Әкем мені 2-мектептің ауласына алып кіргенде маған былай деді



Дата29.09.2023
өлшемі18,23 Kb.
#111607

34-бөлім
Әкем мені 2-мектептің ауласына алып кіргенде маған былай деді:
-Білесің бе? Маған бала кезде ақыл айтып жол көрсететін адам болған жоқ. Егер ол болғанда мен басқа биікте жүрер едім. Мен жан-жағымда шет-шегі жоқ және алуан түрлі мүмкіндіктің бар екенін білген жоқпын. Мен сені мұнда үй тіршілігінен алаңсыз оқысын деп алып келдім. Саған кедергі келтіретін ештеңе жоқ. Сенде бір-ақ мақсат бар. Ол – оқу. Және оқудан да маңызды бір нәрсе бар. Ол -денсаулық. Сондықтан спортпен айналыс. Егер денің сау болмаса, оқудың түк те қажеті болмай қалады.
2-мектепке түсу үшін 10 адам бір орынға таластық. Мектепке кірмей жатып жарыс басталды. Конкуренция!
Есіктен шыққанда барлық ата-ананың сұрағы: « Неше алдың?» Балалардан бетер абыржыған, жанын шүберекке түйген, жүйкесі жүн болып анталаған ата-анардың бет-бейнесі ғана қалды жадымда.
Бір де бір жанға баланың психологиялық көңіл-күйі маңызды емес еді. Маңыздысы- қанша бал жинағаның.
Мен сынаққа қатысарда үлкен стрестен өттім. Салмағы – не өлім, не оқу. Осы оқуға түспесем, өмір тоқтап қалатын сияқты. Оқудан құласам - абыройым айрандай төгілетіндей. Жер басып жүре алмай қалатындай.
30 жылдан кейін мен де әкемнің істегенін қайталаппын. Ортаншы ұлды «элиталық» мектептердің сынағын тапсыруға 3 жыл дамылсыз оқытып дайындықтан өткіздім. Оған қыруар ақша жұмсадым.
Сынақ тапсырар алдында ұлымнан бұрын өзім қатты қобалжыдым. Мектептің ауласын экзамен тапсыруға келген балалардың ата-анасы басып қалды. Құжынаған адам. Бәрі ентелеп балаларын күтіп, тықыршып тұр. Дәл осы сынақтан өтсе дүниенің кілті соларға өтетін секілді.
Ұлымды аптасына 3 күн 3 сағаттан дайындық курсында оқыттым. Аптасына 3 рет екі сағаттан каратэмен айналысты. Ал демалысқа берілген екі күн домбыраға қымбат болса да жеке маман жалдап музыкаға баулыдым.
Ұялы телефонға телміріп отырғанша пайдалы іспен айналыссын деп ойладым.
Ойнауға уақыты жоқ еді. Бала ғой. Кейде мектептен үйге бірден қайтпай түскі ас ішетін уақытта мектеп формасымен ойнап кететін.
Ұлым 3 элиталық мектептің де сынағынан өтпеді. Біздің мемлекет корупциялық мемлекет болғандықтан мен қорытындыға аса сенбедім. Бірақ көңіл-күйім түсті.
Есесіне менің ұлым оны шыбын шаққан құрлы көрмеді. Сынаққа да ысқырып барып, ысқырып тапсырып шықты.
-Сынақ қиын болды ма? Қалай тапсырдың?-деген сұраққа,-түк те қиын болған жоқ, барлық есепті шығардым, бәріне қиналмай жауап бердім,-деді сабырлы түрмен.
Кейін оның ол мектепке түсе алмағанын білдік. Сол кезде де ұлым аса абыржыған жоқ.
Оның түріне қарап, өзімнің 2-мектепке сынақ тапсыруға барғанда сонша неге қобалжығанмын деп ойладым.
Мен баланы емес, балам мені тәрбиелеп жатқан сияқты.
Элиталық мектеп – күшті мектеп деп есептеледі. Күшті мектеп – күрделі мектеп. Күрделі мектеп үлкен қажыр қайрат, шектен тыс көп уақыт, өзіңді ұмытқанша, мұрнықнан қан кеткенше оқу деген сөз. Өйткені оның бағдарламасы тереңдетілген, күрделендірілген, миыңа сыймайтын дәрежеде қиындатылған. Сенде ойнауға, күлуге, еркін тыныстауға, басқа нәрсені армандауға уақыт қалмайды. Өйткені элиталық мектеп бірінші болу үшін жанталас пен бақталастықтан тұрады. Ондағы өмір – жарыс. Бірінші болу жарысы. Бәрінен озу жарысы. Алдына қара салмау жарысы. Элита екеніңді дәлелдеу жарысы. Вундеркинд болу жарысы.
Осы жарыста сен өзіңді жоғалтасың. Сен толассыз ақпаратқа көмілген роботсың.
Қазір мен өзіме сұрақ қоямын: Біз не үшін жарысқанбыз? Не берді ол жарыс? Алған білім ше? Ол не берді бізге?
2-мектепті бітірген түлектердің жеткен жетістігі қайсы? Кім Нобель сыйлығын алды? Кім Махатма Ганди сияқты ұлт көсеміне айналды? Кім ғарышты бағындырды? Кім халықты алға сүйреді? Кім отанына қызмет етті?
Ешкім. Бір адам жоқ.
2-мектеп бір-бірінен айнымайтын шенеуніктер шоғырын берді. Олар ұлтты алға сүйремек түгілі, ұлтты тонаумен айналысқан және оның тәуелсіздігін сатып жіберген биліктің қолшоқпарлары ғана болды.
Және айнадан өзіне қарап сүйсініп, тотықұстай таранған нарцис әншілер легін сыйлады. Олар даңғойлық символына айналды. Даңғой қазақтың дарақы той жарыстарында жем теріп жеп, өздерін тұлға сезініп жүр. Даңғойлық пен дарақылық төлеген ашаға семірген. Біреудің көшеден көріп қалып танығанын – бақыт деп есептейтіндер. Және өздерін кәсіпкер, банкир санайтын жақсылығы қара басынан артылмайтын тоғышарлар тобы қалыптасты.
Бизнеске және мелкетттік қызметке кіргендері көп жемқордың біріне айналды.
Және олар өздерін әлі күнге қоғамның элитасы санайды. 2-мектептің ғимаратын күреп тастағанда ешқайсысы қарағайдай мүйіздерін пайдаланып оны қорғап қала алмады. Бүгінде оны қазақ тілі мен әдебиетін тереңдететін статусынан айырғанда да «элитаның» бас көтеріп, шын қайрат көрсеткенін көрген жоқпын.
Тек өзін ақылды санайтындар чат құрып, сөз сапырумен ғана айналысты. Сөз көп, іс жоқ. Дәл Қазақстанның өзі сияқты.
2-мектептің ұлы мақсаты, жазылмаған, бірақ ниет етілген мақсаты – Алаш арыстарының жаңа буынын қалыптастыру еді.
Қазақ ұлтын брендке айналдыру еді.
Қазақ тілінде тұтас Қазақстанды сөйлету еді.
Ұлттық болмысты сақтау еді.
Өзге мемлекеттерден біліммен озу еді.
Мәңгүрт қоғамды деколонизациялау еді.
Қазақ дәстүріне адалдық еді.
Қазақ ұлтына толассыз және адал қызмет еді.
Қазақтың физикалық және моралдық бай ұлт болуына еңбектену еді.
Бас әріппен жазылатын адам қалыптастыру еді.
Ал қазіргі өзін элиталық мектеп санайтындарда «ұлт» сөзі мүлде жойылған. Оның иісі де жоқ.
Егер элиталық мектеп жемқорлар армиясы мен семірген эголарды ғана тәрбиелеп шығарса, онда біздікі не жанталас?
Баланың балалық шағын ұрламау керек шығар.
Қандай қоғам қалыптастырдық, қараңызшы?
Жағымпаздық – ұлттық бренд.
Жемқорлық- ұлттық бренд.
Екі жүзділік – ұлттық бренд.
Сатқындық – ұлттық бренд.
Билікқұмарлық, шенқұмарлық, атаққұмарлық, ақшақұмарлық – ұлттық бренд.
Арсыздық пен құдайсыздық – ұлттық бренд.
Ұрлық – ұлттық бренд. Ұрлық - өміріміздің ажырамас бөлігі. Онсыз өмір сүре алмаймыз. Бар болса да ұрлай береміз. Жетіп тұрса да ұрлай береміз. Асып тұрса да ұрлай береміз. Оған енді тоқтам жоқ.
Біз осындай ұлтқа айналдық.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет