Грекияда Македония билігінің орнауы. Б.з.б. IV ғасырда Афины қала-мемлекеті қайта өрлей бастады. Бірақ та Грекияның солтүстік шекарасынан Элладаға үлкен қауіп төнді. Бұл қауіпті төндіруші Балқан түбегінің солтүстік бөлігінде орналасқан Македония еді. Македония елінің патшасы II Филипп болды.
II Филипп Грекия қалаларын бірінен кейін бірін бағындыра бастады. Ол Фракияның жағалауындағы грек қалаларын күшпен алды. Ал кейбір қалалар өздері қосылып отырды.
Грек мемлекеттерінің ішінде Македония үшін неғұрлым күштісі Афины болды. Македон патшасының жаулаушылық соғыстарына Афины демосы табан тіресе қарсылық көрсетті. Афинылықтардың тәуелсіздігі жолындағы күресіне әйгілі шешен Демосфен басшылық жасады. Халық жиналысында ол II Филипп патшаны басқыншы деп атап, соған қарсы шешуші күреске шақырды. Демосфен: «Қорғана отырып, соғысқа әзірленуіміз керек, біз бостандық үшін күресеміз» деп мәлімдеді.
Македония мен гректер арасындағы ең ірі шешуші соғыс б.з.б. 338 жылы Херонея қаласының маңында болды. Бұл соғысқа шешен Демосфен де қатысты. Ол қолына қару алып, қатардағы жауынгер ретінде майданға шықты. Шиеленіскен соғыс ұзаққа созылды. Ұрыстың алғашқы кезеңінде афинылықтар македондықтардың әскеріне тойтарыс берді. Тіпті, II Филипп патшаның билігі мен өзіне де қауіп төнді. Бірақ та Македонияның жақсы қаруланған әскері батылдық көрсетті. Бұл соғысқа II Филипптің он сегіз жасар ұлы Александр да қатысты. Александр атты әскерді басқарып, гректерге тұтқиылдан соққы берді. Херонея түбіндегі ұрыстан кейін гректер жеңілді. Енді гректер түгелімен Македонияға бағынды. Олар өздерінің бостандығынан айырылды.
1. Аристократ, демократия, демос, қала-мемлекеттер деген ұғымдардың мәнін
түсіндіріңдер.
2. Оқулықта берілген мәтін мазмұнын пайдалана отырып, Аттикада қандай
демократиялық өзгерістер болғанын атаңдар?
3. Солон мен Клисфен реформасының қарапайым халық үшін маңызы неде?
4. Периклдың қызметіне баға беріп, үлгі алатын қандай қасиеттері болғанын айтыңдар.
5. Неліктен қала-мемлекеттер арасында күрестер болып тұрған?
6. Марафон шайқасы қай жылы болды? Фединикс деген кім?
7. Қай жердегі шайқаста гректер ерекше табандылық көрсетті?
8. Грек-парсы соғысында неліктен гректер жеңді?
9. Неліктен македондықтарға грек қала-мемлекеттерінің ішінде ең қауіптісі Афины
болды?
10. Афинылықтардың тәуелсіздік жолындағы күресін кім басқарды?
11. Херонея түбіндегі шайқас қай жылы болды?
Достарыңызбен бөлісу: |