Бауыржан, Талғат жəне оның інісі Алдан үшеуі ойнап отырған. Ойында ештеңе жоқ, Бауыржан төрде сүйеулі тұрған домбыраға қол соза берген, Алдан шыр ете қалды.
– Тиме-е! Тарт қолыңды!
Бауыржан бір нəрсені бүлдірген екенмін деп шошып қалып, қолын тартып ала қойды.
– Ол – атамдікі. Ұстама. Сындырасың.
Домбыраны адам сындыру үшін емес, тарту үшін алмай ма екен қолға.
– Алдан, сындырмаймын, тартамын.
– Ал, Бауыржан, тарт.
Талғаттың сөзі аяқталар-аяқталмастан, Алдан домбыраны бас салды.
– Жоқ, тартпайды. Сынып қалады. Атам ұрсады.
– Бер! Тартсын.
– Бермеймін. Домбыра сенікі емес, атамдікі. Атам «ешкімге ұстатпа» деген.
– Қашан? Атам қайта біздің домбыра тартқанымызды жақсы көреді.
– Жоқ, жақсы көрмейді.
Алдан домбыраны алдына өңгеріп алған, өлсе ажырар емес. Өзінен кіші баламен ерегісіп, ешкім абырой таппайды.
– Талғат, мейлі. Алданның айтқаны-ақ болсын. Басқа бірдеңе ойластырайық. Қызық кітап бар ма?
– Бар.
– Бар болса, əкел, оқиық.
Талғат шкафтан қалың қызыл кітапты алып, Бауыржанға ұсына берген.
– Ұстама-а!
– Не болды мына Алданға тағы?
– Алма. Жыртасың. Ол – «Қазақ ертегілері», атамдікі.
Атам «ешкімге оқытпа» деген.
– Қашан? Атам кітап оқуға ешқашан қарсы болып көрген емес.
– Оқысаңдар, басқа кітап оқыңдар. Атамның кітабын оқытпаймын мен сендерге.
– Сен өйтіп керги берме, бала. Таяқ жейсің.
– Талғат, тиме! Басқа бір ермек табайық.
– Мейлі, онда дойбы ойнайық.
– Бар ма еді?
– Бар.
– Онда əкел.
– Əкелмейсің. Ойнамайсыңдар. Шашып құртасыңдар.
– Шашқаны несі?
– Дойбы – атамдікі, атам «ешкімге ойнатпа» деген. Талғат күйіп кетті.
– Мынау қайтеді, ей? Қызғаншақ? Көрсетейін мен саған... Талғат інісіне тап берген. Бауыржан ұстап қалды.
– Талғат, қой! Алдан-ақ алсын бəрін. Жүр, біз кеттік далаға.
– Бара беріңдер. Қайда барасыңдар, келесіңдер қазір-ақ.
– Өзің келіп жүрме соңымыздан.
– Тапқан екенсіңдер ақымақты! Сендер далада сандалып жүргенде отырам үйде. Домбыра тартам, ертегі оқимын, дойбы ойнаймын.
– Отыр. Көреміз қанша отырғаныңды.
Бауыржан мен Талғат ойын қызығына түсіп кеткен. Алдан ұмыт болған.
Ал Алдан бұларды ұмытпапты.
Алдан тұр балконда сүмірейіп, бір қолында домбыра, екіншісінде – дойбы, қолтығында – «Қазақ ертегілері».
Екеуі осылай боларын о баста-ақ білген.
– Бауыржан, Талғат, бері келіңдер, жүріңдер үйге. Мə, мыналарды берем. Атам ұрыспайды.
Алданның сөзіне ешқайсысы құлақ асқан жоқ, ойындарын жалғастыра берді.
Алдан тұр балконда телміріп.
Достарыңызбен бөлісу: |