Әл-фарабидің педагогикалық гумандылық КӨЗҚарастары жоспар: Кіріспе



Дата30.03.2022
өлшемі28,47 Kb.
#29232
Байланысты:
әл фараби мақала


ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ГУМАНДЫЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ
Жоспар:

  1. Кіріспе

  2. Негізгі бөлім:

  1. Әл-Фарабидің гумандылық көзқарастары

  2. Әл-Фарабидің еңбек тәрбиесінің теориясын жасауы

  3. Қазіргі таңдағы педагогика мәселелерінің өзектілігі және шешу жолдары

  1. Қорытынды

Зерттеудің мақсаты. Әл - Фараби еңбектеріндегі гумандылық ойлардың біртұтас жүйесін түзу. 

Зерттеу нысаны. Әл - Фараби еңбектеріндегі гумандылық ойлардың мазмұны. 

Зерттеудің ғылыми болжамы: Әл - Фарабидің ұлы ойшыл, гуманист екендігін көрсетуге болады, егер әл-Фараби еңбектеріндегі гумандылық ойлары философиялық -педагогикалық және психологиялық тұрғыда көрініс тапса.

Зерттеу міндеттері: Әл - Фарабидің гумандылық ойларының мәнін, мазмұнын анықтайтын ұғымдарды ғылыми педагогикалық тұрғыда негіздеу. Қазіргі таңда бұл салада орын алып отырған мәселелерді әл-Фарабидің іліміне сүйене отырып, шешу жолдарын ұсыну;

Біз зерттеп отырған объектіміз Әл — Фараби мұрасына қатысты болғандықтан, оның (870 - 950) IX ғасырда мұсылман дәуірінде өмір сүруінің өзінен, Әл - Фарабидің мұрасы қазақ педагогикасы тарихына да ортақ педагогикалық мұра деп тану мүмкіндігі бар. Оның мұрасының қазақ педагогикасы тарихына қатысты өзіндік ортақ тарихи - ғылыми негіздерін атап көрсетуге болады.



Ол белгілер: біріншіден, ол қазақ жерінде, Оңтүстік өңірінде Отырарда түркілік отбасында дүниеге келген. Сондықтанда оның есіміне ат- түркі деген үғым қосыла айтылады. Екіншіден, өз еңбектерін мұсылман дәуіріндегі ғылыми (араб) тілде жазды. Өйткені Әл - Фараби өзінің мұрасын, яғни ол туған елінің мәдени байлығын, иран, үнді, антика мәдиниеттерінің жемістерін бойына дарытып, соны әрі қарай дамытып, бүкіл адамзаттың игілігіне айналдырды. Үшіншіден, оның мұрасын, педагогикасын, болмаса, бұрын - соңды гуманитарлық мұрасы өз алдына зерттеліп көрген емес және қазіргі педагогика тарихында немесе педагогика оқулықтарында сонау грек ойшылдары Сократ, Платон, Аристотельдердің педагогикаға қосқан үлесі жазыла келіп, гуманизмнің атасы Т.Мор деп өткен.Ал, Әл-Фарабидің ұлы гуманист, ұлы педагог екенін таныту, оның әлем педагогикасы тарихынан орын алып, өзіміздің төл тарихымызға еңгізу өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты.

Фарабидің философиялық жүйесінде бүкіл орта ғасырлар философиясындағы проблемаларды қамтиды. Олар: болмыс жөніндегі ілім, материя және оның дамуы туралы мәселе, адамның тану әрекеті проблемасы, логика мәселелері, ақыл және адамның қоғамдық іс-әрекетіндегі алатын орны, этика, эстетика мәселелері, натурфилософия және ғылымдар методологиясы проблемалары т.б. 

Әл-Фарабидің педагогикалық ілімі бойынша тәрбие мен тәлім, білім беру мәселелері өзара тығыз байланысты бір-бірін толықтыра жургізілуі тиіс. «Философияны үйрену үшін алдын-ала нені білу қажет?» деген еңбегінде ол ғылым мен философияны жетік меңгеру үшін бірінші алғы шарт етіп адамның жан тазалығын, ар тазалығын, әдеп-тәрбиелігін қояды. Әл-Фараби балаларды жүйелі оқытуға 7-8 жасынан беруге нұсқаған. Басқа ғылымдарда оқып үйренуде ғұлама ең әуелі тіл мен логиканы біліп алуды ұсынады. Әл-Фараби ғылым, білімді қалай болса солай жаппай жүйесіз үйрене бермей, адамның ақыл-парасатына, мінез-құлқына әсер етіп, практикалық іс-әрекетіне пайдалы болатын жақтарына баса көңіл бөлуді ұсынады.

