басты әскері мен Ашшур-убаллит отрядының қалдықтары толық жеңіліске ұшырады.
Осылайша адамзат тарихындағы алғашқы «әлемдік держава» өмір сүруін тоқтатты. Бірақ айтарлықтай бір этникалық өзгерістер болған жоқ: Ассирия қоғамының тек жоғарғы бөлігі ғана жойылды. Негізгі халық өз орнында қалды, олардың ұрпақтары Солтүстік Иракта қазірге дейін өмір сүріп жатыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет