Мәрмәр (көне грекше: μάρμαρος – жылтыр тас) — тек кальциттен, СаСО3 тұратын, метаморфтық тау жынысы. Доломитпен, СаMgCO3 қайта кристалдану нәтижесінде доломитті мәрмәр түзіледі.
Мәрмәрдің қаттылығы Моома шкаласы бойынша 2,5-3, ал тығыздығы 2,3-2,6 г/см3 тең. Түсі ақ, сұр, қара сұр, жасыл, алқызыл, сары, құба болып келеді. Мәрмәр кальциттен және басқада минералдық, органикалық қоспалардан тұрады. Мәрмәрдің сапасы, түсі, сыртқы келбеті құрамындағы қоспаға тәуелді. Мысалы, құрамындағы темір оксидтерінің қоспасы, мәрмәрға қызыл-қоңыр түс, құрамында темірі бар силикаттар – жасыл түске бояйды.
Мәрмәр қолданбалы сәндік өнерінде, табиғи құрылыс материалы ретінде және монументті мүсін мен құлпытас жасауда кеңінен қолданылады. Ежелгі грек мүсіндері сары түсті паросс Мәрмәрдан жасалынған.
Қазақстандағы ең ірі мәрмәр кен орны - Тасколь, Қаратау, Насинколь, Ақбастау-Қызылсай, Тешиктас.
Әктастар — шөгінді тау жыныстары; негізінен, кальциттен СаСO3 тұрады. Барлық шөгінді тау жыныстарының 20%-ін құрайды. Әктастар жоғары температураның әсерінен қайтадан кристалданып, мәрмәрға айналады. Олар көбінесе теңіз түбінде түзіледі. Металлургияда, құрылыста, химия өнеркәсібінде пайдаланылады.
Әктас – кальциттен, кейде арагониттен тұратын кең таралған шөгінді тау жынысы. Құрамында қоспа ретінде сазды минералдар, халцедон, кварц, глауконит, пирит, гипс, ангидрит, т.б. кездеседі. Әктастар негізінен саяз теңіздер мен қолтықтарда, кейде тұщы көлдерде қалыптасады. Жаратылысы жағынан әктастар органогенді, хемогенді (химиялық), кесекті және криптогенді болып түзіледі. Органогенді әктастар жәндіктер мен өсімдіктердің қалдықтарынан қалыптасады. Жәндік қалдықтарынан тұратынын зоогенді, ал өсімдіктен тұратынын фитогенді әктастар дейді. Хемогенді әктастар қалыңдығы тұрақты қабаттар, конкрециялар құрайды. Олардың түстері әр түрлі (ақ, күңгірт сұр, қара, т.б.) болып келеді. Химиялық әктастар саяз теңіздерде, көлдерде қалыптасады. Кесекті әктастар әр түрлі өлшемді карбонатты кесектер мен үгінділерден тұрады. Криптогенді әктастарға жаратылысы белгісіз, өзгерген әктастар жатады. Олар кристалл түйірлі болады. Әктас – негізгі құрылыс материалдарының бірі. Ол қара металлургияда флюс ретінде, химия өнеркәсібінде (сода, карбид, минералдық тыңайтқыштар өндіру үшін), қант, шыны, цемент өндірістерінде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |