Шаруашылығы. Бір орталыққа біріккен ірі мемлекеттің құрылуы шаруашылықтың дамуына жол ашты.
Егіншілік кең түрде дами бастады. Суландыру жүйелерін салу, су шығаратын шеңберлі шығырлар жасау тәсілдері пайдаланылды. Ондай әрекеттерді үкімет қолдап отырды. Мысалы, жаңа суландыру жүйелерін жасағандар немесе ескіріп, бұзылғандарын қалпына келтіргендер салықтан босатылды. Ал өз бетімен суландыру жүйелерін – арықтарды, каналдарды иемденіп алғандар айып төледі. Бидай, арпа, күріш сияқты дәнді дақылдармен бірге қант құрағын, мақта өсіру қанат алды.
Қалалардың саны көбейіп, қалалық өмір де алға басты. Елдің астанасы Паталипутрада, басқа да қалаларда ірі-ірі қолөнер шеберханалары пайда болды. Ондағы қолөнершілер металдар мен асыл тастардан патша мен шонжарларға арнап әр түрлі сәндік бұйымдар жасады. Кейбір қолөнер бұйымдары шет елдерге шығарылды. Орта Азия елдерімен, батыстағы гректермен, египеттіктермен сауда байланыстары орнатылды. Сауда құрлық арқылы да жасала бастады.
Чандрагупта мен оның мұрагерлері тұсында құрылған ірі мемлеетті басқару оңай емес еді. Сарай қызметшілерінің саны көбейді. Ал мұның бәрі қаржыны талап етті. Сол себепті елден әр түрлі алым-салықтар жинастырылды. Салық жинаушылар шаруалардың астығының төрттен бірін, ал қолөнершілер мен саудагерлердің табысының оннан бір бөлігін алып отырды. Шаруалар мен қолөнершілердің міндеткерлігіне астық, мал, ағаш жеткізу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, патшаның шабармандары мен жаушыларын қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп отыру жатты.
Әлеуметтік қатынастар. Үндістандағы адамдардың қоғамда алатын орны, мүліктік айырмашылықтары бойынша топталуы басқа көптеген елдерден ерекше болды. Үнді қоғамы брахмандар, жауынгерлер, шаруалар және шудралар деп төртке жіктелді.
Брахмандар деп дінді уағыздаушы, абыздарды атады. Тек брахмандар ғана қасиетті діни кітаптарды халыққа оқытып үйрете алады. Ал қалғандары оларды тыңдап, қасиетті кітаптарды оқып үйренуі керек. Олар – Брахма атты құдайдың аузынан жаралған сүйікті ұлдары. Сондықтан оларға тіл тигізуге, айтқан сөздеріне күмәндануға болмайды. Брахманды өлтіру ең ауыр қылмыс деп есептелінді. Осылайша брахмандар басқалардан ерекше, қасиетті топ бола бастады. Олардың балалары да осындай қасиетті деп есептелінді.
Жауынгерлер елді қорғаушы, күзетуші, тәртіпті реттеуші топ деп есептелді. Оларды Брахма құдай өзінің қолдарынан жаратқан. Брахмандардан басқалар жауынгерлер тобының өкілдерін тыңдап, айтқандарын орындаулары керек. Жауынгерлердің балалары дүниеге жауынгер, қолбасы болып келеді. Әскери іс басқалардың қолынан келмейді деп саналды. Сөйтіп, тек жауынгерлердің үрім-бұтағынан құрылған екінші топ қалыптасты. Үшінші тұйық топ негізінен шаруалар – ерікті егіншілер тобы болды. Көршілік қауым болып өмір сүретін егіншілердің бұл тобына қолөнершілер, малшылар мен саудагерлер де қосылды. Олар Брахманның жамбасынан жаралғандар деп есептелді. Үшінші топ адамдары өздерінен жоғары брахмандар мен жауынгерлерді тыңдауға, сыйлауға тиіс болды. Олардың балалары егін егумен, мал бағумен, қолөнершілікпен және сауда жасаумен ғана айналысуы керек. Өз ата-бабаларының кәсібімен ғана шұғылданып, соны қанағат тұтуы қажет делінді. Сөйтіп бұлар да үрім-бұтағы бір салада ғана еңбек ете алатын топқа айнала берді.
Төртінші топ өкілдері – шудралар. Олар Брахма құдайының аяғынан жаратылды. Сондықтан шаң-тозаңда жүруге тиісті. Өзінен жоғары топтағыларға қызмет етуге міндетті. Оларға қарсы шықса ауыр жаза алады. Дүние-мүлік жиюға, меншіктенуге, құдайға құрбандық беріп, көмек сұрауға қақысы жоқ деп танылды. Ауырда қиын жұмыстар осы шудралардың мойнында болды. Шудраның балалары да өздерінің ата-балалары сияқты тек ауыр жұмыстар істеуі қажет деп есептелді.
Осылайша бүкіл үнді қоғамы төрт топқа бөлінді. Әр топтың өз орны мен міндеттері нақты көрсетілді. Олардың өз міндеттерін дұрыс атқаруын патша мен оның қызметшілері бақылап, реттеп отырды. Төменгі топ адамдарының өздерінен жоғары топтағылардың міндетін атқаруына, ол топқа өтуіне жол берілмеді. Қаншама талантты, қайратты, білгір болып тұрса да әркім өз тобының ғана міндетін атқаруға тиісті болды. Сөйтіп, әрбір топ өз дәрежесі бойынша ғана өмір сүруге тиісті тұйық топқа айналды. Оны ғылыми әдебиетте варна немесе каста деп те атайды.
1. Үндістан түбегі қайда орналасқан? Картадан көрсет. Онда қандай өзендер бар? Олар түбектің қай жақтарын алып жатыр?
2. Темірді пайдалану шаруашылықтың дамуына қалай әсер етті? Магадханың өрлеуі
туралы не білесің?
3. Чандрагупта деген кім? Ол қандай әулеттің негізін қалады? Олардың кезінде қандай
өзгерістер болды?
4. Егіншіліктің дамуы туралы не айтасың? Оның дамуына не әсер етті? Қолөнердің және
сауданың өркендеуіне патша неліктен бақылау орнатты? Алым-салық жүйесі туралы не
білесің?
5. Брахмандар мен жауынгерлер деген кімдер? Ал ерікті егіншілер мен шудралар дегендер
ше? Оларды неге тұйық топтар деп атайды?