Әл-Фараби талапкер шәкірттерді білім-ғылымды игеруге шақырып қана қоймай, өз заманындағы ғылымдарды қандай ретпен, қандай мазмұнда, қандай әдістермен оқу, оқыту қажеттілігін шешіп беруге тырысады. Осындай аса маңызды педагогикалық проблеманы шешуге арналған еңбегі «Ғылымдар классификациясы» т.б. аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде мәлім болып, 500 жыл бойы мектептерде ғылым бастамалары жөнінен негізгі бағдарламалық жетекші құрал болған. Ол сонау XІІ ғасырдың өзінде-ақ арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Біздің пікірімізше, бұл еңбек кейіннен Еуропада пансофия деп аталған, «баршаға барлық ғылымды игертуді» мақсат тұтқан дидактикалық қозғалыстың Шығыстық бастамасы, алғашқы варианты болып табылады.

Әл-Фараби талапкер шәкірттерді білім-ғылымды игеруге шақырып қана қоймай, өз заманындағы ғылымдарды қандай ретпен, қандай мазмұнда, қандай әдістермен оқу, оқыту қажеттілігін шешіп беруге тырысады. Осындай аса маңызды педагогикалық проблеманы шешуге арналған еңбегі «Ғылымдар классификациясы» т.б. аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде мәлім болып, 500 жыл бойы мектептерде ғылым бастамалары жөнінен негізгі бағдарламалық жетекші құрал болған. Ол сонау XІІ ғасырдың өзінде-ақ арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Біздің пікірімізше, бұл еңбек кейіннен Еуропада пансофия деп аталған, «баршаға барлық ғылымды игертуді» мақсат тұтқан дидактикалық қозғалыстың Шығыстық бастамасы, алғашқы варианты болып табылады.

Әл-Фарабидің дидактикасында оқытудың екі негізгі формасы бар: біріншісі, зерек шәкірттерге арналған дәлелдеу, абстракциялық қиялдау жәрдемімен сендіру, көз жеткізу; екіншісі: орташа оқушыларға арналған көрнекілік, яғни бейнелеу. Сендіру, көз жеткізу әдісі, біздіңше, қазіргі жай әңгіме эвристикалық әңгіме, дәріс, проблемалы оқыту әдістеріне жақын келеді. Әл-Фараби осыған байланысты практикалық өнер, қол өнерін үйрету методикасы мәселелеріне де тоқталып, мұнда ауызша сабақты шәкірттің жаттығу, машықтану әрекеттерімен ұштастыра жүргізуді ұсынады.

Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысьн қалыптастырады, – деген болатын Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды. Адам еңбегі бағытталған нәрсенің бәрі еңбек заттары деп аталады. Оның еңбек туралы бұл тұжырымдарын күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан ғалымдар бар.

Еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда ол Аристотель негізін салған теорияның анықтамасына сүйенеді. Демек, ол қандайда болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алған Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын «Өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды» деп тұжырымдайды.

Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым – «оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу» деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді.

Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» - деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұсынған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.

Әл-Фараби тәрбие үрдісінде «Қатты әдіс» пен «Жұмсақ әдісті» ұштастыруды талап етеді. Ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтап кеткен. Қазіргі тәрбие үрдісі тұрғысынан қарағанда «қатты әдіс» деп отырғаны жазалау, ал «жұмсақ әдіс» деп отырғаны-мадақтау. Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш ұсынған, оның тиімділігін дәлелдеп кеткен ғалым.

Фарабидің шәкірті, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы Ибн-Синаның «Фарабидің тәрбие тағылымдарының ең маңыздысы әрбір жеке адамды еңбекке тәрбиелеу болды. Өйткені, еңбексүйгіштік, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Ол кімде-кім өзінің тіршілігі үшін, өзіне пайда келтіретін еңбекпен айналысқанда ғана нағыз ел адамы бола алады деген өмірлік өсиет қалдырып кетті» -деуі бекер емес.

Ол еңбек тәрбиесін еркін еңбек негізінде жасаған «Үш білім және оның тараулары» еңбегіне сүйеніп балаларға қоғамдық тәрбие, бастауыш білім беруді жақтады, оқудың ана тілінде оқытылуын қолдады. Ол дене тәрбиесіне үлкен мән берді. Алғаш рет еңбекке тәрбиелеуді ұсынды. Мор барлық балалар ауыл шаруашылығы мен қолөнердің бір түрімен шұғылдануы керек деп түйді.

Еңбек және еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдауда XII ғасырда жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбектің маңызы орасан зор. Әсіресе, мұның трактат ретінде ғылым тарихында алатын орны айрықша. Бұл трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», т.б. аттарымсн Шығыс және Батыс елдерінде өте ертеден-ақ мәлім болған. Бұдан көп ғұламалар тәлім алған.

«Фарабидің энциклопедиясы» сол кездің өзінде (XII ғасырда) арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, ислам, түркі, т.б. тілдерге тәржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) және басқалар тікелей соның әсерімен өздерінің көпке мәлім энциклопедиялық еңбектерін жазды.

Бұл еңбектің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.

Әл-Фарабидің философиялық және натурафилософиялық еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады. Ал ғылыми-философиялық еңбектері оқу-тәрбие мәселелеріне арналған. Оның пікірінше оқу, білім алу, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесі  мәселелерімен тығыз байланысты. Ол білім алу мен оқу еңбегін пайдалы еңбекке жатқызады.

Орта ғасырлық ғұлама жалпы теориялық ой-пікірдің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре түсті. Халық даналығы туғызған данышпандық пікірлерге ден қойды. Нәтижеде өзінің философиялық тән тұжырымын жасап, қоғам туралы ілімді, этика мен эстетиканы, этнопедагогиканы дамытты. Аристотелдің еңбектеріне сүйене отырып, антика заманының теориялық озат ой-пікірлерін сыннан өткізіп барып, оның қажеттігін алды және заманның ілімін белгілі бір жүйеге салды.

Фараби мұрасының ішінде этнопедагогика үлкен орын алады. Ол этиканың жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырды. Этнопедагогиканы халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізетін ілім деп санады. Бұған оқу, білім алу, тәрбие беруді жатқызды. Ұлы ғалымның осындай этникалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы деп түсіндірді. Бірақ, жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы игі мұратына жетеді деп қорытынды жасайды.

Қазіргі уақытта гуманизмнің туын тік ұстаған педагогика ғылымының мамандарында бірнеше қиындықтар кездеседі. Педагогиканың өзекті мәселелерін атап өтсек: 

– қағазбастылық; 

– жалақы аздығы;

– жүрек қалауы; 

– тәртіп; 

– тәрбиесіз білім; 

– оқулық жетіспеу;

– мамандық беделі; 

Педагогикадағы ең маңызды мәселелер қатарына қағазбастылықты атасақ болады. Оқытушы шәкіртіне жеткілікті уақыт бөле алмайды, себебі оның сабақ беруден басқа толтыратын қағазы көп. 

Мәселенің шешімі: қағаздарды толтыратын арнайы маман, менеджер болуы. 

Жалақы аздығы. Еңбегі ұшан-теңіз, өз деңгейінде бағаланбайды.  Баламен жұмыс істейтін мұғалімнің көңіл күйіне әсер етеді.  Тұрмыстық қажеттілік қанағаттанбайды. 

Шешімі: Басқа саладан қысқартса да, Қазақстанның болашағын (жастарын) жасап шығаратын тұлғалардың жалақысын көбейту. 

Жүрек қалауы.  Мектепке, жоғары мектепке жұмысқа орналасатындар арасында мынадай типтер кездеседі: 

Грантта оқу үшін амалсыз педагогика мамандығына тапсыру; басқа жұмыс табылмаған соң, шарасыздық;  Педагогикалық білімі болмаса да, басқа жолмен жұмысқа орналасу, т.б. 

Шешімі: Баланы шын жақсы көріп, тәрбиелегісі келетін жүрек қалауы болмаса грантқа оқуға да, қызметке де қабылдамау. ЖОО-на шығармашылық емтиханмен қабылдау. 

Тәртіп. Педагогтар пікіріне сүйенсек, бала тым қатал тәртіп қойылғанда, оған бағынғысы келмеу сезімі өрши түседі екен. 

