Үйден шықпай –ақ бар шаруаңды тындырасың! Осыдан оншақты жыл бұрын бір құжатты алу үшін бірінде бар ақпарат келесісінде қайталанатын, басқа да құшақ-құшақ құжаттар жинау жиі болатын құбылыс еді. Ол құжаттардың әрбіреуін бөлек – бөлек мемлекеттік мекемелер береді, оны алу үшін сол ұйымдардың есігінің алдында сағаттап кезекте тұратын еді адамдар. Жүйкесі сыр беріп, шыдамы таусылғандар осы құжаттарды аяғына дейін жинай алмай, орта жолда «адасып»қалатын жағдайларда кездесетін. Сондықтанда, "электрондық үкімет" құрудың маңызды себептерінің бірі мемлекеттің қолда бар барлық ақпараттық ресурстарын, оның нақты бөлігіне қол жеткізу құқықтарын шектей отырып, біртұтасортақ алаңға біріктіру жолымен «бір терезе" қағидатын енгізу болды. Осыдан кейін халыққа мемлекеттік аппараттың күрделі ішкі құрылымын талдап, өздеріне қатысты жеке деректерін бірнеше рет ұсынып, қажетті құжаттарды ресімдеу үшін сағаттап кезекте тұрудың қажеті жоқ болып қалды. Электрондық үкіметтің арқасында мемлекеттік қызмет күніне 24 сағат, аптасына 7 күн қолжетімді болып тұр. Бір кездері ертегідей көрінген дүниелерді, «Электрондық үкімет порталы» қазір шындыққа айналдырғаны жасырын емес. Белгілі бір қызметті алу үшін кететін уақытымызды барынша азайтқанын мойындауымыз керек. Азаматтардың үйден шықпай –ақ өзіне қажетті қызметті алуыүшін бар жағдайды жасап, жан – жақты мүмкіндіктерді қарастырып қойған. Оған мысал, қазір мемлекеттік қызмет пен сервистерді бірнеше жолмен алуға болады. Олар:
1. Egov.kz – порталы арқылы
2. Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілерінің месенждерлері арқылы (кәдімілгі адаммен жеке хат алмасудай)
3. @EgovKzBot2 – Telegram бот арқылы
4. eGovMobile қосымшасы арқылы.
Қазіргі жағдайда үйден шықпай керекті қызметіңді алу өте маңызды. Елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста, яғни биылғы жылдың 21 наурызы мен 10 мамыры аралығында ғана ел азаматтары 15 миллионнан астап мемлекеттік қызмет алған. Осылардың ішінен 835 мыңнан астамы Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілерінің месенждерлері мен Telegram бот арқылы, 1,5 миллионнан астамы eGovMobile қосымшасы арқылы, 12,6 миллионнан көбі «Электрондық үкімет» порталы арқылы алынған. Төтенше жағдай кезінде азаматтар 2,5 миллионнан астам бейне қоңырау жасаса, 338 мыңнан көп жеке тұлғалар және 18 мыңнан астам заңды тұлғалар үйлерінде немесе кеңседе отырып –ақ электрондық цифрлық қолтаңба алған.
Қазір жалпы мемлекеттік қызметтің 80 пайызы онлайн түрде қолжетімді. Egov.kz – порталына кірсеңіз «Азаматтарға», «Бизнеске», «Мемлекеттік органдар бойынша қызметтер» деп жік-жікке бөлініп, анық көрініп тұрады. Электрондық цифрлық қолтаңбаңызды қолданып қандай қызмет керек соны ала бересіз.
«Электрондық үкімет» порталының тағы бір жақсы жаңалығы, ол биылдан бастап еліміздің мемлекеттік органдарының сайттары интернет – ресрурстардың бірыңғай платформасына көшкендігі. 17 министрлік, 48 Комитет және 10 жергілікті атқарушы орган интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына біріктірілді. Бұрын әрбіреуінің сайтын жеке-жеке іздеуге тура келсе, қазір бәрін бір жерден табуға болады. Ол үшін сілтемеге өтіп, мемлекеттік органдардың тізімінен өзіңізге керектісін таңдасаңыз болғаны. Бұл жерде «сұрақ – жауап» сервисінің көмегімен ЭЦҚ қолданбай –ақ мемлекеттік органдарға сауал қойып, оған жауап та ала аласыз.
Екі жылда 11 орынға алға жылжығанбыз. Жақсы жетістік.Біріккен Ұлттар Ұйымының 2020 жылдың 27 маусымындағы жарияланған электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 28 орында тұр. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2018 жылы аталған рейтингте 39 орында тұрған еді.