Табиғатқа зиян келтіріп, осы саладағы заңнаманы бұзғандарды жауапқа тарту үшін Тоқаев берген тағы бір маңызды тапсырма – айыппұл көлемін арттыру. Себебі, қазіргі заңнамада көрсетілген айыппұлдың мөлшері аз. Сондықтан болар, адамдар күл-қоқысты көрінген жерге төгіп, ойына келгендерін істейді. Ал салынатын айыппұлдың аздығы, жауапкершілікке жүктемейді. Осыған байланысты, президенттің тапсырмасы аясында экология министрлігі заң жобасын әзірледі. Күзде құжат парламент қарауына енгізіледі. Жаңа экологиялық кодексте табиғатқа зиян тигізгендерге әкімшілік айыппұлды 10 есе көбейту жоспарлануда. Қайталанған жағдайда 20 есе болмақ. Тиісінше, әрбір азамат қолындағы қоқысын тастамас бұрын ойланады. Ал айыппұлдан түскен ақша, экологияны оңалтуға жұмсалады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі, заңбұзушылық орын алған күннен бастап, 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.