Шешімі: Мұғалім баламен тіл табыса білу. 

Тәрбиесіз білім  «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» әл-Фараби.  Бұл аталы сөз де көп педагогтың назарынан тыс қалып отыр. 

Шешімі: сабақтың кемінде 10-15 минутын тәрбие жұмысына, шығармашылыққа арнау. Балаларды өзгеше, креативті ойлауға баулу. 

Оқулық жетіспеу. Қанша дамыған заманда өмір сүрсек те, мектеп те де, жоғары мектепте де бұл мәселе алдымыздан шығады.

Шешімі: Қаржыны оқулықты көптеп шығаруға, ескі оқулықтарды қайта басып шығаруға (ЖОО) бөлу.

Мамандық беделі. Педагог қызметінің аталған барлық мәселесі шешілгенде ғана мамандық беделі көтеріледі.

Әл-Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша, тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) – «мәңгі нұрдың қызметшісі». Біз ұлы ойшыл жоғары бағалаған маман иелерін құрметтеп, оның ілімінде көрсетілген көзқарастарға сүйеніп, қазіргі таңда алып отырған мәселелерді шешуіміз керек деп ойлаймын.

Қорыта келгенде, Фараби еңбектерінің тәжірибелік маңызы – Әл-Фараби ілімі тәрбиенің әрбір қоғам кезіндегі (феодализм, капитализм, социализм) әлеуметтік мәнін ашып, еңбек, адамгершілік, ақыл-ой тәрбиесінің теориялық негізін қалыптастырды. Ғылымдар тізбегін жасау, оны әрбір топқа бөлу арқылы болашақ жасөспірімдерді жан-жақты жетілдірудің қажеттілігін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Еңбектің, еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін сала отырып, оны өмірде қолданудың тәжірибесін көрсетіп берді. Әл-Фараби ілімі шығыс халықтарының педагогикалық ой-пікірінің дамуында төңкеріс болып есептеледі. Демек, ол шығыс халықтарының салт-санасының, әдет-ғұрпының ағартушылық, тәлім-тәрбиелік ой пікірінің, ғұламалық тағылымының дамуында жаңа кезең ашып, халықтық педагогиканың негізін қалады.

Фараби жастарға ғылым – білімді қалайша меңгерту керектігі жөнінде көптеген ақыл –кеңес береді, ғалым адамның моральдық бейнесінің қандай болуы керектігі жайлы пікірін ортаға салады. Ғылым – білім үйренемін деген жас адамның ақыл – ойын айқын, ерік – жігері, тілек –мақсат тек ақиқат пен шындық жолында ғана болуы тиіс дейді. Онда ғылымнан жәй ляззат іздеу, нәпсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет болмауы қажет. Адам көздеген мақсатына жетуі үшін бұған жетудің тәсілін, жүрер жолын жақсы білуі шарт. Сонан соң барып қана оны меңгеруге кірісуі қажет. Шын қызықтырған нәрсе ғана адамды өзіне ие етеді, бір кәсіпке, не өнерге талпыну үшін адамға бәрінен бұрын табандылық керек. Сонда ғана ол белгілі білім саласында сындарлы пікір айта алатындай жағдайға ие бола алады. Ғылымды ұғу үшін үнемі сол ғылымның жолында болу қажет... Ғылымнан басқамен шұғылдануды азайту керек болады. Әрбір нәрселермен шұғылдана беруде істе тәртіпсіздік пайда болады. Арада мың жыл өткеннен кейін дәл осындай пікірді өзінің отыз екінші сөзінде Абай да айтқан ғой. «Көңілің өзге нәрсеге болса, - деп жазды ол,-білім, ғылым қонбайды. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім- ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Көбесов А. Әбу Насыр Әл – Фараби. – Алматы, 2004.

2. Көбесов А. Әл -Фарабидің ашылмаған әлемі. – Алматы, 2002.

3. Бейсенов А. Әл -Фарабидің тұжырымдары. // Ақиқат. – 2006. - № 6. -70 -73б



4. Әуелбеков Ә. Әл-Фараби – ұлы  ұстаз ғұлама. // Оңтүстік Қазақстан. 2006.

5. Көбесов А. Музыканың ұлы кітабының тағылымдары. // Жұлдыз.- 1990.-№4. 176-182 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет