Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы және ондағы қызметі.
БҰҰ қызметінің негізгі принциптерін 1939-1945 жж. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде антигитлерлік коалицияға ұйытқы болған мемлекеттер белгілеген болатын.
1992 жылы 2 наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі өзінің маңызы жағынан тарихи акция болды, осы қадам біздің еліміздің шынайы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастық қатарына қабылдануын рәміздік тұрғыдан рәсімдеді.
Қазақстан БҰҰ-ға әлемдік қоғамдастықтың қатардағы жаңа мүшесі ретінде ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманның ең бір өзекті халықаралық проблемалары бойыншабелсенді позиция ұстанатын, ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алғы шебінде тұрған мемлекет ретінде енді. 1991 жылы Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы және 1992 жылы Лиссабонда ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу жөнінде міндеттеме алуы Қазақстанға үлкен бедел сыйлады және БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары мінберінен халықаралық қауіпсіздік саласындағы жеке бастамаларын көтеруге моралдық құқық берді.
1992 жылы күзде өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясы тәуелсіз мемлекет өкілі ретінде қазақстандық делегация қатысқан алғашқы форум болатын. Осы сессияда Президент Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы сөз сөйледі.
2001 жылғы 29-30 тамызда Алматыда өткен "XXI ғасыр: ядролық қарудан азат әлем жолында" атты халықаралық конференцияда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары В.Петровский: "Халықаралық қоғамдастық үшін Қазақстан жауапты саяси ерік-жігермен, салмақты сөзбен және нақты істермен адамзат өзін өзі жоятын құралдардан ғаламшарды қалай азат етуге болатындығының жарқын мысалын көрсетті",- деп мәлімдеді.
Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға зор маңыз бере отырып, БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін белсенді түрде қолдайды. Ұйымға мүше мемлекеттердің БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерін кеңейту және нығайту қажеттілігі туралы пікірлерін бөлісе отырып, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1995 жылғы желтоқсанда БҰҰ аясында Орталық Азия бірлескен бітімгершілік батальонын құру туралы келісімге қол қойды. Үш Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары БҰҰ Бас хатшысына жазған өздерінің өтінішінде бірлескен батальонның БҰҰ-ның болашақтағы бітімгершілік операцияларына қатысу мүмкіндігі туралы мәселені қарауды ұсынды. [Смағұлов лекциясы]