Экологиялық мәдениетті дамыту үшін 10 миллион доллардың жобасы жасалады
Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ) экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жобасының жетекшісі Виктория Байгазинаның айтуынша, қазір экологиялық мәдениетті көтеруге бағытталған тұтас жоба жасалып жатыр. Сәуір айында БҰҰДБ мен Білім және ғылым министрлігі "Инновациялық мүмкіндіктер және білім беруді жаңғырту: елдің тұрақты дамуы үшін экологиялық мәдениет жолында" атты бірлескен жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойған. Жоба 2020-2024 жылдарға арналған. Оның іске асуына бюджеттен – 7 млн, БҰҰДБ – 3 млн теңге бөлінбек.
"Жоба аясында үздіксіз экологиялық білім берудің кешенді моделі, 17 экологиялық орталық құру көзделуде. Оқушылар мен педагогтар үшін экологиялық білім берудің оқу-әдістемелік базасын әзірлеу, олардың біліктілігін арттыру, білім беру веб-ресурсын құру жоспарланып отыр. Орталықтар 14 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беру мекемелері, бір университет және бір ТжКБ негізінде құрылады", – деді Виктория Байгазина.
Бұл жоба шеңберінде Жер, Ауа, Су, Энергия сияқты маңызды экологиялық аспектілерді қамтитын ақпараттық-білім беру бағытында бейнесюжеттер, көпсериялы анимациялық бейнероликтер түсіріледі. Сондай-ақ осы бағыттар бойынша интерактивті онлайн-сабақтар дайындалады. Түрлі эко-акциялар, тақырыптық көрмелер, мектепті үздік көгалдандыру байқаулары жүйелі түрде жүргізіледі. Білім беру ұйымдары жанынан экологиялық алаңдар (жылыжай кешені, тиімді жарықтандыру, күн панельдері, тамшылатып суару, сенсорлық крандар және т. б.) құру жоспарланған.
Достарыңызбен бөлісу: |