Әкімшілік құқық субъектілерінің жекелеген түрлеріне сипаттама беру. Әкімшілік құқықтың субъектісі болып азаматтар, қоғамдық және мемлекеттік емес бірлестіктер мен олардың қызметкерлері, сондай-ақ кәсіпорындар мен мекемелер, ұйымдар және еңбек ұжымдары саналады.
Әкімшілік құқық субъектілері мынадай 3 шарт бойынша ғана әкімшілік құқықтық қатынастардың субъектісі болып табылады:
- субъектілердің құқықтары мен міндеттерін қарастыратын әкімшілік құқық нормалары;
- субьектілердің құқықтық және әрекет ету қабілеттілігінің болуы;
- құқықтық қатынастардың өзгеруі мен тоқтатылу негіздерінің қалыптасуы.
Азаматтардың міндеттерін келесі негіздер бойынша топтастыруға болады:
Жүзеге асырылу механизмі бойынша абсолюттік және қатысты міндеттерді ажыратуға болады. Абсолюттік міндеттер қандай да бір жағдайларға тәуелсіз, олар барлық азаматтарға теңдей жүктеледі (жол қауіпсіздігін сақтау, төлқұжат режимін сақтау және т.б.). Қатысты міндеттер көп жағдайда белгілі бір құқықтарды пайдалануға бағытталған құқыққа сәйкес әрекеттерден туындайды.
Құқықтың алғашқы қайнар көзі бойынша конституциялық міндеттерді нақтылаушы (конституциялық-әкімшілік) міндеттер және таза әкімшілік міндеттер ажыратылады. Конституциялық-әкімшілік міндеттерге әскери есепке тұру және т.б.,ал таза әкімшілік міндеттерге жол қауіпсіздігін сақтау, санитарлық және т.б. міндеттер жатады.
Оларды құқықтық санкциялармен қорғау негізі бойынша санкциялармен қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген міндеттерді бөлуге болады.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ҚР-ның аумағында ҚР-ның азаматтарына тиісті құқықтар мен міндеттерге иеленеді. Олар белгілі бір қатынастарда артықшылықтарға (дипломатиялық иммунитетке ие болу құқығы), ал кейбір жағдайда оларға шектеулер қойылуы мүмкін (мысалы, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылуы).
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын тұлғаларға ҚР-ның аумағында заңдармен мынадай құқық-әрекет қабілеттіліктің өзгешеліктері бекітілген:
-мемлекеттік қызметке кіре алмайды;
-мемлекеттік құпиямен байланысты қызметке араласа алмайды;
-әскери борышын өтеуге алынбайды;
-әкімшілік деликтқабілеттілігі өзгеше (мысалы, мемлекеттің шекарасынан шығарып жіберу жазасы тек соларға қатысты қолданылады) болып келеді;
-саяси қоғамдық бірлестіктердің мүшесі бола алмайды;
-арнайы рұқсат қағазы (визасы) болмаса ҚР-ның аумағына кіре алмайды;
-ҚР-ның аумағында тұру және қызмет ету үшін арнайы құжаттар алады;
-босқындар ретінде танылып ҚР-ның азаматтығын алуы мүмкін.
ҚР-ның аумағында болу мерзіміне байланысты шетел азаматтары мен апатридтердің (азаматтығы жоқ адамдар) мынадай түрлерін атап өтсе болады:
-тұрақты өмір сүретіндер;
-уақытша келгендер;
-ҚР-ның аумағымен өтіп бара жатқандар.
Қоғамдық және діни бірлестіктер де әкімшілік құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастарға түсіп, әкімшілік құқықтың субъектілері болып табыла алады. Әртурлі діни және қоғамдық бірлестіктердің қызмет етуі – азаматтық қоғамның бір белгісі. Осы бірлестіктер арқылы адамдар өз мүдделерін жүзеге асырып отырады. Бұл бірлестіктер басқа ұйымдарға қарағанда мынадай өзгешеліктерге ие:
-олар ерікті түрде құрылады және жарғыда көрсетілген мақсаттарды орындау үшін ғана шаруашылық-коммерциялық қызметтпен айналысады;
-олар мемлекеттік билік өкілеттігіне ие емес.
Бірлестіктерді әртүрлі критерийлерге байланысты топтастыруға болады. Олардың түрлері: саяси партиялар, кәсіподақтар, ғылыми, техникалық қоғамдар және т.б.
Қоғамдық және діни бірлестіктердің құқықтық мәртебесі олардың әр түріне арналған заңдар мен нормативтік актілермен бекітіледі. Мысалы, “Саяси партиялар туралы” ҚР-ның заңы бар.
Президенттің құқықтық мәртебесі ҚР-ның Конституциясында “ҚР-ның Президенті туралы” конституциялық заңымен бекітілген.
ҚР Президентінің әкімшілік-құқықтық мәртебесіне кіреді:
-осы жоғары лауазым орнының мемлекеттік органдар жүйесінде әлеуметтік-құқықтық бағыты;
-сайлау тәртібі;
-өкілеттігі мен құзіреттілігі;
-басқа органдармен қарым қатынасы;
-жауаптылығы;
-қызметінің кепілдігі.
ҚР президенттік басқару нысанындағы республика болғандықтан президенттің өкілеттіктері өте жоғары болып табылады. ҚР Конституциясының 40-бабына сәйкес ҚР-ның Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының бағытын анықтап отырушы тұлға. Ол дегеніміз Президент ішкі және сыртқы қатынастардың барлығын бағыттап мемлекетте жоғары атқарушы билікті жүзеге асыратын тұлға екенін білдіреді.