15. Үкімет өкілеттігі.
Үкiметке мынадай негiзгi конституциялық өкiлеттiктер берiлген:
ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық және тактикалық шараларды талдап жасау;
мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлеу;
әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамудың индикативтiк жоспарларын әзiрлеп, iске асыру;
Республика Президентi белгiлеген тәртiппен респ. бюджеттi және оған енгiзiлетiн өзгерiстердi әзiрлеуге қатысу, парламентке республикалық бюджет және оның атқарылуы туралы есеп беру, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз ету;
ҚР-ның қаржы жүйесiн нығайту жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыру;
мемлекеттік валюталық, қаржы және материалдық қорларының құралуы мен пайдалануы кезiнде заңдылықтың сақталуына мемлекеттік бақылау жасау;
құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру;
баға құралуының мемлекеттік саясатын әзiрлеп, ұйымдастыру;
мемлекет реттейтiн баға қолданылатын өнiмдердiң, тауарлар мен қызмет көрсетулердiң номенклатурасын белгiлеу;
мемлекеттік меншiктi басқаруды ұйымдастыру, оны пайдалану шараларын әзiрлеп, жүзеге асыру, мемлекеттік меншiк құқығының қорғалуын қамтамасыз ету;
еңбекке ақы төлеу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру жүйесi мен шарттарын айқындау;
мемлекеттік аймақтық саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеп, iске асыру;
аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың аймақаралық мәселелерiн шешудi қамтамасыз етедi;
ғылым мен техниканы дамыту, жаңа технологияларды енгiзу, мәдениеттi, бiлiм берудi, денсаулық сақтауды, туризм мен спортты дамыту жөнiндегi мемл. саясатты айқындап, iске асыру;
табиғат қорлары мен қоршаған табиғи ортаны оңтайлы пайдалану және қорғау шараларын әзiрлеп, жүзеге асыру;
құқықтық реформалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;
азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және заңдылық пен құқықтық тәртiптi сақтау, ҚР-ның қауiпсiздiгi мен қорғаныс қабiлетiн, аумақтық тұтастығын сақтау және қорғау, ҚР-ның мемлекеттік шекарасын күзету шараларын әзiрлеп, iске асыру;
келiссөздер жүргiзу және үкiметаралық келiсiмдерге қол қою туралы шешiмдер қабылдау;
ҚР-ның шет мемлекеттермен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен қарым-қатынасты дамытуын қамтамасыз ету;
сыртқы экономикалық саясатты iске асыру шараларын әзiрлеу;
сыртқы сауданы дамыту шараларын қолдану;
халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық пен өзара iс-қимылды жүзеге асыру;
Конституциямен, заңдармен және президент актiлерiмен жүктелген өзге де қызметтердi орындау.
Үкiмет өзiнiң бүкiл қызметiнде конституцияда және үкiмет туралы конституциялық заңда белгiленген нысандарда Республика Президентiнiң алдында жауапты.
ҚР-ның Премьер-Министрi үкiмет қызметiн ұйымдастырып, оған басшылық етедi, оның жұмысы үшiн жауап бередi, Президентке Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары жөнiнде баяндайды, қаулылар шығарады. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде дербес шешiмдер қабылдайды, Олар өздерiне бағынышты мемлекеттік органдардың жұмысы немесе тапсырылған жұмыс аясы үшiн Премьер-Министрдiң алдында жауап бередi. Парламенттiң әрбiр палатасы үкiмет мүшелерiнiң қызметтерi жөнiндегi есептерiн тыңдауға хақылы. Үкiмет мүшесi заңдарды орындамаған жағдайда депутаттар оны қызметтен босату жөнiнде Президентке мәлiмдей алады. Үкiмет ҚР Конституциясы, заңдары, ҚР Президентiнiң нормативтiк жарлықтары негiзiнде және солардың орындалуы үшiн өз құзыретi шегiнде бүкiл мемлекеттік аумағында мiндеттi күшi бар Үкiмет қаулылары мен Премьер-Министрдiң өкiмдерiн шығарады, олардың iске асырылуын қамтамасыз етедi. Бұл қаулылар мен өкiмдер Конституцияға, заңдарға, Республика Президентiнiң актiлерiне қайшы келмеуге тиiс.
Жаңадан құрылған Үкiмет өз қызметiнiң бағдарламасын жасап, бұл туралы Парламентке баяндама ұсынады. Егер Парламент Үкiметтiң бағдарламасын қабылдамаса, Үкiмет екi ай iшiнде бағдарламаны қайтадан ұсынады. Егер Парламент депутаттарының жалпы санының 2/3-сiнiң дауыс беруiмен бағдарлама тағы да қабылданбаса, онда бұл Үкiметке сенiмсiздiк вотумын бiлдiредi. Үкiмет заңдық ұсыныстар енгiзуге хақылы. Ол заң жобаларының жоспарын құрып, соған сәйкес парламент мәжiлiсiне заң жобаларын ұсынады. Заң жобаларын дайындауға олардың сапасы үшiн жауапты болатын министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, агенттiктер, бiрiншi басшылар қатысады. Қазақстан Ресупбликасының Үкіметі Президенттiң өкiлеттiк мерзiмi шегiнде қызмет етедi және жаңадан сайланып, қызметке кiрiскен ҚР Президентiне үкiмет мүшелерi жазбаша қол қойған өтiнiш беру арқылы өз өкiлеттiгiн доғарады.
ҚР-ның Конституциясында (70-бап) және ҚР-ның Үкiметi туралы констиуц. заңда республика Үкiметiнiң, оның мүшелерiнiң тиiстi өкiлеттi мерзiмiнен бұрын орындарынан түсу себептерi мен тәртiптерi қаралған. Егер Үкiмет, оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi орындау мүмкiн емес деп санайтын болса, онда олар республика Президентiне өз орнынан түсуi туралы мәлiмдеуге хақылы. Конституцияда (53-бап, 7-тармақ, 61-бап, 7-тармақ) көзделген жағдайларда Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiретiн болса, Үкiмет өзiнiң орнынан түсуi туралы ҚР Президентiне мәлiмдейдi. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi ҚР Президентi он күн мерзiмде қарайды. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылды дегендi бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн Президенттiң қабылдауы немесе оны қызметiнен босатуы бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Сондай-ақ, президент өз бастамасымен де Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн және оны жүргiзбей отырған үкiмет мүшелерi атқарып отырған қызметiнен босатылуға тиiс.
Достарыңызбен бөлісу: |