1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның жаңа конституциясы бойынша Қазақ АКСР-ы одақтас республикаға айналды.
12.Кеңес өкіметінің сауатсыздықты жою шаралары, қазақ жазуын араб алфавитінен латын және кириллицияға көшіру. Сауатсыздықты жою — КСРО-дағы сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей міндетті сауат ашу.
Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап мәдени құрылыс мәселесімен халық ағарту бөлімдері айналыса бастады.
Барлық мәдени революция міндеттерінің ішінде сауатсыздықты жою жөніндегі шаралар ерекше мәнге ие болды. 1919 жылы 26 желтоқсанда РКФСР ХКК қабылдаған «РКФСР халықтары арасында сауатсыздықты жою туралы» Декреті бұл мәселе бойынша негізгі міндеттерді белгілеп берді.
Кеңес билік құрған алғашқы онжылдықтарда КСРО-дағы сияқты Қазақстанда да бұқараның мәдени деңгейін арттыру саласында қомақты жетістіктерге қол жеткізілді. Бұрынғы артта қалған халықтардың ілгері кеткен Орталық Ресейді қуып жетуі үшін халықтардың ана тілінде мектеп, баспасөз, театр, клуб ісін дамыту, халық шаруашылығының барлық салалары үшін білікті кадрлар даярлау, ол шараларды іске асыруға арналған мектептер мен курстар желісін кең өрістету міндеті алға қойылды. Отар аймақтардың қатарындағы Қазақстанда да зиялылар аз болатын. Олардың алаш қозғалысына қосылған бірқатары революция барысында жазаға ұшырады. Өлкеде мәдени құрылысты өрістетудің материалдық-техникалық базасы болмады. Сондықтан сауатсыздықты жою үдерісі баяу ілгеріледі.
1919-1923жылдары Қазақстанда сауатсыздықты жою науқанын бастау барысында мынадай кедергілердің бар екендігі байқалды:
– халықты оқытуға жарайтын маман кадрлардың жетіспеуі;
– жаңа оқулықтардың жоқтығы және жазу құралдарының жеткіліксіздігі;
– қалаларда әсіресе ауылдық жерлерде білім беру органдарының материалдық-техникалық базасының әлсіздігі.
1924 жылы «Сауатсыздықты жою қоғамы» ұйымдастырылды. Ол еңбекшілердің қолдауымен ерікті мүшелік негізінде жұмыс жүргізді. 1931 жылғы желтоқсанда республиканың 15 жастан 50 жасқа дейінгі сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей міндетті сауат ашу енгізілді. Қазақстаннның халыққа білім беруге бөлінген қаражат мөлшері өсті. Ұлы Отан соғысы басталар алдында еңбекке жарамды тұрғындар арасында сауатсыздықты жою аяқталды. Халық бұқарасын жаппай сауаттандыру Қазақстандағы мәдени өзгерістердің маңызды қорытындыларының бірі болды.
«Сауат ашқыш» газетінің бетінде жекелеген топтар үшін сабақ өткізу жоспары жарияланып тұрды, сауатсыздықты жоюшы-мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашылды. 1930 жылғы 11 ақпанда Қаз ОАК-і «Қазақ АКСР-інде халықтың сауатсыздығын міндетті түрде жою туралы» қаулы қабылдады. Жою мерзімі бірінші бесжылдықтың аяғы болып белгіленді. Шараларды жүзеге асырудың жоспары жасалды және сауатсыздықты жоюға арналған қаржы қоры құрылды. 1931 жылы республикада шалғай аудандарға мәдени жорық ұйымдастырылды. Комсомол және пионер ұйымдары оған белсене атсалысты. Алайда елде сауатсыздықты жою ісі тіпті 1935 жылы, мәдениет майданы қызметкерлерінің I съезі өткенге дейін аяқталмады. Осы съезден кейін республикадағы сауатсыздықты жою жұмысы өзінің соңғы кезеңіне аяқ басты. Қазақ АКСР Ағарту халкомы жанынан ересек халыққа білім беру басқармасы құрылып, оның ішінде сауатсыздар мен шала сауаттылар мектебі бөлімдері ашылды. 1939 жылы Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 76,3%-ға жетті.
Әліпбиді өзгерту. Сауатсыздықпен күрес барысында сол мезгілге шейін пайдалануда келген араб графикасын латын графикасымен алмастыру мәселесі қойылды. РКФСР-дің ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты 1923 жылы араб қарпіне реформа жасау жөніндегі комиссия құрды.
Бұл комиссия үш мәселе бойынша жұмыс жасады:
1) жазуы жоқ халықтар үшін жазу даярлау;
2) өз жазуы бар халықтарды латын қарпіне көшіру;
3) түркі жазуын реформалау.
1926 жылы наурыз айында I Бүкілодақтық түркологтар съезі өтіп, түркі тілдес халықтар жазуын латын графикасына көшіру мәселесі қаралды. Латын қарпіне көшу ісіне сол кездегі Казақ АКСР халық ағарту халкомы А.Байтұрсынұлы қарсы шықты. Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсынұлы араб жазуының кейбір белгілерін жеңілдетуді ұсыңды.
Араб әліпбиін қалдыруды жақтаушылар латын қарпін қолдануға көшу – ұлттық мәдениетке жасалған қастандық екендігін айтты. Олар Қазақстанда тек еуропалықтарға тән жаңа әліпбиге көшу қажет, бірақ оған әлі жағдай пісіп-жетілген жоқ деп есептеді. Алайда біртұтас мәдениет кеңістігін орнықтыру міндетін ұстанған Кеңес басшылығы республика өкілдерінің пікірімен санаспады. Жаңа әліпби жасау жөніндегі комиссия құрылып, ол 1928 жылдың күзінде латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиінің жобасын ұсынды. Латын қарпіне түгел ауысып болғанша араб графикасы пайдаланыла тұратын болды. Полиграфиялық техника латын алфавитімен жабдықтала бастады. Бұл газет, оқулықтар, әдебиеттер шығаруды жеңілдетті. Республика бір мезгілде екі әліпбиді, яғни: қазақ тілі үшін – латын, орыс тілі үшін –кириллицаны қолданатын болды.
XX ғасырдың 30-жылдарының соңына қарай КСРО тоталитарлық мемлекетке айналды. Тоталитарлық жүйенің орнауы мәдениеттен де байқала бастады. 1940 жылы кириллица негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінің жобасы жасалды. Жоғарғы кеңестің 1940 жылы 10 қарашадағы V сессиясында «Латынданған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданды.