Әлдихан Қалдыбаев Бауыржан деген бала бар



бет11/17
Дата12.04.2022
өлшемі83,07 Kb.
#30833
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17
Байланысты:
Бауыржан деген бала бар 3-4

КӨҢІЛШЕК


Бауыржан – көңілшек-ақ, мұнысы əр кез көрініп тұрады. Оның бəрін тізіп жатпай-ақ, осы жаңағы бір əзірде ғана болған мына бір жайттарды айтса, аз болмас.

Қазір мезгіл мамырдың ортан белі. Күн көзі үлкеннің де, кішінің де сығырая қарауына жарап қалған кез. Мұндай кезде аула қызығы таусылған ба. Тоңып үй кірмесіне тығылатын қыс, ыстыққа булығып көлеңке қуалайтын жаз емес. Көктемнің бұл шағын қойсаңшы, шіркін! Жан-жақты саумалдай өскен тал-дарақ пен газондардағы сан алуан гүлдер жұпар есіп, кеуде кеңітіп, жүрек алып ұшып тұрған шақта үйде бала атаулы отырған ба? Жо-жоқ, əйда, асыр сал да, ойна. Доп қу, секірмекті зулат, қуаламақты тасырлат. Аула балалары дəл өстіп жатыр. Кішкентай балалар құм үстінде жем шашқан торғайша шүпірлеп ойнап отыр. Одан ересектеу бір топ бала саяқтың үйіріндей олай бір, бұлай бір жосып өтеді. Бауыржан қуаламақ ойнап жүрген осы жүйрік топ ішінде. Олар жандарынан əрбір жосып өткен сайын кішкентайлар бір шулап қалады.

Осындай бір қарбалас шақта Бауыржан Серіктің добын бар пəрменімен теуіп өтті. Серік те – бір үйдің еркесі. Бұл қорлыққа көнбек қайда, ойбайды салды.

Бауыржан бүлдіріп алғанын білді, состиып тұр. Сонан соң домалап анадай жерге енді жетіп, дамыл тапқан допқа қарай тұра жүгірді. Барды да, алып келіп Серікке берді. Серік жылағанын қояр емес.

Жұбату керек. Қалай? Аяғы ғой пəлені бүлдірген.

Бауыржан жалма-жан доп тепкен оң аяғын бір адым алға тосып, балағын түріп жіберіп:

– Серік, мə, теп! Осы ғой, – деді шын пейілмен.

Серік нағыз безердің өзі екен, қыр жіліншіктен сарт дегізіп бір тепті. Бауыржан бүгжең ете қалып, аяғын қос қолдап ұстаған күйі отыра кетті.

Есеп бір де бір. Өз кінəсін өзі біледі ғой, Бауыржан дауыс шығарып жылаған жоқ. Бірақ балалардан шеттеп қалды.

Ендігі бір сəтте ол қыздарға барып қосылып кетті. Қыздардың «ананы өйт, мынаны бүйтін» жан ұшырып орындап жүр. Бəрі жақсы, жарастықты.

Қыздардың тапсырмасы бірте-бірте көбейіп, Бауыржан үлгермеуге айналды. Намысты оңайлықпен қолдан берсін бе, арса-арсасы шыққанына қарамай, қыздардың саусағының ұшынан, нұсқаған жерінен табылып жүр. Осындай қарбаласта Сəуленің əкеліп жанына отырғызып қойған ойыншық мысығы жолына тұра қалыпты. Айналып өтуге уақыт жоқ. Бір теуіп, ұшырып түсірді. Сəуле шап ете қалды:

– Көзің қайда?

Бауыржан екі көзін жыпықтатты.

– Міне.


– Ол көз емес. Көз болса, неге көрмейсің аяғыңның астындағыны.

– Көз. Байқамай қалдым.

– Көз емес.

– Көз.


Бұл жолы Бауыржанның аузы мен қолы бірге қимылдады, Сəулені иығынан қойып жіберді. Сəуле шар ете қалды. Бауыржан состиып, жер боп тұр. Қайтсе жұбанады мына шыбық тимес шыңқ етер қыз. Қолы ғой кінəлі. Жеңін түріп жіберіп, білегін алға тосты.

– Мə, ұр, Сəуле! Қатты ұр! Мен де жылайын.

Ыза боп тұрған Сəуле аясын ба, майлы білектен осып өтті. Шапалағы қандай ащы еді. Бауыржан жылап жібере жаздады. Ұрған қыз болған соң ғана шыдады. Енді қыздардың арасында да қызық қалмаған еді, шеттей берді.

Қайда барарын, кімдерге қосыларын білмей дал болып тұрған, тұсынан бір топ бала жүгіріп өтіп бара жатты. Бауыржан ай-шайға қарамай, қапталдан сарт етіп кеп қосылды. Сөйткенде Маратпен соқтығысып қалды. Екеуі де етбеттерінен түсті. Бауыржан атып тұрып, үстін қаға бастады. Марат тұрар емес, жатыр.

Бауыржан төніп тұр.

– Не болды, Марат?

– Не болды? Сен қағып жықтың мені. Шекем-ай, шекем-ай!

– Мен бе кінəлі?

– Сен.

Бауыржан кепкасын жұлып алып, шекесін тосты.



– Мə, ұр онда! Аяма! Мен де жылайын.

Дайын шекені кім аясын, Марат дəл құлақтың түбінен бір қойды. Бауыржан ал кеп жыла! Əй, көңілшек Бауыржан-ай! Əуелі бүлдіріп алып, артынан соның бодауына əркімге əр жеріңді тосып жүргенде не тамтығың қалар екен?!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет