Хұлагулық деректерге – әл-Жувейнидың «Тарих-и Жахангуша», Рашид әд-диннің «Жылнамалар жинағы», Вассафтың «Вассаф тарихы», Хамдаллах Казвинидың «Тарих-и гузиде» [39, 90-98 бб.] атты тарихи шығармалары жатады. Олардың мәліметтерінде монғолдардың Орта Азияны мен Дешті Қыпшақты жаулап алуы, түрік тілдес және монғол тілдес тайпалардың шығуы, Алтын Орданың саяси тарихы мен оның алғашқы хандарының саясаты және т.б. мәселелер жөнінде баяндалады. Бұл деректер ішінде Рашид ад-Дин еңбегіндегі мәліметтердің алатын орны ерекше.
Делилік дерекке – Жузжанидың «Табақат-и Насири», ал Жалайырлық дерекке – әл-Ахаридың «Тарих-и шайх-Уайыс» атты еңбектері жатады. Бұл деректерде ХІІІ ғасыр басындағы монғолдардың жаулап алуы, Жошы хан туралы, Берке хан туралы1342-1357 жж. Алтын Ордада болған оқиғалар туралы, Жәнібек ханның билігі тұсындағы жағдайлар туралы мәліметтер кездеседі.
Ал Темірлік деректер деп аталатын деректер тобына келсек, олар біздің тақырып үшін ең негізгі деректер қатарынан орын алады. «Тузик-и Тимури», Шамидің «Зафар-наме», Йаздидың «Зафар наме» атты еңбектері, Натанзидың «Муин ад-дин Натанзи», анонимді «Муизз әл-ансаб», Самаркандидің «Матла әс-садайн ва маджме әл-бахрайн», Фасихидың «Муджмал-и Фасихи», Мирхондтың «Раузат әс-сафа», Хондамирдың «Хабиб әс-сиар» атты еңбектеріндегі мәліметтерден біз Қазақ хандығының құрылуының тарихи алғышарттарын, ХY ғасырдағы Мауереннахр мен Хорасандағы саяси жағдайлардың барысын тереңірек біле аламыз.
Шайбанилық деректерге жататын «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Түрік шежіресі, «Шыңғыс-наме атты тарихи шығармалардағы мәліметтерде ХY ғасырдың бірінші жартысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мауереннахр аумақтарында болған саяси оқиғалар, Шығыс Дешті Қыпшақтағы этникалық процестер, осы кезеңдегі тарихи тұлғалардың жеке өмірбаянына қатысты оқиғалар, хандар әулетінің шежіресі және тағы басқа көптеген мәселелер туралы баяндалады.
Бабырлық әулеттің деректеріне біз «Бабыр-наме», Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди», Ходжамқұли бек Балхидың «Тарих-и Қыпчақи» атты шығармаларындағы мәліметтерді жатқызамыз. Осы топтағы «Тарих-и Рашиди» еңбегінің Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтері біз пайдаланып отырған 60-тан астам жазба деректер ішіндегі ең басты, ең негізгісі болып саналады. Шығарма авторы өзінің моғол хандары мен Моғолстан мемлекетінің тарихына арнап жазылған еңбегіндегі Есенбұға ханның билігі тұсындағы оқиғалар жөнінде айта келеді де Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуін баяндайды. Автордың бұл мәліметтері Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты қазіргі таңдағы ең алғашқы жазба дерек болып саналады. Осы мәліметтің оған дейін ешбір деректе кездеспейтінін ескеріп, біз автордың бұл дерегін қарастырып отырған тақырыбымыз үшін ең маңызды және ғылыми құндылығы жағынан өте жоғары деп есептейміз. Ал «Бабыр-наме» мен «Тарих-и қыпчақи» еңбектерінде Қазақ хандығының құрылу тарихы толық көрсетілмесе де, мәселенің кейбір жақтарын нақтылап көрсетуге мүмкіндіктер беретін құнды мәліметтер кездеседі.